Бастауыш білім берудің теориясы мен практикасы

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Бастауыш білім берудің теориясы мен практикасы

Материал туралы қысқаша түсінік
Бастауыш оқытудың негізгі мәселелері
Материалдың қысқаша нұсқасы

БАСТАУЫШ БІЛІМ БЕРУДІҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫ


Ануарбек Зере Мырзабекқызы

zere.zhakhina@mail.ru

19 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі, педагог-модератор. Көкшетау, Қазақстан


«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп ұлттың болашағы бала оқытудан басталатынын айтқан Алаш көсемі, ағартушы-педагог, ұлттық жазудың реформаторы Ахмет Байтұрсыновтың бұл нақыл сөзі зайырлы әрі тәуелсіз еліміздің басты ұстанымы болуы шарт. Бүгінгі жаһандық дәуірде қоғамның алға жылжуы біліммен өлшенеді. Өйткені білім – басты құндылық.

Қазір жаңа технологияның, интернеттің дамыған заманы. Кез келген ақпаратқа қолжетімділік бар. Ал жылдар жылыстап, кезең өзгергенімен білімге деген сұраныс артпаса, азаймайтыны анық. Керісінше, біліммен қаруланған ел көш бастайтыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан ғылымның дәуірлеп тұрған шағында ертеңгі болашағымыз – бүгінгі ұрпақтың сапалы білім алуына барынша жағдай жасауға тиіспіз. Әлбетте елімізде білім беру саласында түбегейлі өзгерістер орын алуда. Бұл біріншіден тәуелсіздігіміздің жемісі болса, екіншіден мемлекет тарапынан білім саласына қолдаудың нәтижесі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында бұл салаға айрықша назар аударып, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудің алғышартын атап өтуден жалыққан емес. Жыл сайын білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, ұстаздар қауымына айрықша қолдау көрсетілуде. Ең бастысы балалардың жаңаша білім алуына барлық жағдай жасалуда. Кезінде шоқ жұлдыздай жарқырап өткен белгілі ғалым, этнограф Шоқан Уәлиханов та «халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» екенін айтып өткен болатын. Сондықтан білім саласына жұмсалған қаржы да, көрсетілген қолдау да текке кетпейді. Еліміздің өркендеп, өсуі үшін біз, ұстаздар қауымы оқушыларға сапалы білім беруді негізге алуымыз қажет.

Білімнің негізі – бастауышта қаланатынын ескерсек, өмір баспалдағына енді ғана қадам басқан бүлдіршіндеріміздің бойына білімнің дәнін ғана емес, тәрбие, адамгершілік қасиеттерді де дарыта білуіміз керек. Ал бастауыш білім берудің теориясы мен практикасы өз алдына өзекті мәселе. Қайсыбір жылдары оқыту тәжірибесінде ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов негізін қалаған Әліппеміз қолданыстан тыс болды. Қазақ үшін бұдан асқан қасірет бар ма? Әйтеуір әупірімдеп жүріп, Әліппемізбен қайта қауыштық. Біз жалпы, ұстаздар қауымы айтулы педагог Ахмет Байтұрсыновтың сара жолын жалғастырып, оның бала оқыту методикасын ең басты ұстанымға айналдырғанымыз абзал. Мәселен, ол «Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым әліп-би жақсы болмақшы» дейді. Сондықтан бастауыш білім беруде тәлімгерлердің ең басты мақсаты оқушылардың білім-білік дағдыларын дамыту, яғни әріп пен көркем жазуға үйрету, оқуға машықтандыру. Білімнің іргетасы бастауышта қаланады деген ой дұрыс айтылған. Сол себепті бастауыш сыныпта баланың бәсекеге қабілетті болуына, өз бетінше шешім қабылдай алуына, ой-пікірін еркін айтуына дұрыс бағыт беруіміз қажет. Бала жас шыбық тәрізді ғой. Егер өскелең ұрпаққа дұрыс білім берілмесе, оның «жемісіне» ертең-ақ куә боламыз. Бастауыш сыныпта теорияны ғана емес, берген білімді тәжірибеде іске асырып, әр ұстазға жеке тұлғаны дамытып, балалардың қалыптасуын қамтамасыз етіп, білімге деген сенімін нығайту парыз. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Болашақта білімді де білікті, саналы, ізденімпаз әрі бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру үшін бастауышта балаға толыққанды білім мен тәрбиені бойына сіңіруге мұғалімдер жауапты. Әрине, білім беруде ата-аналар да бұл жауапты қызметтен сырт қалмаса дейсің. Өйткені ата-ана баланың ең басты ұстазы. Мұғалімге ата-аналардың қолдауы әрі көмегі әркез қажет. Әсіресе, бастауышта бірлесе жұмыс атқарудың маңызы зор.

Бастауыш сынып мұғалімі ретінде мен өзімнің тәжіриеммен бөлісетін болсам, бүгінде заман талабына сай жаңаша оқытуға басымдық берудемін. Баланы оқыта отырып дамыту, икемділік, өздігінен шешім қабылдау сынды дағдыларды қалыптастыру осы жаңаша оқытудың бір парасы болып саналатынын айтқым келеді.

Ол үшін оқу-тәрбие үрдісінде оқытудың инновациялық басымдылығын әрекетте ұштастырамын. Жалпы, бастауыш сыныптың мұғалімі жан-жақты болуы тиіс. Өйткені бастауышта оқылатын пәндер әр түрлі. Мұғалім әліппеден бастап, математика, ана тілі, қазақ тілі, дүниетану, бейнелеу өнері, еңбек пәндерін оқытып, түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Сәйкесінше, ұстаздың білім, білігі де соған сай болуы керек. Бұл ретте мұғалім бастауыш сынып оқушыларының физиологиялық және психологиялық ерекшелігін де ұмытпауы тиіс. Әр баланың ерекшелігі әр түрлі. Сондықтан оқу-тәрбие үрдісінде түрлі іс-шараларды атқаруда әрқайсысына жеке-жеке назар аударған жөн. Біз ешқашан балаға психологиялық қысым көрсетпеуіміз қажет. Керісінше, оқуға қызығушылықтарын арттырып, әр сабақ қызықты әрі тартымды өтуі тиіс. Сонда баланың сабаққа деген құлшынысы артады. Оқушының жеке шекарасына өтпеу абзал. Кейбір бала сабақ айтуда жасқануы, ұялуы, жазу, оқуда ширақ қимылдамауы мүмкін. Соның салдарынан эмоцияға салынатын балалар да болады. Бірақ мұғалім бұл жағдайда балаға сын көзбен емес, жанашырлықпен қараса бала бірте-бірте ашылып, сыныппен бірге толыққанды сабаққа қатысуға ден қояды. Бұл әрине мұғалімнің ұстаздық, психологиялық, әдістемелік және жекелеме тұлғалық қызметтері арқылы жүзеге асады. Жалпы, қазіргі заманның ұстазы ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып төл мәдениетін қадірлейтін, сыйлайтын,   оны өзгеге таныта, сыйлата алатын, дүниежүзілік мәдениетті танитын, рухани дүниесі бай, интеллектуалдық деңгейі жоғары, білімді, білікті болуы керек.

Қазір педагогикалық үрдісте сын тұрғысынан ойлау дағдысы кеңінен қолданыста. Оқытуда бұл тәсілге басымдық беру дұрыс деп ойлаймын. Білім беруді дамыту барысында сын тұрғысынан ойлау әдісі – күрделі педагогикалық үрдіс екенін айту қажет. Бұл әдіс оқушыларды еркін ойлауға, ізденімпаздыққа жетелеп, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасайды. Жалпы, сын тұрғысынан ойлау дегеніміз не? Әуелі осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Кіші мектеп жасындағы балалардың ойлауын дамыту туралы Н.А. Менчинскаяның еңбектерінде ойлауды дамыту оқытумен тығыз байланысты екені айтылған. Бірақ сын тұрғысынан ойлау – тұлға дамуындағы жаңа танымдық қабілет емес екенін атап өту керек. Өйткені бүгінге дейін философ, психолог, ағартушылардың еңбектерінде сын тұрғысынан ойлау мәселесі қарастырылған. Соның ішінде С.Мерсейітова, Б.Тұрғынбаева, А.Әлімов сынды қазақ ғалымдарының еңбектерінде сын тұрғысынан ойлауды дамыту әдістемесі жөнінде толымды зерттеулерден сын тұрғысынан ойлаудың тамыры ерте кезеңдерден басталғанын аңғаруға болады. Ал бұл педагогикалық үрдістің артықшылығы қандай деген сауалға келетін болсақ, сыни ойлау оқушылардың ойлау дағдыларын дамытып, оларды оқу мен өмірде туындайтын проблемаларды өздігімен шешуге бағыттайтынын баса айтып өткен жөн. Сыни ойлау оқушыларды ақпаратпен жұмыс жасауға, жан-жақта тұрғыдан кез келген жәйтті талдауға, бағалауға, таңдау жасап, шешім қабылдауға баулиды. Оқу барысында оқушылар өзгелерге ғана емес, өзіне сұрақ қоя отырып, оларға жауап іздейді. Әрі өзінің жауаптарын ұтымды дәлелдермен айғақтайды, дербес шешімдер қабылдайды. Міне, сыни ойлаудың бір артықшылығы осы. Бұл дағды баланы біреуге тәуелді болмауға икемдеп, басқалармен тиімді қарым-қатынасқа түсіреді. Яғни, сыни ойлау барысында өзгеге сенім артпай, өзіне ғана сенеді. Сондықтан дұрыс шешім қабылдауға машықтанады. Өздігінен жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты сараптайды.

Өз сабақтарымда оқыту технологияларын пайдалану арқылы оның тиімділігін, жаңашылдығын, нәтижелілігін, яғни білім алуға ұмтылатын шәкіртке жол көрсету, оқуға қызығушылығын ояту, сабақта оқушыны ізденіске бағыттау, оның шығармашылық тұлғасын қалыптастыру мақсаттарымды қойып отырамын. Нәтижесінде, оқушылардың іскерлік дағдысы қалыптасады, қызығушылығы артады, ойлау белсенділігі ұшқырланады, өзіне деген сенімі қалыптасады, терең тапқырлығы артады, білім алуға жағдай жасап қана қоймай, оқушыны ізденіске жетелеп, коммуникативтік қатынасын жетілдіреді. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, топтық, жұптық, ұжымдық және деңгейлік тапсырмалар беріп отырамын. Ізденіс және шығармашылық тапсырмалар баланы ғылымға жетелейді.

Қорыта келе, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей бастауыш сыныпта бала ұстазды идеал көреді. Бірақ мінсіз адам болмайды. Десек те ұстаз өзінің жүріс-тұрысымен, сөйлеген сөзімен, іс-әрекетімен, бастысы адамгершілік асыл қасиеттерімен балаға үлгі болуы тиіс. Оқу-жазуға машықтандыру өз алдына, тәлімгер әрқашан тәрбие мәселесіне баса көңіл бөлуі тиіс. Баланың жаны – нәзік әрі сезімтал. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей сол нәзік жанның көңіліне қаяу түсірмей, алға ұмтылуға жетелесек абзал емес пе?

Әдебиеттер тізімі:

  1. «Бастауыш мектепте оқыту» журналы. №2, 2019 ақпан. – 2,3 бет

  2. Ғаламтор желісі. https://vk.com/wall-58620264_4419

  3. Ғаламтор желісі. https://stud.kz/referat/show/119959


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
15.12.2023
347
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі