жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Баяндама "ТОЛЕРАНТТЫҚ ҚАСИЕТ, ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ – ЖАҢА ҚОҒАМ АДАМЫНЫҢ ӨМІР САЛТЫ"
ТОЛЕРАНТТЫҚ ҚАСИЕТ, ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМ – ЖАҢА ҚОҒАМ
АДАМЫНЫҢ ӨМІР САЛТЫ
Нурадинова Айнагүл Нурадинқызы
Шалқар қалалық №8 жалпы орта білім беретін мектеп
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы - көп ұлт мекендейтін ілгері мемлекеттердің қатарына жататын қонақжай халықпыз. Елімізде 140-қа тарта ұлыс тату-тәтті тұрмыс құрып, айрандай ұйып отыр. Түрлі ұлт өкілдерін бауырымызға ала отырып, тату-тәтті өмір сүру біздің қанға дарыған қасиеттеріміздің біріне айналуда. Осы жарастық халықаралық деңгейде «қазақстандық феномен» деген жаңа терминді туғызды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Толеранттық — ұран емес, ол біздің өмір салтымыз!» деуінің өзі толеранттық қазақтың қанына сіңіп кеткен өмір дағдысы екенін айғақтап тұр.
Әрине, бұл — сөз жоқ, Елбасының кемеңгер саясаты мен халқымыздың кеңпейіл мінезінің арқасында қол жеткізіп отырған бақыт.Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Біз құрып жатқан қоғамның ең құндылығы –адам, бүкіл өзгерістердің бәрі сол үшін, соның игілігі үшін жасалып жатыр. Адамдардың заң жүзінде құқықтары мен бостандықтарының кепілдігі қамтамасыз етілген топтасу адамгершілік, ұлтаралық келісім, барлық ұлттар мен ұлыстар теңдігі идеялары негізделген»,- деп жазады өзінің «Қазақстан болашағы- қоғамдық идеялық бірлігінде» атты еңбегінде. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы –өз ұрпақтарымызға ұлттық сана-сезім мен рухани дүниені адамдардың бір-біріне бауырмашылдық қадір-қасиетін бойына дарытқанда ғана қазақ елінің шаңырағы берік бола алатындығына кәміл сене аламыз.
Елжандылық адам баласына туа бітпейді. Ол айнала қоршаған дүниені дұрыс танып білгенде ғана пайда болатын құбылыс. Айнала қоршаған ортадан беймәлім нәресте дүниеге келгенде мейірімділік пен шындықты, батылдықты, жауапкершілікті,сатқындық пен әділетсіздікті, пайдакүнемділікті кездестіреді. Өмірлік тәжірибесі енді ғана қалыптасып келе жатқан баланы ненің жақсы - жаман екенін тани білуге тәрбиелеу және қалыптастыру маңызды мәселе.
«Қазақстан –біздің ортақ үйіміз, біздің өзіміз де, біздің бабаларымыз да осы жерді мекен еткен. Егер біз өзіміздің елімізді , өзіміздің өмірімізді сынауды білер болсақ,осы жасампаздықпен жаңғыртып, бой көрсеткен әрбір талшыбықты мәпелеп өсіріп отырмасақ, онда біз өзімізді нағыз патриот деп санай алмас едік»,- деген Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың сөзі мемлекетіміздің келешегінің тұтқасын ұстайтын жас ұрпақты осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында тәрбиелеуден артық борыш жоқ екендігін атап көрсетті.
Қазақстандық патриотизмнің,толеранттық тәрбиенің қайнар көзі халықтың береке –бірлігінде, ынтымақ ықыласында, елдігі мен ерлігінде екендігінде ешкімнің дауы бола қоймас. Қазақстандық патриотизм, толеранттық қоғамды топтастырудың жетекші факторы болып қала береді. Мемлекетіміздің беріктігі мен күш –қуаты, өміршеңдігі де оның ұлан байтағының біртұтастығы да Отанды сүюге, патриотизмге, толеранттыққа байланысты.
Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыру мәселесі-бүгінгі күннің білім беру жүйесі алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі.Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның патриоттық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін дамыту мәселелері- мемлекеттің білім саясатының басты ұстанымы» екендігі атап көрсетілген.
Білім беруді ізгілендіру барысында жеке тұлғаны дамыту, патриоттық сезімін ояту бірінші орынға қойылды. Бастауыш сынып оқушыларын шығармашылыққа баулу үрдісін ұйымдастыру арқылы патриоттық тәрбие беру мәселелерін әдіскер-ғалымдар С.Жиенбаев, Ғ. Бегалиев, Ә.Қоңыратбаев, зерттеуші- ғалымдар С.Рахметова,Т.Әбдікәрімова,Б.Т.Қабатай, К.Бозжанова,Х. Арғынов, Ғ.Сүлейменов т.б. өз еңбектерінде қарастырған.
Жалпы ұрпақ тәрбиесінде ұлттық ерекшеліктерде, халықтық педагогика құндылықтарын ескере отырып тәрбиелеудің тұтас жүйесін жасауда өткен ғасырдағы көрнекті ағартушы – педагогтардың, соның ішінде А.Құнанбаевтың, Ы. Алтынсариннің, М. Жұмабаевтың және т.б. маңызды ой-пікірлері, отансүйгіштік, патриоттық туралы қағидалары қазіргі кезде өз жалғасын табуда.
« Адамға ең бірінші тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім- азаматтың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»,- депті әл-Фараби бабамыз.
Осыдан өз тағдырын өзі шешуге қолы енді жеткен халқымызға ұлттық рухани болмысты дұрыс қалыптастыру аса қажет екендігін байқаймыз.
Патриотизмнің құрамдас бөлігі болып табылатын маңызды элементтердің бірі-рух немесе ұлттық патриотизм өз халқына деген сүйіспеншілік ретінде қарастырылуы тиіс. Патриотизм өзінің шыққан тегінің бірлігі мен ортақтылығы, туған жеріне, тіліне, өскен ортасына, мінез-құлқына, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктеріне тән ерекше тарихи ұлттық дәстүрмен тығыз байланысты. Ұлттық сезімдерді патриотизм арнасына, Отанға, ұлтқа деген сүйіспеншілік рухына, дұрыс бағыттау үшін бұл ерекшеліктерді жақсы білу және оларды міндетті түрде бала санасына сіңіре білу қажет.
Рухани тәрбие, моральдық ұстаным,Отанын, халқын, елін сыйлауға тәрбиелеу оқыту жүйесінің басты мақсаты болып келген.
Халқымыздың аса бай тарихы ерлік, азаматтық дәстүрлерді жалғастыруды керек етеді. Жүздеген жылдар бойы қалыптасқан ата-баба салты, сыйластық, жомарттық, азаматтық және батырлық қасиеттер бүгінгі жас ұрпаққа ауадай қажет.
Отаншылдық, ел-жұртын сүю, азаматтық борышын атқаруға арқау болатын халықтық рухани құндылықтың бірі – ар-намыс. Бұл- борышты атқаруға итермелейтін әлеуметтік күш.Осы тұрғыдан алғанда ар-намыс қазақ халқының бойына туа біткен ұлттық әлеуметтік- психологиялық ерекшелік болмысы және ол азаматтың елін, жерін сүюге отандық ойлау жүйесінің негізі болмақ.Сондықтан баланың жасынан ар-намысын қалыптастыру үшін халықтық ертегілердегі ер-азамат бейнесін сомдап, үлгі етіп, мақтанышын,ерлігін мадақтап тәрбиелеудің маңызы зор. Дәстүрлі қазақ эпосы – ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының айғағы ретінде бүгінгі күні де халықтың жадында сақталып, ғасырдан – ғасырға, ұрпақтан – ұрпаққа асыл мұра болып жетіп отыр. Елін, жерін қорғаған батырларды мадақтап жырға қосу арқылы халық жас ұрпақты ерлікке, өрлікке, мәрттікке, ұлтжандылыққа үйретуге тырысқан.
Қазіргі кезде республикамызда болып жатқан түрлі әлеуметтік-экономикалық процестерде: халықтың ұлттық сезімін оятуды, тарихи мұраға аялы көзқарасты қалыптастыруды, жалпы адами сипаттағы факторларды дамытуды, жеткіншектерді ұлттық мәдени мұра арқылы патриоттыққа тәрбиелеу жұмыстарын жақсартуды талап етеді.
Патриоттық тәрбиенің мазмұны мынадай қасиеттерді қалыптастыруды көздейді: Отанын сүю және өзінің азаматтығын мақтан тұту; өз Отанының болашағы үшін, амандығы үшін қызмет ету; ана тілін жетік меңгеріп сүйе білу; халқының салт- дәстүрін, ерекшеліктерін білу, сақтау, дамыту; өз Отанының тарихын, табиғатын, мәдениетін, әдебиетін, өнерін білу; дінге , тарихи мұраларға құрметпен қарау; өз отандастарына, сондай-ақ басқа ұлт өкілдеріне гумандық көзқарас білдіру.
Қазіргі кезде патриоттық тәрбие мен толеранттық тәрбие жұмыстарын қоғамның қажеттілігіне сәйкес, өзіндік бейнесін ескере отырып жүргізу керектігіне баса назар аудару қажет. Сонымен патриоттық және толеранттық тәрбие жас ұрпақтың жалпы тәрбиесінің басқа салаларымен бірге, біздің қоғамның материалдық және рухани құндылықтарын жасайтын адамның қоғамдық мәнін қалыптастырады.
Әлбетте, қазақтың қанында толеранттық қасиет болмаса, елдегі бүгінгідей татулық пен достыққа қол жеткізер ме едік?! Қазір Қазақстандағы тұрақтылық ахуал дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей халде. Енді осы жарасымдылықты шайқап-төгіп алмай, одан әрі келешек ұрпаққа аманаттап кету — бүгінгілердің парызы
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан -2030»
2.Наурызбаев Ж. «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» Алматы, 1996ж
3. Қазақстан Республикасының мәдени-этникалық білім беру тұжырымдамасы Алматы , 1996 ж

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген