жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ерлік пен Жеңіс!
Алғабас негізгі мектебі
Сынып сағаты
Тақырыбы:
«Ерлік пен Жеңіс»
Өткізген: сынып жетекшісі
Салимова К.Т.
2014-2015 оқу жылы
Ерлік пен Жеңіс
Мақсаты: білімділік- 1941-45 жылғы соғыста қазақстандықтардың жанқиярлық ерліктері туралы мәлімет беру;
тәрбиелік-қазақстандық патриотизм сезіміне тәрбиелеу;
дамытушылық – тарих туралы біліктерін жетілдіріп,көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне дағдыландыру.
Көрнекілігі: «Отты жылдар шежіресі» слайдтар презентациясы, соғыс туралы кітаптар көрмесі.
Барысы
(Слайдтар интерактивті тақтадан көрсетіліп тұрады)
1-жүргізуші: 1941 жыл 22-маусым.Қанқұйлы фашизмнің қара бұлттай қаптаған қолы ССРО-ға тажалдай төніп тұтқиялдан тап берді.Бейғам,мамыражай тірлік кілт үзілді.
2-жүргізуші: Қазақстанның 1 миллион 200 мыңға жуық ұлы мен қызы Совет Армиясы қатарында шайқасты.Республикада ондаған атқыштар және атты әскер дивизиялары мен бригадалары, авиация полктары мен арнаулы батальондар жасақталды.Тарихта теңдесі жоқ каһармандық пен табандылықтың үлгісін көрсеткен Брест қорғаушылардың қатарында 3 мындай қазақстандық шайқасты. 8 – гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында 28 панфиловшы батыр Мәскеу түбінде бүкіл дүние жүзін таңғалдырған ерлік жасады.Қазақстандықтар София мен Варшаваны, Бухарест пен Белградты,Будапешт пен Венаны, Праганы, жүздеген, мыңдаған қалалар мен селоларды азат етуге қатысты.
1-жүргізуші: Қазақ жауынгерлерінің майдандағы ерлігі мен тапқырлығы,жауынан тайсалмайтындығы мен сұстылығы достарымызды сүйсіндіріп, дұшпандарымызды күйіндірді, қазақтар шын мәнінде жаратылысы батыр,ерлік дәстүрі қалыптасқан ержүрек халық екенін дәлелдей білді. Соғыс жылдары кеңес-герман майданында болып,ондағы жағдайды өз көзімен көрген Александр Верд деген ағылшын журналисі өзінің 1967 жылы Мәскеуден шыққан «Россия в войне 1941-1945 годов» атты ғұмырнамалық кітабында былай деп жазды:Ең мықты солдаттар- қазақтар болды, олар соғыстың өне бойында өздерін толығымен жақсы жағынан көрсетті». «Правда» газеті 1943 жылғы 6-ақпанда «Даңқты қазақ халқы Советтік Отан үшін шайқасты» атты бас мақаласында «Қазақтар майданда жақсы шайқасады.Қазақстан өз жерінің бүкіл байлығымен,тауларының бүкіл қазынасымен майданға қуатты тірек болып отыр...» деп ерекше атап көрсетті.
2-жүргізуші: Қазақтар Сұлтан Баймағанбетов, Акеділ Суханбаев Матросовтың, Нұркен Әбдіров Николай Гастеллоның ерлігін қайталады. Шығыс қыздары арасында Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова ерлігі мәңгі өшпес жарық жұлдыздай жарқырап қалды. Майдангерлер Волховтың бастапқы ой-қырларында, Ленинград пен карт Новгород түбінде, Карелия орман-көлдерінде, Заполярьеде, суық тундрада лапылдаған соғыс өртін кешті. Алға ұмтулудың қуанышы мен кейін шегінудің күйінішін бөлісті. Шыдамдылық пен төзімділіктің, қайсарлықтың сынағынан өтті. Мәскеу үшін шайқаста И.В.Карпов қолбасшылық еткен атқыштар полкі мен аға лейтенант Б.Момышұлы басқарған батальонның жауынгерлері ерекше табандылық пен қаһармандық көрсетті. Дивизия жаудың төрт есе басым күшіне қарсы қарсы кескілескен ұрыстар жүргізді. Мәскеу үшін болған шайқастарды еске ала келіп Бауыржан Момышұлы былай деп жазды: «Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады... біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік».
1-жүргізуші: 1942 жылы ауқымы жағынан адамзат тарихында болып көрмеген Сталинград шайқасының отты жалыны Қазақстан даласын да шарпыды. Полковник Ғани Сафиуллин басқарған 73-гвардиялық дивизияның өзі жаудың 120 танкісі мен 800 автомашинасын жойды. Сталинград майданында шайқасқан 29 және Алматының 38-атқыштар дивизияларының даңқы шықты.
Қазақстанда жасалған бөлімдер Мәскеу мен Ленинградты қорғасты, Балтық бойы республикаларын, Украина мен Белоруссияны жаудан тазартты. Днепрде, Одерде ерлік үлгілерін көрсетті. Бүкіл Еуропаны жаудан тазартуға қатысты. Ең аяғы жау ұясы Берлинге шабуыл жасап, фашизмнің ұясын талқандасты. Рейхстагқа ту тіккен алғашқы жауынгер қазақ Рахымжан Қошқарбаев болса, біздің шалқарлық Совет Одағының батыры – Ідіріс Үргенішбаев Днепр бойындағы шайқаста өшпес ерлікпен опат болды.
2-жүргізуші: Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар мен бөлімдердің көбі совет-герман майданының аса жауапты учаскелерінде болып, жауынгерлік ерлік пен әскери табандылықтың қатал сындарынан сүрінбей өтті. 470-ке жуық Совет Одағының Батыры атағы қазақстандықтарға берілді, соның 96-сы қазақ болатын. Совет армиясының қатарында ерлермен бірге әйелдер де болды. Олар ұшақпен көкте самғады, танк жүргізді, пулемет арқалады, ұрыс даласында мергендік көрсетті.
1-жүргізуші: Батырлық, ерлік қазақтың қанында бар. «Тегінде бар тек жатпас» деген. Сол халықтың ұрпағы ерліктің небір үлгілерін көрсетті. Сұм соғысты көзімен көріп, жеңіске жету жолында жауына кектене ұмтылған батырлардың арасында мектебіміздің майдангер ұстаздары – Муканов Садык Муканович, Шимшиков Ерден, Садвакасов Танабай сынды қарт ардагерлеріміз болды.
Бастау алып үлгермей тұнған дарын,
Кеткендерді жөн біліп тұрғандарың.
Отандастар, бір минут тоқтап үнсіз
Еске алайық соғыстың құрбандарың.
(Бір минут үнсіздік)
Наташа:«Борыштымыз»
Қанды майдан, қызыл өрт борандаған...
Талай боздақ сол өрттен оралмаған.
Мен бүгінде бақытты болып жүрсем,
Бұл – солардың қызығы көре алмаған.
Уақыт – тұлпар күндерді ала қашып,
Жеңістен соң алпыс алты жыл ара қашық.
Қашқан сайын уақыт – олар жақын,
Ұлы істерге бізбен жүр араласып.
Бүгінде олар ұрпақтың ән-жырында,
Арайлап атқан әрбір таң нұрында.
Аяулы махабатта, ақ арманда,
Әр адамның қанында, тағдырында.
Мәңгілікке айналып өткенімен,
Керуен тартып көгілдір көк төрімен
Қайтқан құс боп қиқулап туған елге
Оралады әр жылдың көктемімен.
Кеңге сілтеп құлашты, өрісті біз,
Ғарышқа да аудардық қонысты біз.
Бейбіт күннің әр таңғы тынысы үшін
Біз солардың алдында борыштымыз.
Сұлтан: «Ардагерлер»
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алщан басып,
Ардагерлер, азайып барасыңдар.
Ерлік сүйген еліңе салтың ұнар,
Жүздерінде жанған от жарқылы бар.
«Соғыс» деген салмағын жалғыз сөздің
Бүгінгі ұрпақ өздерің арқылы ұғар.
Жасқанбаған жауынан жарақты ер,
Ерлігіңді аңыз ғып таратты ел.
Қаһармандық дегенді кейінгі ұрпақ
Жүздеріңе сендердің қарап білер.
Қымбат:«Сен құрметте оны»
Сен құрметте оны,
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ
Тізеден кесіп аяғын.
Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ
Қолтықтағы ұзын таяғын.
Кеше елге қатер төнгенде
Ол жауға қарсы шапты.
Бізді жалмамақ болған ажалды
Өр кеудесімен қақты.
Ол арыстанша алысты,
Өлім соққысын өз үстіне алды.
Денесін оқ пәршелесе де
Ел намысын қорғап қалды.
Сен құрметте оны,
Түсіңдің бе, қарағым?
Сенің келешегің үшін берді ол
Азаттық жолына аяғын!
Арлан: «1941 жыл. Ақпан»
1941 жыл ақпандатқан,
Сыртта аяз, аулымызды ақ қар жапқан.
Үңірейген үрей тұр соғыс дейтін,
Алапат аспан, жерді аттандатқан.
«Аттан!» деді, ол ертең аттанады,
Аттанады еңбектің ақ табаны.
Күрегінің орнына қару алып,
Жауынгердің рөлін атқарады.
Ол ертең аттанады.
Жарты ай тұр шар аспанда – тозған таға,
Үскірік үрлей ме әлде қозғалта ма?!
Әжем жүр туған жердің топырағын
Тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға.
Жалынған, ғазиз Анам сұрап қалған,
Жоғалды сол бетімен бірақ та арман.
Сенбеймін «Әкең өлді» дегенге мен,
Себебі ол үйімізден тірі аттанған...
2-жүргізуші: Соғыс жылдарында Қазақстан майданның аса маңызды арсеналына айналды. Сол бір қаһарлы күндерде қазақ даласынан майданға әскер, қару-жарақ, азық-түлік тиелген эшелондар үсті-үстіне ағылып жатты. Қарағанды көмір комбинаты, Шымкент қорғасын зауыты, Балқаш мыс қорыту зауыты, Лениногор, Текелі полиметалл комбинаттары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері көмірді, қорғасын мен мысты, мырыш пен молибденді, мұнайды еселеп көп өңдірді. Соғыс кезінде Қазақстан ауыл шаруашылығының жетістіктеріде аз болған жоқ. Майдан мен тылды азық-түлік өнімдерімен жабдықтауға колхозшылар мен совхоз жұмысшыларының қосқан үлесі қыруар. Қазақстандықтардың ерлік істерін Коммунистік партия мен Кеңес үкіметі жоғары бағалады. Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің Ауыспалы Қызыл тулары Балқаш металлургтеріне 19 рет, Жезқазған кеншілеріне 16 рет, Түркістан-Сібір, Қарағанды теміржолшыларына 13 рет, Ембі мұнайшыларына 10 рет тапсырылды. Тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін республикамыздың және медальдармен марапатталды.
1-жүргізуші: Соғыс тұсында Қазақстан еңбекшілері Отан қорғау қорына өз еркімен 4 миллиард сом қаржы жинады, майданға 1600 вагон сыйлық, 2,5 миллионнан астам әр түрлі жылы киім жіберді. Еңбекшілердің ерікті жарнасына көптеген танк колонналары, авиа-экскадрильдар жасалды. Қазақстан жаудан азат етілген 12 қаланы, 45 ауданды қамқорлыққа алды. 1943-1944 жылдарда біздің республика жаудан босатылған аудандарға жарты миллионнан астам мал берді. Соғыс кезінде әскер қатарына алынған ер-азаматтардың орнын әйелдер мен жасөспірім балалар, қарт кісілер алмастырып жан қиярлықпен еңбек етті. Олар материалдық игіліктер мен ырыс-қуатты арттырды.
2-жүргізуші: Қысылтаяң, қаһарлы жылдары республикадан 700 мың адам Уралдың, Сібірдің, Орталық аудандардың, Қазақстанның қорғасын кәсіпорындарында жұмыс істеді: кен қазды, мыс қорытты, қорғасын балқытты, қару-жарақ жасады. Төрт жылдық соғыстың барысында жауға атылған он оқтың тоғызы Шымкент пен Өскеменнің қорғасын зауыттарында дайындалды. Соғыс кезінде өңдірілген 100 тонна молибденнің 60 тоннасын Балқаш, Шығыс-Қоңырат кеншілері беріп отырды. Ал Қарағанды кеншілері 34 миллион тонна көмір өңдірді. «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Отан үшін! Жеңіс үшін!» деген ұранмен тылда да еңбек қайнап жатты. Республика еңбекшілері берген қаржыға «Қазақстан колхозшысы», «Қазақстан комсомолы», «Советтік Қазақстан» атты танк колонналары мен әуе эскадрильясы жаслып майданға жіберілді.
1-жүргізуші: 1945 жылдың 9-мамырында бүкіл адамзатты құлдыққа түсіру қаупін төндірген неміс фашизмінің қаратүнек күші мүлдем қиратылды. Гитлерлік Германия тізе бүкті. 1418 күнге созылған сұрапыл соғыс адамдардың жүрегіне жазылмайтын жаралар салды. Қаншама ошақтың отын өшірді, қаншама орман өртеніп, қаншама қала күлге айналды. Тарих беттеріне шолу жасасақ, сұрапыл соғыстан 27 миллион адам қаза болды. Қаншама әйел «қара қағаз» алып "жетім" атанған балалар аз емес. Бұл соғыста күйремеу мүмкін емес-ті. Бірақ қаһарман Совет адамдары мылтықты да мылтықсыз майдандарда бірдей арпалысып, болмайтынды болдырып жеңіп шықты.
2-жүргізуші: Күйзелген көңілдер, жүдеген жандар ұлы Жеңістен жұбаныш тапты. 1945 жылы 9-мамыр күні Жеңіске қолымыз жетті. Жеңіс! Қандай құдіретті сөз еді бұл! Осы бір сөзге төрт жылдай теңселген дүниенің қайғы-қасіреті, ащы азабы, тәтті арманы, ой-қиялы сыйып жатыр. Содан бері біз жеңісті тойлап келеміз.
Артем: «Тарих куә»
Беу дүние, ақыр Жеңіс күні жетті.
Жеңіс! Жеңіс! Әлемді дүбірлетті.
Төрт жарым жыл от кешкен оқ астында
Солдат өмір кеңітті көкжиекті.
Мына күн, мына аспан, кең байтақ жер –
Сендердің төккен қаның, қайран ерлер!
Елім деп, Отаным деп құрбан болған
Сендерді көреді ыстық қанындай ел.
Ұмытпау, құрбандар-ау, былай тұрсын,
Сендерді жоқ деген сөз аты құрсын!
Жеңістің маршыменен ту көтеріп,
Алдыңғы сапты бастап сендер жүрсің.
Басына тағзым етіп «өшпес оттың»,
Бірімін ойға шомған миллион көптің.
Жүрегің сол оттағы оттай жанып
Соғып тұр, демеңдерші сендер жоқпын!
Жас қауым! Мың-мың жылдар келер буын,
Жұтпаса екен деп сендер соғыс уын.
Қарғас атқан қанқұйлы фашистердің
Өзіммен өз жерінде қанын жудым.
Дамир: «Жеңіс оңай келген жоқ»
Бейбіт күні албыраған ақ таңда,
Жау батыстан соғыс оғын атқанда,
Туған елдің тыныштығын қорғауға
Қан майданға сан боздақтар аттанды.
Біріктіріп үміті мен тілегін,
Біріктіріп барлық күшін, жігерін,
Ана үшін, бала үшін, жар үшін
Жасқанбастан тосты оққа жүрегін.
Сол бір қиын, тым сұрапыл шақта олар
Кеудесіне ерлік отын жақты олар.
Отан үшін опат болған ерлердің
Есімдері мәңгі-бақи сақталар!
Настя: «Жеңіс күні»
Бала едім, сөйтсе-дағы бәрі есімде,
Сол жылғы майдың тарғыл таңы есімде.
«Соғыс бітті, біз жеңдік, жау жеңілді»
Деген хабар тараған сәресіде.
Бәрі есімде, сол көктемнің айрықша тымық таңын,
Жетпіс бір жыл өтсе де ұмытпадым.
Төрт қаңтарда мұздаған жүрегімді
Төрт секундта Жеңіс кеп жылытқанын.
Етек жауып мен сірә ес білгелі,
Құлағыма мұндай сөз естілмеді.
Көз алдымда әлі тұр нақ сол күнгі
Ауылдағы бар жанның кескіндері.
Қымбат:
Жылап жүрді бәрі де, күліп жүрді,
Жақсы сөзге құлағын түріп жүрді.
Бірақ соның көбісі ардағының
Оралмасын мәңгілік біліп жүрді,
Көңілдерді сан қилы күдік жүрді.
Сел соғып жоғалтқандай көл арнасын,
Төгілген шарасына толар ма шын.
Көп ана біліп жүрді боздағының
Бауырына енді қайтіп оралмасын.
Таңдарда өзіне-өзі зәре бермей,
Қай жақтан келеді деп пәле нендей
Көп әке түн баласы дөңбекшиді,
Теңселген жел өтінде кәрі емендей.
Беу ғұмыр, көп түйіні шешілмеген,
Қоңсы кеп қоңармысын кесірменен.
Жылуын сезбей жатып жұп өмірдің
Көп ару ат жамылды «жесір» деген.
Дамир: «Жеңіс күні»
Жігіттедің қолдарында ер жүрек
Алаулады Жеңіс туы желбіреп.
Бала біткен шапқылдап жүр, мәз-мейрам,
«Көптен күткен ең ұлы күн келді» деп.
Сұлтан:
Алатаудың биіктетіп өркешін,
Жайды көктем қызыл-жасыл көрпесін.
Сәбилердің кекілімен жел ойнап,
Зор қуаныш әлдилейді жер төсін.
Бау-бақшада алма ағаштар гүл жарды,
Тумен, гүлмен өмір ерек нұрланды.
Құстар, құстар бізбен бірге қуанып,
Көмейінен төгіп жатыр сырлы әнді.
Арлан:
Кімге болсын белгілі осы ай сыры,
Туған жердің нұрға толып ой, қыры.
Бар әлемге тыныштықты паш етер,
Шат күлкілер Тоғызыншы Май күні!
1-жүргізуші: 1941-1945 жылдардағы соғыстың ерлікке толы қаһарлы жылдары барған сайын бізден алыстап тарихқа кетіп барады. Бірақ сол бір естен кетпес жылдар бізден неғұрлым алыстаған сайын, соғыс салған жара неғұрлым жазылған сайын совет халқының ғажайып ерлігі соғұрлым аса ұлы болып көрінеді. Халықтарды езіп-жаншудан өз қанын төгумен аман сақтап қалғандары, дүниежүзілік өркениетті қорғап қалғандарды адамзат баласы ешқашан ұмытпақ емес. Соғыс жалыны басылғанына 71 жыл өтсе де оның өртінің лебі әлі сезіледі. Жеңіс күні бізге ең алдымен бейбітшіліктің бағасын ұқтырады. Қасіретті жылдар бізден алыстаған сайын қан майданға қатысып қанын төккен аяулы ата-әкелеріміздің есімдері тарих төрінде айшықтала түсуде. Олар бізге соншалықты қымбатқа түскен Жеңістің қадірін ұғындырады. Миллиондаған адамның өмірімен қолымызға тиген 1945 жылғы Жеңіс күні бізге қымбат.
2-жүргізуші: Біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ ата-әжелеріміздің әңгімелерінен соғыстың не ененін түйсініп жанымыз түршігеді. Болашақ өмір, ұрпақ үшін жанын қиған ата-бабамыздың ерліктері ғасырлар өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылды. Соғыс ұлы сын мектебі, ерліктің, батырлықтың мектебі болды, соғысқандар үшін ғана емес, соңғы келер буындар үшін де мектеп. Соғыс кезіндегі совет адамдарының сан қилы ерліктері – жас жүректерді шындайтын қызулы көрік. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айғасқан батыр ағаларымыз бен апаларымыздың рухына бас ие мәңгілік тағзым етеміз.
Ән: «Жеңіс күні».

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген