15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ертеңгілік "Молшылық күз - береке күз, береке күз - мерекеміз"
Берекелі, мерекелі, Алтын күз!
Күзгі эстафета
( көңілді музыка)
1-ж:
Береке, бақ дарыған,
Жомарт көңіл, жарқын күз.
Сары алтынға малынған,
Жетті міне алтын күз.
2-ж:
Сары алтыннан бұрымда,
Сары пүлше көйлегі.
Алтын күзді шынында,
Ару дерсің бейнелі.
1-ж:
Жайдары күз, жарқын күз,
Аяулы күз, алтын күз.
Дәнге толы ен далам,
Дариядай шалқып жүр.
2-ж:
Мейірлі күз, мырза күз,
Сыйлығыңа ырзамыз.
Аппақ арай таңында,
Шомыламыз нұрға біз.
(Осы кезде «Күз» қасында жеміс-жидектері, көкөністері бар келе жатады.)
Күз: (сөйлейді) Хор: 1-сынып
Ырысқа толып қоймалар,
Сабан тойы тойланар.
Берекелі күз болам,
Байлыққа мұртың майланар.
Өздерің аңсай сағынар
Шырыны – шәрбат дәмі бар.
Қайын, қарбыз, жүзімнің,
Бәрі менен табылар.
(Балалар сөйлейді.)
1. Шие:
Тіл үйірген шырыным,
Жемістердің бірімін.
Мен маржан боп тізілем,
Ұнатамын күн нұрын.
2. Қияр:
Мен – шырынды қиярмын,
Жесең есіңді жиярмын.
Күнге күйген бетіңді,
Шырыныммен жуармын.
3. Алма:
Нарттай қызыл алмам бар,
Мәз болады алғандар.
Жазда әдемі киінем,
Тілді балдай үйірем.
4.Сәбіз:
Ал, мен бойды да өсірем,
Ойды да өсірем.
Керек қылсаң, ас та болам,
Көзге қорған тас та болам.
5. Апельсин:
Дастарханның сәнімін,
Бау-бақшаның әнімін.
Лимонменен туысқан,
Жемістердің нәрімін.
6. Орамжапырақ:
Оралып, үйіріліп жатамын,
Дүкендерде сататын.
Орамжапырақпын, керекпін,
Көп ауруды жазатын.
7. Жүзім:
Жеміске толы иінім,
Жұмсақ жасыл түйінім.
Бірте-бірте көбейіп,
Құлпырар сыртқы киімім.
8. Бұрыш:
Жайқалып жасыл желегім,
Жайқалып өсіп келемін.
Тағамның дәмін келтірем,
Мені ащы демегін.
9. Алмұрт:
Мен алмұртпын тараған,
Дәмін татқан бар адам.
Уылжыған албыртпын,
Өзім сондай аңғыртпын.
10. Қарбыз:
Сусының да, асың да,
Біз боламыз расында.
Шөліңді бас жаз бойы,
Бабымызды асыр да.
Хор. 1-сынып «Күзгі жапырақтар»
1-ж: Қараңдаршы,
Көзің тоймас қарасаң,
Күз – деген бір жақсы уақыт.
Ой да, қыр да, таудың іші,
Бір молшылық жатқан шалқып.
2-ж:
Иә, күз дегеніміз, біріншіден байлық, молшылық, қап-қап астық, картоп, жүгері, қауын, қарбыз, алма-алмұрт. Екіншіден күз ет пен май. Қауырт жұмыстың кезі, қысқа дайындалатын кез.
1-ж:
Адамдар мол өнімін жинап болып, қолдары босап көңіл көтереді. Мерекелер көбейеді. Біздің мектебімізде де «Алтын күз» мерекесі тойлануда.
2-ж:
Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! «Алтын күз» мерекесіне арналған «Күзгі эстафета» атты сайысымызды бастауға рұқсат етіңіздер.
1-ж:
Ендеше сайысымызды бастамас бұрын әділ-қазылар алқасымен таныс болыңыздар.
1. Мектебіміздің тәрбие ісін ұйымдастырушысы – Тоғжан Мақсұтқызы.
2. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – Ғабит Медалбекұлы.
3. Ата-ана – Ләйла Нұрсапақызы.
2-ж:
Бүгінгі сайысымыздың тәртібімен таныс болыңыздар:
1. Күзге дайынбыз ба?
2. Қырман басы береке.
3. Қысқа дайындық.
4. Алма бағы.
5. Бау-бақша байлығы.
6. Көп жүрген жер мереке.
1-ж: Ойынға қатысушы топтармен таныс болыңыздар.
«Қызыл алма» тобы.
«Дәмді банан» тобы.
«Албырт алмұрт» тобы.
«Шырынды апельсин» тобын ортаға шақырамыз.
2-ж:
Самал қозғап қалғанда,
Күлімдеді сары алма.
Шалып едім бақшаны,
Бәрі неткен көңілді.
Әр топтың өздерін таныстыруын тамашалайық.
Т А Н Ы С Т Ы Р У
І. «Күзге дайынсың ба?»
1-ж:
Күзім-ау, күзім-ау,
Мінезің бұзық-ау.
Жаңбырың сіркіреп
Келгенің қызық-ау. Күз де келіп қалды. Күзге дайынбыз ба? Әр топ мүшелері жылдам киініп, мәреге бірінші келуі керек.
Музыкалық номер: Ән «Күз жомарт» 3 «А» сынып
ІІ. «Қырман басы береке»
2-ж:
Жата алады кім күзде?
Жұмыс түнде, күндіз де.
Жатпас ешкім бос текке
Қымбат ашық күн бізге – демекші, шашпай, төкпей өнімді жинап алу керек. Ол үшін 1-ші егіп, күтіп-баптап сонан соң жинау керек.
Музыка: 4 «А» сынып
ІІІ. «Қысқа дайындық»
1-ж
Астық жеміс, алмаға
Толып қойма, қамбалар.
Байлығыңмен ұлы елім
Алты-ай қысқа қамданар.
Қысқа әзірміз бе? «Ағаш кесу»
Көрермендермен ойын. (Күздің тапсырмасы)
Ал қадірмен халайық,
Мұнда назар салайық.
Тапқыр сөзбен сымбаттап,
Біраз жұмбақ қояйық.
Көп тырна,
Көп тырна,
Тыраулап тек
Көп тұрма
Ас аспай
Бас аспазшы,
Ас асты
Жас аспазшы
Қыс қыспаса, қыс па?
Құс ұшпаса, құс па?
Көк жардың көк көкегі?
Көп көкек көкегі?
IV. «Алма бағы»
2-ж:
Аға бастар, іні қостар дегендей «Алма бағына» жету үшін кедергілермен жүріп барып, сұраққа жауап беру керек.
Музыкалық нөмер: Ән: «Бау-бақша белдер» 4 «Ә» сынып
V. «Бау-бақша байлығы»
1-ж
Күз сыйын жүгірдік теруге,
Табиғат дәулетін өзіміз көруге.
Үйде де, түнде де, бәрінде әбігер,
Ауылдың жасы да, кәрі де, бәрі де.
Әр топ береке бірлікпен жүре отырып «Шалқанды» алу.
VI. «Көп жүрген жер мереке»
2-ж:
Жеміс жесең балалар,
Денсаулығың оңалар.
Тәтті жеміс піскенде,
Қарап қалма бекерге! Ойын шарты бойынша әр топ өрмектен сүрінбей өтіп, шарды жарып өз жемісін алу керек.
1-ж:
Жинап алдық егісті,
Жинап алдық жемісті.
Демалысқа шыққандай
Көңілденді жер үсті.
2-ж:
Астық тегіс жиылды,
Қамбамызға құйылды.
Ардақты Күз мың алғыс,
Алдық өнім сыйыңды.
(Осы кезде нан ұстаған қыз шығады.)
Қыз:
Жарып шыққан қауызын,
Дән өмірлік азығың.
Жегеніңде ау нанды,
Нәрге толар ауызың.
Ұл:
Нанда өмірдің иісі мен дәмі бар,
Нанда адамның еңбегі мен ары бар.
Нан өмірдің ана сүті, арқауы,
Нансыз жерде қай өмірдің сәні бар.
Ән: Жанатғалиқызы Жаннұр. 2-сынып
Күз:
Рахмет, балалар, еңбегіңе
Ризамын жерімнің өнгеніне!
Мен бар байлығымды барлық балаларға тарту етемін!
1-ж:
Көңілімді кіршіксіз аралаған,
Қимастық баржанымызды жаралаған.
Түйсікте мәне ерекше мерекелі,
Қош деймін күрең күзім берекелі.
2-ж:
Ойын қорытындысын айту үшін әділқазыларға сөз береміз.
1-ж:
Келесі күзде кездескенше аман-сау болыңыздар!
Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген