Материалдар / Білімнің бастауы - бастауыш сынып
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Білімнің бастауы - бастауыш сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Білімнің бастауы - бастауыш сынып
Авторы:
05 Қырқүйек 2024
167
1 рет жүктелген
Материал тегін
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Білімнің бастауы бастауыш сынып

Бастауыш сынып мұғалімі: Мералиева Гульмира Еспенбетовна

Білім деген сөзді айтқан кезде, біздің барлығымыздың көз алдымызға мектеп, мұғалім және оқушының елестейтіні анық. Мұның барлығын жалпылама елестетсек, биологиялық адам ағзасын еске түсіреді.

Білім-жалпы ағза, мектеп—басы, мұғалім—жүрегі, оқушы—тыныс алатын өкпе іспетті. Жалпы ағза осы аталған үш нәрсеге тәуелді. Осы үшеуінің біреуі науқасқа шалдықса, жалпы ағзадағы функция бұзылатынында дау жоқ. Адам ағзасында жұдырықтай ет бар, егер де, сол ет бұзылса, онда ол адамның бүкіл болмысы бұзылады деп қасиетті хадисте айтқан ол еттің аты не? Ол еттің аты—жүрек. Міне, «Мұғалім –мектептің жүрегі» деп ұлылар айтқан ұлағатты сөз осыдан шығады. Мектептегі сапалы білім мен саналы тәрбие мұғалімнің әрекетімен іске асатыны ол бесенеден белгілі. Мұғалім—оқушы үшін еліктейтін нағыз тұлға. Кез келген оқушы үйінде әкесіне, немесе шешесіне еліктесе, ал мектеп қабырғасында ол өзінің ұстазына еліктейді. Міне, бұдан шығар қорытынды, мұғалім бірінші кезекте өзінің шәкірті үшін еліктейтін тұлға бола білуі керек. Егер ол еліктейтін тұлға бола білмесе, оқушылар оның берген білімі мен тәрбиесін самарқау қабылдайтындары сөзсіз. Бұдан кейінгі кезекте, мұғалімнің жинақтаған білімінің толық болуы негізгі шарт. Білімсіз мұғалім—оқталмаған мылтық іспетті. Оғы жоқ мылтық—пайдасы шамалы таяқпен тең. Білімсіз мұғалімнің оқушылар алдында беделі болмайды. Қазіргі жаһандану дәуірінде ғаламтор, әлеуметтік желілер, нана технологияның қарышты дамыған заманында оқушылар кез-келген ақпараттарды, кез-келген уақытта дем арада ала алады. Бұл-- оқушылар білімінің қарқынды дамуларына ашылып отырған негізгі жол. Осы дәуірде мұғалімге қойылатын талаптардың өзі орасан зор. Өйткені, заман талабының өзі соған итермелеп тұр. Заман талабынан қалып қалса, мұғалім білімінің кенжелеп қалатынында дау жоқ. Соған сәйкес мұғалім өз білімін үнемі жетілдіріп отырғаны абзал.

Келесі кезекте безбенге түсетін үлкен нәрсе—ол мұғалімнің шығармашылық жағынан дамуы. Егер мұғалім заман талабына сәйкес өзін шығармашылық жағынан жетілдірмесе, ол жинақтаған білімінің өзін оқушы санасына жеткізе алмайды. Өйткені оның өткізген сабағы оқушының қызығушылығын оятпайды. Қазақша теңеумен айтсақ, жалпақшешейлік пен жайбасарлыққа құрылған сабақ болады. Бұдан келіп оның сабағынан оқушылардың тартыншақтануы, тіпті, бас тартушылықтары пайда болады. Осы жоғары да аталған үш нәрсенің біреуі кем болса, мұғалім өз пәрменділігін жоғалтады, пәрменділігі жоғалған ұстаздың оқушылар алдында беделінің болуы тағы да неғайбыл. Осыдан келіп пәрменсіз ұстаз—дәрменсіз деген пікір қалыптасады.

Балапан ұясынан ұшарынан,

Темірдің өткірлігі ұстасынан.

Жаһанда ғылым іздеп адам болу,

Шәкірттің білімдісі ұстазынан. деп Омар Хайям айтқандай шәкіртке білім беріп, адамшылық қасиетін қалыптастыру—мұғалім мойнындағы өте ауыр да жауапты жүк. Осы аталған жауапты жүкті ең бірінші арқалайтындар-мектептің ең негізгі іргетасы болып саналатын бастауыш сынып мұғалімдері. Кез-келген ғимараттың іргетасы мықты болмаса, оның құрылысының нашар да сапасыз болатыны рас. Міне, бастауыш сынып жоғарғы сыныпқа апарар іргетас болып саналады.

Бастауышта алған білім мықты болса, оқушылардың жоғарғы сыныпқа барғанда да алатын білімдері сапалы деген сөз. Осы іргетасты қалаушы бастауыш сынып мұғалімдерінің арқалап жүрген міндеттемелері мен жауапкершіліктері жоғарғы сыныпқа сабақ беретін мұғалімдерге қарағанда он есе ауыр десек артық айтпаймыз. Әрине, жоғарғы сыныпқа сабақ беретін мұғалімдер де қол қусырып, қарап отырған жоқ. Ол мамандық иелерінің де өздеріне тән ауырпалығы мен қиыншылықтары бар. Дегенмен де, жоғарғы сыныпта оқитын балалар ақыл-естері қалыптасып, оң мен солдарын таныған балалар. Бұл балаларға сабақ беретін мұғалімдердің жалпы міндеттері—оларды ары қарай дамыту. Ал бастауыш мектепке келетін балалар негізінен ата-анасының бауырынан енді шыққан, немесе бала бақша ғимаратынан енді аттаған, оң мен солдарын танып үлгермеген, тілдерінің шығып үлгергендеріне не-бары үш-төрт жылдың жүзі болған, мектеп қабырғасына тарыдай болып кірген балалар келеді. Міне осындай балаларға сөйлеуді, жазуды, сызуды, оқуды, сурет салуды, өлең жаттауды, оң мен солын танытуды, қоғамға бейімделуді, өздерінің адамдық категорияларын ашуды, өздерін, сонымен қатар, өзгені бағалауды, еңбекке баулуды үйрететіндер-- бастауыш сынып мұғалімдері. Осы аталған мұғалім міндеттерін сарапқа салсақ, осы мамандық иелеріне физикалық, психологиялық жағынан жүйкелеріне қаншалықты күш түсетіні айтпаса да түсінікті.

Мақаламыздың жоғарғы жағында айтып кеткен үш талапты ескерсек, бұл кісілер осы үш талаптың үшеуі бойынша он есе ізденулері керек екендіктері баршаға аян. Осы тұста ескере кететін бір нәрсе, бала төртінші сыныпты бітіріп, бесінші сыныпқа аяқ басқанда түрлі пәндерден әр-түрлі мұғалімдер береді. Сол кезде ғана дене тәрбиесі, көркем еңбек, ішінара тарих, география, физика, математика сияқты пәндерден ер мұғалімдердің төбелері анда-санда қылтың етіп көріне бастайды, ал бастауыш мектепте сабақ беретін мұғалімдердің арасында ер адамдардың төбелері тұрмақ өздері көрінбейді. Тіпті ер адамдар жоқ десе де болады. Егер де осы аталған дүниені ескере отырып, іздеу салған күннің өзінде бастауыш мектепте сабақ беретін жүз әйел адамның ортасында бір ер адам шықса, мұның өзі ғылым саласында жауабы табылмас, табиғи феномен болар еді. Осындай өте үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандықтан ер адамдардың алшақтап кетуінің өзі неден деген сұрақты төтесінен қойсақ, мұның өзі де феномен күйінде қалып қалмақ. Осындай нардың жүгін батпандап арқалап жүрген, бастауыш сыныпта сабақ беретін әр мұғалімге бір-бір ескерткіш қойса, мұның өзі аздық ететіні-даусыз нәрсе. Өйткені бастауыш мектеп мүғалімдерінің негізгі фунциялары—бастау мен қалыптастыру. Кез келген нәрсені жалғастырудан, бастау қиын. Дамытудан, қалыптастыру қйын екендігі- табиғи заңдылық. Қазіргі таңда бала білімінің іргетасын қалыптастыру саласында еңбек етіп жүрген аталған мамандық иелері аз емес. Олардың атқарып жүрген жұмыстары мен шығармашылық жолдарындағы ізденістері де ұшан-теңіз. Тіпті кейбіреулері өздерінің өлеңдер жинақтарымен, балалар тақырыбына жазызып жүрген әңгімелері- мен әдебиетке де өз үлестерін қосуда. Білімдері мен шығармашылықтарын танытып, оны тарату үшін атқарып жатқан еңбектері де баршылық. Өздерінің білімдерін безбенге салып, аудан, облыс Республика көлемінде өтіп жатқан, мұғалімдер арасындағы жарыстарға қатысып, бақтарын сынап, жүлделі орындарды да иемденіп жүргендері де жетерлік.

Міне осындай табанды да, қажырлы мамандық иелерінің еңбектерін ескеріп, жазғы демалыс уақыттарында ақысыз демалыс орындарына кемінде он күн демалып, жүйкелерін тыныштандыруға жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Қорыта келгенде, бала бойына білімнің нәрін сеуіп, кеуделеріне адамдықтың дәнін себетін, білімнің бастауы бастауыштан басталатындығы ол шынайы факт.

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!