Отбасының қоғам алдындағы
негізі
Жоспар:
І.Кіріспе
Отбасының
құқықтары
ІІ. Негізгі
бөлім
Отбасының қоғам алдындағы
негізі
ІІІ.
Қорытынды бөлім
Отбасының
міндеттері
Отбасы-адам баласының өсіп-өнер, қаз тұрар, қанат қағар ұясы, алтын
бесігі. Тәрбиенің кілті-отбасының өмір тіршілігіне байланысты.
Әсіресе, ата-ананың адамгершілік бейнесі балаларды тәрбиелеудің
негізгі көзі. «Қыран ұяда не көрсе, ұшқанда соны
іледі»
ғой. Бала өмірінің алғашқы күнінен бастап ата-ана өздерінің негізгі
борыштарын атқаруға кіріседі, яғни оларға тәрбиеші бола бастайды.
Отбасының берік негізі міне, рухани мүдденің бірлігінде болмақ.
Оның біртұтас тату болуы береке бірлігі ең алдымен әке-шешенің
бір-біріне, балаларына қалай қарайтындығына байланысты.
Ерте кезде балалар оқыса да, оқымаса да дін талап еткен тұрмыс
ережесін білуге, орындауға тиісті болған. Ғасырлар бойы
қалыптасқан, халық дәстүрлері мен салттары болған, отбасы тәртібі
солар арқылы қатаң реттеліп отырған. Мысалы: қызға қандай киім
лайықты, шашты бір өрім бе, әлде екі өрім етіп өруі дұрыс па, оны
шашбаумен сәндеу керек пе, не орамалдың, не кимешектің астына
жасырып қойған жөн бе? дейтін жайларды жіктеген. Ал, қазіргі кезде
қыздарымыздың кіндігін көрсетіп жүруі, жарассын-жараспасын
киімдерді киюі, өміріміздің бір бөлшегіне айналғанын жасыра
алмаймыз. Баланың жақсы адам болуы тек ғана өмірдің ағымынан қалмай
киіну ғана емес, ең негізгісі өмірден өз орнын таба алатын азамат
ретінде тәрбиелеу жағы ақсап жатады.
Ұрпақ – болашақ, яғни ол адамзаттың болашағы, ал отбасы кішкене
мемлекет. Отбасында ынтымақ болмауынан, ерлі-зайыптылар арасындағы
алауыздықтан, бірінің сөзін екіншісі тыңдамауы, бала тәрбиесін тым
қиындатып жібереді сондықтан ата-ана беделден, тіл алғызу ықпалынан
айырылады. Кей ата-аналар өздерінің міндеттерін тек балалардың
қарнын ашырмау, киімдерін бүтіндеу деп те ойлайды. Балаларының
білімін мектепте алған бағаларымен ғана бағалайды. «2» алса жаман,
«5» алса жақсы. Оқу жылы ішінде бірде-бір рет балаларының сабағына
қатыспайтын ата-ана, баласы бұзық болса, тәртіпсіз болса ұстаздар
қауымына тіл тигізіп, қаралап жататын кездері де аз болмайды. Міне,
сондықтан отбасындағы білім беру бағытындағы тәрбиесі жайына
қалады. Отбасының аса маңызды міндеттерінің бірі-баланы жарқын
істерге, нұрлы мұраттарға тәрбиелеу екендігін естен шығарып алған
қаншама ата-ана бар десеңізші. Халқымыздың «Балаңды бес жасқа дейін
патшадай сыйла, бес жастан он бес жасқа дейін құлындай жұмса, одан
соң өзіңе ақылшы дос сана» деген өмірлік қағидасы бар емес пе!
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы туған ұясы, өз отының
басындағы, ата-ана тәрбиесі. «Баланың бас ұстазы ата-анасы» демекші
отбасындағы таным, түсінік қалай қалыптасса, адамның бойында
қалатын сол қасиет солай қалыптасады. «Болса тәртіп, бала өседі
сомданып, қатаң ұста, бос жүрмесін сандалып» деп Жүсіп Баласағұн
айтқандай, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы шектен тыс
шолжаңдатпай, байсалды, ұғымтал, тілалғыш етіп баулу ата-ананың
басты міндеттерінің бірі.
Отбасында бала тәрбиесіне теріс ықпал ететін факторлардан ата-ана
әрқашан аулақ болуы керек. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз
өсер», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, жалпы
отбасында ұл бала тәрбиесінде әкенің, қыз бала тәрбиесінде шешенің
орны ерекше. «Қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе, ұлы
жақсымен ауылдас бол», «Ұл туса елдің қорғаны, Қыз туса елдің
көркі» деп халқымыз бекер айтпаған шығар. Мұның бәрі әке-шешенің
бала тәрбиелеудегі өздерінің үлгі-өнегесіне де тікелей байланысты
болмақ.
Ата-бабамыз отбасы тәрбиесінде еңбекке де көп мән беріп, ол туралы
да өзіндік ойларды қалдырған. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін
оттаған айуанның бірі боласың.
Адамзаттың қамы үшін еңбек
қылсаң, алланың сүйген құлы боласың» деп отбасында баланы
жастайынан еңбекке баулудың маңыздылығын жоғары қоя
білген. «Ата – ана балаға сыншы». Балалардың бос уақытын
дұрыс ұйымдастырып, немен айналысып жүргендігіне жіте көңіл бөлсе,
мерзімдік басылымдарға жаздырып, әдеби шығармаларды оқуға жасынан
дағдыландырса кейін бармақ тістейтін оқиғалардың алдын алуға болар
еді.
Үлкенді құрметпен қадір тұту, ілтипатты қарым-қатынаста болу,
сыйласа білу, ата-ананы қартайғанда қарау, кішіге қамқор болу-бұл
қазақ халқы үшін жазылмаған заңдар. «Үлкенді сен сыйласаң, кіші
сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Аға әдепті
болса, іні әдепті, апа әдепті болса, сіңлі әдепті» т. б.
мақалдардан үлгі-өнеге, тәлім-тәрбиеге ерекше назар аударғанын
көреміз,
Сонымен, ата-ананың тәрбиесі бала мінезінің ірге тасы. «Тәрбие –
табалдырықтан басталады» нақылы өмірден алынған шындық. Бала
тәрбиесі – нәзік те күрделі, әрі қоғамдық жауапкершілікке жатады.
Бала – өмірдің гүлі, сол әлеуметтің болашағы. Баланы тәрбиелі де,
саналы азамат етіп өсіргіміз келсе, ең алдымен өзіміз кіршіксіз
таза, тәрбиелі адам болуымыз керек. Адамгершілік пен саналықтың
бастапқы қарапайым белгілерін өнегелі отбасында дарытқан баланың
болашағы жарқын, өмірі мәнді болмақ. «Біздің балалар-біздің
қарттығымыз, жаман тәрбие-болашақтағы қайғымыз, бұл біздің көз
жасымыз, бұл басқалар алдындағы, бүкіл еліміз алдындағы біздің
кінәміз» демекші кең байтақ елімізде ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып,
ұяттылық, әдептілік, көргенділік, мейірімділік, шарапаттылық
салтанат құрып үйлесімділік тауып жатса, сол қымбат қасиеттердің
бәрі отбасы, ошақ қасында бүршік атып, бұтағын жаятынын естен
шығармауымыз керек.