«Менің Педагогикалық
Ұстанымым»
Шымкент қаласы,
Циолковский атындағы №84
жалпы орта мектебі
Патшаева Фариза
Таңсәріқызы
«…Түсінгендіктің шын
белгісі-«иә» деген жауап емес, шәкірттің жүзіндегі қуаныш болып
табылады.»
Абу-ль-Фарадж
ал-Исфахани.
Менің мамандығым –
информатика пәні
мұғалімі. Жұмыс атқарып жатқаныма міне, бір жылдың
төңірегі болып қалды. Бұл, әрине, әлі жана ғана тәй-тәй басып келе
жатқан сәбидің жасымен парапар. Бірақ не дегенмен, қиыны мен
жеңілі, қызығы мен қуанышы қатар жүретін педагогикалық саладағы
ұстанымым – үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну
және әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін
ашу арқылы биік мақсаттарға
жетелеу. Бауыржан Момышұлы атамыз айтпақшы «Ұстаз – ұлық
емес ұлы қызмет» деген керемет дана сөзін әрқашан көкейімде ұстай,
бізге артылған жауапкерлікті сезіне отыра, үнемі өзіме деген
талапты күшейтуге тырысамын. Әрине, өз ісіңнің нағыз шебер маманы
болу үшін жоғары оқу орнын бітірумен ғана шектелмеу керек, ұстаздық
атты ұлы шыңға көтерілу үшін өмір бойы оқу керек деп
ойлаймын.
Ұстаз ретінде менің ұғымымда,
біріншіден алдымыздағы әрбір бала қайталанбас бір ғажайып әлем
десек, сол зерттелмеген таза құпияға терең үңіліп, баланың басқаға
ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне, жан дүниесіне
жол таба білу – біздердің басты борышымыз деп
білемін. Екіншіден, ең бастысы, қай мұғалім болмасын шын
мәнінде баланы жан тәнімен беріле сүюі керек.
Мейірімділік, шыдамдылық,
кешіре білу, баламен тең жағдайда сырласу, оның мүмкіндіктеріне
сену, ойын әрқашан құлақ қоя тыңдау тәрізді қасиеттері арқылы ғана
баланың бойында адами қасиеттерді қалыптастыру арқылы білім шыңына
жетелеп, жоғарғы нәтижеге қол жеткізуге
болады. Үшіншіден, балаға үнемі қолдау көрсету қажет деп
ойлаймын. Қолдау тек ұстаздар тарапынан ғана емес, ең бастысы
ата-ана, жақын достары тарапынан қолдау болған жағдайда ғана
бала өзін қорғалған болып сезінеді. Төртіншіден,
біз информатика маманы ретінде әр оқушының көз қарасын, талғамы
мен дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын әр түрлі
амал-тәсілдер арқылы, заман талабы техника
болғандықтан,
компьютерді жақсы меңгеруін қадағалап отыруымыз
қажет.
Жақсы ұстаз – бұл қай кезде де
ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық
әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге
дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамның ең
озық бөлігінің бірі деп есептеймін және солай болуы тиіс. Бұл
міндетті орындау үшін, мен өз
білімімді шыңдау үшін үнемі ізденісте
жүремін.
Қоғамымызда болып жатқан
өзгерістерден білім саласы да шет қала
алмайды. Себебі, кешегі әбден қалыптасып қалған ескі жүйе
бүгінгі күннің талап-тілегін орындай алмай отыр. Сондықтан, қазіргі
оқытудың жаңа тәсілдері қарастырылуда. Солардың бірі – сабақ
барысында оқытудың жаңа технологияларын қолдану. Ондағы мақсат –
оқушының өзінше ойлау қабілетін арттыру және қазіргі заманғы
компьютерлік құралдармен жұмыс істеуге үйрету. Сондықтан да
педагогикалық процессте инновациялық технологияларды, яғни оқыту
мен тәрбиенің тәсілдерінде, мақсаты мен мазмұнын нақты айқындауда,
мұғалім мен оқушының бірлескен қызметінде ұйымдастыруға жаңалық
енгізу негізінде қолданады. Инновациялық технологиялар ең алдымен
оқушының шығармашылық қабілетін, яғни жаңалық ойлап табуға
бағытталған қабілеттер деңгейін дамытады. Шығармашылық – өте
күрделі психологиялық процесс. Мұғалімдерге қойылатын талаптардың
бірі – шығармашылық. Мұғалім өз шығармашылығы арқылы оқушы
шығармашылығын ұйымдастырады. Ал менің мақсатым
–оқытудың жаңа технологияларын
қолдану арқылы оқушыларға бағыт беріп, баланың басқаға ұқсамайтын қабілетін
ашу, компьютер ұғымын жетік
білуіне үйрету .
Халқымыз әрқашанда ұстаз
мәртебесін көтеріп, аса жоғары қастерлеп,
бағалаған. Ұлы Абай «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан
болады», деп айтқаны белгілі.Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов:
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай
болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете
білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы.
Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика,
методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім», – деген. Ғасырға жуық
уақыт өтсе де, Алаш арысының осы сөзі ескірмек
емес.
Білім – барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі
болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала
алады. Ал, баланың білімге, оқуға деген
қызығушылықтарын оята білу ол біздердің, яғни ұстаздар қауымының
басты міндеті деп білемін.