Тақырыбы: Буллинг – қоғам
дерті: түрлері, салдары және күресу
жолдары
Буллинг — бұл жай ғана балалар
арасындағы уақытша түсініспеушілік
немесе тиісу емес. Бұл — белгілі бір
индивидке бағытталған, оның ар-намысын
таптап, психологиялық немесе физикалық
тұрғыдан зиян келтіруді көздейтін
жүйелі түрдегі агрессиялық әрекеттер
жиынтығы. Көбіне әлімжеттікке мінез-құлқы
жұмсақ, өзін қорғай алмайтын немесе
ортадан ерекшеленетін тұлғалар ұшырайды.
1. Буллингтің психологиялық
салдары мен жәбірленушінің таңдауы
Қысымға тап болған адам терең
депрессияға ұшырап, ішкі күйзелісті
бастан кешеді. Тұрақты буллингтің
салдарынан жәбірленуші әдетте мынадай
негізгі сценарийлердің біріне тап
болады:
Өзін-өзі оқшаулау және
деструктивті ойлар:
Адам өзін қоғамға қажетсіз, артық сезіне
бастайды. Өзін-өзі төмен бағалаудың
соңы кейде суицидтік ойларға немесе
өзіне қол жұмсауға дейін апарады. Бұл
тек жәбірленушінің ғана емес, оның
жақындары мен ата-анасы үшін де орны
толмас трагедияға айналады.
Агрессиялық реакция және
кек алу: Зарар шеккен
тарап әділдікті қалпына келтіру
мақсатында агрессорға қарсы кек
қайтаруды көздейді. Бірақ бұл ешқандай
шешім болып табылмайды. Керісінше,
жағдайды одан ары ушықтырып, заң
алдындағы жауапкершілікке (қылмыстық
жаза, заңды жауапкершілік) немесе қос
тараптың да денсаулығы мен өмірінен
айырылуына соқтырады.
Психологиялық реабилитация
және жағдайды еңсеру:
Мәселені шешудің ең конструктивті жолы
— болған оқиғаны мойындау және одан
психологиялық тұрғыда арылу. Мұндай
сәтте кәсіби психологтың көмегіне
сүйену, іштегі эмоцияны қауіпсіз түрде
сыртқа шығару, жеке шекараны құру
(басқаларға «жоқ» деп айта білу) және
назарды өткен шақтағы жарақаттан
болашақ мақсаттарға ауыстыру аса
маңызды.
2. Буллингтің негізгі
формалары
Буллинг көрініс табу формасына
байланысты бірнеше категорияға бөлінеді:
Физикалық буллинг
Бұл — күш көрсету, итеру,
тебу, соққыға жығу, мүлкін тартып алу
немесе зақымдау арқылы байқалатын
әлімжеттік түрі. Көбіне мектеп дәлізінде,
киім ауыстыратын бөлмеде немесе асханада
сияқты бақылаусыз аймақтарда орын
алады. Жәбірленушілер қорқыныштан,
қайтадан соққы жеуден немесе «шағымданушы»
атанғысы келмегендіктен, шындықты
жасырып, ден денесіндегі көгерген
іздерді «жығылып қалдым» деп түсіндіреді.
Физикалық зорлық-зомбылықтың негізгі
қауіптілігі — соққының өзінде емес,
оны үнемі күтумен өмір сүретін тұрақты
үрейде. Бұл оқу үлгерімінің төмендеуіне,
психосоматикалық ауруларға (асқазанның
немесе бастың созылмалы ауруы) әкеледі.
Вербалды (ауызша) буллинг
Адамды сөз арқылы қорлау,
кемсіту, мазақ ету, жағымсыз лақап аттар
тағу және ар-намысына тиетін сөздер
айту. Қоғамда оны көбіне «жай қалжың»
деп жеңіл бағалайды. Алайда жүйелі түрде
айтылған жағымсыз сөз адамның өзіне
деген сенімін толықтай жойып, тұлғалық
тұйықталуға әкеледі. Бұл құбылыс мектеп
қабырғасында да, студенттік немесе
еңбек ұжымдарында да жиі кездеседі.
Кибербуллинг: Цифрлық
кеңістіктегі қорлау
Ақпараттық технологиялардың
дамуымен пайда болған агрессияның жаңа
түрі. Әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде
мазақтау, жалған өсек пен ақпарат тарату,
жеке хаттарды немесе компромат видеоларды
жариялау, топтық чаттардан әдейі шығарып
тастау кибербуллингке жатады.
Кибербуллингтің дәстүрлі буллингтен
басты айырмашылығы мен қауіптілігі:
Анонимділік: Агрессор жалған
аккаунттардың артына жасырынып, жазасыз
қалатынына сенеді.
Шексіз аудитория: Жағымсыз контент
санаулы минуттарда жүздеген адамға
тарап кетеді.
Уақыт шектеуінің болмауы: Басқа
буллинг түрінде адам үйіне барып қорғана
алса, кибербуллинг цифрлық құрылғылар
арқылы 24/7 режимінде қысым жасайды.
3. Алдын алу және күресу механизмдері
Буллингпен күрес кешенді түрде жүргізілуі
тиіс:
Физикалық буллингке қарсы: Мектептегі
немесе ұжымдағы бақылаусыз аймақтарға
бейнебақылау орнату, ересектердің
бақылауын күшейту. Жағдай орын алғанда
оны жасырмай, нақты тіркеу және әкімшілік,
психолог, ата-ана мен полиция өкілдерін
тарта отырып шешу.
Вербалды буллингке қарсы: Тұлғаның
эмоционалдық устойчивость (төзімділік)
деңгейін көтеру, жеке шекараны сақтауды
үйрету. Сол сияқты, агрессормен
психологиялық жұмыс жүргізіп, оның
мінез-құлқын конструктивті арнаға
бұру.
Кибербуллингке қарсы: Цифрлық
іздерді (скриншоттар, хаттар) дәлел
ретінде сақтау, агрессорды бұғаттау
(блокқа қою), платформа әкімшілігіне
шағымдану. Қажет болған жағдайда, жеке
бастың қауіпсіздігі үшін заң органдарына
жүгіну.
Куәгерлердің позициясы: Буллингті
тоқтатудағы ең үлкен рөл — жанама
куәгерлерге тиесілі. Бейтарап қалу
немесе мазақтаушыларға қосылу мәселені
тереңдетеді. Куәгерлер жәбірленушіге
қолдау білдіріп, жағдайды сенімді
ересектерге немесе жауапты мамандарға
хабарлауы тиіс.
Қорытынды
Буллинг — бұл жекелеген адамдардың
арасындағы ұсақ қақтығыс емес, бүкіл
қоғамның саулығына қатер төндіретін
әлеуметтік дерт. Әрбір айтылған сөз бен
жасалған әрекеттің артында адам тағдыры
мен психологиясы тұрғанын ұмытпаған
жөн. Буллингтің алдын алу — өзара
құрметке, мәдениеттілікке және әрбір
тұлғаның құқығын қорғауға негізделген
қауіпсіз ортаны қалыптастырудан
басталады.
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлтты университетінің
PhD, доцент м.а.,Г.Н.Борбасова
«Психология» пәні «Ақпараттық
жүйелер» мамандығының 1 курс қазақ тобы
студенттері