«Егер мен президент болсам...»
Егер мен президент болсам,
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара жолын
жалғастырушысы болар едім. Себебі
тәуелсіздік алу жолында аянбай халқы,
елі үшін еңбектенді. ХХ ғасырдың
90-жылдарында азық-түлік, киім-кешектің
тапшы заманында, халықтың қолында
қорғансыздық болмағанда, КСРО-ның ыдырау
кезеңінде, біздің тұңғыш президентіміз
тәуекелге бел буып, халықтың ертеңгі
күніне сенімдерін оятты. Елдің саяси
құрылымы жаңа мәнді иеленді. Қазақстан
халқы Ассамблеясы құрылды, ұлттық
валюта теңгеміз дүниеге келді. Қазақстан
кең-байтақ даласының мемлекеттік
шекарасын бекітті. Халықаралық, ұлы
державалар қатарына кіріп, Қазақстан
елін бүкіл жер шары білетін болды.
Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін
салушы біздің президентіміз-Н.Ә.Назарбаев
екендігін бүкіл әлемдік көшбасшылар
мойындап отыр.
Қазақ халқы қазыналы, қонақжайлы
елміз. Жеріміз ұшан теңіз, кен байлығына
толы. Ата-бабаларымыз жастарға аманат
етіп қалдырып кеткен «жеті қазынаны»
біліп, меңгеру біз үшін басты міндет.
Қазақ өзінің дәстүрлі дүниетанымында
жеті қазынаны ер жігіттің өмірімен
байланыстырып, ол ұғымға мыналарды
жатқызған: жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай
тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан,
майланғыш ау, өткір кездік. Халқымыз
қазынаны ырыс деп санаған. Сол себептен
ырыстар қатарында ақыл-парасатты,
денсаулықты, ақ жаулықты, баланы,
пейіл-көңілді, жерді, итті атаған. Осы
қазақ қазынасының құндылығын меңгеріп,
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу- ол жастар,
біздің қолымызда. Осы орайда тұңғыш
президентіміздің мына дана сөзі ойымнан
бір кетер емес: «Егер адам өз қабілетін,
білімін қастерлеп, өмірмен біте қайнасып
жүрсе, оның қолынан келмейтін нәрсесі
жоқ». Сондықтан мен өзімнің алдыма
мынадай мақсат қойдым: сабақты жақсы
оқып, жоғарғы оқу орнына түсіп, тұңғыш
президентім Н.Ә.Назарбаев сияқты елін,
халқын сүйген азаматша болып ер жетіп,
мемлекетіміздің ілгері алға қарай
басуына жағдай жасап, күн демей, түн
демей еңбектеніп, еліміздің салт-дәстүрін,
тарихын біліп, дамытып, жаңа технологиялық
әдіс-тәсілдерді меңгеріп, Қазақстан
елі басқа елге тәуелді болмай, барлық
шикізат өнімдерін, өндіріске қажетті
қазба байлықтарын өз елімізде өндіріп,
сыртқа импортқа шығарып, мемлекет пен
халқымыздың бақытты өмір сүруіне жағдай
жасар едім. Өз жерімізде өндірістік
орындарымыз көп болса, елімізде
жұмыссыздық та азаяды.
Адал еңбек жасайтын адамдардың
күн көрісіне қарай еңбекақыларын өсіріп,
аналарды елу сегізден, ер азаматтарды
алпыс жасынан зейнеттік жасқа шығарар
едім. Өйткені ауылдық жерде аналар
үйлерінде балаларын күтеді, сиыр сауады,
от жағады. Сонымен қатар отбасын,
бала-шағасын асырау үшін қосымша
мемлекеттік жұмыста болады. Анаға
түсетін жүк ауыр, сондықтан ауылдық
жерде осыған көп көңіл бөлер едім.
Отбасылық жағдайы жайсыз, аз қамтамасыз
етілген отбасыларын ескере отырып,
баспана мәселесін шешіп берер едім.
Жоғарғы оқу орнында тегін білім алып,
жатаханамен түлектерді қамтамасыз
етуге, дәріханаларда дәрі-дәрмектердің
бағасын түсіріп, қол жетімді етуге өз
үлесімді болашақта қоссам ба деген
ойлар көп келеді.Адам өзіне-өзі сенімді
болса, ерік, жігердің, ақылдың арқасында
алдына қойған мақсатына жетеді. Әрбір
адам өмірге жайдан-жай келмейді. Әрбір
дүниеге келген нәресте, өмірінде қоршаған
ортаға жақсылық жасау үшін келеді.
Сондықтан да, мен де өз еліме, халқыма
адал қызмет жасап, тұңғыш президентім
сияқты халқымның, елімнің сүйіктісі
атанып, қиындықпен күресіп, сенімділіктің
арқасында үлкен жетістікке жетер
жолында, қасық қаным қалғанша еңбектеніп,
болашақта аңсаған арманыма жетемін
деген ойдамын.
Ал бұл мақсатқа жету үшін
аянбай оқып, ішкі жан дүниемді тыныштыққа
толтырып, қоршаған ортадағы адамдарға,
жан-жануарларға, табиғатқа сүйіспеншілікпен
қарап, өмірде дұрыс іс-әрекет жасай
отырып, өз еліме адал қызмет жасап,
қоршаған ортаға қиянат жасамай, алдыма
қойған негізгі мақсаттарыма жетуді
армандаймын. Сол арманға жету жолында
қызықты кітаптарды, газет-журналдарды
оқып, өз білімімді жетілдіру арқылы,
Отанға, халқыма адал қызмет жасап,
ержүрек Бауыржан Момышұлы сияқты
«жүректі адам» атанғым келеді. Өзімді
оқытып жатқан ұстаздарыма алғысым
шексіз. Өйткені ұстаздарымның арқасында
өзімді-өзім танып біліп, біреуге
жаманшылық жасамауды үйрендім. Ізгілікке
жақын болып, жүрегімді мейірімділік
пен сүйіспеншілікке толтырып, ата-анам,
ата-әжем, туған-туыстарымның ортасында
бейбітшілік, бақытты өмір сүруді
үйрендім.
«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік
білім беру бағдарламасының авторы,
«алтын жүректі» анамыз Сара Алпысқызы
Назарбаева айтқандай, «Өмірге адам
болып келген соң, адам болып өту парыз»
деген дана сөзі менің жүрегімде мәңгі
сақталмақ. Тұңғыш президентіміз-Н.Ә.Назарбаев
биылғы – 2019 жылды «Жастар жылы» деп
атап, аманат етіп жастарға тапсырып
кетті. Сондықтан Отанымызға адал қызмет
етсек, үлкен белестерді бағындыра
алатынымыз сөзсіз.
Павлодар
облысы Баянауыл ауылы «Зейтін Ақышев
атындағы жалпы білім беретін орта
мектеп»КММ
8
«Ә» сынып оқушысы Сағадат Ботагөз
Серікқызы Жетекшісі
өзін-өзі тану мұғалімі Рахметова Фарида
Кенжебаевна