400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 31 материал табылды

Ерлікке тағзым

Материал туралы қысқаша түсінік
Жетістіктер қорын жинақтау
Материалдың қысқаша нұсқасы

№12 «Тараз» колледжі

Тарих пәнінің мұғалімі: Нурпейсова Мария Атыхайқызы



Тақырыбы: «Ерлікке тағзым»

Мақсаты: Ұлы Отан соғысының ерлікке толы қаһарлы жылдары бірте - бірте алыстап барады. Бірақ адамзат дүние жүзін фашистік құлдықтан аман алып қалған халықтың ғажайып ерліктерін ешқашан ұмытпақ емес. Жастардың бойында адамгершілік, патриоттық сезімдер қалыптастыру арқылы Отанын сүюге және қорғауға, батырларға тағзым етуге, құрметтеуге үйрету.


Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Ұлы Отан соғысы... Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. 

Неменеңе жетістің бала батыр, 

Қариялар азайып бара жатыр 

Бірі мініп келместің кемесіне, 

Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, - деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Сол кездегі Кеңес Одағының басқа халқымен бірге жауды талқандап, жеңіске жету ісіне Қазақ халқы да өзінің лайықты үлесін қосты. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барды. Олар Сталинград түбіндегі шайқаста, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерен ерліктер көрсетті. Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі әскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды. Олардың қатарында 190 қазақстандық болған және олардың көбісінің сүйегі беларусь жерінде қалған.

Соғыс кенеттен басталғанымен, Қазақстан, бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде әскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды.

1939 жылдың дерегі бойынша, біздің республикамызда 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған. Фашистермен болған шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші, 316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы, 100-ші және 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші және 75-ші теңіз атқыштар бригадасы, 209-шы Зайсан, 219-шы минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші және 992-ші авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14100 жүк және жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110400 жылқы, 16200 арба жөнелтілді.

Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар және резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған.

Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам - Даңқ орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар - Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов және Леонид Беда.

Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы - мерген Әлия Молдағұлова мен пулеметші Мәншүк Мәметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі - қазақ жігіті Рахымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі - Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, әскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар.

Соғыстың тек майдан даласында ғана емес, тылда жүргені мәлім. Гитлерліктер КСРО-ның батыс аудандарын басып алғаннан кейін, Сібір мен Қазақстанның ел экономикасындағы маңызы күрт артқан. Жаудың қолына бермеу үшін соғыстың алғашқы айларында өнеркәсіптік кәсіпорындардың барлығы тылға көшіріле бастады. Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның аумағына 142 кәсіпорын жайғастырылды, 532506 адам көшірілді. Оған қоса, жаңа өнеркәсіптік нысандардың құрылыстары жеделдетілді. Соғыстың алғашқы 1,5 жылында Қазақстанда 25 кен орны пен шахта, 11 кен байыту фабрикалары, 19 жаңа көмір шахтасы, 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Гурьевтегі мұнай өңдеу зауыты іске қосылды.

Темір жол құрылысы жалғасты. 1942-1943 жылдары Мақат-Орск, Ақмола -Магнитогорск желілерінің құрылысы аяқталды. Соғыс жылдары Қазақстан жалпы одақтың мыс құймасының 30 пайызын, марганец кенінің 60 пайызын, мыс кенінің 50 пайызын, металл висмуттың 65 пайызын, полиметалл кендерінің 70 пайызын, мырыш өнімінің 85 пайызын берді. Қорғаныс өнеркәсібіне қажетті мыстың үштен бірі Қазақстанда өндірілді, сондықтан да соғыс жылдары әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда құйылды.

Республикада танк және ұшақ жасауға ақша жинау қозғалысы жүрді. 1941 жылдың күзінде Бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағы (ВЛКСМ) атындағы танк дивизиясын құруға қаржы жинала бастады да, бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде армия қазақстандық комсомолдардан 45 жаңа танк алды. Кейінірек халық қаражатына тағы 10 танк колоннасы, бірнеше авиациялық эскадрилия, торпедо катерлер мен атаулы ұшақтар жасалды. Соғыс жылдары Қазақстан халқы жауынгерлік техникалар жасауға 480,3 миллион рубль жинап берді.

Жеңіске Қазақстанның ауыл шаруашылығы да өз үлесін қосты. Атап айтқанда, еліміз 30,8 миллион пұт астық, 14,4 миллион пұт картоп және көкөніс, 15,8 миллион пұт ет, 3194 мың центнер сүт, 17,6 мың центнер жүн берді. Бұл соғысқа дейінгі бес жылдағы көрсеткіштен бірнеше есе көп. Республиканың барлық экономикасы әскери «рельске» қойылды: бейбіт мақсаттағы шығыстар барынша қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығаруға кірісті. Ер азаматтардың бәрі армия қатарында болғандықтан, зауыттарда әйелдер, қариялар, жасөспірімдер еңбек етті. Еңбек тәртібі қатайтылды, жұмыс уақыты ұзартылды. Алты апталық, 23 сағаттық жұмыс күні бекітілді, демалыстар тоқтатылды. Бірақ ешкім қынжылған жоқ. Бүкіл ел «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек етті.

КСРО-ның батыс өңірлерінен көшірілген халықпен қоса, 1941 жылдың күзінде Қазақстанға Полвольжеден жүздеген мың немістер мен поляктар жер аударылды. 1942-1944 жылдары 507 мың балқар, қарашай, ингуш, шешен халқы, 110 мың түрік-месхетиндер, 180 мың қырым татарлары күшпен жер аударылды. Оған қоса, күн сайын Қазақстанға жаралы жауынгерлер мен офицерлер тиелген пойыздар ағылып жатты. Әскери госпитальдердің көбісі Алматыда құрылды.

Ұлы Отан соғысы 4 жылға созылды. Майдан даласында 600 мыңнан астам қазақстандық қаза тапты. Соғыста қаза тапқандардың саны туралы мәлімет бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Жекелеген мәліметтер бойынша, адамзат тарихындағы бұл ең зұлмат соғыс 20 миллионнан астам кеңес азаматтарының өмірін қиды. 1710 қала және 70 мыңнан астам село-деревнялар, 31850 өнеркәсіптік кәсіпорын, 65 мың шақырым темір жол, 4100 теміржол стансасы, 36 мың пошта-телеграф мекемесі, телефон стансасы және басқа да байланыс бекеттері жермен-жексен болған немесе жартылай қираған. 40 мыңдай аурухана немесе басқа да емдеу мекемелері, 74 мың мектеп, техникум, жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу институттары, 42 мың кітапхана және басқа да көптеген нысандар жойып жіберілген, тоналған.

Бүгін Қазақстанның барлық қалалары мен ауылдарында Даңқ монументтеріне, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері өтуде. Бұл соғысты ешкім де ұмытпауы, ешнәрсе де ұмытылмауы керек.

Қазақ деген-батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкей қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қолынан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғысбарысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді. 

Сауатымыз ашылды, - деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, Ұ лы Отан соғысы, ондағы Жеңіс талай адамдардың тағдырын күрт өзгертті, талай жанның өмірін үзді. Ал енді бүгін, 9 мамыр күні, бұл мейрамды бүгінгі майдангерлер –соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгілерін көрсеткендер, ал бүгінде бейбіт еңбекке араласып жүрген Ұлы Отан соғысының мүгедектері тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің тылдағы қажырлы еңбектерімен жеңісті шыңдаған шаруалар тойлайды. Бұл мейрамды өздерінің әкелерін, ерлерін, ұлдарын және сүйіктілерін көзінен жасы сорғалай жүріп төзімділікпен күткен аналар мен қыздар тойлайды. Осынау Ұлы Жеңіс күнінде Отанымыз үшін өзінің жанын пида еткен, туған-туысқандарына, жақын-жарандарына, тамыр-таныстарына қайтып оралмай қалған қаһарман ерлерді ел болып еске түсіреміз. 

9 мамыр – фашизмді жеңген қаһарман халқымыздың мереке күні. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиғандарды еске алу күні. Бүгін жеңімпаздардың, олардың балаларының, немерелерінің жүрегі мақтаныш сезіммен лүпілдей соғады!

Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жеріміз бүгінгі күні дүние жүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қазір Республикамыздың дүние жүзінің алдыңғы қатарындағы мемлекеттердің бірі болып, ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен ынтымақтың өріс алып, халқымыздың тыныштықта бейбіт өмір сүріп келе жатуы - тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың адал да ұтымды тактикасының, үлкен парасат пен биік талғамының арқасында. Сондықтан біз, ХХІ ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз! 

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
27 қазан
721
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі