400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Бала құқықтарын қорғау- қоғамның басты міндеттерінің бірі

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақалада Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтық қорғалу жағдайы, оның нормативтік-құқықтық негіздері және әлеуметтік зерттеулер қорытындысы кешенді түрде талданады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Бала құқықтарын қорғау- қоғамның басты міндеттерінің бірі

Амангельдинова Наргиза

Жухина Ақбота Нуркелдіқызы

Көшербай Аминат Талғатқызы

6B01802 Әлеуметтік педагогика (IP) мамандығының 2-курс студенттері

 

amangeldinovanargiza@icloud.com

akbotazhukhina@gmail.com

aminakatalgat@gmail.com

 

Ғылыми жетекші: Раймқұл Сандуғаш Ұмытбекқызы

s.raimkul@abaiuniversity.edu.kz

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Алматы қ., Казақстан

 

 

 

Аңдатпа



Бұл мақалада Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтық қорғалу жағдайы, оның нормативтік-құқықтық негіздері және әлеуметтік зерттеулер қорытындысы кешенді түрде талданады. Зерттеу барысында Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегіндегі бала тәрбиесі мен оның жеке басын құрметтеуге қатысты ұлттық педагогикалық идеялар БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясымен және Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңымен ұштастырыла қарастырылады. Әсіресе, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысымен 2022 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеудің көрсеткіштері, балалар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығы, отбасы мен мектептің рөлі, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың (буллинг, кибербуллинг) алдын алу тетіктері ғылыми-әдістемелік тұрғыдан сарапқа салынады.



Кілт сөздер: Бала құқықтары, құқықтық қорғалу деңгейі, Бала құқықтары туралы конвенция, ҚР «Бала құқықтары туралы» Заңы, Мағжан Жұмабаев, педагогика, буллингтің алдын алу, құқықтық сауаттылық.

 

 

Кіріспе

 Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау — Қазақстанның мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының ең басым бағыттарының бірі болып табылады. Кез келген өркениетті қоғамның даму деңгейі оның өскелең ұрпаққа деген қарым-қатынасымен, баланың жан-жақты, қауіпсіз әрі үйлесімді дамуына жасалған жағдайларымен өлшенеді. Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап бұл салада халықаралық стандарттарды қабылдап, ұлттық заңнамалық базаны қалыптастыруда елеулі қадамдар жасады. Мемлекеттік саясат кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеуді, олардың сақталуын және жауапты тұлғалардың міндеттерін қамтамасыз етуге негізделеді.

Бұл тұрғыда құқықтық нормалармен қатар, ұлттық педагогика саңлақтарының, әсіресе Мағжан Жұмабаевтың бала тәрбиесіне қатысты асыл мұрасын басшылыққа алудың маңызы зор. Осы мақаланың мақсаты — педагогикалық теория, халықаралық және ұлттық құқықтық актілер мен 2022 жылғы әлеуметтік зерттеу деректеріне сүйене отырып, Қазақстандағы балалардың құқықтық қорғалу деңгейін зерделеу.



Негізгі бөлім

  1. Бала құқықтары туралы түсінік

Бала құқықтары — бұл баланың өмір сүруі, дене басының амандығы, рухани, интеллектуалдық және әлеуметтік дамуы үшін қажетті, мемлекет тарапынан кепілдік берілетін ажырамас заңды мүмкіндіктер мен бостандықтар жиынтығы. Бала құқықтарының негізін салушы халықаралық құжат — БҰҰ Бас Ассамблеясы 1989 жылы 20 қарашада қабылдап, 1990 жылдың қыркүйегінде күшіне енген. Бала құқықтары туралы конвенция болып табылады. Бұл құжат азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтарды тоғыстыра отырып, 18 жасқа толмаған кез келген адамды «бала» деп айқындайды. Қазақстан бұл Конвенцияға қосылып, оны 1994 жылғы 8 маусымда ратификациялады.

Бала құқығының терең мағынасын түсінуде қазақ ағартушысы, педагог Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» (1922 ж.) еңбегіндегі тұжырымдары ерекше мәнге ие. Мағжан Жұмабаев баланы жеке тұлға ретінде танып, оның табиғатын, денесін, ақыл-ойын зақымдамай, зорлық-зомбылықсыз тәрбиелеу идеясын ұсынды. Оның ілімі бойынша, баланың құқығы — тек заңдық термин емес, ол — тәрбиенің негізгі шарты, баланың табиғи даралығын, ар-ожданы мен қадір-қасиетін құрметтеу. Бұл ой БҰҰ Конвенциясындағы баланың қадір-қасиетін қорғау және даралығын сақтау принципімен толық астасады.

  1. Қазақстандағы бала құқықтарын қорғау

Қазақстанда бала құқықтарын қорғаудың ұлттық заңнамалық арқауы — Қазақстан Республикасының Конституциясы мен 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» Заңы болып табылады. Бұл Заң баланың негізгі құқықтары мен міндеттерін, отбасындағы және қоғамдағы орнын, ерекше білім беру қажеттіліктері бар немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүдделерін реттейді. Заң бойынша бала туылған сәттен бастап аты-жөніне, ұлты мен азаматтығына, тегін білім алуға, денсаулығын қорғауға, тұрғын үйге, демалыс пен бос уақытқа құқылы. Сонымен қатар, 14 жастан бастап ата-анасының рұқсатымен денсаулығына зиян келтірмейтін жеңіл еңбекке қатысу құқығы қарастырылған.

Қазақстандағы балалардың құқықтық қорғалуының нақты жай-күйін бағалау мақсатында ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша «Tabiya Consult» ЖШС 2022 жылы әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеу репрезентативті іріктеме бойынша 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы, 13 шағын қала мен 50 ауылдық елді мекенді (барлығы 80-нен астам елді мекенді) қамтып, 10–18 жас аралығындағы білім алушылар мен ата-аналар арасында жүргізілді.

Зерттеу қорытындыларына сәйкес, балалардың құқықтық қорғалу көрсеткіші жыл сайын оң динамика көрсетуде:

• 2015 жыл — 58%;

• 2018 жыл — 75%;

• 2021 жыл — 86,4%;

• 2022 жыл — 87,1%

Респонденттердің басым көпшілігі (91,2%) өз құқықтарының сақталатынын атап өткен (2021 жылғы 78,2%-бен салыстырғанда 13%-ға өскен). Атап айтқанда, білім алу құқығының сақталуын — 95,7%, демалу және бос уақытты пайдалану құқығын — 94,1%, қадір-қасиетті қорғау құқығын — 93,9%, ал өмір сүру құқығын — 91,8% бала растаған.

  1. Бала құқықтарын қорғауда отбасы мен мектептің рөлі

Отбасы мен мектеп — баланың құқықтық қорғалуын, қауіпсіздігін және әлеуметтенуін қамтамасыз ететін негізгі институттар болып табылады. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, балалар өздерінің құқықтық қорғалуын ең алдымен үйде, отбасында сезінеді — 92,9%. Мектепте баланың құқығы қорғалған деп есептейтіндер үлесі 80,8%-ды құраса, медициналық мекемелерде — 69,5%, ал көшеде — 51,4% (көшедегі қауіпсіздікке сенімсіздік — 22,4%).

Құқықтық ақпараттандыру деңгейі бойынша:

• Ата-аналардың 80,4%-ы баланың заңмен бекітілген құқықтары туралы білетіндігін айтқан (2021 жылы 73% болған).

• БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясын ата-аналардың 41,6%-ы оқыған, 34,3%-ы кейбір ережелерін естіген, ал 24,1%-ы мүлдем түсінігі жоқ екенін білдірген.

• Оқушылар арасында Конвенцияны білу деңгейі 2021 жылғы 29,2%-дан 2022 жылы 43,8%-ға артқан.

Ақпарат алу көздеріне келетін болсақ, ата-аналар құқықтық ақпаратты негізінен интернеттен/әлеуметтік желілерден (40,5%), мұғалімдермен әңгімелесуден және ата-аналар жиналысынан (26,8%), теледидардан (15,4%) алады. Балалар үшін мектептегі сабақтар (45,9%) мен интернет (25,0%) басты дереккөз болып табылады. Бұл көрсеткіштер мектеп пен мұғалімнің құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды рөлін айқындайды.

Мағжан Жұмабаев мектеп пен мұғалімді бала жанының бағбаны деп қарастырған. Соған сәйкес, педагогтердің құқықтық сауаттылығы мен ата-аналармен жүйелі байланысы — отбасылық-мектептік тәрбиенің берік тиегі болып табылады.

  1. Бала құқықтарының бұзылуының алдын алу

Әлеуметтік зерттеу деректеріне сәйкес, балалардың 38,2%-ы өз өмірінде құқық бұзылуымен ешқашан кездеспегенін айтса, осы мәселеге үнемі тап болатындар үлесі — 3,7%-ды құрайды. Басты құқық бұзушылықтар қатарына адамның қадір-қасиетін қорлау, негізсіз жазалау, буллинг, сөз бостандығын шектеу және жеке өмірге араласу жатады. Бастарына іс түскенде немесе құқықтары бұзылғанда, балалардың 60,2%-ы ең алдымен ата-аналарына жүгінеді, ал 21%-ы ешкімге айтпай, өз бетінше қорғануға тырысады.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу және балаларға дер кезінде көмек көрсету үшін арнайы қолдау арналары іске қосылған:

  1. Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі 150 тегін сенім телефоны;

  2. Telegram мессенджеріндегі «bala qorgaý» (бала қорғау) чат-арнасы.

Әдістемелік құралда құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша келесідей нақты ұсынымдар берілген:

• Мектептерде буллинг, моббинг және кибербуллингке қарсы іс-қимыл дағдыларын дамытатын мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру тренингтерін өткізу;

• Балалар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыратын қысқа бейнероликтер, комикстер, плакаттар сияқты көрнекі әдістемелік материалдар дайындау;

• Ювеналды полиция инспекторларымен бірлесіп, сынып сағаттары мен ата-аналар жиналыстарында нақты мысалдар негізінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

• Балалардың құқықтарын сақтаудың мерзімдік мониторингін сапалы түрде (тереңдетілген сұхбаттар мен фокус-топтар арқылы) ұйымдастыру.



Қорытынды

Қазақстан Республикасындағы балалардың құқықтық қорғалу деңгейін зерделеу мемлекеттік саясат пен қоғамдық институттардың бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын көрсетеді. Жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша балалардың жалпы құқықтық қорғалу көрсеткіші 2015 жылғы 58%-дан 2021 жылы 86,4%-ға, ал 2022 жылы 87,1%-ға дейін тұрақты түрде өскен. Бұл көрсеткіш елде БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы мен ҚР «Бала құқықтары туралы» Заңы негізінде берік заңнамалық базаның қалыптасқанын және оның іс жүзінде оң нәтиже бере бастағанын айғақтайды. Респонденттердің басым көпшілігі (91,2%) өз құқықтарының сақталатынын растап, әсіресе тегін білім алу (95,7%), демалу және бос уақытты пайдалану (94,1%), қадір-қасиетін қорғау (93,9%) құқықтарының орындалуын жоғары бағалаған.

Дегенмен, бұл процеске кешенді тұрғыдан қарау қажет. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегіндегі баланың жеке басын, қадір-қасиетін, даралығын құрметтеу мен зорлық-зомбылықсыз тәрбиелеу туралы гуманистік идеялары заманауи халықаралық құқықтық стандарттармен толық үндеседі. Зерттеу деректері балалардың өздерін ең қауіпсіз әрі қорғалған сезінетін орны отбасы мен мектеп екенін көрсетсе, көшедегі қауіпсіздік деңгейіне сенімсіздік (22,4%) әлі де өзекті болып отыр. Сонымен қатар, оқушылардың 38,2%-ы құқық бұзушылыққа ешқашан тап болмағанын айтқанымен, 3,7%-ы мұндай проблемалармен үнемі кездеседі, ал басты бұзушылықтар қатарына жеке өмірге дөрекі араласу (34,2%), сөз бостандығын шектеу (32,35%) мен адамның қадір-қасиетін кемсіту жатады.

Осыған байланысты бала құқықтарын қорғаудың болашақтағы басым бағыттары ретінде мынадай міндеттер айқындалады:

  1. Құқықтық сауаттылықты арттыру: Оқушылар арасында Конвенцияны білу деңгейі өскенімен, баланың даралық құқығын түсіну деңгейі 10,6% төңірегінде қалып отыр. Сондықтан мектептегі сабақтар (ақпараттың негізгі көзі – 45,9%) мен интернет арналарын сапалы құқықтық мазмұнмен байыту қажет.

  2. Алдын алу тетіктерін күшейту:

Мектептерде буллинг пен кибербуллингке қарсы тренингтер өткізу, ювеналды полиция мен психологиялық қызметтің жұмысын ширату, сондай-ақ 150 сенім телефоны мен «bala qorgaý» чат-арнасы сияқты жедел көмек ресурстарын кеңінен насихаттау маңызды.

  1. Отбасы мен мектеп интеграциясы:

Ата-аналардың 80,4%-ы бала құқықтарынан хабардар болғанымен, тәрбиеде ұлттық педагогикалық мұра мен құқықтық нормаларды ұштастыру, баланы жеке тұлға ретінде құрметтеу мәдениетін отбасылық деңгейде де нығайту қажет.



Қазақстанда балалардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету — тек заңдық нормаларды қабылдаумен шектелмей, ұлттық педагогикалық құндылықтарды жаңғыртып, отбасы, мектеп және мемлекеттің біртұтас жауапкершілігін қалыптастыруды талап етеді.



Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті. «Балалардың құқықтық қорғалу деңгейін анықтау» әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша әдістемелік құрал. – Астана: «Tabiya Consult» ЖШС, 2022. – 94 б.

  2. «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңы.

  3. БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясы (1989 ж. 20 қарашада қабылданған, ҚР 1994 ж. 8 маусымда ратификациялаған).

  4. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 160 б.





Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
20 қазан
115
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі