жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Дене қуатының қасиеті және оларды дамыту әдістемесі.Адамның қозғалыс әрекетіндегі қасиеттердің маңызы.
Дәріс№19
Тақырыбы: Дене қуатының қасиеті және оларды дамыту әдістемесі.Адамның қозғалыс әрекетіндегі қасиеттердің маңызы.
Жоспар:
1. Адамның қозғалыс әрекетінде дененің сапалық қасиеттері - күш, жылдамдық, төзімділік, икемділік, ептіліктің маңызы.
2. Дене қасиеттеріне тәрбиелеудің әдістері мен қоры
3. Дене қасиеттерін дамытудың әдістері
«Дене қасиеттері», «қозғалыс қасиеті» деген терминдер, ұғымдар арнайы оқу кітаптарында бір мағынада пайдаланылады. Олар адамның қозғалыс мүмкіншілігінің әрекеті жағын көрсетеді.
Дене қасиеттері адам қозғалғанда, дене қуатын көрсеткісі келгенде пайда болады. Адам жай тыныштық күйде болғанда ол қаншалықты күшті, жылдам немесе төзімді екенін біз білмейміз, кеңістікте көп уақыт аралығында жылдам қозғалса жылдам екенін, қарқынын азайтпай ұзақ жүгіре алса төзімді екені көрінеді. Яғни, дене қасиеттері адам денесінде белгілі бір деңгейде сақталып тұрады. Ол қозғалған кезде, дене қуаты деңгейін көрсеткісі келген кезде, ол адамның қаншалықты күшті, жылдам, төзімді екенін білеміз.
Спортшы дене жаттығуларын тұрақты орындау арқылы дене қасиеттері деңгейін жоғарылата алады. Ол сол жоғарылатқан деңгейінде адам денесінде, санасында сақталып тұрады. Әрине, спортшы әрекет жасап, ол дене қасиеттерін тұрақты деңгейде ұстап отырмаса, ол қасиеттер төмендейді, егер тұрақты, өмір бойы жүйелі жаттығулар арқылы шұғылданып отырса, жаттығу техникасы секілді дене қасиеттері де адам денесінде, санасында сақталып тұрады.
Адамның денесінде, санасында белгілі бір деңгейде сақталып тұрып, ол қозғалғанда, әрекет жасағанда пайда болатын қасиеттерді дене қасиеттері дейміз[2].
Ол қасиеттер міндетті түрде адам сол дене қасиеттерінің деңгейін көрсеткісі келіп әрекет жасағанда толық деңгейде көрінеді. Мысалы, спортшы күш деңгейін көрсеткісі келіп ауыр штанга көтереді, белтемірде көп тартылады, жылдамдық деңгейін көрсеткісі келіп 30 м-ді тез жүгіреді, төзімділік деңгейін көрсеткісі келіп 3 шақырымға жүгіріп, жақсы уақыт көрсетеді т.с.с.
Осы дене қасиеттерінің деңгейін көтеру, дамыту, тәрбиелеу арқылы ғана біз дене тәрбиесі мен спортта жақсы нәтижеге жетеміз. Мысалы, волейбол ойынындағы маңызды техника тәсілі «шабуыл соққысын» орындау, жоғары көтерілген допты соғу үшін спортшының секірген кездегі қолы тордың үстінен ең аз дегенде 20-30 см жоғары шығу керек. Ол үшін міндетті түрде аяқтың секіру, серпін жасау күшін дамыту керек болды. Сондықтан да біз дене тәрбиесі мен спорт тәжірибесінде қозғалыс техникасын үйретумен қатар дене қасиеттерін дамытуымыз қажет.
Дене тәрбиесі мұғалімі, спорт түрлерінің жаттықтырушылары, сауықтыру дене тәрбиесімен, қолданбалы дене тәрбиесімен айналысатын мамандар, спорт нұсқаушылары дене қасиеттерін дамыту, тәрбиелеу амалдарын, әдістерін, әдістемелерін, әдістемелерді жас ерекшеліктеріне байланыстыруды жақсы білуі, іс-тәжірибеде қолдана білуі керек.
Біз осы үлкен, маңызды 7-тарауымызда дене қасиеттерін: күш, жылдамдық, төзімділік, ептілік, икемділікті жеке-жеке қарастырып, оларды дамытудың жас ерекшеліктері, амалдары, әдістері, әдістемелері туралы сөз қозғамақпыз.
Сыртқы қарсылықты жеңу немесе бұлшық ет көмегі арқылы оған қарсылық көрсетуді күш дейміз. Күш үш түрлі бұлшық ет жұмысы тәртібінде пайда болады:
1. Жеңу тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет жиырылады, қысқарады. Мысалы, белтемірде тартылу.
2. Көну тәртібі. Бұл кезде бұлшық ет созылады, ұзарады. Мысалы, белтемірден төмен түсу, салбырау.
3. Қозғалмайтын (статикалық) тәртіп. Бұл кезде бұлшық ет ұзындығы өзгермейді. Мысалы, белтемірде асылып тұрып, екі аяқты кеудеге бұрыш жасай көтеріп, бірнеше ондаған секөнд ұстап тұру. [4]
Күштің пайда болу түрлері: Жеке күш мүмкіншілігі статикалық кезде (дене қалыбын ұстау) және ақырын қозғалыс кезінде пайда болады. Мысалы, еденнен жай қарқында итерілу, аспа темірде тартылу, шалқадан жатып кеудені көтеру жаттығуларын жасағандағы спортшының өз күш мүмкіншілігін көреміз.
Күш жылдамдығының мүмкіншілігі тез, жылдам қозғалыста пайда болады (секіру, лақтыру т.б.). Бұл жағдайда спортшы күшіне жылдамдық қосу арқылы, жаттығуды тез орындау арқылы жоғары нәтижеге жетеді. Мысалы, жеңіл атлетикадағы диск, ядро, граната, найза лақтыру, жүгіріп келіп ұзындыққа секіру жаттығулары.
Адам денесі күштің пайда болу үрдісінде үлкен маңыз атқарады. Адамның қозғалыста өз дене салмағын есептемей, барлық мүмкіншілігімен көрсеткен күші абсолютті күш немесе ең жоғарғы күш деп аталады. Әр түрлі салмақтағы адамның күшін салыстыру үшін салыстырмалы күш деген ұғым пайдаланылады. Бұл - 1кг адам салмағына келетін күш мөлшері. Спортшылардың салмағы өсуімен бірге абсолюттік күші де көбейеді, ал салыстырмалы күші азаяды. Жаттығушылар абсолюттік немесе салыстырмалы күштерді спорт түрлеріне байланысты дамытады. Мысалы, жеке сайыстағы спортшыларға (ауыр салмақ дәрежесіндегілер), лақтырушыларға (найза, граната) абсолюттік күш қажет, ал гимнасттарға, акробаттарға, палуандарға, жеңіл салмақ дәрежесінде штанга көтеретін спортшыларға салыстырмалы күш керек, ол күш неғұрлым көп болса, соғұрлым спортшылардың дене дайындығы жоғары болмақ.Адамның жұмысты ұзақ, қарқынын азайтпай орындай алу қабілетін төзімділік дейміз[3].
Адамның берілген қарқынды әрекетке және болдыруға қарсылық ете алатын уақытын төзімділіктің өлшемі деп атаймыз,Төзімділікті анықтаудың тура және жанама деген екі әдісі бар. Тура әдісінде сыналатын спортшыға бір тапсырма беріледі де (мысалы, велоэргометрде жұмыс істеу, стадионды айналып берілген қарқынмен жүгіру т.с.с), сол жұмыстың орындалған уақытының ұзақтығы анықталады. Қай спортшы берілген қарқынмен, ұзақ уақыт жұмыс істесе сол төзімді деп есептеледі.
Жанама жолмен төзімділік деңгейін білу әдісінде спортшыларды белгілі бір ұзақ қашықтыққа (500,1000, 3000 метр) жүгіртеді де, жүгірген уақыты анықталады. Неғұрлым аз уақытта берілген қашықтықты жүгіріп өткен спортшы соншалықты төзімді деп есептеледі. Немесе белгілі уақытта қарқынын азайтпай, әр түрлі жұмыстарды орындау тапсырмасы беріледі. Мысалы, палуандарға берілген уақыт бойынша жамбастан асыра лақтыру тәсілімен «манекенді» лақтыру тапсырмасы берілді. Берілген уақытқа шыдап, көбірек «манекенді» лақтырған палуан төзімді деп бағаланады.
Төзімділіктің екі түрі бар: жалпы және арнайы. Жалпы төзімділіктің сипаты спортшының ұзақ уақытқа, жай қарқында бұлшық ет топтарының көпшілігін қатыстыра жұмыс істей алу қабілеттілігі (жүгіру, шаңғы тебу, ескек есу т.с.с). Жалпы төзімділіктің физиологиялық негізі адамның аэробты (тыныс алу деңгейін жоғары дамыту және сол деңгейді ұзақ уақыт ұстап тұра алу қабілеттілігі) мүмкіншілігі.
Белгілі әрекетке арналған, спорт түріне бейімделген төзімділікті арнайы төзімділік дейміз. Мысалы, палуанның арнайы төзімділігі, шаңғышының арнайы төзімділігі, жүзгіштің арнайы төзімділігі т.с.с. Арнайы төзімділіктің көптеген түрлері бар: жылдамдылық төзімділігі, күш төзімділігі, жылдамдық күш төзімділігі, статикалық күш салу төзімділігі және аралас төзімділік. [2]
Спортшы ағзасын жаттығу жасап жатқан кезде энергиямен қамтамасыз ету жағынан төзімділік: аэробты, анаэробты және аралас (аэробты-анаэробты) деп үшке бөлінеді. Дене тәрбиесі мен спортта жоғарғы шеберліктегі спортшыларды дайындауда өте маңызды төзімділіктің осы үш түрін жеке-жеке қарастырайық.
Адамның кеңістікте үйлесімді қозғала алуын, жаңа күрделі қозғалысты тез меңгере алуын, өзгерген жағдайға байланысты өз әрекетін тез басқаша құра алу қабілеттілігін ептілік деп атаймыз.
Ептілікті дамыту кезінде біз мынадай үш міндетті орындауымыз керек:
- күрделі қимыл-қозғалыс үйлесімділігі қабілеттілігін күрделендіре отырып жетілдіру.
- қозғалыс әрекетін өзгерген жағдайға байланысты басқаша құра алу қабілеттілігін жетілдіру (спорттық , қозғалмалы ойындар жағдайында);
- берілген қозғалыс әрекетін дәл қайталай алу қабілеттілігін арттыру.
Ептілікті тәрбиелеудің негізгі амалдары: жаңа немесе жаңадан пайда болған элементтері бар спорттық, қозғалмалы ойындар, гимнастика, акробатика жаттығулары. Жақсы үйренген жаттығуларды қайталау ептілікті дамытпайды. Сондықтан мұғалім әрбір дене тәрбиесі сабағында 1-2 жаңа жаттығу немесе бұрын үйренген жаттығудың элементтерін жаңалап, үйретіп отыруы қажет. Ептілікті дамыту жаттығуларын сабақтың бірінші жартысында өткізген дұрыс, өйткені оқушы ағзасы болдыра бастағанда ол жаттығулар аз нәтиже береді.
Ептілікті бастауыш және орта мектеп жастарында, қозғалыс, көру, есту, дене арқылы сезіну анализаторларын екпінді өсу кезінде дамытқан тиімді.
Адамның жаттығуды үлкен амплитудамен орындау қабілеттілігін икемділік дейміз. Амплитуда дегеніміз - адамның жаттығуды орындағандағы дене мүшелерінің бір шеткі қалыптан екінші шеткі қалыпқа жеткізе орындаған қимыл-әрекеті. Мысалы, оқушы аяқтарын бірге қойды – бір шеткі қалып, аяқтарын жан-жаққа созып «шпагатқа» отырды – екінші шеткі қалып, қолдарын жоғары көтеріп шалқайды – бір шеткі қалып, қолдарын алақанымен, шынтағымен еденге жеткізе алдыға еңкейді – екінші шеткі қалып т.с.с.
Икемділіктің өсу буын құрылымдарына; бұлшық еттің, сіңірдің созылымдылығына; көңіл-күйге (жоғары көңіл-күй кезінде икемділік артады); бой қыздыруға; сыртқы температураға; тәулік уақытына (12-ден 17-ге дейін ол көп); жасқа (15-16 жаста икемділік көп кезі); күш даму деңгейіне (күші көп адамдардың икемі аз); спорттық мамандыққа және т.с.с. байланысты(1).
Икемділік белсенді және енжар болады:
Спортшының өз әрекетімен, үлкен амплитудамен қозғалысты орындау қабілеттілігін белсенді икемділік дейміз.
Сыртқы орта әрекеті күшімен әсер етіп қозғалысты үлкен амплитудамен орындау қабілеттілігін енжар икемділік дейміз. Сыртқы орта әрекетіне жататындар – дене тәрбиесі мұғалімінің, жаттықтырушының, серігінің көмегі, әр түрлі құрал-жабдықтардың көмегі т.с.с. Мысалы, кілемде аяқтарын жан-жаққа соза отырып, аяқтарының ортасына қарай терең еңкейіп, икемділік жаттығуын жасап жатқан спортшыны алайық. Ол өз әрекетімен, өз күшімен жаттығуды орындаса белсенді икемділік, ал орындап жатқан кезде жаттықтырушысы келіп арқасынан итере басып, терең еңкеюге көмектессе енжар икемділік деп танылады. Икемділікті тәрбиелеудің басты кезеңдерінде белсенді икемділікті дамытып барып, ары қарай енжар икемділікті дамыту әдісін жалғастырса дұрыс болады. Икемділік сыртқы орта әсері арқылы жақсы дамиды. [3]
Икемділікті дамытудың негізгі амалы – созылу, керілу жаттығулары. Ол жаттығулар мынандай түрлерде орындалады: қарпайым созылу, серіппелі созылу, сермеу, дене қалпын ұстау, сыртқы көмектің әсерімен созылу т.с.с. Икемділік жаттығуларын бой қыздырудан кейін сабақтың барлық бөлімдеріне кіргізуге болады. Икемділік жаттығуларын орындағанда нақтылы міндет қою қажет, мәселен белгілі затты алу немесе бір затқа дене мүшелерін тигізу т.с.с. Мысалы, алға-төмен еңкею, омыртқа жүйесін созу жаттығуын орындаудың басында қолдың ұшын жерге тигізу, алақанды тигізу, шынтақты тигізу кезекпенен, бар мүмкіншілікпен әрекеті, созыла орындалады. Созылу жаттығуларын амплитуда орындау шегіне жеткізе, яғни буындарда жеңіл ауырту сезімдерін сезінгенше орындау қажет. Созылу жаттығулары тізбегінен кейін босаңсыту жаттығулары орындалады.
Буындардың жылжымалылығын арттыру үшін күнделікті жаттығулар жасау керек. Икемділік жаттығулары арасындағы 2-3 апта үзіліс оның дамуына кері әсері туғызады. Икемділікті дамытудың негізгі жолы – қайталау әдісі.
Жаттығуларды рет-ретімен мойын, қол буындарына, кеуденің омыртқа белдеулеріне, аяқ буындарына арнап орындау қажет. Икемділік жаттығуларын қайталау мөлшері әр түрлі. Бел-жамбас буынының иілу және жазылу жаттығуларындағы амплитуданың қозғалу шегі 7-10 жастағы оқушыларда 20-30 рет, 11-14 жастағыларда 30-40 рет, 15 жастағыларда 45 рет қайталағаннан кейін жетіледі. Одан әрі қарай амплитуда қозғалысы азаяды, жаттығуды тоқтатқан дұрыс. [2]
Жылдамдық дегеніміз – адамның белгілі бір уақыт аралығында кеңістікте жылдам қозғалған әрекеті.
Қарапайым қозғалыс жылдамдығы дегеніміз – алдын ала белгілі қозғалыспен, бірақ кенеттен берілетін дыбысқа жауап (спортшының дыбыс берілген кезде белгілі қозғалыс әрекетін тез орындауы). Қарапайым қозғалыс жылдамдығы қандай да бір қоздырғышқа кері жауап қайтару уақытымен бағаланады. Қоздырғыштар – жаттықтырушының, төрешінің дауысы, сөрелік тапаншаның атылуы, шапалақтың соғылу дыбысы, жарықтың жарқ етуі, төрешінің жалау ұстаған қолын сермеуі және т.б. Мысалы, 100 м жүгірудегі сөрелік тапаншаның атылуы немесе төрешінің дауыстаған бұйрығы бойынша жүгіре жөнелу.
Қарапайым көру – қозғалыс жылдамдығының ұзақтығы спортшыларда орташа 0,10-0,20 секөндтан, спортпен жаттықпайтындарда 0,15-0,25 секөндтан көбірек уақытта болады. Берілген дыбысқа жауап спортшыларда 0,05-16 секөндқа дейін, жай адамдарда 0,20-0,35 секөндтан көбірек уақыт мөлшерінде болады. Қарапайым қозғалыс жылдамдығын тәрбиелеу әдістемесі екі кезеңге бөлінеді де, әр кезеңде өзіне тән дене тәрбиесі әдістері қолданылады. Әртүрлі әрекеттердің \әскери, спорт, өнеркәсіп\ талабына сай дамытылған дене қуаты қасиеттерінің, қимыл дағдысының нәтижесі. Ол жалпы және арнайы дене қуаты дайындығы деп бөлінеді.
Жалпы дене қуаты дайындығы –жалпы әртүрлі әрекет түрлеріне бағытталған дене тәрбиесі үрдісі. Арнайы дене қуаты дайындығы арнайы бір спорт не кәсіп түріне қарай бағытталған дене тәрбиесі үрдісі болып табылады.[1]
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Е.Қ. Уанбаев Спорт және дене тәрбиесі пәнін оқыту әдістемесі, оқу құралы. 56-63 бет (https://stud.kz/referat/show/68859)
2. Уанбаев Е.Қ. Дене мәдениеті және спорттың ілімі мен әдіс намасы. – Өскемен, -2010 - 124 б
3. Мұхаметжанова Ұ. Дене шынықтыру пәнін оқыту әдістемесі. –А, 2006. – 320б
4. 2018-2019 оқу жылында Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беретін ұйымдарында оқу процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері туралы: Әдістемелік нұсқау хат. – Астана.: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2018. – 368 б.
.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген