жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
дін туралы эссе
Алаш қайраткерлері ішінде ұлт даңқын көтергендердің бірі һәм бірегейі - Мұхтар Әуезов. Ол халықтың рухани аманатын ұрпағына бүкпесіз қалдырған қаламгер - Абайдың шынайы бейнесін аша білді. Әуезов - Абайдың өмірінен тұтас бір тарих жасап шыққан ұлы ойшыл, бір шығармаға ғасырлық тарихты сыйдыра білген жазушы. Оның суреткерлігі бір төбе болса, адамгершілігі де бір төбе. Шыңғыс Айтматовтың «Өз басым өзге елге сапарға шығып, өзге жұрттың табалдырығын аттай қалсам, әрқашан қасиет тұтып, өзіммен бірге қастерлеп ала жүретін екі түрлі асылым бар: бірі - «Манас», бірі - «Мұхтар Әуезов», - деуі осыны айғақтайды. Мұхтар Әуезовтың қандай шығармасын алсақ та, «Қорғансыздың күні», «Оқыған азамат», «Жетім» сияқты қысқа бірақ ұлы дүниесінен жазушылардың бәріне бірдей бұйыра бермейтін суреткерлік шеберлікті көреміз. «Абай жолы» - ғасырлық туынды. Төрт томды эпопеялық көлемді роман қазақ қоғамының ғасырлық, әлеуметтік, тұрмыстық, отбасылық ғұмырын мейлінше дәл, айқын, адал бейнелейді. Бұл шығармадағы оқиғалар күн демей, түн демей толассыз өтіп жатады, бірін-бірі қуалай аққан дария толқындарындай сабақтас қалпында көрініс табады. Біз шығармадан мәңгілік толас таппайтын жақсылық һәм жамандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың шайқасын көреміз, рухани қорымызды байыта түсеміз. Абайдың өмірінен үлгі аламыз. Мұхтар Абайдың жеке басына түскен қиындықтан, жеке бас трагедиясынан халық трагедиясын көтере білді. Данышпан Абайдың бала, жас Абайдан хәкім, дана Абайға дейінгі өмір кезеңін қамтитын бұл шығарманың қазақ әдебиетінен алар маңызы зор. «Абай жолында» қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы көрініс тапқан. Сонымен қатар романда қазақ халқының тұрмысы, діні, жалпы дәстүрлері: жаз жайлауға көшу, аза тұту, ас беру, жұт, болыс сайлаушы, дауға билік айту, аң аулау мен табиғи көріністері көркем айшықталған. «Абай жолы» - жай ғана тарих емес, көркемдік ойдың көрігінен өткен, бүкпесіз бейнеленген өмір шындығы, халықтың тағдыры, өткені мен келешегі жайында терең толғаныс. Мұхтар Әуезовтің қай шығармасын алсақ та, одан ағартушылық, адамгершілік сарыны, туған халқына, Отанына деген ыстық сезімі, қорлыққа, әділетсіздікке қарсылығы көзге оттай басылып тұрады. Бұған айтпасақ та дәлел болатын мәңгі өшпес, теңдесіз мұрасы - «Абай жолы».
Кітаптың алғашқы басылымы 1942 жылы, екінші томы 1947жылы, ал үшінші және төртінші томдары 1952, 1956 жылдары жарық көрді. Бұрын соңды қазақ әдебиеті тарихында орын алмаған туынды әлемді таң қалдырып, дүние жүзіндегі сарапшылардың тарапынан аса жоғары бағаланды. Қазақтың аса бай әрі көркем тілімен өрнектеліп жазылған бұл шығарма қазақтың бар болмысын барынша ашып көрсетіп, халқымыздың барша әлемге танылуына түрткі болды. Аталған романның басты кейіпкері қазақтың маңдайына біткен жұлдызы, қазақ жазба әдебиетенің, әдеби тілінің негізін салушы, ағартушы, ұлы ақын – Абай Құнанбаев. Әуезовтың ұлттық тілмен көркем суреттей білген білімді сүйген, әділдікті сүйген Абай бейнесінен үлгі тұтар тұлға ретінде одан асқан адам жоқ екендігін ұғынуға болады. Өз заманында әкенің емес, халықтың ұлы бола білген ол қазіргі жастарымызға атаның емес, ел қамын жеген, халықтың мұң-мұқтажына көңіл бөле білген, ұлтжанды азамат болу керектігін ұқтырғандай. «Абай жолы» романында қазақтың ұлы тұлғасы Абайдың өнегелі өмірі баяндалуымен қатар, қазақ халқының тәрбиелілігі, салт-дәстүрге беріктігі, дана халық екендігі суреттеледі. Камерун жазушысы: «Мен бұрын қазақтар туралы естімегенмін, енді оларды өте жақсы білемін. Себебі, Мұхтар Әуезовтың кітабын оқыдым, қазақтың ұлы ақыны Абаймен таныстым. Шығарманы оқи отырып, Абаймен бірге өмір сүріп, қазақ даласының ауасымен тыныстағандай күй кештім» деп өз таңданысын білдірген болатын. Әлем оқырмандарының өте үлкен қызығушылығын тудырған роман қазірде 116 тілге аударылған.
Әлемдік деңгейдегі бұл дүниеге Луи Арагонның өзі: «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі» - деген екен. Расында да суреткер қазақтың маңдайына біткен біртуар ұлы Абайды халқына сөз өнерімен сомдаған. Осындай алып дүниені жаза отырып Мұхтар Әуезов өзі де қазақ көгінде мәңгі өшпес жұлдызға айналды. Яғни, Мұхтар Әуезов – ғасырда бір туатын жазушы болса, «Абай жолы» - ғасырлық туынды, ғасырда бір туатын шығарма.
Орындаған:
Балқаш қаласы, ЖББ №8 орта мектебінің
қазақ тілі әдебиет пәнінің мұғалімі
Манаева Айгерим Қапанкызы

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген