жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Баяндама: ТҰЛҒАНЫ АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ МАҢЫЗЫ
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
БАЯНДАМА
Тақырыбы:
ТҰЛҒАНЫ АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ
МАҢЫЗЫ
Мұстафаев Ербол Нұрланұлы
Тарих пәнінің мұғалімі
ЖОСПАРЫ:
І. КІРСПЕ БӨЛІМІ:
Адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы.
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМІ:
2.1. Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа адамгершілік – рухани тәрбие беру.
2.2. Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасының рухани – адамгершілік тәрбие беру бағыты бойынша оқушыларды тәрбиелеудегі іс – тәжірибем.
ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ:
ІҮ. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
ТҰЛҒАНЫ АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУДІҢ
МАҢЫЗЫ
Мұстафаев Ербол Нұрланұлы
Тарих пәнінің мұғалімі
«Адамгершілікке тәрбиелеу құралы –
еңбек пен ата – ана үлгісі»
Ыбырай Алтынсарин
Жаңа кезеңдегі білім берудің өзекті мәселесі жас ұрпаққа – адамгершілік рухани тәрбие беру. Құнды қасиеттерге ие болу, рухани бай адамды қалыптастыру оның туған кезіннен бастау керек.
Қазақ халқының рухани – адамгершілік тәрбиесінің басқа халықтарға ұқсамайтын өзіне тән мән – мазмұны, ерекшеліктері бар. Ұлағатты ата – бабаларымыз ғасырлар бойы ұрпағын бар жақсы қасиеттерге баулып, оның әдепті, ар – ұятты, мейірімді, адамгершілігі мол болуын тілеп отырған. Рухани байлығымыз ұлтымыздың әдет – салты, мәдениеті, әдебиеті, өнері, тарихында жатыр. Адамгершілік – рухани тәрбие мәселесі қазақ ағартушыларының шығармашылығында терең орын алған. Қазақ ағартушылары – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев өздерінің саяси – қоғамдық, ғылыми және әдебие еңбектерінде қазақ халқының адамгершілік – рухани тәрбиесіне аса қатты көңіл бөлді.
Адам тіршілігінің саналылығының белгісі – оның өзегелерге деген адамгершілік қарым – қатынасы.
Адамгершілік дегеніміз – адамдардың гуманизм принциптерін бейнелейтін моральдық қасиет. Ол адалдық, шыншылдық, әдептілік, жанашырлық пен сенім сияқты қасиеттерді қамтиды.
«Адам ата – анадан туғанда есті болмайды, естіп көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді, тәрбиелі болады», деп, Абай айтқандай, оқу процесі кезінде адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты әр уақытта күні бүгінге дейін күн тәртібінен түскен емес. Сол адамгершілік тәрбиені беруде мұғалім бала жанының бағбаны болса, сол адамгершіліктің дәнін қалай сеуіп, одан қандай өнім алып келеміз?
Егер мұғалім өзін адамгершілік тәрбие беру арқылы адам қалыптастыру міндетін өз дәрижесінде атқарып келе жатса, қоғамдағы жат қылықтар қайдан шығып жатыр деген сауал туындауы мүмкін. Мысалы, оқушы мектепке келген кезінде тіл алғыш, жүрегі таза, сезімі пәк болып, өссе не жоғарғы буынға келгенде өзгеріп сала береді. Сол кезде мына бала қандай еді, қалай өзгеріп кетті, мынадай жаман әдеттерді қайдан үйреніп ала қойды, неге озбырлық жасауға бейім болып алды деген сұрақтар мазалайды. Әрине, оның себептерін жан – жақты іздеуге болады. Қазіргі таңда баланың рухани –адамгершілік тағылымына кері әсер етуші факторлар: соғыс ойындары, жат қылықты жариялайтын фильмдер, бейнетаспалар және компьютерлік ойындар мен ұялы телефондар бар. Сонымен бірге бала тәрбиесіне ата – анасы мен жүрген ортасына мұғалімнің де қатысы бар. Баланың қалыптасуына ықпал етіп, дамуына үлес қосатын мұғалімнің есте ұстар жағдайлары аз емес. Солардың ішінде ең негізгісі – балаға деген жүрек жылуы. Ол қашан да қажет және ешқашан артық болмайды.
Қазіргі жағдайда тәрбиенің жалпы негізі адамгершілік құндылықтар болуы керек. Адамгершілік құндылықтар үлкен мен кішінің арасындағы шынайы қарым – қатынас кезінде бала бойына дариды. Ал мұғалімнің басты мақсаты - өзіндік адамгершілік құныдылықтарын оқушы бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару, әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы бар құндылықтарды дамыту. Мектептегі, сабақтан тыс уақыттағы біздің ісімізді жалғастыратын жеке тұлға болып табылатын оқушыларды адамгершілікке, гуманистік жүйеге тоғыстыру. Мектеп қабырғасында жақсы тәрбиеленген, саналы білім алған шәкірт өмірде өз орнын табады. Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен – ақ ұлттық тәлім – тәрбиеге, адамгершілік әдетке, рухани мәдениетке баулу керек. Сонда жас ұрпақ елі үшін елең қағар азамат, имандылық қасиеттерді жақсы білетін азамат болып қалыптасады.
Қазір қоғам жан – жақты үйлесімді жетілген жаңа ұрпақты – жаңа адамды тәрбиелеуді талап етеді. Қоғам талабы – заман талабы.Өйткені «Әр адам - өз заманының баласы». Сол себепті адамды заман билейді, заманына сай заңы туындайды.
Тәрбие үдерісі ұзақ уақытты қамтиды. Қазіргі кезде ата –ана көп жағдайда бала тәрбиесін мектепке, мұғалімге артып қойған. Ендеше тұлғаның адамгершілік қасиеттерін дамытуда мұғалім маңызды фактор болып табылады. Мұғалімнің тәрбие үдерісіндегі алатын орны бүкіл тәрбие ісін өз қолына алуында емес, тәрбиелеуде елеулі жетістіктерге жетуде оның ұйымдастырушылық, бағыттаушылық күшінде және шығармашылығында. Осыған орай әрбір тәрбиелік іс – шараларды өткізуде ата – бабаларымыздың тәрбиелік мәні бар, рухани – адамгершілік ойларымен, даналық сөздерінің мән – мағынасын терең түсіндіруге ықпал жасаймын. Мысалы: балаларды адамгершілікке тәрбиелеуде ұлттық педагогика қашанда халық тәрбиесін үлгі ұстайды. Ата – бабаларымыз баланы бесігінен жақсы әдеттерге баулығын. «Үлкенді сыйла», «Сәлем бер, жолын кесіп өтпе» деген ұлағатты сөздердің мәні өте зор. Баланы үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсетуге, иманды болуға, адамгершілікке баулу адамгершілік тәрбиесінің жемісі. Ал, адамгершілікке тәрбиелеудің бірден – бір жолы осы іске көзін жеткізу, сенімін арттыру. Осы қасиеттерді балаға жасынан бойына сіңіре білсек, адамгершілік қасиеттердің берік ірге тасын қалағанымыз. Адамгершілік – адамның рухани арқауы.
Өйткені адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгерішілік қасиетімен, адамдығымен, қайырымдылығымен ардақталады.
Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасының рухани – адамгершілік тәрбие беру бағыты бойынша өз тобымда «Имандылық – адамгершілік белгісі», «Иманды ұл, инабатты қыз – елдің көркі», «Бата және тыйым сөздер» тақырыбында бірнеше тәрбие сағаттарын өткіздім. Осындай тәрбие сағаттары арқылы өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұландарымыздың бойында адамгершілік қасиетін оятып, патриот болуға тәрбиелейді. Олай болса, адамгершілік тәрбие беру кілті – халық педагогикасында деуге болады.
Оқушының жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, жетілген ұрпақ тәрбиелеу үшін мынадай міндеттерді орындауымыз керек:
Еңбексүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулы, күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру, тұрмыстағы, үй шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру. Өзіне - өзі қызмет ету дағдыларына үйрету.
Отбасы мүшелерімен өзара дұрыс қарым – қатынасын, тіл табысып, түсінісуін, бірін – бірі тыңдап, ата – ананы, туыстарын, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету.
