15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Эссе "Мамандығым - мақтанышым"
«Мамандығым-мақтанышым!»
Еліміздің ертеңі-бүгінгі жас ұрпақтың қолында,
ал жас ұрақтың тағдыры-ұстаздардың қолында.
Н.Ә.Назарбаев
Адамның өзіне-өзі өмір бойы қоятын және оған әрдайым жауап іздейтін санаулы сұрақтары болады екен. Мен үшін сол мәңгі сұрақтың бірі де бірегейі –Мұғалім-тәрбиеші деген кім?
Осы сауалға жауап беру үшін көп ойланып, шындығында мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар екеніне көзім жетіп, кәміл сендім. «Мұғалім мамандығы-барлық мамандықтың анасы»- деп, қалай дәл тауып айтылған. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.
Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы – жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені, бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын.
Бұл өмірде адамның тағдырын айқындайтын екі нәрсе бар: бірі-өмірлік жолдасы, жары болу, екіншісі-сүйіп таңдаған мамандығы деп түсінемін. Мен өз мамандығымды және түсетін оқу орнымды 9 сыныпта таңдадым. Мамандық таңдау – бұл өте маңызды іс. Өйткені, біз өзіміз таңдаған мамандық саласында өмір бойы қызмет атқаратындығымыз белгілі.
2005 жылы Ақтау қаласындағы «Шетел тілдері» колледжінен «Шетел тілі» мамандығын игеріп, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі атандым. Алғашқы еңбек жолымды 2005 жылы Жаңаөзен қаласындағы №7 орта мектебінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып, 3 жыл қызмет етіп, ең алғаш «Ұстаз» деген атқа ие болуым да осы білім ұясынан басталды. 2008 жылы №4 «Самал» балабақшасына өз мамандығым бойынша жұмысқа орналасып, 2015 жылдан бастап жаңадан ашылған №18 «Мереке» балабақшасында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметін жалғастырып келемін.
Балабақша ұжымынан әрбір тәрбиешінің, ұстаздың бойында болатын төзімділік, сыпайылық, тазалық, адамгершілік, еңбексүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма сіңірдім.
Ағылшын тілі пәнінің басқа пәндерден ерекшелігі де, артықшылығы да бар. Ерекшелігі сол – ғылымның қай саласымен де байланыстыра аласың. Өз еліңнің салт-дәстүрін үйрене отырып, өзге елдің де салт-дәстүрінен де хабардар боласың. Қазіргі заман талабына сай ғылым мен техниканың тілі-ағылшын тілі. Бүгінгі балғын – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Ендеше, сол азаматты заманға сай үш тілді жетік меңгерген, білімді тұлға етіп тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселе.
Балалармен жұмыс жасау үлкен-бақыт. Себебі, тек қана бала ешнәрсеге алаңдамай мейірімділікке сенеді, кішкентай алақанын менің алақаныма қойып, өз құпияларын айтып, маған сенім артады. Пәк көңілді балалармен қарым-қатынас жасау маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Өйткені, мен оларға, олар маған қажеттігіне сенімдімін. Осы сенімнің болуы-әр мұғалімнің бақыты. Күнделікті таңертең балабақша ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар» деп ата – бабамыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өсіп жатыр. Алдымызға келген балалар – біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі – жал дегенде жалғызы, бірі ерке, бірі – қой алдынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет. Мұғалім әр балаға деген ыстық ықыласын бір сөзбен айтып көрсетіп қана қоймай, бар жүрегімен және жан-тәнімен сезіне білуі қажет. Мұғалімнің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін мұғалімде жылы жүрек, аялы алақан және мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу керек екенін түсіндім. Абай атамыз айтқандай: «бала тәрбиесіне үш жақ әсер етеді, ата-анасы, ұстазы және жүрген ортасы. Қайсысының ықпалы зор болса, баланың мінезі солай қалыптасады» деген ойы ұстазға да ауыр салмақ салып тұр.
Ұстаз – таудан сарқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды.
Француз ағартушысы, жазушы, Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» деген нақыл сөзі есіме түсіп отыр. Мұғалімнің әр бір өткізген сабағы баланың ақыл-ой парасатын дамыта білетіндей, баланың жас ерекшелігіне сай құрылса, баланың ынта-жігері артады деп білемін. Өзімнің еңбек жолымда әрдайым балалардың тілін, ой-өрісін, тіл байлығын дамыту мақсатында ертегілерден көріністер ұйымдастырамын. Себебі, бала кейіпкердің ролін өзі ойнаса, оның бойындағы барлық қасиет дағдыларын ой елегінен өткізіп саралайды. Ағылшын тіліне деген қызығушылығы артып, сөйлеу қабілеті дамып, жан-жақты жетіледі. Осындай әдістерді пайдалана отырып, өткізген оқу қызметтерім жоғары нәтижелерге жетті. Осының бір көрінісі ретінде, 2017 жылдың сәуір айында қала көлемінде өткізілген «Ерте, ерте, ертеде» атты қойылымында «House in the forest» ертегісін сахналап, І орынға ие болдым.

Көптеген әдебиеттерді оқып, интернеттен іздеп, баспа – құралдарымен танысып, оқу қызметі жоспарларымды зерттеу нәтижесінде ойын арқылы қызықсыз тақырыптарды жеңіл, оңай меңгертуге болатынын түсіндім.


Мұғалім аянбай еңбек етсе, балаға берері мол деп ойлаймын. Мен де бар білгенімді тәрбиеленушілеріме үйретіп, жетістікке жетіп, оның нәтижесін көруді армандаймын. Сондай жұмыстарымның бірі ретінде республика бойынша өткен “Nauryz-holiday of peace and goodness” атты 8 Наурыз Халықаралық әйелдер күні мен Наурыз мерекелеріне арналған қашықтықтан өткізілген байқауда Абабукир Ақкербез бас жүлде, Үсенбай Інжу ІІ орынды иеленді. Шәкірттерімнің осындай шыққан белестері маған қанат бітіріп, жоғары-жоғары самғай бергім келеді.
Балаға шет тілін үйрету – өте қиын болғанымен, қызығы көп деп айта аламын. Осының куәсі ретінде өткен оқу жылында қала көлемінде ұйымдастырылған «Коммуникация білім беру саласының базалық мазмұнын дамыту жолдары» атты семинарда «Happy Birthday Teddy bear» тақырыбында ағылшын тілі оқу қызметін өткізіп, тағы да өз пәніме, яғни ұстаз болғаныма шексіз қуандым. Себебі, өзімнің бала бойына құйған нәрім, еккен дәнімнің жемісін көргенде өзімді өте бақытты сезіндім. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» саясатын басшылыққа алған мұғалім, өз жұмысының нәтижесін көрсетініне нық сенімдімін.
Балалардың үш тілде сайрауы-болашақта олардың кез-келген елде, кез-келген мамандық иесі болып, бәсекелестікке қабілетті ел қатарына енуге өз білімдерін арнайтынына сөзсіз сенемін.

«Жеті жұрттың тілін біл»-деп, данышпан халқымыз айтқандай тіл ел мен елді татуластырып, жансызға жан бітіріп, сезімсізді сезімтал етеді.
Біз, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері тілді ұрпақ санасына жеткізуіміз керек. Менің ұстаздық ұстанымым – әр шаңырақтың үміті болып отырған алдымдағы әр шәкіртімнің бабын таба білу, жүрегіне ұлттық ұғымды ұялата отырып өзге елмен терезесі тең, жан-жақты шәкірттің жан шырағын жаға білу. Ұстаздарға қойылатын талап басқа ешбір мамандыққа қойылмайды. Себебі, ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін ол-ұстаз. Қиыны мен қызығы қатар жүретін өз мамандығымды жақсы көремін. Өйткені, бұл мамандық – менің жүрек қалауым.
А в заключении хочу добавить, что я-учитель, а это значит, что должна посвятить себя этой работе и учиться всю жизнь.
In conclusion I want to add that I’m a teacher and it means I have to devote myself to this profession and study all my life.
Иә, бұл мамандық туралы ойларымды жазар болсам, әлі де айтарым көп...
Бірақ бір ауыз сөзбен түйіндесем:
Адам болу-ұлы арман,
Ұстаз болу-бір арман
Бұл бір ұлы мамандық,
Шыңға біткен шынардан.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген