Шағын жинақты мектептер – бұл алыс мекендерде орналасқан қазақ
ауылдарының ұйтқысы, олардың әлеуметтік-мәдени дамуының өзегі.
Елбасының «Ауыл – бұл халық өмірінің бейнесі, мәдениеті,
дәстүрінің, салты мен рухани өмірінің қайнар көзі. Тек қана осы
факторлар жиынтығы бізден ауыл мәселелеріне, соның ішінде оның
мектебіне өте сергек қарауымызды талап етеді» дегені үлкен
міндеттер жүктейді.
Шағын жинақты мектептерде оқушылардың білім
деңгейін мемлекеттік стандарт дәрежесіне көтеру, оқу-тәрбие
жұмысының мазмұнын жақсарту – қазіргі уақытта өзекті мәселелердің
бірі. Шағын жинақталған мектептерде мұғалімнің негізгі мақсаты:
бағдарлама мен мектеп белгілеген жоспарды орындап шығу екені
белгілі. Бұл үшін шағын жинақты мектепте оқу-тәрбие үрдісін
кіріктіре оқытудың әдістерін тиімді пайдалана отырып өткізу керек.
Екі сынып қатар оқытылатындықтан сабақ кестесін, сабақ жоспарын
дұрыс әзірлеу, оқушылардың өздері орындайтын жұмыстарын шебер
ұйымдастыру, сабақ уақытын дұрыс пайдалану мәселесі туындайды.
Кіріктірілген сабақтарда оқушыға өзі өмір сүретін орта туралы,
құбылыстар мен заттардың байланысы жайында ауқымды және айқын
түсінік беріледі. Мұнда негізгі басымдылық қандай да бір білім
көлемін игеруге емес, бейнелі ойлауды дамытуға беріледі.
Шағын жинақталған мектепте кіріктіріп оқытудың бұл ерекшеліктері
алдыңғы алған білімін қайта жаңғыртуға көмектеседі. Бұл байланыс
оқыту барысында нақты жаттығулар мен тапсырмалар арқылы нығая
түседі. Осы ерекшеліктерді ескере отырып шағын жинақты мектептердің
мұғаліміне мынадай талаптар қойылып отыр:
- өздігінен білім көтерудің тиімді әдістерін таңдай білу;
- шағын жинақталған мектеп жағдайына қарай бейімдеу, оқу үрдісін
сапаландыру;
- әртүрлі жастағы оқушылар ұжымын басқара білу;
- оқушылардың бірін-бірі өзара білім алуды сапаландыру бағытын
дамыту;
- оқушылардың бір отбасы балалары сияқты болып, өзін-өзі басқара
білуін ұйымдастыру;
- оқушылар арасындағы бір-біріне деген сенімділігін және
сыйластықтарын арттыру;
- оқушылардың ата-аналарын қоғамдық-педагогикалық жұмыстарға
қатыстыру.
Шағын жинақты мектепте бала санының аздығына қарай:
- әр түрлі жастағы балалардың бір-бірімен толық қанды қарым
қатынасының орнауы;
- тілдің дамуына үлкен мүмкіндіктің болуы;
- әр оқушыны табысты оқыту;
- мұғалім мен оқушылардың тығыз ынтымақтастығы;
- оқытудың жеке әдіс-тәсілдерін ұғымдық түрімен ұштастыруға
мүмкіндіктің тууы.
Шағын жинақты мектеп мәселелері еліміздің барлық өңіріне тән
жағдай.
Мемлекет тарапынан шағын жинақты мектептерді дамыту мен оның жұмыс
жүйесінің назарға алынуы, қолдау көрсетілуі – еліміздің
рухани-мәдени ошағына айналған ауыл мектебін сақтап қалуға қосқан
үлес деуге болады.
Мектептiң бастауыш білім
деңгейінде оқушыларды сыныптық-құрамдарға бiрiктiрудiң мынадай
нұсқалары болуы мүмкiн: сыныптарды біріктірудің аралас түрі: 2+3,
3+4; әртүрлі жастағы оқушыларды біріктіру: 2+4, 1+3.
Сыныптарды біріктіру кезінде әр жастағыларды біріктіру оңтайлы
болып табылады, себебі бұл сыныптарда оқушылардың жас ерекшеліктері
мен оқу бағдарламаларының айырмашылықтары елеулі, сондықтан оларды
бір сынып ішінде, бір-біріне кедергісіз бөліп оқыту мүмкіндігі
жоғары.
1-сынып оқушылары жеке
оқытылады. Себебі мектепке енді қадам басқан оқушылардың оқу
әрекетiне бейiмделуі, талаптануы, зейіні тұрақтануы мен ынтасының
артуы үшiн оларды сынып-кешеніне қоспай, жеке оқыту
керек.
Екі немесе үш сыныпты
бiрiктiру қажет болған жағдайда (мысалы, 2+3+4), сабақтың белгiлi
бiр бөлiгiн әрбiр сыныппен жеке өткiзу үшiн жағдай жасау мақсатында
сабақтың жылжымалы кестесiн қолданған
дұрыс.
Мектептiң негiзгi орта және
жалпы орта білім деңгейінде сыныптарды бiрiктiру әр сыныптағы
оқушылар санына байланысты. Оқушылар санының аз болуы жағдайында
сыныптарды мынадай тәртiпте біріктірген дұрыс: 5+6; 6+7; 7+8,
6+8. Мұндай бiрiктiруде
бірпәндік ұстанымға негізделген пән ішіндегі мазмұны ұқсас
тақырыптарды кіріктіре оқытуға
болады. Мысалы: қазақ тілі, әдебиет,
биология, тарих, география пәндері бойынша пәнішілік кiрiктiре
оқыту ұсынылады.
Біріктірілген сыныптарда
пәнішілік кіріктіре оқыту мұғалімдер мен оқушылар үшін төмендегідей
тиімділіктерді көрсетеді:
- оқушылар әртүрлі сыныпта
оқығанымен, олардың назарын бір пәннің мазмұнындағы ұқсас
тақырыптарға аударуға мүмкіндік
жасалады;
- әр оқушы білім деңгейіне қарай
өзіндік жұмыс түрлерін орындайды;
- өзіндік жұмыстарды оқушылардың
жас ерекшелігіне қарай деңгейлеп беруге жағдай
жасалады;
- оқушылардың бір-біріне
көмектесіп, ұжымдық қарым-қатынасқа түсуіне мүмкіндік
беріледі;
- оқушылардың бірін-бірі
тексеруін, өзін-өзі тексеруін және бағалауын жүзеге
асырылады;
- үлкен сынып оқушысы төменгі
сыныптың жұмысын тексеріп бағалау арқылы өз білімін іс жүзінде
қолдануына мүмкіндік туады.
- мүмкін болмаған жағдайда
пәнаралық кіріктіре оқыту мүмкiндiгі бар (мысалы: әдебиет пен
тарих, тарих пен география, биология мен химия, математика мен
информатика).
9, 11-сыныптар бiтiрушi
сыныптар болғандықтан, олардағы бала саны аз болған жағдайда да
өзге сыныптармен қосып оқытылмайды.
Бастауыш шағын жинақты мектеп
жағдайында балалардың бағдарламалық материалдармен ұйымдастырылатын
өзiндiк жұмысына кететiн уақыт мөлшерi сақталуы
керек:
жазу сабағы бойынша
2-сыныпта 20 минуттан, 3-сыныпта 25
минуттан;
математика сабағы
бойынша 2-сыныпта 15 минуттан, 3-сыныпта
20 минуттан аспауы тиiс.
Шағын жинақты мектепте оқу
үдерісін ұйымдастыруда тиімді педагогикалық технологиялар
(деңгейлеп, саралап оқыту, ұжымдық оқыту, дидактикалық бірлікті
ірілендіру, дамыта оқыту, модульдік оқыту,
ақпараттық-коммуникациялық технология және т.б.)
қолданылады.
Деңгейлеп оқыту оқушылардың
жас және білім деңгейі ерекшеліктерін ескере отырып, деңгейлік
тапсырмалар беру арқылы олардың танымдық белсенділігін арттыруға
мүмкіндік береді.
Ұжымдық оқыту әдісі
динамикалық жұптар құра отырып, оқушылар арасында танымдық
қарым-қатынасын, оқушылардың бірін-бірі оқытуын ұйымдастыру болып
табылады. Ұжымдық оқыту әдісі балалардың қарым-қатынасы тапшылығын
азайтуға, ауылдық жерлерде оқушылардың аздығы жағдайында
оқушылардың монологтік және диалогтік сөйлеу қабілеттерін дамытуға
жағдай жасап, мұғалімнің жалпы сыныппен жұмысын азайтып, жекелей
оқыту уақытын көбейтуге мүмкіндік
береді.
Дидактикалық бірлікті
ірілендіру (ДБІ) - ақпараттардың біртұтас игерілуін қамтамасыз
ететін, мағыналық қисынды байланыстар негізінде білімдік ұғымдарды
біріктіру жүйесі. Бұл технология оқу пәндері және салалас пәндер
блоктарының ішіндегі материалдардың дидактикалық құрылымын құру
арқылы аралас сынып сабақтарын ұтымды өткізуге мүмкіндік
жасайды.
Дамыта оқыту технологиясының
әдіс-тәсілдерін кең қолдану - әр оқушының жан-жақты дамуына жағдай
жасау арқылы белсенді тұлға
тәрбиелеу.