Отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы
мен мектептің өзара байланысын нығайту.
Бала
тәрбиесі жөнінде Абай Құнанбаев: «Адамның жақсы
болуы тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер-білімінде. Адамға
үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан.
Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады», - деген
болатын. Расында да, халқымыз әуелден-ақ бала тәрбиесіне айрықша
мән беріп, оны ата-ананың, қоғамның борышы санаған. Өйткені әрбір
бала – болашақ иесі. Сол себепті келер ұрпақ алдындағы
жауапкершілік әрдайым сын саналған. Баланы өсіру, оны азамат етіп
тәрбиелеу – елдік мәселе. Жан-жақты дамыған азаматты тәрбиелеу –
бүгінгі күннің басты мақсаты.
Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта.
Отбасы ұғымы тек ұрпақ жалғастығымен өлшенбейді. Ол – қоғамның
маңызды бір бөлігі, ұлттың бүгіні мен ертеңі. Сол қасиетті
шаңырақтың сүттей ұйыған татулығы, шаттығы мен бақытының ұйытқысы –
әйел-ана екені даусыз. Олар – өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр
отбасының алтын діңгегі. Мынау тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің
өзі тек аналармен ажарлы. Әлбетте, тірегі – әйел, негізі – ер адам.
Отбасы адамға бақыт, толық мәнді тыныс-тіршілік әкеледі. Отбасын
құрғанда адам өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге оған
жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата-бабасының
салт-дәстүрін жас ұрпақтың бойына сіңіреді. Балаларын өздерін
қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың
басты міндеті.
Отбасы тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты
бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген
күннен бастап оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды
және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Әр
халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық
отбасы тәрбиесінің өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады.
Қазақ отбасы тәрбиесінің өзіне тән ерекшеліктері оның халықтық
педагогика мұраларының мазмұны мен түрінде бейнеленген. Сондай-ақ,
қазақ отбасында адам зиялылығының негізі ақыл-ой тәрбиесі деп
есептелінеді. Ақыл-ой тәрбиесі арқылы баланы ойлау іс-әрекетінің
шарты болатын білім қорымен қаруландыру, зиялылық біліктері мен
дүниетанымын қалыптастыру міндеттері де басты назарда. Тәрбиенің
басқа да салаларымен тығыз байланысты тәрбиенің түрі экономикалық
тәрбиеге де қазақ халқы ерекше мән берген. «Еңбек – өмірдің
тұтқасы, тіршіліктің көзі», «Еңбек түбі - береке», «Үнемшілдік –
сараңдық емес» деген аталы сөздер бекер айтылмаса керек. Сонымен
қатар, қазақ отбасы тәрбиесінде ғасырлар бойы қалыптасқан,
ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы мүшелерінің
қатынасының маңызы зор. Отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән
жарасымдылықтың бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп
сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып
ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» -
демекші, бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Береке-бірлігі мол
отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі мейлінше ауқымды,
болашақ өркениетке қосар үлесі бар. Тәрбиенің бастауы болған отбасы
мүшелері тәрбие мен оқуды іске асыруда - мектептің ең басты
одақтасы. Мектеп пен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде
ғана ынтымақтастықпен қарым-қатынас болып, арада түсіністік пен
үйлесімділік орнамақ. Орынды тәрбие арқылы адам баласының тағдыры
шешіледі, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік
тірегі болатынын көрсетеді. Ұрпақ тәрбиесіне қай кезеңде, қай елде
болмасын үлкен мән берілген. Ұлы педагог Сухомлинский «Тек
ата-аналармен бірге жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы ғана
мұғалімдер балаларға үлкен адамдық бақыт беруі мүмкін» деген ұтымды
ой айтқан.
«Тәрбиелілік адам етеді, тәрбиесіздік надан
етеді» деген халық тағылымы бар. Кей жағдайда ата-ана баласының:
«Тамағы тоқ, киімі бүтін болса болды, басқа тәрбиені ертең мектеп
үйретеді», - деп барлығын мектепке, ұстаздарға ысыра салады, сол
себепті де кейбір оқушылар күнделікті өмірдегі қарапайым тәртіпті
білмей, мұғалімге қиындық келтіреді. Мектеп мұндай жағдайда тек
баланы ғана оқытып қоймай, ата-ананың педагогикалық мәдениетін
арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізгенде ғана тәрбие өзінің оң
нәтижесін беретіні сөзсіз. Ата-ананың бүкіл үміті – баласы болса,
сол баланың әрбір қуанышты сәті – ата-ана қуанышы. Қазіргі кезде,
күн сайын өзгеріске толы мына өмірде балаға дұрыс тәрбие беруде
бірлік болмаса, бала сәл нәрсеге еліктеп, ілесіп кетуі мүмкін.
Әсіресе, бала түрлі жат әдет, діни ағымдарға ілесіп кетпеуі үшін де
тәрбиені босаңсытуға болмайды. Қай кезде болмасын отбасы мен
мектептен өз дәрежесінде жақсы білім, өнегелі тәрбие алған бала
қоғам үшін қажетті де маңызды тұлға екендігін естен шығармауымыз
керек. Сөз соңымда айтпағым, отбасы болсын, мектеп, қоғам болсын,
қай-қайсы да өз міндеттерін дұрыс түсініп, бірлесе, жұмыла жұмыс
жасаса оң нәтиже беретіні айдан анық. Ең бастысы, бәрі де өзіміздің
еліміздің бедерлі болашағы мен келелі келешегі үшін екендігін
ұмытпасақ болғаны. Ендеше: «Тәрбиенің негізгі тірегі – ата-ана мен
ұстазы екенін ескере отырып, осы бағытта жұмыстанаайық, ағайын!» -
дегім келеді. Тыңдағандарыңызға рақмет!
№39 ЖОББМ директорының тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары – Махмудова Гулимжан Жумартовна,
Орал қаласы.