Бала тәрбиесіндегі негізгі де маңызды роль ата –аналарда. Ата – ана отбасында өздерінің күнделікті жұмысы, тындырған ісі туралы бала – шағасының алдында айтып, әңгіме – дүкен құрады. Бірте – бірте балалары да өз жаңалықтарын ортаға салып, айта бастайды. Осылайша жанұя мүшелерімен сенімі, сүйіспеншілігі, достық қатынастары нығая түседі. «Жанұяға қарап бала өседі, қарағайға қарап тал өседі» деп тегін айтылмаған болса керек. Ата – ана баламен тілдесуде, пікірлесуде бейпіл, бейауыз сөздерді қолданбай, дөрекілікпен жеке басын қоғамай, мейірімді, табиғи, жылы, ақылды сөздер айтып өнеге бола білсе, тәрбиеде табысқа жетеді. Өйткені «Жақсы сөз жан семіртеді». Кейбір ата – аналар өте қатал, айтқанын орындатады. Мұндайда бала қорыққанынан уақытша тыңдайды. Бірақ ата – анасының уысынан шыққаннан соң, өзін - өзі ұстай алмайтын жағдайға жетуі мүмкін. Сондықтан мұғалім ата – ана ескермеген тәрбиенің тиімді сәттерін пайдалану қажет. Мұғалім оқушыға материалдық жағдай жасамағанмен, оның өміріне азық болар ең қымбат асыл қасиеттер – адамгершілік құндылықтармен қамтамасыз етеді. Әрбір оқушының жеке басын тәрбиелеудің стратегиясын білу үшін тек оның күшті және әлсіз жақтарын біліп қоймай, сонымен қатар оның оқитын, тұратын, қарым – қатынас жасайтын жағдайларын білуіміз керек. Ол үшін олардың ата – аналарымен тығыз байланыста болу қажет. Адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп жетілген тұлғаның бойындағы әдептілік сипаттар мынадай болуы тиіс:
Өзгелердің мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, кеңпейіл болу, тәкаппарлыққа жол бермеу.
Достарының, отбасының сенімін анықтау.
Жанашырлық таныту - өзгелердің мұң – мұқтажыдығына ортақтаса білу, оларға көмек көрсету.
Кешірімді болу – ренішке, өшпенділікке жол бермеу, ол үшін кек алудан аулақ болу.
Рақымды, мейірімді болу, адамның көңіл – күйін алдын – ала сезе білу.
Жауапкершілік таныту – адал болу, жалғандық пен алдап – арбаудан аулақ болу.
Өзін - өзі қалыпта ұстай білу - өз ойын, сезімін, тілегін, іс – қылықтарын ұстай білу.
Ұқыптылық – қандай іс атқарса да ұқыптылық таныту, еңбек ете білу.
Адамгершілік тақырыбы – мәңгілік. Ол ешқашан ескірмек емес. Жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруі – ата – ана мен ұстаздардың басты міндеті. Адамгершілік әр адамға тән асыл қасиеттер. Адамгершіліктің қайнар бұлағы – халқында, отбасында, олардың өнерлерінде, әдет – ғұрпында. Әр адам адамгершілікті күнделікті тұрмыс – тіршілігінен, өзін қоршаған табиғаттан бойына сіңірді.
Көрнекті педагог В.Сухомлинский «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала солай бола алады», - дейді. Демек, шәкіртке жан – жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің асыл қасиеттерін үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналысымен санауына ықпал етері сөзсіз. Адамгершілікті, иманды, тәрбиелі адам – кез келген мемлекеттің байлығы, әлеуметтік өмірдегі бейбітшілік пен мәдениеттіліктің кепілі.
Қорыта келгенде, халықтық педагогикадан бастау алып, осы дәлелденген нәтижелерге сүйенсек, тәрбие құралдары мен әдістері дұрыс таңдалып жүргізілсе, ізгілікті тәрбиенің негізі қалаңбақ. Сондықтан тәрбиеленуші жас ұрпақ ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып, қоғамдағы кемшілікті білетін, бүгінгіні түсетін, ертеңіне сенетін, адамгершілік асыл қасиеттерді жоғары бағалайтын иманды, алдына қойған мақсат жолында барлық күштерін жұмсайтын, рухани дүниесі бай болуы шарт. Рухани – адамгершілік тәрбиесінде алдымен баланы тек жақсылыққа – қайырымдылық, мейірімділік, ізгілікке тәрбиелеп, соны мақсат тұтса, ұстаздың, ата – ананың да болшағы зор болмақ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Бала тәрбиесі №2 2006 ж, №4 2008 ж
Аймауытов Ж. Тәрбиеге жетекші Орынбор, 1924.
Игенбаева В.Қ Адамгершілік сабақтары
Сухомлинский В.А. Педагогика Алматы 2000 ж

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген