Материалдар / Баяндама "Детективтің дарабозы"
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Баяндама "Детективтің дарабозы"

Материал туралы қысқаша түсінік
Баяндама "Детективтің дарабозы". Бұл баяндамада қаламгердің шығармаларын оқығанда алған әсерлерім туралы жаздым.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
04 Желтоқсан 2021
241
0 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

«Алматы облысы Білім басқармасының Талғар ауданы бойынша

білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің

«№29 жалпы білім беретін орта мектебі»

мемлекеттік коммуналдық мекемесі








БАЯНДАМА


Тақырыбы: «Детективтің дарабозы»








Авторы Терликбаева Салтанат Зейнелқызы

Талғар ауданы №29 жалпы білім беретін орта мектептің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі



2021 ЖЫЛ



«Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев қазақ

жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды.

Әзілхан Нұршайықов


Қазақ әдебиетінің соғыстан кейінгі уақытта дамуына алғашқылардың бірі болып атсалысқан, чекистер мен милиционерлердің ауыр әрі қауіпті өмірлері ешқандай әсі­релеусіз суреттелген жаңа жанр төңірегінде орнықты ой тастап, құнды туындылар қалдырған, тынымсыз еңбек иесі «Детективтің атасы» атанған дарабоз жазушы Кемел Тоқаев туралы айтылар сөз аз емес.

ХХ ғасырдың елуінші жылдарында қаламгер қазақ әдебиетінде жаңа жанрға жол салды. Ол – детектив жанры еді. Детективтің дарабозы жаңа жанр көшін бастап, жұлдызын жарқыратып, әдебиетке тың серпіліс әкелді.

Қазақ әдебиетіне тың кейіптеуді әкелген адамзаттың алыбы ұлы Абай сынды Кемел Тоқаев қарапайым, қараша қазағына детектив жанрын әкеліп, көзі қарақты оқырманның назарына ілігеді.

Детективтік салада жазушының оннан астам кітабы қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. 1954 жылы оның алғашқы «Жұлдызды жорық» деп аталатын жасөспірімдерге арналған әңгімелер жинағы жарық көрсе, кейіннен «Көмескі із», «Арнаулы тапсырма», «Түнде атылған оқ», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Шоқжұлдыз» атты повестер жинағы, «Соңғы соққы» романы, «Солдат соғысқа кетті» ғұмырбаяндық романы, «Ұясынан безген құс» романдары оқырманға жол тартты.

Кенжелеп дамыған детектив жанрындағы Кемел Тоқаевтың туындыларын оқи отырып соғыстан кейінгі халықтың тұрмысы мен жағдайы, қарапайым халықтың бір-біріне қамқорлығы, адамдардың сана-сезімі, өмірге көзқарасының жаңа тұрпатта қалыптасып келе жатқандығы байқалады. Шығармаларының құндылығы да осында жатыр.

Туындылары оқырманын елітіп әкетеді, соңына жеткенше бас көтермей оқи бергің келеді. Тұңғиыққа тартып әкетер иірім сияқты. Қаламгердің ерекшелігі кейіпкерлерді өзі танитын, көзімен көрген, жақсы біліп таныған адамдардың қасиетін ұрпаққа үлгі, өткеннен өнеге ретінде шығармаларына арқау етуі. Жазушының үздік туындылары – «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға», «Таудағы жаңғырық» повестерінде еліміздің қауіпсіздігін, адамдардың тыныштығын қорғау жолында еңбек етіп жүрген сақшы қызметкерлердің Отан, халық алдындағы парыз-міндеттерін терең сезініп, күн-түн демей жан аямай жасаған табанды да жанкешті әрекеттері барынша шынайы суреттеледі.

Шығармаларын оқу барысында сонау, тілді жаншып, бас көтертпей тұрған заманның өзінде қазақ тілін басқа ұлт өкілдерінің білетіндігін, сөйлейтіндіктерін шебер жеткізгендігіне таңданасың.

Мысалы, «Қастандық» повесіндегі мына бір үзіндіге назар аударсақ:

- Сіз қазақ тілін білесіз бе?

- Қазақ ішінде отырып, неге білмейін? Көршіміздің бәрі қазақ.

- Оныңыз жақсы екен, - деді де, капитан Карпов алдында тұрған қағаздарын шетке ысырып қойды. – Өзің араласып, тіршілік кешкен қалың елдің әдет-ғұрпын, дәстүрін білем деген адам алдымен тілін үйренгені жөн. Мен енді ғана сабақ алып жүрмін. Қазақта «от алуға келген әйелдің отыз ауыз сөзі бар» дейді...

Қазақ тілінің көркемдігі мен кең тынысты екендігін жалғыз ауыз «бар халықтағы әйелге тән әуесқойлықты аз сөзбен тұжырымдаған» деп Карповты тамсандыра сөйлетеді. Шағын үзіндіден байқағанымыздай жазушы ана тілінің бай, көркем, сыры терең тіл екендігін тамаша баяндайды. Бұл жерде де таутұлға қазақ тарланы өз тілін дәріптемей өтпеді.

Өкінішке орай тіл мәселесі арыстарымыз арман еткендей өз деңгейінде биігіне көтеріле алмай келеді. Кешегі «Карповтар» түсінген тұжырымды, мәйекті мақал-мәтелдеріміз бүгінгі ұрпаққа ұран болмай тұр. Бұл тұста да елжанды қаламгер өз қазағы ғана емес, өзгенің де, оның ішінде орыс ұлтының да «қазақ тілін үйрену керек» екендігін өз ауызымен айтқызып отыр. Бұл насихат бүгінгі Қазақстанды мекендеген әрбір ұлт өкіліне ой тастауы тиіс деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Кеңес заманында қазақ ұлтына қырын қарап, шектеу саясаты бел алып тұрған тұста шеңді Талғат есімді лейтенант жігітінің бейнесі арқылы қазақ жастарының ойы терең, жұмысқа шебер екендігін өзінің бір емес үш туындысында сыммен тартқандай салмақты етіп жеткізеді. «Қастандық», «Сарбағанда болған оқиға», «Түнде атылған оқ» повестерінде Талғат есімді лейтенант жігіт қылмыскерлерді анықтауда кәсіби шеберлігімен қоса, адамгершілік тұрғысынан да көңіл толтырып, соңында майор мәртебесіне көтеріледі. Жазушы бұл тұста кейіпкерді көз алдымызда өсіріп, еңбектің әркез бағаланатынын байқатып отыр. Мұның өзі адал еңбектенуге, адамдық қасиетті жоғары қоюға баулып, қарапайымдылыққа құштар етеді.

Кемел Тоқаевтың шырғалаңға толы шым-шытырық оқиғалы шығармаларының бірі «Көшкен үйдiң қонысы қайда?» повесі.

Туындының өн-бойында қаламгер кейіпкерінің мінез-құлқын, бет-бейнесін аса шеберлікпен көз алдыңа әкеліп, қызықты диалогтар иіріміне тарта жөнеледі.

Мысалы, «терезені кернеп біреу өтті» деген сөйлем «қалқыған айдың қара таңбасына қыбырлап жан біткендей болды» деген сөйлемдер бейнеге жан бітіріп, оқиғаны көріп отырғандай сезімде қаласың. Шығарманың соңына дейін қала тұрғын­дарының зәресін алып, үрей құша­ғында ұстаған «Қара мысықтың» кім екенін білу мүмкін емес. Сондай-ақ, осы повестен жастардың қарапайымдылық үлгісін танығандай боласың. Жазушы Сейілбек бейнесінде мансапты емес жұмысты бірінші орынға қойған, киімге, пагонға арқа сүйемей қылмысты ашу үшін кез келген бейнеде болуға дайын еңбек адамының шынайы болмысын шебер берген.

Тартымды, шытырман оқиғаға толы туындыларының тағы бірі - «Ұясынан безген құс» романы. Романның жазылу тілі басқа туындылардан бөлектеу ме, қалай? Басталғанда Шегебай деген кейіпкердің бір қарағанда қарапайым, алыстағы шопан ауылдарына азық-түлік апарып сататын автолавка жүргізушісі ғана, қандықол қылмыскердің өзін жымысқы ойына тартардай қулық ойлайды деген ой мүлде қылаң бермейді. Әккі қылмыскерді айнымай танып, онымен бірге шопандар ауылын алансыз аралауының өзі адам бойын түршіктіреді. Әрине, бұл қорқынышты ой-пікірдің бәрі тек романды оқып болған соң ғана санаңда сақылдап тұрады. Романды оқу барысында барлық пәле-жала, жамандық атаулысын түрмеден қашқан Ноян Тайшықов, «артистің» ісі деп ойлап, «қашан?», «қандай жағдайда ұсталар екен?», - деген оймен тараудан кейін тарауды қуалап оқи бересің. Әр кейіпкердің тынысын естіп, қимылын көріп отырғандай, қасында жүргендей сезінесің. Қараңғылықтың шырмауынан толық құтылып, мүлде серпіп тастай алмай келе жатқан ауыл әйелдерінің тірлігі де романда тамаша суреттелген. Ене мен келін арасындағы сыйластық, ененің келінін қызындай көріп аяушылық білдірген, сырлас, мұңдас бола білген сәттері романның әр тұсынан айқын көрінеді. Ләтифа ананың сезімталдығы мен қоса шынайы адамгершілік қасиеті де басым. Романды оқығанда жылы шырайлы, бірақ өткір мінезді, тік тұлғалы ана көз алдына келеді. Бұл көркем тілмен салынған тамаша сурет дер едім.

Романда қаламгер тек жалаң сюжетті ғана баяндамай, адамгершілік, ар-ождан мәселесін де көтереді. Бүгінгі қоғамда қиюы қашқан отбасы, келін мен ене, тіпті бір анадан туған ағайындылар арасында да жиі байқалып жүрген күрмеуі шешілмеген негізгі мәселелердің бірі. Автор жеке адам бойындағы жаман қасиеттерді көз алдымызға алып келіп, жиіркендіре суреттейді. Еріксіз өз бойымыздан сондай қасиеттерді іздеп, тезірек арылуға ой тастайды. Жазушының түпкі ойы Шегебай сынды қатал тағдырды бастан кешіп, бала кезінен шемен боп қатқан кектен арыла алмай, жақын ағайындарының өзіне жымысқы әрекет жасап, «қара мысықтай» ішін тырнаған көреалмаушылық, қызғаншақтық сияқты әрекеттерге бой алдырудың арты жақсылыққа апармайтынын жеткізу ме деп қабылдадым. Қорыта келгенде, кек қайтару туралы ой адамның өзіне зиянын тигізетіндігін, өмірінің бос өтетіндігін үлгі ретінде ұсынған ба дерсің.

Кемел Тоқаев шығармалары детективтік жанрдағы бүгінгі оқырмандар талабына сай, қызығушылығын оятуда және оның дамуына серпін беретін рухани мұра. Өз заманында «Детективтің дарабозына» айналған, «Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының атасы» саналған Кемел Тоқаев шығармалары кешегі ер етігімен су кешкен қиын кезеңдердің көрінісін көркем бейнелеп, көрсете білген қаламгер мұрасы ел ертеңіне әлі де қызмет ете беретін ғұмырлы туындылар деп есептеймін.




Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


1. АЗАМАТ. Кемел Токаев. Өмipi мен тағдыры. - Алматы 2003. 432 бет

2. Тоқаев К. 3- том. Шығармалары (повестер мен әңгімелер) – Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2018.– 384 бет

3. Тоқаев К. 4-том Шығармалары (роман және повесть) Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2018. 383 бет

4. Тоқаев К. 5-том. Шығармалары: (деректі жазбалар, естеліктер) – Алматы: «Ана тілі» баспасы ЖШС, 2018. 17,0 ш.б.т. + 3,0 ш.б.т. жапсырма. -208 бет.

5. https://adebiportal.kz/kz/authors/view/2035

6. Алмабек Ибрайымов. Abai.kz Әдебиет  8150  3 пікір 14 Қыркүйек, 2018

Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!