жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"ДҮНИЕТАНУ САБАҚТАРЫНДА ДИДАКТИКАЛЫҚ МАТЕРИАЛДАРДЫ ПАЙДАЛАНУ" мақала
Дүниетану сабақтарында дидактикалық
материалдарды пайдалану
«№137 негізгі орта мектебі» КММ,
бастауыш сынып мұғалімі Сәменова Гүлнур Мұздыбекқызы
Бастауыш сыныптарда дүниетану пәнін оқытудың мақсаты – бастауыш білім беру деңгейінде білім алушылардың бойында жалпыадамзаттық құндылық ретінде табиғат, адамды қоршаған әлеуметтік орта, табиғат пен қоғамның бір-бірімен байланысы және өзара тәуелділігі түсініктері туралы білім жүйесін қалыптастыру
Бұл мақсатты жүзеге асыруда дидактикалық материалдардың алатын орны ерекше. Дидактикалық материалдар оқушыларға дүниетану пәнінен берілетін білімнің, білік пен дағды сапасын арттыруға, пәнге деген қызығушылығын оятуға, дүниетанымдық ұғымдарды қалыптастыруға, танымдық іс - әрекетті белсендіруге септігін тигізеді.
Дүниетану сабақтарында оқулықтағы дидактикалық материалдар, топсеруен барысында жинаған дидактикалық материалдарды және қосымша дидактикалық материалдарды пайдалануға болады.
Оқулықтағы дидактикалық материалдардың мақсаты – жылдың әр мезгілін жан – жақты баяндау. Бірақ әрбір жеке тақырыптың беретін түсінігі әр түрлі. Бір тақырыптың мазмұны жыл мезгілінің ауа райын суреттесе, екіншісі – сол кездегі өсімдік пен жануарлар тіршілігін түсіндіруге байланысты берілген. Ал үшіншісі - өсімдік пен жануарлар тіршілігінің өзгеру себебін ашып береді.
Сондықтан оқулықтағы дидактикалық материалдарды сабақ үстінде қалай пайдалануға болады, сабақтың қай бөлімінде оқытқан дұрыс деген мәселені мұғалім алдын ала анықтап алады.
Жалпы бастауыш сыныптардағы дүниетану сабағы үзіліссіз сатылы білім беру мақсатында жүргізіледі. Бұл сабақта оқушылар табиғатқа күнделікті бақылау жүргізіп, оқулықтағы тапсырмаларды жүйелі орындап отырады.
Оқулықта оқушылардың өз бетінші орындайтын жұмыстарға көп көңіл бөлінеді.Әр сабақ сайын оқушыларға жаңа ұғым берумен қатар, өткенді қайталау, сөздік қорларын молайту, жаңа сөздермен танысу, атаулар енгізу үнемі назарда ұсталады.
Оқулықтағы берілген материалдар да оқушының табиғат, қоғам, адам іс - әрекеті туралы білімдерді, олардың арасындағы байланысты түсінуге, жеңіл ұғынуға байланысты біртіндеп күрделілендіріп құрылған
«Дүниетану» оқулығымен жұмыс жасау барысында, оқушылар ең басты – кез келген жаратылыстану ғылымына тән әрекеттер жасайды- бақылайды, тәжірибе жасайды, практикалық жұмыстар жүргізеді. Сондықтан бұл курс жаратылыстану ғылымдарын оқып – үйренуге біріші қадам ретінде мән беріледі.
Оқулықтағы материалдарды оқып – үйренудің негізінде оқушылардың өздерінің белсенді іс - әрекеті арқылы табиғат сырларын бақылауы жатыр. Бұл «Бақылау күнделігін» толтыру арқылы жүзеге асырылады.
Күнделікті жүргізілетін бақылаулардың мазмұны мен мақсаты жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады. Жыл мезгіліне байланысты жүргізілген бақылаудың нәтижесін қорытып отыру қажет.
Оқытудың нәтижелі болуы – оқушылардың табиғатты бақылауын дұрыс ұйымдастыра білуге байланысты.
Бастауыш сыныпта дүниетанудан берілетін түсінік - өлкетану материалдарына және өз өлкесінің табиғатын бақылай арқылы оқытуға негізделген.
Табиғат туралы ұғымды түсіндіруде оқушыларды жергілікті жердің табиғатын бақылауға дағдыландырудың маңызы зор. Оқушыларды табиғатты бақылай білуі – көптеген жаттығу жұмыстарын орындаудың нәтижесінде қалыптасады. Ол үшін мұғалім тапсырмаларды орындауда жүйелі түрде бағыт – бағдар беріп отыру қажет.
Оқушыларды табиғатты бақылауға дағдыландыру үшін ең алдымен оларға жеңіл тапсырмалар беріп, өздерінің байқаған құбылыстары туралы қорытынды жасату қажет.
Оқушыларға өздеріне бақылату үшін алдын ала тапсырмалар беру қажет. Осындай құбылыстарды байқаған кезде оқушылар, біріншіден, табиғатты бақылауға дағдыланады, екіншіден, сол байқаған құбылыстың пайдалы, зиянды жақтарын өздері анықтай білуге үйренеді.
Оқушылар алдын ала берілген тапсырмаларды қызығушылықпен орындайды. Оның нәтижесін кейін сабақта пайдаланады. Сабақ үстінде тақырыптың мазмұнымен таныспас бұрын мұғалім оқушылардың өздерінің бақылағандары туралы әңгіме жүргізеді. Мұғалім оқушылардың бақылау барысында жинаған материалдарын анықтап, қорытынды жасатады.
Осындай жұмыстың нәтижесінде оқушылар тек тақырыптың мазмұнын меңгеріп қана қоймай, табиғатты үнемі бақылап жүру арқылы танып білуге болатынын ұғынады. Мысалы, 2 –сыныпта «Тұқым және жеміс» деген тақырыпты оқытпас бұрын оқушыларға алдын ала мынадай тапсырмалар беріп, оны өздеріне бақылатуға болады.
-
Кез келген үйде өсімдіктер тұқымын алыңдар.
-
Олардың қандай өсімдіктердің тұқымы екендігін байқаңдар.
-
Қандай жеміс беретінін анықтап, дәптерге суретін салыңдар. Мұндай тапсырмаларды оқушылар өздігінен орындай алады. Өздеріне жүктелген объектілерді бақылайды, табиғатты бақылау әдістерін меңгеріп, төселе түседі. Қысқа мерзім ішінде орындалатын бақылаулар көбінесе жеке тақырыптардың мазмұнына байланысты ұйымдастырылады. Оқушылар аз уақыттың ішінде жүргізген бақылауларының нәтижесінде тақырыптың мазмұнын саналы түрде меңгереді.
Жыл мезгілдеріндегі ауа райының өзгеруі, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігі туралы оқыған кезде оқулықтағы берілген дидактикалық материалдармен ғана шектелуге болмайды.
Қосымша дидактикалық материалдар – экологиялық жағдаяттар, қызықты деректер, жұмбақтар, ауа – райы туралы болжамдар. Сабақтың мазмұнына байланысты экологиялық жағдаяттарды шешу – оқушыларды ұшқыр ойлауға, белгілі бір шешім қабылдауға жетелейді.
Сабақ барысында өтілген материал бойынша қызықты деректер оқушылардың ой-өрістерін кеңейтіп, білімдерін жетілдіреді.
Ауа – райы туралы болжамдар ата – бабамыздың ғасырлар бойы жинақтаған іс – тәжірибелері негізінде табиғат құбылыстарын болжауға үйретеді.
Сабақта тақырыптың мазмұнына байланысты жұмбақтар шешу- оқушыларды тапқырлыққа баулиды және жан – жануарлар, жәндіктер, құстар тіршілігінің және табиғат құбылыстарының қыр – сырларын, өзіндік ерекшеліктерін ажыратуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде оқыту жүйесіне қойылып отырған талаптардың ең негізгісі – оқушыларға берілетін білімнің өмірмен тығыз байланыста болуы.
Сондықтан дүниетану сабағында оқушыларды жылдың әр мезгіліне байланысты топсеруенге шығарып, табиғатта болып жатқан құбылыстар мен өзгерістерді бақылатып, сол бақылағандарын сабақ барысында пайдалану негізгі орынды алуға тиіс.
Табиғатқа топсеруен жасау әр түрлі жағдайда ұйымдастырылады. Жыл мезгілінің ауа райы туралы оқыту үшін, ең алдымен оқушыларды топсеруенге шығарып, ауа райында болған өзгерістерді байқатып, содан кейін сыныпта сабақ өткізеді.
Оқушылар табиғатта болып жатқан өзгерістерді бірден байқауы үшін үнемі белгілі бір жерге топсеруен жасау қажет.
Сонда жылдың әр мезгілінде байқаған табиғат құбылыстарының өзгергенін бірден аңғарады.
Топсеруенге шықпас бұрын мұғалім оқушыларға топсеруеннің мақсатын түсіндіріп тапсырмалар береді. Тапсырмаларды мұғалім оқушыларға түсіндіреді. Тапсырмаларды алып, мәнін түсінген оқушы сыртқа шығысымен жан – жағындағы табиғат құбылыстарын байқауға тырысады.
Алдын ала белгіленген жерге келіп тоқтағаннан кейін, оқушылар берілген тапсырманы орындауға дайындалады.
Содан кейін мұғалім берілген тапсырмалар бойынша оқушылардың өздерін сөйлетеді. Олар өз көздерімен көрген құбылыстарды әңгімелеп береді. Бірінің байқамай қалғанын екіншісі толықтырады.
Топсеруеннің келесі кезеңінде мұғалім жылдың әр мезгіліне байланысты тіршіліктегі ерекшеліктерді байқатады. Топсеруен кезінде оқушылар табиғатта болған өзгерістерді байқап қана қоймай, олардың неліктен осылай екеніне жауап іздейді, табиғат заңдылықтарын, олардың себебін білуге құмартады.
Оқушылардың топсеруен кезінде алған түсініктерінің нәтижесін және жинаған материалдарды сабақта пайдалану үшін әр тақырыптың мазмұнына байланысты бөлімін ғана іріктеп ала білу керек. Мысалы , өсімдіктер туралы тақырыппен танысқанда өсімдікке байланысты бөлімін, жан – жануарлар туралы оқытқанда жан – жануарларға байланысты жайды әңгімелейді.
Сабақта оқушылардың өздерінің байқағандарын пайдалану оқулықтағы тақырыптың мазмұнын дұрыс түсінуге көмектеседі. Жаңа тақырыптың мазмұнын саналы ұғынуға оқушыларды дайындап алмай, оларға оқулықтағы материалды бірден оқытсақ, өздері көрмеген көріністі көз алдына елестете алмауы мүмкін. Мысалы, ағаш жапырақтарының түсуі, жәндіктердің ағаш қабықтарының арасына жасырынуы, алғашқы қар, қыс кезіндегі құстардың қоректенген жерінде қалған тамақ қалдықтары, көктемде мұздың еруі, сеңнің жүруі т.б.
Осындай көріністерді оқушылар топсеруен кезінде де, күнделікті өмірден де байқайды. Оқушылардың байқағандарын тақырыптың мазмұнымен байланыстырып оқытқанда неліктен?, неге? деген сұрақтар өздігінен туындайды. Мысалы, «Күзде ағаш жапырақтары неге түседі? Өсімдіктер неге қурайды? Жазда неге құлпырып тұрады?» - деген сұрақтар қою арқылы мұғалім оқушыларға осы өзгерістердің себебін түсіндіреді. Сол бойынша табиғат объектілерінің арасындағы байланысты ұғындырады. Міне, сондықтан топсеруенге шығу барысында жинаған дидактикалық материалдардың сабақта атқаратын ролі зор.
Пайдаланған әдебиеттер
-
Дүниетану /1-4 сынып/ бағдарламалары. – Астана, 2009
-
Дүниетану : Жалпы білім беретін мектептің 2 –сыныбына арналған оқулық /К.Жүнісова, Қ. Аймағамбетова, З. Олейник. 3 – басылымы, өңделген. – Алматы: Атамұра, 2009. – 160 бет, суретті
-
Аймағамбетова К., Олейник З.Ф. Дүниетануға арналған үлестірмелі материалдар. – Алматы: Атамұра, 1998. – 63б

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген