жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МӘНІ МЕН МАЗМҰНЫ
Аңдатпа
Бастауыш сыныптан бастап оқушыларға рухани-адамгершiлiк тәрбие беру – қазiргi мектептердiң ең маңызды мiндеттерiнiң бiрi. Өйткенi бiздiң қоғам өмiрiнде адамгершiлiк бастамаларының ролi барған сайын артып, моральдық фактордың ықпал аясы кеңеюде. Сол себепті де мақала бастауыш сынып оқушыларына рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің мәні мен мазмұнына арналған. Автор рухани-адамгершілік тәрбиенің зерттелу тарихына шолу жасай отырып, оның бүкіл жүйесі гуманистік мазмұнға толы, рухани негізде жеке адамның жан- жақты дамып жетілуіне бағытталған үрдіс ретінде қарастырып, оның анықтамасын нақтылауға ұмтылыс жасалған. Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларының рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің мәні мен мазмұндылығын оның басымды жақтарымен және сабақ жүйесiнде ғана емес, сабақтан тыс кезде жүргiзiлетiн әртүрлi тәрбиелiк шаралармен ұштастыра қарастырған.
Кілттік сөздер: адамгершілік, руханилық, рухани-адамгершілік тәрбие, рухани жаңғыру, ұлттық құндылық, көзқарас, сана-сезім.
Кіріспе
Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси курсының басымды бағыттарын және Мықты және Қуатты Қазақстан мемлекетін құрудағы (жақын жылдардағы) жастардың рөлі мен жауапкершілігін анықтай отырып, Президент оларда ұлттық сана-сезімдері мен тарихи сананы жан-жақты қалыптастыру мәселесін өзектендірді. Бұл өте заңды құбылыс, себебі ұлттық компонент - қазіргі заман адамы санасының ажырамас бөлігі. Барлық өркениетті елдерде заманауи білім берудің мәні іс-әрекет пен ойлаудың түрлі формаларына, түрлі мәдениеттік мәндерді іздестіру мақсатында диалогқа қатыса алатын, ұлттық мәдениет адамын тәрбиелеу болып табылады [1].
Бұл құндылықтардың негізін құрайтын - бұл рухани-адамгершілік тәрбие. Рухани-адамгершілік тәрбие – белгілі бір мақсатқа қол жеткізе білетін мақсатты, жүйелі, ұлттық көзқарасты, сенімді, парасатты, мінез- құлықтағы адами тәртіп пен рухани дағдыны қалыптастыратын жалпы азамзаттық тәрбиенің құрамдас бөлігі [2]. Адамгершілік тәрбиенің бүкіл жүйесі гуманистік мазмұнға толы, рухани негізде жеке адамның жан- жақты дамып жетілуіне бағытталған үрдіс. Сол себепті де өз халқының шежіреге толы тарихын зерттеу, тілі мен дәстүрін қадірлеу негізінде өскелең ұрпағына тәрбие беруде күнделікті тұрмыс кәсібін ұлттық арнада ұйымдастырып, рухани- адамгершілік тағылыммен ұштастыру бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінде ерекше мәнге ие болып отыр.
Негізгі бөлім
Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеу қай кезеңде де күн тәртібінен түспеген маңызды мәселе және педагогика тарихы мен теориясында әр қырынан зерттелінген. Ғалымдардың пайымдауынша, рухани-адамгершілік тәрбие адамға туа біткен қасиет емес, ол - адамның ішкі дүниесінде қалыптасатын ішкі еркінің сезімі. Осы негіздерге сүйене отырып, рухани-адамгершілік тәрбие – тұлғаның бойында мінез-құлықтың белгілі бір сипаттарын қалыптастыру және олардың өздерінің де бір-біріне, отбасына, басқа адамдарға, мемлекетке, Отанға деген қатынасын анықтайтын мінез нормалары мен ережелерін дарыту деп тұжырымдайды [3].
Адамның адамгершiлiк жағынан қалыптасуы оның туған кезiнен-ақ басталады, ал рухани-адамгершiлiгi қоршаған орта, адамгершiлiк тәрбиесiнiң тәрбие мiндеттерi мен мазмұнына байланысты жетiледi. Баланың мектеп жасына дейiнгi қалыптасқан мiнез-құлықтарының және ересек адамдармен, құрбы-құрдастарымен қатынастарының формалары, адамгершiлiк бiлiмдерi мен сезiмдерi негiзiнде бастауыш сыныптарда адамгершiлiк көзқарастардың, мiнез-құлықтың, сезiм мен сананың жаңа формалары одан әрi дамытылады.
Тәрбие ұзақ және күрделi процесс. Адамзат дамуының қай кезеңiнде болмасын тәрбиенiң тиiмдiлiгiн жетiлдiру iсi жүзеге асырылып келедi. Бұл iстi жүзеге асыру процесi әрбiр қоғамдағы мемлекет қажеттiгiне бағындырады. Өйткенi мемлекет қажеттiгiнiң орындалуы оның экономикалық күш-қуаты мен саясатына тәуелдi екендiгi белгiлi. Олай болса тәрбие тиiмдiлiгiнiң ең басты шарты мемлекет мүмкiндiгiнен туындайтын қажеттiкке сай тәрбиенiң мақсатын нақты анықтау болып табылады.
Көне грек философы Аристотель адамгершілікті дианоэтикалық (интеллектуальды) және этикалық (әдептілік) деп бөліп қарастырады. Шынайы адамгершілік мінез-құлықтың ақыл-ой сезімімен үйлесім табуы этикалық және дианоэтикалық ізгіліктердің бірлігі болып табылады деп, ол адамгершілік пен ғылымның арасындағы айырмашылық мынада деді: «Ғылым нақты бір затты, оның табиғатын зерттесе, адамгершілік сол затпен, яғни қоршаған ортамен қарым-қатынас жасаудың жолдарын үйретеді. Ғылым білімді дамытады, шындық пен адасудың шекарасын белгілейді, ал адамгершілік арқылы адам бойындағы құнды қасиеттер, жақсылық пен жамандықты айыру өлшемдері анықталады. Білімге тек оқыту процесі арқылы қол жеткізілсе, адамгершілік еркін тәжірибенің және әдептің нәтижесі болып табылады». Демек, адамгершілік қарым-қатынасқа түсуші жеке адамның өзін-өзі ұстай білуіне, мінез-құлқына, қылығына байланысты болады деген пікір білдіреді [4].
Шығыс философы әл-Фараби: «Адамға ең бiрiншi бiлiм емес, тәрбие керек. Тәрбиесiз берiлген бiлiм – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өмiрiне опат әкеледi» - деген. Соның iшiнде: «...адам ынтымағының маңызын...» баса айта отырып, жастардың рухани-адамгершiлiк қасиеттерiнiң дамуына баса көңiл аударғанын көремiз. Мәселен, «Ер жүректiлiк жақсы адамшылық қасиет деймiз және бұған қатерлi iстердiң тұсында көрiнетiн бiршама батылдық жасау арқылы немесе ұстамдылық жасау арқылы жетуге болады деймiз. Бұл iстерде болатын шектен тыс батылдық көзсiз батырлыққа соқтырады, ал, батылдықтың жетiспеуi қорқақтыққа соқтырады, ал бұл – жаман адамгершiлiк сапа. Мiне, осы адамгершiлiк сапалар қалыптасқан кезде, олардан осыларға сәйкес әрекеттер туады», - деп аңғартқан. Ол өзінің педагогикалық мазмұнда жазылған, тарихқа танымал болған «Ақылдың мәні туралы», «Мемлекет қайраткерлерінің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» т.б. трактаттарында «адамды ізгілік қасиеттерге баулу, адам деген ардақты атқа лайықты болу үшін – оқу, білім, тәрбиені, ғылымды меңгеру, осы жолда өмір бойы еңбектеніп, әрекеттенген абзал, мұның өзі адамға зор бақыт», - деп, бақытты болу, қоғамдық іс-әрекетті жақсарту білімділікке, тәрбиелілікке байланысты екендігін атап көрсеткен. Демек, әл-Фараби бойынша білімділік, тәрбиелілік – адамның рухани жандүниесінің, адамгершілігінің белгісі болып табылады [4].
Қай кезеңнiң болсын келелi мәселесi бола бiлген адамгершiлiк тәрбиесiн әр уақыттың өзiнiң дана ойшылдары мен ғұлама ғалымдары еңбектерiне арқау еткен. Сонау Орхон жазба ескерткiштерiмен Қорқыт ата кiтабынан бастап орта ғасырлық ойшылдардың төл туындылары мен даламыздың дана жырауларының поэзиясына, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев сияқты ұлы ағартушылардың шығармаларына зер салсаңыз, кез-келгенiнде адам бойындағы адамгершiлiк қасиет, олардың қалыптасуы туралы кеңiнен сөз болады. Мұның бәрi адам баласының өзiн рухани жетiлдiру жолында тынбай iзденiп, еңбектенiп келе жатқанын, соған байланысты әдеп-инабат әрдiстерiне ерекше мән бергенiн көрсетедi. Өйткені, жарасымды дамитын болашақ, ізгі қоғам үлгісін жасағысы келгендердің бәрі, мәселен, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Шәкәрім Құдайбергенұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров т.б. ой-тұжырымдарында ең алдымен сондағы қоғамды құрайтын адамдардың дүниетанымы мен адамгершілік көзқарасын, құндылық бағыт-бағдары мен сана-сезімін, мінез-құлқын қалыптастыруды мұрат тұтқан.
Қазақ тілінде әдептілік, сыпайылық, ізеттілік деген сөздердің түп мағынасы бір. Ол – адамгершілік. Яғни ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, шыншыл және әділетті болу, сондай-ақ адамның көпшілік алдында өзін-өзі ұстай білуі. Адамгершілік адамзат қоғамының даму тарихы арқылы қалыптасып, әрбір дәуірдің өзіндік қайшылықтарымен біте қайнасып, әлі де жетіліп келеді. Жомарттық, батылдық, шыншылдық, сыпайыгершілік, әділдік пен достық, ар мен намыс және тағы басқа да адамгершілік категориялары сонау көне дәуірден басталып, күні бүгінге дейін өз маңызын еш жоғалтпай келеді. Сондай-ақ, адамзаттың ішкі рухани адамгершілік дүниесінің негізгі формалары – үміт, сенім және махаббат үнемі даму үстінде.
Руханилық – адам танымы мен дүниеге көзқарасының адамаралық қарым-қатынастағы биік адамгершілік қағидасы. Руханилық мәдениеттің құнарлана түсуіне, іргетасы бекуіне ықпал етеді. Руханилықтан алшақ мәдениеттер мен өркениеттер іштей құрылымдық ыдырауға ұшырайды. Осы себептен әлемде көптеген империялар бірте-бірте күйрейді. Себебі адамаралық қатынастарда басымдылық танытқан жалған бағдарлар мен моральдық нормалар жалпы жүйенің ыдырауына әкеліп соқтырады. Сондықтан руханилық жеке адамға да, үлкен әлеуметтік топтарға да ауадай қажет құбылыс ретінде кез келген мәдениетті жаңғырта түсетін, болашаққа жылжуына іргетас болатын ішкі мәндік заңдылықтар жиынтығы. Руханилық бар жерде адамдардың бір-біріне құрметі, ізгілік қатынастары қалыптасады. Әр түрлі салаларда кәсіби деңгейі жоғары кез келген шебердің туындысы руханилық негізде жасалуы жалпы қоғамның әлеуметтік дамуы мен рухани жетілу жолына түсу үшін қажет. Ондай іс-әрекеттің нәтижелері қомақты дүниелерге айналып, рухани мұра ретінде қызмет атқарады. Мәселен, Қорқыттың, Құрманғазының күйлері, Абайдың өлеңдері мен қара сөздері, қазақ билерінің шешендік сөздері руханилықтың тарихи үлгілері болып табылады. Халық армандаған тұлғалық бейнелерді фольклорда, аңыз әңгімелерде руханилық кемелденген кейіпкерлер түрлерінде көрініс беріп отырады [5].
«Руханият» сөзi – «рухани ниет» деген сөздiң қосындысы. Рухани ниетте болу, рухани iздену, рухани жұмыс iстеу, рухани ләззат табу дегенге қоса, халықтың ғасырлар бойы, жиған рухани мұрасы, рухани дүниесi, рухани өнер-бiлiмi секiлдi мағынаға ие. Шынайы рухани дүние – бұл таусылмас қазына. Оны бүкiл халық пайдаланса да таусылмайды, қайта түрленiп, сұрыпталып толығады, молаяды.
Бастауыш сынып оқушыларына рухани-адамгершiлiк тәрбиесіне қатысты ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарында оның жүйесі келесі мазмұн құрайды:
- адамгершілік сана;
- адамгершілік сезім;
- адамгершілік мінез-құлық;
- адамгершілік даму.
Сол себепті де біз рухани-адамгершiлiк тәрбие – бұл тұлғаның рухани-адамгершiлiк санасын, сезiмiн, еркiн, мiнез-құлқын, дүниетанымын дамытуға бағытталған мақсатты, жүйелi, жоспарлы жүргiзiлетiн тәрбие үрдісi деп түсінеміз. Яғни тұлғаның адамгершілік тәрбиелілігі деңгейінде көрініс табатын рухани әлемін жетілдіру болып табылады.
Біздің пікірімізше, қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларының рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің мәнділігін келесі басымды жақтарымен сипаттауға болады:
- оқушы бүгінгі рухани жаңғыру жағдайында жалпы адамзатқа тән құндылықтарға сүйене отырып, өз халқының ұлттық құндылықтарың терең зерттеп,тануға, одан қажеттісін ала біліп, сыни ойлауға бағдарланған жеткіншек;
- оқушы әлемдік білім кеңістігіндегі, қазіргі ақпараттық қоғамдағы ғаламтор жүйесіндегі жаңалықтардан хабардар, ізденімпаз, шығармашыл, жаңашыл тұлға;
- әлеуметтік ортаға бейімделген, кез келген ортада өзін ұстау мәдениеттілігі жоғары, сауатты қарым-қарым қатынас жасауға қабілетті жеткіншек;
- адам өміріндегі еңбектің мәнін ұғынып, өзінің жауапкершілігін жете сезінетін, алдына мақсат қойып, оған жету жолын шешуге қабілетті жеткіншек;
- оқушы дені сау, төзімді, шымыр, ширақ, қайратты, сымбатты, талғампаз, батыл, өжет, салауатты, жүйкесі мықты, өз халқын,Отанын қорғауға даяр, жеке бас гигиенасын сақтайтын, жұмыс орнын жинақы ұстайтын, зиянды әдеттерден аулақ, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ұмтылатын, адамға тән жақсы қасиеттерді бойына сіңірген әлеуметтік белсенді жеткіншек.
Рухани-адамгершілік тәрбие жұмысы тек сабақ жүйесiнде ғана емес, сабақтан тыс кезде жүргiзiлетiн әртүрлi тәрбиелiк шаралармен ұштасып жатады. Күнделікті практика көрсетіп отырғандай, бастауыш сынып оқушыларына рухани-адамгершілік тәрбие берудің мазмұндылығы сыныптан тыс жұмыстарда ерекше көрініс табады. Сыныптан тыс тәрбие жұмысы – тұлғаның әлеуметтiк қалыптасуын қамтамасыз етуде оған жағдай туғызатын мұғалiмдердің басшылығымен ұйымдастырылған және сабақтың мақсатымен өзара тығыз байланыста құрылған тәрбие жұмысының дербес түрi. Ол әр түрлi тәрбие әрекеттерiнің жиынтығы ретiнде балаға кең көлемде тәрбиелiк ықпал ете алады. Атап айтсақ, бiрiншiден, оқудан тыс әртарапты әрекет баланың сабақта мүмкiн болмайтын жан-жақты дара қабiлетiн ашуға ықпал етедi. Екiншiден, сыныптан тыс әр түрлi тәрбие жұмысының түрiмен айналысу баланың жеке әлеуметтiк тәжiрибесiн жандандырып, жетiлдiредi, оның адамзат құндылықтарына негiзделген бiлiмдерiн байытып, қажеттi практикалық iскерлiгi мен дағдысын қалыптастырады.Үшiншiден, сыныптан тыс түрлi тәрбие жұмысы оқушыларда әрекеттің әртүрiне қатысты қызығушылығының дамуына, оған белсендi қатысуға деген құлшынысын тәрбиелеуге нәтижелi ықпал етедi. Төртiншiден, сыныптан тыс әртүрлi тәрбие жұмысының формасы тек қана баланың өзiндiк дара қабiлетiн ашуға ықпал етпейдi, сонымен бiрге оқушылар ұжымында өмiр сүруге үйретедi. Яғни, оқу, еңбек әрекеттерiнде және қоғамдық пайдалы iстердi атқаруда өзара ынтымақтастыққа, бiр-бiрiне қамқор болуға, өзiн басқа жолдастарының орнына қоя бiлуге тәрбиелейдi. Алтыншыдан, сыныптан тыс тәрбие жұмысының нәтижесiнде күнделiктi бақылау мүмкiндiгiнің болмауы. Себебi, онда тек жалпы жетiстiк пен оқушылардың жеке дара даму деңгейiн бақылауға ғана мүмкiндiк бередi.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, халықтың iзгiлiк және демократиялық мұраттары негiзге алынған рухани-адамгершiлiк тәрбиесiн қайта өркендету негiзiнде бiлiм беру мен тәрбиелеу мазмұнын жаңғырту үдерісі ерекше мәнге ие болуда. Соның ішінде өскелең ұрпақтың бойына жоғары адамгершілік сана мен сезімнің озық өнегелік нұсқасы ретінде ұлттық адамгершілік қадір-қасиеттерді, рухани құндылықтар мен талғамды, салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды, жөн-жоралғыларды, рухани мәдениетті және өнерді дарытудың таптырмайтын құралы – халық педагогикасының рухани-адамгершілік тәрбиенің мәнділігі зор деп тұжырымдай аламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Мәңгілік Ел: – Оқулық / М.Б. Касымбеков, С.Ж. Пралиев, К.К. Жампеисова және т.б. Абай атындағы ҚазҰПУ – Алматы: «Ұлағат» баспасы, 2015. – 336 б.
2. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы (12 сәуір 2017 жыл).
3. Төлеубекова Р.К. Бастауыш класс оқушыларын адамгершілікке тәрбиелеуде халықтық педагогиканың озық дәстүрлерін пайдалану: п.ғ.к. ... дисс. 13.00.01. - Алматы, 1994. – 162 б.
4. Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. – Алматы: Білім, 1995. – 231 б.
5. Совет-Хан Ғаббасов. Ұрпақ тәрбиесінің жаңа ілімі, А. 2012. 1-2 кітап

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген