жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ертеңгілік `Жасыл шырша жанында` I - ші кіші топ
«Қошақан» І - ші кіші тобының жаңа жылға арнаған ертеңгілігі.
«Жасыл шырша жанында»
Залда көңілді әуен ойналып тұрады. Балалар, тәрбиешімен бірге залға кіреді.
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, балалар! Сәлеметсіздер ме, қонақтар! Бүгінгі жаңа жыл мерекесіне арналған ертеңгілігімізге қош келдіңіздер!
Жаңа бақыт, жаңа жыл!
Жаңа өлең, жаңа жыр,
Балғын бөбек, балалар.
Құтты болсын, жаңа жыл!
Балалар қараңдаршы айналамыздың барлығы әдеміленіп кетіпті. Тіпті бүгін сендер де мерекеге дайындалып, сондай әдемі болып отырсыңдар. Біздің мерекемізге орманнан әсем шыршамыз да келіп қалыпты. Шыршаға ойыншықтары қандай әдемі жарасып тұр. Бірақ шыршамыздың шамдары неге жанбай тұр екен? Шыршамызға арналған әсем әнімізді шырқап берейік, мүмкін сол кезде шамдары жарқырап жанатын болар.
Ән: «Шырша, шырша, шыршамыз»
Жүргізуші: Балалар, әлі де шыршамыздың шамдары жанбай тұр. Ендеше біз тақпақтар айтып көрейік.
Диляра: Тауда туып, тауда өскен
Шырша келді ортаға
Аяз ата, Ақшақарды
Шақырайын ортаға
Елнұр: Қуантып енді
Жаңа жыл келді
Өсетін болдым
Бір жасқа енді
Аяулым: Шыршаны айнала
Қоршаған қуыршақ
Кел биле, кел биле
Қоян, лақ, құлыншақ
Жансая: Жаңадан тақпақ
Аламыз жаттап
Жаңа жыл келді
Жаңа жыл аппақ
Ж. Раяна: Қала нұр, дала нұр
Құтты болсын, Жаңа жыл!
К. Алуа: Аралайды бақшаны
Үзілмейді жақсы әні
Гүлденеді бақшалар
Жауса жаусын ақшақар
Ясмин: Кел жаңа жыл біздерге
Кел жаңа жыл, жаңа жыл!
Мирас: Аппақ, аппақ даламыз
Аппақ, аппақ қаламыз
Жаңа жылды әндетіп
Біздер қарсы аламыз
Жүргізуші: Жарайсыңдар балалар, тақпақты керемет айтады екенсіңдер. Бірақ шыршамыз әлі де көңілсіз, шамдары жанбай тұр. Балалар есітіңдерші қардың сықырлаған даусы есітіліп тұр. Мүмкін орманнан бізге Аяз атамыз келе жатқан шығар.
(Бірінші қардың сықырлаған дауысы естіледі, сосын қоянның кіретін музыкасы қойылады) (Қоян билеп, жүгіріп келеді)
Қоян: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жаңа жылдарың құтты болсын! Мен орманнан тонып, жүгіріп келе жатырмын.
Жүргізуші: Сәлеметсің бе, қоянжан! Мерекемізге қош келдің! Қоянжан бізге сенің көмегің керек. Біздің шыршамыздың шамдары жанбай тұр. Көмектесе аласың ба?
Қоян: Жоқ мен көмектесе алмаймын, шыршаның шамдарын тек Аяз ата ғана жаға алады. Бірақ сендер көңіл күйлеріңді түсірмеңдер. Орманда сыйлықтарын арқалап Аяз ата келе жатыр. Келіңдер оданда барлығымыз бірге Аяз ата келгенше би билейік, мен жылынып алайын.
(Балалар қоянмен бірге би билейді)
(Билеп болған соң, тағыда қардың сықырлаған дыбысы шығады, Ақшақар билеп кіреді)
Ақшақар: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Жаңа жылдарың құтты болсын!
Сүйсіңдірер
маңайды
Ақшақармын
арайлы
Жалт - жұлт еткен
жүзімнен
Күміс сәуле
тарайды.
Ақшақармын
аппақпын
Қалай тыныш
жатпақпын
Менсіз қыстың сәні
жоқ
Әнмін, жырмын,
тақпақпын
Жүргізуші: Сәлеметсің бе, Ақшақар! Мерекемізге қош келдің!
Ақшақар: Балалар, қыс мезгілі өте керемет. Көптеген қызықты ойындар ойнауға болады. Мен сендерге орманнан ақ ұлпа қарлар жинап алып келдім. Келіңдер қармен ойын ойнайық.
(Балалар бір – біріне қар лақтырып ойнайды, ақшақарға қарды жинап береді)
Жүргізуші: Рахмет саған, ақшақар көңіл күйіміз көтеріліп қалды. Бірақ Аяз атамыз қашан келеді екен?
(Қардың сықырлаған дыбысы шығады, музыкамен Аяз ата кіріп келеді)
Аяз ата: Аяулы аналарға, ардақты ұл-қыздарға, бүлдіршін балаларға бip сәлем!
Қандай жарқын жүздерін,
Қандай әсем жырларың
Асаулармен алысқан,
Асау желмен жарысқан
Аталарың сендерге
Шаршап келді алыстан
Жүргізуші: Сәлеметсізбе, Аяз ата! Қош келдіңіз! Бізге қоянжан, шыршаның шамдарын тек Аяз ата ғана жаға алады деп айтып еді. Ендеше шыршамыздың шамдарын жағайық.
Аяз ата: «Қуант бізді таңырқат, шамдарыңды жарқырат!» (Шырша шамдары жанады)
Жүргізуші: Қандай керемет, шыршамыз әдемі болып кетті. Рахмет сізге Аяз ата. Сіз отырып, дем алыңыз. Балаларымыздың сізге арнаған тақпақтарын тыңдайық.
Б. Тамерлан: Қызыл ала шапаны
Сағындым, Аяз атаны
Б. Айша: Құтты болсын Жаңа жыл!
Құттықтаймыз сіздерді!
Дарын: Аяз ата келеді
Сыйлықтарын береді
М. Амира: Ақ қырауға малынған
Сақалы да, мұрты да
Аяз ата сағынған
Сәлем берді жұртына
Інжу: Жаңа жылда жаңаша
Тақпақ айтамыз
Болсын риза балаша
Аппақ аяз атамыз
Аружан: Аяз ата аппақ
Кәмпиттері тәтті – ақ
Маған кәмпит көп берсең
Тағы айтамын тақпақ
Р. Әли: Келді тағы Жаңа жыл
Қуантумен біздерді
Аяз ата келеді
Құттықтауға біздерді
Р. Айша: Көрдің бе, Аяз атаны
Аппақ екен сақалы
Аппақ екен мұрты да
Аппақ екен шапаны
Аяз ата: Жарайсыңдар, балалар! Тақпақты күшті айтады екенсіңдер.
Жүргізуші: Аяз ата, енді балаларымыздың әнін тамашалаңыз.
Ән: «Аяз ата, Аяз ата»
(Балалар Аяз атаны ортаға алып, ән айтады. Ән айтып болған соң, Аяз ата орындыққа отырып, ұйықтап қалады)
Жүргізуші: Ой балалар, қараңдаршы Аяз атамыз ұйықтап қалыпты. Келіңдер бәріміз оятайық.
Балалар Аяз атаның қасына барып, түртіп оятады. Аяз ата оянады, бірақ тағы да ұйықтап қалады, балалар қолдарын шапалақтап шулап оятады. Оянады, бірақ тағы да ұйықтап қалады. Енді балалар барлығы тығылып қалады. Аяз ата оянып, балаларды іздей бастайды. Балалар әр түрлі мысықтың, иттің дыбысын шығарады. Бірақ сонда да Аяз ата балаларды тауып алады.
Аяз ата: Келіңдер одан да бәріміз бір би билейік.
Би: «Буги - буги»
Аяз ата: Рахмет сендерге балалар. Көңілім бір көтеріліп қалды. Өте өнерлі, тәртіпті балалар екенсіңдер. Сендерге арналған сыйлықтарымды таратайын.
(Сыйлықтарын таратып береді Аяз ата, Ақшақар, Қоян қоштасып шығып кетеді.)
Жүргізуші: Құрметті қонақтар, балалар!
Жаңа жылға арналған мерекеміз аяқталып қалды. Көріп
тамашалағандарыңа рахмет. Жаңа жыл құтты болсын, отбасыларыңызға
тек бақыт пен куаныш әкелсін!!!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген