Бала
тәрбиесі
– баршаға ортақ
Шыр
етіп дүние есігін ашқан сәтте сәбидің
көңілі ашық, жүрегі кең, кіршіксіз аппақ
болады. Оның тұлға болып қалыптасуы
үшін дұрыс тәрбие керек. Ғұлама жазушы
М.Әуезовтің: «Ел болам десең, бесігіңді
түзе!» деген ұлағатты сөзінің мағынасына
ой салсақ, тәрбие ұрпақты дүниеге
келтіруден басталады. Халқымызда
қалыптасқан дәстүр бойынша бала
тәрбиесінде баланың әке мен шешесінің,
әжесі мен атасының, өскен ауылының
жеке-жеке өз міндеті бар. Бала тәрбиесіндегі
қазақ әйелдеріне тән ортақ қасиет –
әрқайсысы өз мүмкіндігінше, былайша
айтқанда, таным-түсінігінің, білім-білігінің
шама деңгейіне қарай: «обал», «сауап»,
«адал», «арам» деген қарапайым ұғымдар
арқылы-ақ сәбилерінің жанына
адамгершіліктің, ізгіліктің дәнін сеуіп
бағады. Міне, осынау қасиетті төрт ұғымды
әр шеше, әр әже аналық мейіріммен, бесік
жырымен, айтатын ертегісімен, жанашыр
ақылымен, мақтап көтермелеуімен, қажетті
жерінде ұрып-жекіруімен, тыйым салуымен
өз сәбиінің құлағына құюмен болған.
Дәстүр қалыптастырған тәрбие мәдениетінің
тағылымды уызымен кішкентайынан осылайша
ауызданған бала ертең есейіп, жігіт
болғанда, қалай дегенде де, бүгінгі
жастардың кейбіреуінің істеп жатқанындай,
жан түршігерлік жамандыққа бара алмайды.
Өйткені ондай әрекетке қадам басар
кезде анасы айтқан: «обал боладысы»
оның алдын орап, «сауап боладысы» санасын
сілкіп, «адалдықтың» ақ туын көтеріп,
«арамдықтың » жолын кеседі. «Бала
тәрбиесі -бесіктен» деп көп айтылғанымен
соңғы жылдары бала тәрбиесіне жеткілікті
назар аударылмай келеді. Соның нәтижесінде
адамдар арасында мейірімділік,
адамгершілік пен имандық азайып,
қатыгездік орын тепті.
«Жұмыла
көтерген жүк жеңіл» демекші отбасы,
балабақша, ата-ана, жұртшылық бірлесе,
тәрбие жұмысын мақсатты жүргізсе,
халқын, дәстүрін сыйлайтын азаматтарды
тәрбиелеу ісін жүзеге асыруда мақсатқа
жетуге болады. Бала қашан да балалығын
көрсетпей тұрмайды, сондықтан оларға
әрдайым ата-ана, тәрбиешілер тарапынан
қамқорлық ауадай қажет. Болашақ азаматтың
адамгершілігі мол болып өсуі үшін халық
ауыз әдебиетінің маңызы зор. Бұрынғы
кездері аталары, әжелері немерелерін
тізелеріне отырғызып әңгіме тыңдататын.
Мұндай балалардың тілі ерте шығып,
ой-өрісі дамып, сөздік қоры молая түсетін.
Ал қазіргі таңда немересіне ертегі оқып
беретін ата-әже кемде кем. Ата-анасы
болсакүйбең тіршіліктің қамымен жүріп
бала тәрбиесіне мән бермейді. Олардың
тәрбиесін балабақша мен мектепке жүктеп
қойған. Мектепке
дейін тәрбиенің міндеті баланы жан-жақты
тәрбиелеу, дамыту болса да «Алты аға
бірігіп – әке болмас, Жеті жеңге бірігіп
– ана болмас» — дегендей ата-ананың
орыны бөлек. Ол орынды ешкім баса алмайды.
Балабақша баланың отбасында алған
тәрбиесін толықтырады, бағыт беріп
тұрады. Балабақша отбасымен бірлесіп
болашақ ұрпақ тәрбиелейді.
Балабақшадағы
тәрбие сабақтарында қолданылмайтын
құрал жоқ. Бүкіл айналадағы табиғаттың
өзінен бастап, осы уақытқа дейін жасаған
адамзат қауымының рухани байлықтары –
тарих, өнер, әдебиет ғылымының жетістіктері
де ұрпақ тәрбиесінің құралына айналады.
Солар арқылы баланың санасына сөз болып
та, ән-күй, әуен түрінде, түрлі түсті сан
қилы суреттермен де сіңетіндігін
білеміз. Осындай үзіліссіз тәрбие ғана
өзінің кәмелетіне жетіп, адам өмірінің
өркенді болуын қамтамасыз етеді екен.
Балабақша жасындағы балалар ең алдымен
елін, Отанын, туған жерін сүюді үйренеді.
Табиғатты қорғау, құстарға , жануарларға
деген қамқорлық барлығы балабақшадан
басталады. Сондықтан да балабақшаны
тәрбиенің екінші мектебі деп айтса
артық етпес. Балабақша бүлдіршіндері
үшін ойыншықтарын жинау, ас алдындағы
жуынып сүртінумен қоса ретімен ауысып
кезекшілікпен тамақтандыруға көмектесу
де әдеттегі істеріне айналады. Бұл
балалар ер жетіп өскен сайын ұқыптылыққа,
тазалыққа, еңбексүйгіштікке бар
ынта-жігерімен бой алдырады дегенді
білдіреді. Ұрпағымызды
ұлттық тәрбиеге баулып, бойына
адамгершілікті, мәдениетті, инабаттылықты,
өз ана тіліне деген құрметті сіңіре
тәрбиелеу балабақшаның міндеті.
Тәрбиеде
басты назар аударатын мәселе –
адамгершілік. Оның өлшемі әрқайсысымыздың
тәрбиедегі биіктік пен жеке басымыздың
мәдениеті. Сондықтан: Адам өз өмірінің
«алтын бесігі» - халқымыздың әдептілік,
инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық
қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру
үшін әрбір тәрбиеші, ұстаз халық
педагогикасын, салт-дәстүрін,
әдеп-ғұрыптарды жақсы біліп, рухани
бай, жаны таза адам болуы керек. Сонда
ғана бала тәрбиесінде мінез-құлқы
жетілген саналы адам қалыптасады.