жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Баланы тәрбиелейтін қазақтың дәстүрлері
-
ТТақырыбы: «Баланы тәрбиелейтін қазақтың дәстүрлері»
Күні: 19.01.2018 ж.
Жүргізушілер: Қалдан Салтанат
Мақсаты: Халқымыздың игі дәстүрлерін, ізгі - қасиеттерін, инабаттылық, іскерлік дағдыларын, салт – дәстүрлерді балалардың бойларына сіңіру, рухани-адамгершілік қағидаларды ұстануы туралы мағлұмат беру.
Көрнекілігі: Еліміздің туы, Елтаңбасы мен Гимні, нақыл сөздер, суретер, слайдтар, ұлттық бұйым көрмесі, бейнеролик.
Барысы:
І. Жүргізуші:
Қайырлы күн, құрметті ұстаздар!
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы
аясында бағытталған бүгінгі «Баланы тәрбиелейтін қазақтың
дәстүрлері» атты танымдық іс-шарамызға қош
келдіңіздер!
Қазақстан республикамыздың мемлекеттік әнұраны орындалсын.
Әнұран.
ІІ. Кіріспе сөз:
Президентіміздің жыл сайынғы қазақ халқына жолдауы республикамызды дамытуға, бәсекеге қабілетті жастар тәрбиелеу мәселелерін өзекті етіп көрсетеді. Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жаңа тарихи кезеңге қадам басып, қайта түлеудің тың бағыттарына бет алған еліміздің болашағы мен қазақстандықтардың келешегі үшін маңызды құжат.
Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық дүниетанымымызды, санамызды жаңғырта отырып, кемелдендіру бізге үлкен міндеттер жүктеп отыр. Ұлттық сананың қалыптасып, рухты жаңғыртудың тағы бір жолы балаларды қазақтың дәстүрлерін дәріптеуге, құндылықтарды сақтауға тәрбиелеу.
III. Әдет және әдеп – «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Ұлың өссе, ұлы жақсымен, қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас болғын», «Тексізден тезек артық», «Жаным – арымның садағасы», «Өлімнен ұят күшті», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді». Бұл мақалдардың сырын ашсақ, тәрбие ана сүтімен бірге сана-сезімге сіңіп, дағдыға, әдетке айналуы қажет. Үлкенді сыйлау, парыз бен ар-ұятты қасиет тұту, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, заңға мойынсұнушылық, адамды бәрінен де ардақтау – адам бойында адамгершілік, Отанға, елге, халыққа, үй ішіне, адамға, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Өнегелі тәрбие алған адам Отанға берілгендік, әділдік, тәртіптілік сияқты қасиеттердің негізін бойына сіңіреді.
Халық педагогикасының тұрмыстық ереже болып, халықтың салтына айналған әдет-ғұрыптардың тәрбиелік мәні ерекше.
Қазақтың салт-дәстүрлері туралы дайындалған слайдтқа көз салсақ.
Слайд «Қазақтың салт-дәстүрлері».
Ән «Қазағымның дәстүрлері - ай».
IV. Табандылыққа тәрбиелеу – асық, шілік, жасырынбақ, жарыс, күрес, ақсүйек ойнау жастарды ептілікке, шеберлікке, айлакерлікке, мергендікке, ширақтыққа, табандылыққа тәрбиелейді.
Сергіту сәті. « Танымдық ойын».
Бүгінгі кешіміз қызықты өтуі үшін келесі кезекті танымдық ойынға берейік. Мына қоржында асықтар салынған. Ол асықтар- дың бетінде сан жазылған. Қоржыннан кез - келген бір асықты аласыздар. Шыққан сол санға байланысты сұрақ қоямыз, кім көп жауап береді екен?
«10»
саны
- Он ата шежіресін таратып
беріңіз.(әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат, жегжат,
жұрағат, жұмағат)
«3»
саны
- Үш мақсатты ата.(жол мақсаты
- жету, дау мақсаты - біту, сауда мақсаты - ұту)
- Үш арсыз (ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз)
- Үш алыс (кәрі мен жас, жақсы мен жаман, алыс пен жақын)
- Үш биді атаңыз (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би)
- Үш жүзді атаңдар (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз)
- Үш дауасыз (мінез, кәрілік, ажал)
- Жігіттің үш жақын жұртын ата.(ағайын жұрт, нағашы жұрт, қайын
жұрт)
- Үш арыс (Сәкен, Ілияс, Бейімбет)
- Үш сауап (шөлге құдық қазған, өзенге көпір салған, жолға ағаш
еккен)
Үш байлық (денсаулық, ақ жаулық, он саулық)
- Үш тәтті (жан тәтті, мал тәтті, жар
тәтті)
«4»
саны
- Төрт қонақ түрін атаңдар (арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма
қонақ, қылғыма қонақ)
- Төрт түліктің пірін атаңыз (түйе пірі - Ойсыл қара, жылқы пірі -
Қамбар ата, сиыр пірі - Зеңгі баба, қой пірі - Шопан ата, ешкі пірі
- Шекшек ата)
- Төрт қымбат не? (Алтын ұяң Отан қымбат,
Құт - береке атаң қымбат.
Мейірімді анаң қымбат,
Бәрінен де ұят пенен ар қымбат)
«5»
саны
- Бес дұшпан (өсек, өтірік,
мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ)
- Бес асыл (талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым)
- Бес байлық (Әуелгі байлық - денсаулық.
Екінші байлық - еркіндік.
Үшінші байлық - тіл байлық.
Төртінші байлық - қайрат - күш, ақ жаулық.
Бесінші байлық - балаңыз.)
- Бес қаруға нелер жатады?(мылтық, садақ, найза, қылыш,
айбалта)
- Бес жақын кімдер? (Тату болса - ағайын жақын,
Ақылшы болса апайың жақын.
Бауырмал болса - інің жақын,
Инабатты болса - келінің жақын.
Алдыңа тартқан адал асын,
Қимас жақын – қарындасың.)
«6»
саны
- Алты алаш деген кімдер?
(Алаш ханның балалары: Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен,
Жайылхан)
- Алты қиынды атаңдар.(Арадан шыққан жау қиын,
Таусылмайтын дау қиын,
Шанышқылаған сөз қиын.
Жазылмаған дерт қиын.
Іске аспаған серт қиын,
Ақылыңнан адасып,
Өзің түскен өрт қиын
Не істеріңді біле алмай,
Ашиды сонда бас миың)
«7»
саны
- Жеті жұт.(құрғақшылық, мал
жұтау, оба,(індет), өрт, соғыс, жер сілкіну, сел (тасқын)
- Жеті күнді атаңдар (Бүгін - дүйсенбі.
Ертең - сейсенбі.
Бүрсігүні - сәрсенбі.
Арғы күні бейсенбі
Қасиетті күн жұма
Соңғы күні - сенбі
Азына - жексенбі.)
- Жеті қазынаны атаңыз.(ер жігіт, сұлу әйел, ілім - білім, жүйрік
ат, құмай тазы, қыран бүркіт, берен мылтық)
Жеті атаны таратыңыз?
(әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене,
туажат.)
- Жеті жетімге нелер жатады?
(Тыңдаусыз қалған сөз жетім,
Қиюсіз қалған бөз жетім.
Иесіз қалған жер жетім.
Басшысы жоқ ел жетім.
Аққу - қазсыз көл жетім.
Елінен айырылған ер жетім.
Замандасы қалмаса,
Бәрінен де сол жетім.)
V. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» демекші, бәдік айту, айтыс – тез ойлауға, тапқырлыққа тәрбиелейтін өнер сайысы. Айтыстай адамды аңдаусызда күтпеген, ұрымтал жерден төпеп тастарлық бір де бір өнер сайысы жоқ. Айтыс, бәдік айту, тойда жасөспірімдер мен қыздар өлеңді суырып салып айтуға машықтанады, ауыз әдебиетіне сүйіспеншілігін арттырады, олардың ой өрісін кеңітеді және тапқырлық пен ептілікке үйренеді.
Құрметті ұстаздар, сіздерге де көңіл бөлген дұрыс сияқты. Қазақта қонақкәде деген бар. Кезекті «Сергіту сәтіне» берсек. Олай болса сергіту сәтімізде сіздерге қояр тапсырмамыз бар.
Сергіту сәті. Мына үзік – үзік сөздерден мақал құрастыру керек.
-
Ұяда... , ұшқанда... . (Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің.)
-
Ата - ..., бала - ... . (Ата – бәйтерек, бала – жапырақ.)
-
Ер... , ез... . (Ер бір өледі, ез мың өледі.)
-
Өле... бөле... . (Өле жегенше бөле же.)
-
Таяқ... , сөз... . (Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді.)
-
Мал... , жер... . (Мал баққандікі, жер жыртқандікі.)
-
Тентектің... түстен... . (Тентектің ақылы түстен кейін кіреді.)
-
... сүйіндіреді, ... күйіндіреді. (Жақсы сөз сүйіндіреді, жаман сөз күйіндіреді.)
-
Мектеп - ... , білім - ... . (Мектеп – кеме, білім – теңіз. )
VI. Көкпар, бәйге, теңге ілу, аударыспақ – батылдыққа, ептілікке үйретер, бұлшық етті шынықтыратын, есеппен тәуекелге бел байлауға, тіпті өзінің ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық спорттық ойындар.
Слайд көрсету – ұлттық спорттық ойындар туралы.
Ән «Қара жорға».
VII. Бүгінгі таңда өзінің рухани құндылықтары әбден қалыптасқан, туған жері мен елін сүйетін, айнала қоршаған ортасымен үндестікте өмір сүретін, жан-жақты дамыған рухани тұлғаны тәрбиелеу қоғам өмірінің барлық жүйесінің басты мәселесіне айналып отыр.
Ел Президенті өзінің бағдарламалық мақаласында: «Ұлттық салт дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп атап көрсеткен болатын.
Ата-бабалардан қалған мұра – қазақи салт-дәстүр, әдет-ғұрып, өнер мен тәрбиені түлетіп, келер ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу бүгінгінің басты талабы. Заман ағымына ілесіп, көнені жаңартып, жаңаны түрлендіру арқылы көштен қалмаймыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында осыны көздейді. Рухани жаңғыру дегеніміз – қанымызға сіңген қасиеттерді қайта түлету. Яғни жоқ жерден жаңалық енгізу емес, өзімізде барды орынды пайдалану. Егер халық ұлттық құндылықтарын жоғалтып алса, ол халық – «ұлт» деп саналмайды. Сондықтан да әр ұлт өздерінің ұлттық құндылықтарын сақтауға тырысады, әрі қорғайды.
Ел дегенде, жер дегенде білегін сыбанып, іске дайын тұратын, еліміздің жарқын болашағы үшін күресе білетін, намысты ұрпағымыз болса, қоғамымыздағы ұлттық бірліктің іргесі шайқалмаса, ұлтымыз әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаса, Мәңгілік Елге айналарымыз ақиқат.
Отбасы – шағын мемлекет. Онда басшы да, қосшы да, халық та бар. Мемлекеттің іргесін бекем ететін басшы халқына, яғни бала-шағасына ұлттың ұлылығын, құндылығын, қасиетін әу бастан санасына сіңіріп, зердесіне тоқуы тиіс. Сонда ғана әрбір «елім, жерім, қазақы салт-дәстүрім» деген отбасы тұратын Қазақстанның келешегі көркейіп, рухы асқақтайды, ұлттық санасы кемелденеді.
Ән «Көк тудың желбірегені».
Сөзіміздің соңында елбасымыздың сөздерімен аяқтайық «ендеше рухани жаңғыру арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік» дей келе бүгінгі жиынымызды аяқтаймыз.
Сіздерді «Қазақ қолөнері – асыл қазына» атты ұлттық қолөнер көрмесін тамашалауға шақырамыз.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген