Мамандығым-мақтанышым
Мамандық таңдау - әр адам
өміріндегі жауапты қадамдардың бірі. Кез-келген тұлға мектеп
қабырғасынан бастап өз-өзіне болашақта “кім боламын?” деген сұрақты
қояды. Бала арманында, қиялында шек жоқ қой. Балалық шақта
ойланбастан “мен дәрігер боламын” немесе “актер боламын” дейсің. Ал
өскен сайын өмір мәнін түсініп, мамандық жайлы ойлана бастауың
заңды құбылыс. Осылайша әрбір жан өміріндегі үлкен таңдауды жасап,
мақсатына бір қадам жақындайды. Менің ойымша, нағыз маман ол өз
ісін жанымен, бүкіл болмысымен таңдаған жаннан ғана шығары анық.
Қазақ "Адам екі түрлі жағдайда қателеспеу керек: бірі - жар
таңдағанда, екіншісі - мамандық таңдағанда" деп бекер айтпаса
керек. Әлбетте мамандық адам өмірінде маңызды рөл атқарады. Себебі
ол тек қана жұмысың немесе табыс табу емес, ол сенің балалық
шағыңның арманы, бүгінің мен болашағың.
Әрбір мақсатқа жайдан-жай жету
мүмкін емес, сол себепті өз ісінің нағыз маманы атану үшін еңбек
ету қажет. Менің мамандығым ол оқушыларды жан-жақты дамытып
балалардың арманын жүзеге асыру үшін бірінші қадамдарын жасауға
көмек қолын беру. Бала кезімнен бос уақытымның бәрінде «мұғалім»
рөлінде ойнап, тақтаны бормен сызып, дәптер тексеріп армандаушы
едім. Осы кездегі алаңсыз балалық шағымнан бастау алған –
мамандықтың ұлысы ұстаздық жолын таңдадым. Менің түсінігімдегі
ұстаз –рухы таза, ой-өрісі биік, өз елі үшін барын салып еңбек етер
жан. Шыдамдылық пен табандылықтың үлгісі. Кез-келген ұстаз өз
бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақ бойына
дарытады. Ол жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі мейірімге толы ұлы
тұлға. Бұл арманыма мен қол жеткіздім. Дәл қазір менің миымда
шектеу жоқ себебі армандар орындалады. Балалармен жұмыс жасау маған
күш жігер береді. Әрбір оқушы жеке тұлға, жүректері мейрімге толы,
көздерінде жалын оты ойнаған жастар.
Мен әліде өз мамандығымның
қыр-сырын зерттегім келеді. Себебі жаңа деңгей жаңа нәтиже,
өз-өзімді дамыту үрдісі жүреді. Мен үшін ең басты қағида -
мамандығың сен үшін міндетті жұмыс емес, ең сүйікті хоббиің болуы
тиіс.
Ұлы ойшыл Әл-Фараби: «Ісім оңсын
десеңіз, сол істің маманы болыңыз” деген қанатты сөзі мен үшін
өмірлік қағидама айналғандай. Сол себепті мен өз ісімнің білгір
маманы болуды мақсат еттім. Менің мамандығым – ол менің
мақтанышым!