15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
ДИНАЗАВРЛАР МЕН ЕГЕУҚҰЙРЫҚТАР (М.Шаханов)
ДИНАЗАВРЛАР МЕН ЕГЕУҚҰЙРЫҚТАР((ҮЗІНДІ))
Өлеңді жазған: Мұхтар Шаханов
2006-07-21
Неге бизнес орындары отыз бестен, қырықтан
Асқандарға жұмыс беру мүмкіндігін ұмытқан?
Іскер көзбен қарағанға мұның өзі дұрыс та,
Цирктерде қарт маймылдар тартылмайды жұмысқа.
Ал жас маймыл бағынымпаз, тәрбиеге тез көнер,
Үйретіп ап басқара бер ыммен яки сөзбенен
Ауна! десең, айнайды олар,
Тұр! деп бұйыр, тұрады!
Бағынғыштың болмау керек өз пікірі, құлағы,
Өз пікірі жоқтың ғана билікке жоқ сұрағы.
Іскер милар! ғаламзаттың осы күнгі - ұраны.
Ба рухсыз іскерліктің пендешілік - тұрағы.
Сондықтан да қарт тұлғалар ар-намысты, ұятты
Бір кездегі епетейсіз динозавр сияқты
Артықтыы сезілді де,
Қалып сыйсыз, желексіз,
Дәуіріне болып шықты керексіз.
Секілденіп лимузинмен даңқ сынасқан ат арба,
Рух солай сырғып кетті ең кейінгі қатарға.
----------------------------------- ----------------------------------- ----------
Жаңа қазақтар
Жаңа қазақ, шала қазақ жас інім,
Алшысынан тұрды бүгін асығың.
Саған қарап ойландым да жасыдым.
Айырмаған азғыны мен асылын
Мына ғасыр, бәлкім, сенің ғасырың.
Мына ғасыр безбүйректеу өр ғасыр,
Жүрегінде сезім емес, қорғасын,
Шетке қақты тұлпары мен жорғасын.
Қақпай қайтсін, бәрін сатып алуға,
Һәм сатуға мүмкіндігі болғасын.
Сенде қазір думан дәурен, масат күн,
Өзіңді-өзің бар жауаптан босаттың,
Рухани байлыққа да тас аттың.
Аудандағы жалғыз кітап дүкенін
Сатып алып, сырахана жасаттың.
Тез ашылып саудагерлік дарының,
Таудан, тастан қайтпастай өр арының,
Саудаладың Алматының жарымын.
Ұлағатты ұлы қазақ елінде
Сатылмайтын нәрселер де бар, інім.
Жалғыз саған борыштыдай бар халық,
Топ ішінде ісіп-кеуіп, нарланып,
Кейкиесің қол беруге арланып.
Дегенмен біз сені туған ұлттың
Сатылмайтын қасиеттерін қорғадық.
Көз көп қазір сыртымыздан сын айтар
Бәйтеректі мазақтаса құмай тал,
Ерден бұрын ел сенімін мұңайтар.
Бірақ бізге өз ұлтыңды өзгеден
Кем сүйесің деп, қанекей, кім айтар?
Асау даусы әр қиырдан естілген
Ағаң бізбіз ерте есейіп, кеш күлген.
Аман қалған талай қарлы көшкіннен.
Уақыт артқан абырой мен беделі
Сұрап, сатып алынбаған ешкімнен.
Желтоқсанда құрық түсіп арманға,
Жас буынның өзегін өрт шалғанда,
Үнсіздігі айналып зор қорғанға,
Дәл бүгінгі батырлардың көбісі Ұлтымызға ызғарлы үрей шашқанда,
Қыздарымыз қайсар мінез ашқанда,
Кей еркектер құдай қара басқанда
Ұқсағанда піштірілген қошқарға,
Қонаевтың жақсылығын көргендер
Қонаевты жалғыз тастап қашқанда
Сахаровқа іні болып табысып,
Горбачевпен, Крючковпен қағысып,
Талай залым алпауытпен бәйгеге
Бар қазақтың ар-намысын ап ұшып.
Ұлтымыздың әр мұңының басында,
Салт пен сана, тіл мен дәстүр қасында,
Арал зары шапқан кезде насырға,
Қорғаушы боп тағы да біз жүргенбіз
Мейірім қосып мейірімсіздеу ғасырға.
Тамырсыз жан жұрт мұңына саңырау
Деген пікір рас па еді, тәңір-ау?
Неге болдық рухсызға қоңырау?
Қандай қорлық, ағыл-тегіл дәулеттен
Дәулеттінің жан байлығын танымау.
Дәстүріміз тұрса екен деп күшінде,
Егемен ел болуды аңсап түсінде,
Ұлы арманы запыран боп ішінде,
Сан ғасырлық ұлтымыздың шайқасы
Сендейлерді тайраңдату үшін бе?
Мұндай бақты көрдің бе екен түсіңде,
Бүгін жүртты менсінбеген пішінде,
Шыға келдің айналып тас мүсінге.
Біздің қилы күресіміз кешегі
Сені атқа отырғызу үшін бе?
Біздің дәуір нарықтан кеп табылды
Бірақ, нарық жүрмей жатып жаңылды.
Нақ сол тұста сынап қалдың бағыңды.
Қоғам мүлкін заңдастыра жымқырып
ВІс бастап ең, байлық сел боп ағылды.
Рухынан артық қойған қарынды
Шын безбүйрек болып шықтың алымды.
Нәтижеде жұрт қалтасы қағылды. "Бөлінсе де сана төртке, ми үшке,
Нарық заңы солай, жөнсіз тиіс пе?" -
Дейді біреу шығып алып мүйіске.
Сонда қалай, кедейленіп бар халық,
Жүз-ақ адам бай болуға тиіс пе?
Жүз бай шырқап, миллион кедей аһ ұрған,
Пайда тым аз жүз бай еккен дақылдан.
Кім бар жұртты тең баюға шырқаған?
Фарабиден "мықты ел кім?" - деп сұраса,
"Қайыршысы жоқ ел," - депті ақылман.
Сорласа жұрт рухсыздан сорлайды.
Қырандардан биік қойсақ торғайды,
Отанды кім торғайлардан қорғайды?
Рухсыздың, қайырсыздың баюы,
Бәлкім, ертең ұлтымызға зор қайғы.
Жинасаң да әлемнің бар алтынын,
Адамдығың көрсетпесе жарқылын,
Қоршар сені салқын шаттық, салқын үн.
Ешкім рух байлығынан бөлініп
Шын бақытқа жеткен емес, жарқыным!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген