Жазғы
демалыста оқушылардың уақыттарын қалай
өткізуіне олардың ата-аналарының ықпалы
өте зор. Себебі, ауылдық жерлерде мектеп
жасындағы, яғни кәмелетке толмаған
балаларды әр түрлі жұмыстарға жегіп
қойып жатқандарын көріп те, біліп те
жүрміз. Бұл ретте көп адамдардың
балалар еңбегі мен еңбек тәрбиесін
шатастыратыны белгілі. Мұнда еңбек
тәрбиесі дегеніміз – үйде ата-анаға
көмектесу, қоғамдық жұмыстарға араласу.
Балаларға мұндай еңбектен келіп-кетер
қауіп жоқ. Керісінше, бұл баланы
тәрбиелеудегі, болашақ өмірге
бейімдеудегі негізгі құрал болып
табылады.
Айтайын
дегенім, бала еңбегін заңсыз пайдалану
мәселесі біздің қоғамда әлі де өзекті
мәселе болып отыр. Әрине, мұндай мәселе
тек бізде ғана емес, басқа да елдерде
белең алған. Ауыр жұмыс баланың дене
дамуы мен психо-әлеуметтік дамуына
үлкен, кейде оңалмайтын нұқсан келтіретіні
бар. Мұндай жас мөлшері сай емес, ауыр
балалар еңбегіне негізінен әлеуметтік
жағдайы төмен елдер мен тұрмыс деңгейі
нашар отбасылардың немесе толық емес
отбасылардың балалары араласып
жатады.
Елімізде
де әлеуметтік жағдайға байланысты
кейбір отбасылар балаларының демалыс
уақыттарын пайдаланып, өз нәпақаларын
табу үшін неше түрлі заңсыз жұмысқа
жегіп келеді. Мұның салдары біріншіден
– баланың денсаулығына нұқсан келеді,
екіншіден – болашақта білім алу
құмарлықтарын нашарлатады, ал ол өз
кезегінде оның кейіннен жұмысқа
орналасуына әсер етеді. Сондықтан да
елімізде бала еңбегін заңсыз
пайдалануға жол бермей, оған қарсы
түсіндірме жұмыстары жүргізіліп,
оңтайлы шара қолдану қажет. Бала еңбегіне
қатысты еңбек заңына сүйенсек, 18 жасқа
толмағандарға жұмыс істеуге тыйым
салынған. Олардың жас ерекшеліктеріне
қарай күніне 2 жарым сағаттан 4 сағатқа
дейін ғана еңбек етуге рұқсат етілген.
Ал 14-16 жас аралығындағылар аптасына 24
сағат; 16-18 жастағылар аптасына 36 сағат
қана еңбекке тартылуы керек. Біздің
елде 14 жастан асқан баланың сабақтан
тыс уақытта еңбекке араласуына рұқсат
етілгенмен, олардың психикасы пен
физиологиясына кері әсер ететін
жұмыс істеуіне болмайды. Ал біздің елде
қабырғасы қатаймаған жеткіншекке
12 сағаттан аса жұмыс істету деректері
кездеседі. Бұл дегеніміз, бала еңбегінің
уақыт мөлшері сақтала бермейтінін
көрсетеді. Елімізде балаларды көбінесе
садақа сұрауға, мақта теруге, құрылыс
жұмыстарына, сауда-саттыққа жұмсайды.
Бұл өз кезегінде баланың құқығын шектеп,
денсаулығына зиянын тигізеді.
Осы
жағдайларды негізге ала отырып, балалардың
құқығын шектемеу, бала еңбегін қанауға
жол бермеу керек екендігін, оның салдары
жақсылыққа алып бармайтынын әрбір
ата-ана сезінуі тиістілігін ескертеміз.
Әрине, бұл бағытта мемлекет тарапынан
да жұмыстар жүргізіліп келеді.
Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмағандардың
құқықтары мен заңды мүдделерін жедел
қорғау мақсатында құрылған мобильдік
топтар жеткіншектердің еңбегін
заңсыз пайдаланудың алдын алу
мақсатында түрлі шараларды қолға алып
жатыр.
Қысқасы,
баланың дене бітімі, ақыл-ойы дұрыс
қалыптасуы жеке отбасы үшін де, еліміз
үшін де маңызды екенін естен шығармағанымыз
жөн.