жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Бабалар өсиеті - мәңгілік мұра
Күні: 17.01.2020 ж
Тақырыбы: Бабалар өсиеті - мәңгілік мұра
Мақсаты: Қазақ тарихының төрінен орын алған, қаншама ғасыр өтсе де, өскелең ұрпағына өшпес із, өнегелі сөз қалдырған, от ауызды орақ тілді шешен бабаларымыз Төле, Қазыбек, Әйтеке билер жайлы әңгімелей отырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау. Шешендік сөздерінің мәнін оқушыларға түсіндіру және асыл сөздермен таныстыра отырып, сөз қадірін түсінуге, үлкеннің ақылын тыңдау парыз екенін ұғындыру. Оқушылады бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен парасаттылыққа тәрбиелеу.
Мұғалім: Армысыздар, құрметті ұстаздар және оқушылар?! Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыздың тақырыбы «Бабалар өсиеті - мәңгілік мұра». Бабаларымыздан сонау жылдардан мұра болып қалған өз заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған, өздерінің бір ғана сөзімен небір шытырман даулы мәселелердің дұрыс шешімін тауып отырған "Қазақ билеріне" арналады. Қазақ халқының бұл билері үш жүздің бірлігін сақтауға шақырды.
Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке,
Асқар тау Қазығұрттай білімді еді.
Бірі күн, бірі туған айдай болып,
аманға сәйкесімен келіп еді.- деп, Тәуке ханның билерді асқар тауға, күнге, айға теңеуі тегін емес. Тәуке ханның тұсында ұлы жүзге Төле би, орта жүзге Қазыбек би, кіші жүзге Әйтеке би басшы болды.
Көрсетілім:
І топ - Төле би 1663-1756 жж. өмір сүрген,
–Ұлы жүздің төбе биі.
-Жамбыл облысы, Шу өзені, Жайсаң жайлауында дүниеге келген.
-Дулат тайпасының Жаныс руынан шыққан;
-Қазақ мемлекеті тарихындағы атақты саяси қайраткер;
-Тәуке хан тұсында ұйымдасқан Билер кеңесінің мүшесі;
-“Жеті Жарғы” заңын жасаушылардың көрнекті өкілі;
2-топ Қазыбек би
-1667-1764 жж. өмір сүрді.
-Орта жүздің биі. Арғын тайпасының Қаракесек руынан.
-Қазақ хандарының ақылшысы, елші-мәмілегер, дипломант.
-Жоңғар хандығына елшілік, мәмілегерлік жол мен үш рет барған.
-Асқан шешен, ел басқарған, елші-мәмілегер, дипломант.
3-топ Әйтеке би
-1682-1766 жж. өмір сүрген.
– Кіші жүздің атақты шешен биі.
-Әлім тайпасының руынан шыққан.
-шын аты- Айтық.
-Жалаңтөс батырдың ұрпағы.
І топқа. Төле бидің балалық шағы туралы мәтіннің жартылай бөлігі ғана берілді, ары қарай оқушылар оқиғанын қалай өрбігенін диалогтық әңгімелесу, ақылдасуы арқылы өздерінше болжайды.
Төле би өз халқының шешендік өнерінің дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастайды. Бала күннен жас Төле әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алады. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі.
Шешендігі
Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге тақап отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле “Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ” дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:
– Балам, мынаны сындырып көрші. Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.
-Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындыра береді.
Әнет баба:
– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді. Сонда Төле бала:
– Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. “Саяқ жүрген таяқ жейді” демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.
– Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл.
Көрсетілім:
ІІ топқа. Қаз дауысты Қазыбек биге мінездеме беру. Бұл тапсырмада оқушыларға Қазыбек би туралы мағлұмат бере отырып, оның бойындағы қасиеттері туралы сыни ойлауға шақыру мақсатталған. Оқушылар топта жұмыс жасайды, талқылайды, сұрақтарға жауап берді.
Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі еткен. Бидің жастық шағы мен бүкіл саналы өмірі қазақ елінің өз ішінде рулық-тайпалық алауыздықтар мен хандық билікке таластың неғұрлым өршіген, көрші мемлекеттердің көз тігуі жиілеп, Жоңғар шапқыншылығы үдей түскен кезеңге тап келді. Ел аузындағы аңыз-әңгімелерге қарағанда, ол Тәуке ханның белгілі би-батырлары бастаған елшілігіне ілесіп алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек:
“Дат, тақсыр!” деп жұлқынып алға шығады да:
“Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп
Найзасына жылқының қылын таққан елміз.
Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз. Сен темір болсаң, біз көмірміз – еріткелі келгенбіз, қазақ-қалмақ баласын теліткелі келгенбіз. Танымайтын жат елге — танысқалы келгенбіз, танысуға көнбесең – шабысқалы келгенбіз. Сен қабылан болсаң, мен арыстан – алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен жабысқалы келгенбіз.
Бітім берсең – жөніңді айт, бермесең – тұрысатын жеріңді айт!” – депті.
Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып:
“Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын”, – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан.
ІІІ топқа:
Әйтеке бидің балалық шағы туралы:
Шешендік қасиетінің ашылуына әкесі мен Қосуақ бидің ықпалдары тиеді. Жеті жасынан бастап Әйтеке Жалаңтөс батыр мен атасы Ақша ханның төрбиесінде болады. Нәтитжесінде дін, құқық, аспан әлемі, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шыққан.
Әйтеке бес жасында молдадан оқып сауатын ашқан. Медресені тамамдаған Әйтеке туған ауылына оралып, әкесімен ел басқару істеріне араласа бастайды.
Қазақ елінің үш жүзінің бірлікте, тату өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршы болды. Өзін дана, әділ би, аузы дуалы шешен, ішкі жөне халықаралық күрделі мәселелерді шешуде төреші, жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұйымдастыру жолында үлкен үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде таныта білді.
Ел арасында Әйтекенің ең алғаш рет билік етіп, тапқырлығымен көзге түсуін жұрт былай аңыздайды:
Әйтеке бала кезінде үш жолаушыға кездеседі. Сонда ол: – Ассалаумағалейкум, ағалар! – деп, үлкендерге ізетпен сәлем береді. Жолаушының жасы үлкені:
– Сәлемет бол балам, мынау қай ауыл? – Сейітқұл аулы. – Өзің кімнің баласысың? – Бәйдібектің баласымын. Қосуақ бидің ауылы қайсы? – деп сұрайды. Айтатын не шаруаларыңыз бар еді? – дейді Әйтеке.
– Даулы болып келеміз, – дейді әлгі қарт жолаушы. – Ойнап жүрген баламызды осы елдің бір жолаушысының аты теуіп өлтірді. Соның құнын даулап келеміз. Әйтеке болса, сәл ойланып тұрып: – Балаңызды ат босағада тепсе – бүтін күн, жабықта тепсе – жарты күн, түзде тепсе – төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осыны айтпаса қосып айтар. Жолдарыңыз болсын – дейді. Үш жолаушы қырдан асып, Қосуақ бидің үйіне барады. Қосуақ биге барып жүгінгенде, баланың атты түзде тепкені анықталып, құны төрттен бірі болып белгіленеді.
Сонда әлгі баланың әкесі:
– Япырмай, осы билікті бізге ең әуелі далада ойнап жүрген бала айтып еді, түбі сол бала әділ би болар, – деген екен.
Мұғалім: Өзінің даналығымен «Қарлығаш би» атанған Төле биден қалған көптеген нақыл, өсиет, шешендік сөздер, толғаулар бар. Мысалы,
Еркебұлан:
Жаңбыр жаумаса, жер – жетім,
Басшысы болмаса, ел – жетім,
Ұқпасқа айтқан сөз – жетім...
Атың жақсы болса – ер жігіттің пырағы.
Балаң жақсы болса – жан мен тәннің шырағы.
Әйелің жақсы болса –
Бірінші – иманың,
Екінші – жиғаның,
Үшінші – ырысыңның тұрағы...
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Көп тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Өзегің талса өзен бойын жағала
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала.
Өзіңе-өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
Жасмин:
Қазыбек бидің «Кім жақын, не қымбат, не қиын?» шешендік сөзі
Тату болса, ағайын жақын,
Ақылшы болса, апайың жақын.
Бауырмал болса, інің жақын,
Алдыңа тартқан адал асын –
Қимас жақын қарындасың.
Сыбайлас болса, нағашың жақын,
Адал болса, досың жақын.
Жан серігің жас кезіңнен
Бәрінен де әйелің жақын.
Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең – атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат,
Асқар тауың – әкең қымбат.
Мейірімді апаң қымбат,
Туып-өскен елің қымбат.
Ұят пенен ар қымбат,
Өзің сүйген жар қымбат.
Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын.
Шанышқылаған сөз қиын,
Жазылмаса дерт қиын,
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын!
Әйтеке бидің шешендігі
Суалмайтын суат жоқ,
Тартылмайтын бұлақ жоқ.
Құйрығы суда тұрса да
Қурамайтын құрақ жоқ.
Дүние деген фәни бұл
Баласы жоқта мият жоқ.
Бәрінен қиын сол екен
Артында қалған шырақ жоқ!
Көрсетілім:
Дәурен: Төледей әділді көргенім жоқ,
Соңынан жайдан – жай ергенім жоқ,
Өзіне ұқсап қасарысып ерегесте,
Намысты елдің қолдан бергенім жоқ
Тарихи оқиғадан көрініс:
Мұғалім: - Жарайсыңдар, балалар! Айта берсек билеріміздің ақыл істері жетерлік.
ҚЫЗЫҚТЫ АҚПАРАТ Бұл сәйкестік пе?
Өткен ғасырдың еншісінде жатқан, одан арысы антикалық дәуірдің, миф пен пәлсапаға арқау болатын түрлі құпияға толы құбылыстар бар. Мысыр пирамидаларынан бастап адам ақылы жетпейтін құрылыс жұмыстарын жүргізген ежелгі адамдардың (бәлкім ғайыптан келген күш) еңбектері қазіргі ғалымдардың басты тақырыбына айналып кеткелі қашан.
«Бермуд үштағаны» немесе «Бермуда ұшбұрышы» туралы көпшілігіміз білеміз. Атлант мұхитындағы Оңтүстік Америка мен Солтүтсік Американы бір-біріне жалғайтын, Бермудтан бастау алып, Порта-Рика аралдары арқылы Маями жағалауына дейін жалғасып жатқан үшбұрышты мүйіс.
Бұл Бермуд үшбұрынышың құпиясы. Ал аталған құпияға толы үшбұрыштың «қазақ халқына, оның ішінде үш биге қатысы қанша деген?» сұрақ туындауы мүмкін. Алдымен ұшбұрыштар құпиясына бір үңіліп алсақ.
«Символдардың құпиясы» кітабында ұшбұрыш бұл – өмірдің басы, ортасы және соңы; жер, аспан мен су деп саналады. Ұш бұрыштың сәйкесінше бірігіуі – ынтымақтастық пен алынбас бірліктің де негізін көрсетеді.
Төле би кесенесі Өзбекстанның бас қаласы Ташкенттегі «Шехантаур» архитектуралық кешенінің артында орналасқан.
Әйтеке би кесенесі Өзбекстанның Нұрата елді мекенінде орналасқан. Бұл Ташкенттен 400 шақырымдай жерде жатыр.
Қазыбек би құлыптасы өз елімізде, Түркістанда орналасқан. Анығын айтқан кезде Қазыбек бидің құлыптасы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ішінде орналасқан.
Үш нүктенің тоғысында орналасқан үш бидің кесенесі сәйкестік деуге келе ме? Мәселен, Бермуд үштағанын зерттей келіп, карта арқылы қараған кезде ғана оның үшбұрыш құрап тұрғанын, дәл сол аймақтың тылсым екенін анықтады. Ал басқа емес, қазақтың үш биінің үш түрлі жерде жерленсе де, дәл осылай карта арқылы түзу үшбұрыш сызығын құрауы қаншалықты маңызды?
Постер: Әр топ өз тақырыптарын қорғайды
“Кім тапқыр?” әдісі.
1.Төле би неше жасында дүниеден озды? (93 жасында)
2. Болмас іске қарыспа,
Біреуге ор қазыспа
Жауыздық іске барыспа.
Кімнің нақыл сөзі? (Төле би)
3. Қазыбек би өзінің мәмілегерлік қызметін неше жасынан бастады? (18 жасынан)
4.“Жеті жарғыда” қарастырылған мәселелер?
5.“Құн” деген не?
6. Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң болсаң жауға найзаң тисін -деген нақыл сөз кімдікі? (Әйтеке би)

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген