ЭССЕ
МАМАНДЫҒЫМ-МАҚТАНЫШЫМ
Нурадинова Айнагүл Нурадинқызы
Шалқар қалалық №8 жалпы орта
білім беретін
мектептің бастауыш сынып
мұғалімі
Болашақта еңбек етiп,
өмiр сүретiндер – бүгiнгi мектеп оқушылары, мұғалiм оларды қалай
тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан да ұстазға
жүктелетiн мiндет өте ауыр.
Н.
Назарбаев
Ұстаздық мамандыққа деген құмарлық мені
бүгінгі мамандығыма алып келген жол болды. Сонау бала кезімнен
бастап алғаш қолыма қалам ұстатып, әліппедегі қырық екі әріпті
танытқан, мейірім мен шуағын төккен алғашқы мұғалімнің тұлғасына
еліктеуші едім. Оны құдіретті күштің иесіндей сезініп, сол
мұғалімнің орнында болғым келетін. Оның тұлғасы мен үшін қол жетпес
армандай болатын. Сол арманым орындалып, енді, міне, қазіргі таңда
жиырма үш жыл еңбек өтілі бар, жоғары санатты бастауыш сынып
мұғалімімін
Әрине, ұстаз болуға жоғарғы педагогикалық оқу
орнын үздік бітіру аздық етеді. Ұстаздық атты ұлы шыңға көтерілу
үшін өмір бойы оқисың. Өзің шын мәніндегі үлкен оқушы болғанда ғана
кемел ұстаздыққа қол жеткізе аласың деп білемін. Бұл менің ұзақ
жылдар ұстаздық еткен қызметімнің алтын арқауы, бәйтеректей биік
діңгегі.
«Балалар әлемінің теңізіне"
бір бойласам, ешқашан өз мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені,
бала-пәк, бала тап-таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып,
тұнығына қану үшін мұғалімде де жылы жүрек, аялы алақан және
мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу сезімі болу
керек екенін
түсіндім.
Ұстаз атана білу, оны қадір
тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы. Ол – өз
кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам.
Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын
әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін
тигізеді.
Ұстаз болу, әрине оқушы жетістігімен мақтана
білу емес, алдыңа келген әрбір оқушыны тәрбиелеп, білім нәрімен
сусындатып, сол оқушымен бірге өзің үлкен оқушы болып, биік
шыңдарға қарай ұмтылу екен. Егер де өмірге бейім, білім нәрімен
терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі тұлғаны талапшылдықпен,
мақсаткерлікпен алға аттатсам - бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі
ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін.
Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен
елдің, тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, онда
менің қызмет еткен жылдарымның текке кетпегендігі деп
есептеймін.
Ұстаздықты, осы мамандықты шын жүрегімен
қабылдап, білім алаңында ерекше жігермен еңбек етуші жас
әріптестеріме қарапайым кеңестерімді ұсынсам деймін.
Мамандықтарыңызды сүйіңіз, құрметтеңіз, сол жолда адал қызмет
етіңіз. Баланы шын көңілмен жақсы көріңіз, сырласуға асығыңыз.
Алдыңыздағы шәкірттеріңізді өзіңізбен тең ұстаңыз. Әр сабағыңызды
қызықты қылып өткізіңіз, оны ауыр жұмысқа айналдырмаңыз, баланы
ойната отырып, оқытыңыз, шешімін таппаған сұрақтарыңыздың жауабын
баламен бірге іздеуге арланбаңыз, бірлескен еңбектің қадірі
әрқашанда алда екенін естен шығармаңыз. Бала алдында айқын, әсерлі
сөйлеуге дағдыланыңыз, ісіңіз де өзіңіздің түр-әлпетіңіз де ұқыпты,
жинақы болғаны абзал. Өзіңізді мақтамаңыз, қайта бала сізбен
мақтанатындай дәрежеге жетіңіз. Өтірік айтпаңыз, балаға берген
уәдеңізді орындаңыз, баланы бағамен қорқытпаңыз. Баланың бойынан
кемшілік емес, жетістік іздеңіз, жақсы істерін дер кезінде бағалап,
қолпаштап, ынталандыруды да ұмытпаңыз. Бала жүрегі нәзік, көңілі
пәк екенін естен шығармаңыз. Ертеңгі сабақтарыңыздың бүгінгіден
қызықты болуын қамтамасыз етіңіз. Ол үшін әрбір сабаққа ерекше
мұқиятпен дайындалыңыз. Сол жолда ізденіңіз, технологиялық
әдіс-тәсілдерді жүйелі қолданыңыз. Сабағыңыз тұтас дүние болсын:
мынау білім, мынау тәрбие деп бөлмеңіз. Себебі, білім мен тәрбие
егіз үрдіс екенін ұмытпаңыз, сабақ басынан аяғына дейін тұнып
тұрған білім, ғылым тәрбие болып, олар ұлттық рухпен өрнектелуі
тиіс, ал мұғалім мен шәкірттер осы дүниенің күре тамырына айналуы
тиіс. Міне, осы айтып отырғандарым-мұғалім қызметінің жемісі. Ұстаз
ұлылыққа тек шәкірттері арқылы жете
алады.
Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде
алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір
адамға қарыздар. Ол-Ұстаз! Алғаш «Әліппенің» бетін ашып, әріп
танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең
түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп,
адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі әр адамзат жүрегінде
сақталары анық.
Осындай мақсатпен халықтың нұрлы ертеңі үшін,
ел игілігі жолында еңбек етіп жатқан әріптестеріме еңбектеріңіз
жемісті болсын дегім келеді.