400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Эссе тақырыбы:ЖАСТАРДЫ ПАТРИОТИЗМ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМҒА ТӘРБИЕЛЕУ.

Материал туралы қысқаша түсінік
Егер қазақ жастарының жүрегінде елім, жерім, атамекенім деген жүрек жарды сөздері болатын болса, біздің Қазақстанның көркейіп дамуына, өз үлестерін бойларындағы білімімен, бар өнерін қосатын, ұшқыр ойлы, ерікті болашақ иелері жастар деп нық сеніммен айта аламын.Болашақ жастардың қолында. Ал жастарымыз бабадан келе жатқан дархандық пен бауырмалдықты, кісілік қасиеттерді, отансүйгіштікті, патриоттық сезімді, татулық пен мейірімділікті бойларына сіңіре отырып, ел болашағына адал еңбек ете береді деп сенемін.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ЖАСТАРДЫ ПАТРИОТИЗМ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҰСТАНЫМҒА ТӘРБИЕЛЕУ.



Арғы ата – бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт – дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан болатын. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырлардың белсенді өзінің 20 жылдық тарихына табан тіреген Қазақ елінің патриоттардың мекеніне айналуы өзгеге үлгі, өзімізге медеу.

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру турасында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Қазақстанда тұратын әрбір азамат өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды» және «біз Қазақстандық патриотизмді Отанын, жері мен суын шексіз сүю, халқының өнеге дәстүрін, әдет – ғұрпын, елінің тарихын құрмет тұту, бостандығы мен құқығын қорғау, әр адамның күш – жігерін ел бірлігін нығайтуға, азаматтық татулықты баянды етуге және ұлтаралық татулықты тұрақтандыруға жұмсау» – деп атап көрсеткен болатын. [1]

Отансүйгіштік сезім жеке адамда өмір бойы қалыптасып, саяси процестерге қатысудан, Отанды қорғаудан және қоғамда алатын өз орныңның маңыздылығын сезінуден басталады. Адамға жеке құндылықтардан басқа да жалпы адамзаттық құндылықтар қажет. Соның бірі отансүйгіштік қасиет болып табылады. Жастар – бұл біздің қоғамымыздың болашағы және оның қандай болып қалыптасуы мен еліміздің мемлекеттілігіне байланысты.

Халқымыздың батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы: «Патриотизм – Отанға, мемлекетке деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман – саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстылығын сезіну, өзінің мемлекетке тәуелді екенін мойындау, яғни патриотизм дегеніміз – мемлекет деген ұғымды, оның жеке адаммен барлық жағынан өткені мен бүгінгі күні және болашағы мен қарым – қатынасын білдіреді», – деп айтқан болатын.[2]

Отан – әрдайым туған анамызбен бір деңгейде тұратын, тіпті мазмұны жағынан одан әлдеқайда биік бағалануға тиісті ең қасиетті, ең ұлы анамыз.

Қазақ халқының өткені мен бүгінгіні таразыға сала отырып, келешегіне отаншылдық туын арқау еткен асқақ, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті отанының қадірін ұғындыру, ар, намыс, ождан сөздерін ұлт,атамекен сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу әрбір ұстаздың міндеті.

Қазіргі кезеңде патриотизм тақырыбы, оның ішінде қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени - рухани тақырыптардың өзегіне айналуда.

ҚР Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту қажеттілігін» ерекше ескерткен және олардың ең бастыларының қатарында «патриотизм, мораль мен парасаттылық нормалары, ұлтаралық келісім мен толеранттылық, тәннің де, жанның да дамуы, заңға мойынұсынушылық» аталып өткен, сонымен қатар, «бұл құндылықтар меншіктің қандай түріне жататынына қарамастан барлық оқу орындарында да сіңірілуге тиіс». [3]

Ендеше, патриотизм идеясы жастарға білім мен тәрбие берудің барлық бағдарламаларынан көрініс табуы керек, жалпы көпшіліктің де одан хабардар болғаны жөн.

Патриоттық сезім отбасынан басталады. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі отбасындағы жастар тәрбиесінің ролін түсірді. Әрине, мұндай жағдайларда өзінің ескі арнасын жоғалтқан патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мен оған тәрбиелеудің жаңа жолға оңайлықпен түсіп кете алмасы анық. Патриоттық сананы қоғамдық өмірде бекітетін бірден-бір институт – жоғары оқу орындары мен басқа да білім мен тәрбие беру мекемелері. Олардың көмегімен патриоттық сана қоғамдық өмірге бекітіліп, мемлекет тарапынан қолдауға және бағдарлауға ие болады. Студент жастар қоғамның әлеуметтік құрылымында ерекше орын алады.

Ендеше, қазіргі студент жастар өздерінің тұлғалық-кәсіби нығаюға бет алуының жоғары деңгейімен, шығармашылық потенциалымен, Қазақстанның әлеуметтік жаңғыру процесіне шынайы іс жүзінде қатысуға деген белсенді қызығушылығымен, қоғамдық өмірдің түрліше жақтарына, өзінің әлеуметтік бағдарларына деген даралық көзқарастарымен ерекшеленуі тиіс. Олар еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуының анықтаушы күші де болып табылады. Олай болса, студент жастардың тұрмысы мен болмысына, тәлімі мен тағылымына үстірт қарауға болмайды.

Осы ұстанымды басшылыққа алатын болсақ, бізге, жоғары оқу орындары ұстаздарына, тек оқу және оқыту процестерін төңіректемей, жастар болмысына әсер ететін құбылыстарды тұтастыра қарағанымыз жөн.

Білім беру мекемелері қазіргі заман талаптарына сай, кәсіби дайындығы

жоғары маманды дайындап қана қоймай, рухани адамгершілігі жоғары –мамандарды дайындау қажет. Оқу орындарының түлектері біздің қоғамда тек қана білікті маман ғана емес, патриот – азамат ретінде де қажет. Бүгінгі күні мемлекеттік білім беру бағдарламасында тәрбие жұмысының негізгі мақсаты – Қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілік және жалпы азаматтық құндылықтар идеяларының негізінде тәрбиелеу. Білім беру мен тәрбиенің негізгі міндеті – өз елінің азаматын, патриотын тәрбиелеу болса, осыған сәйкес «қазақстандық патриотизм мен азаматтылық» жас ұрпақтың тәрбиелік деңгейін бағалаудағы көрсеткіш болып табылады.

Тәрбиенің негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі, тәсілі, заңдылықтары, принціптері, құралдары бар. Сол сияқты қазақстандық патриотизмнің мақсаты, міндеті, түрі, әдіс–тәсілі бар. Егер патриоттық тәлім – тәрбиемізде осы негіздер болмаса ол жай сөз болып қалуы мүмкін. Өзін–өзі білмеген адам өзінің кім екенін түсінбейді.

Бүгінгідей адамзат баласы жаһандануға бет бұрып, белдесіп жатқан тұста, ұлттық құндылықтарды жар басынан құтқарып, кең әлемге шығару ісінде патриотизмнің атқарар рөлі ерекше. Қай елде патриоттық тәрбие жоғары болса, сол елде саяси тұрақтылық пен экономикалық даму өрістейтіні белгілі. Жалпы, патриотизмді қалыптастыру – бұл мемлекеттік міндет, қоғамның әлеуметтік тапсырысы. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көздейді. Өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғам өркендеп, талап күшейіп, талғам артып халыққа қызмет етуде үлкен бір серпіліс болуы қажет. Мемлекеттік патриотизмнің айқын көрінісі туралы белгілі саясаткер, АҚШ президенті Джон Кеннедидің америка патриотизмі туралы пікірін мысалға келтіруге болады. Оның «Сен Отаның саған не берді деп сұрама, мен Отаныма не бердім деп сұра» деп айтқан болатын.[4 ]

Бір сөзбен айтқанда, бүкіл қазақстандықтар өз елінің, жерінің өткенін сезінбей, оның ерлікке, адамгершілікке толы тарихын, өнерін жете ұғынбай, отаншылдық сезімді қалыптастыру мүмкін емес.

Мемлекет тарапынан патриоттықты дамыту бағытында келесі шаралар атқарылып, көлемді бағдарламалар жасалып жатқанына тоқталар болсақ.

Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген қанатты сөзі тегін айтылмаса керек. Сондықтан жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, еңбекке баулуға ерекше көңіл бөлінуде.

Патриотизмге тәрбиелеудің үлкен ортасы – мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар патриотизмге тәрбиелеудің бір бағыты болып отыр.

Техникалық және кәсіптік білім беруді жақсарту үшін «Кәсіпқор» бағдарламасы қабылдануда. Соның нәтижесінде, Елбасы тапсырған әлемдік деңгейдегі аймақтық кәсіби білім орталықтары салынады. Бұл бағдарлама жастарды жұмыспен қамтуды күрт жақсартуға бағытталған.

Бүгінде елімізде 1000 – нан аса балалар мен жастар ұйымдары жұмыс жасауда. Министрлік тарапынан олардың тек қағаз жүзінде қалып қоймай, белсенді жұмыс істеуін қамтамасыз етуіне баса мән берілуде. Осы мақсатта 14 облыста, Астана мен Алматы қаласында жастардың ресурстық орталықтары жұмыс істеуде. Олар жастардың қоғам өміріне еркін араласуына, ақпарат алуына қолайлы жағдай жасайды. Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жастардың сапалы біліммен бірге тәрбие алып, патриоттық рухта өсуін қамтамасыз ету жан – жақты қарастырылған. Онда жастардың саяси белсенділігін арттырып, қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасайтын түрлі іс – шаралар көзделген. Жастарға арналған іс – шараларға 2015 жылы жалпы жастардың 27% – ын, 2020 жылы 55 % – ын қамту жоспарлануда. Мемлекет ісіне, ел саясатын жүргізуге жастардың қызығушылығын туғызып, тек мансап, билік үшін ғана емес, ел үшін, болашақ үшін қызмет ететін таза қолды, үлкен жүректі мемлекетшіл, білім – білігі мықты мамандар легін дайындап шығуға патриоттық шаралар үлкен әсер етеді. Жалпы алғанда, түрлі деңгейдегі республикалық, жергілікті іс – шараларды қосқанда жастар саясаты мен жастардың патриоттығын арттыруға 2010 жылы 4450 шара, 2011 жылы 4900 шара өткізіліпті. Мысалы, «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 15630 студент еңбек етіп, 4,7 миллион түп ағаш көшеттерін отырғызып, 12 мың гектарды көгалдандырылған.

Патриоттық тәрбиенің басты бағыттарының бірі – әскери – патриоттық тәрбие. Жастарға патриоттық тәрбие беруде салауатты өмір салтын қалыптастыруда 739 әскери – патриоттық клуб жұмыс істейді. Жастар еліміздің өркендеуіне қажет. Сондай-ақ мемлекеттік Рәміздерді білуге арналған конкурстар мен олимпиадалар, «Бұл - біздің Ту!», «Бұл - біздің Елтаңба!», «Бұл - біздің Гимн!» патриоттық акциялары, Қазақстан тарихын білуге арналған конкурстар мен олимпиадалар, өзге ұлт өкілдері болып табылатын студенттер арасында (факультетаралық, ЖОО аралық) мемлекеттік тілді білуге арналған конкурстар, әдеби конкурстар, патриоттық әндер конкурстары, мемлекеттік мерекелер - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне, Наурыз мейрамына, Қазақстан халқының бірлігі күніне және т.б. арналған мерекелік бағдарламалар өткізіледі. Университетте халық шығармашылығының дәстүрлерін дамытатын шығармашылық ұжымдар - «Жастар» би ансамблі, ВИА, «Ювентус» хоры жұмыс жасайды және олардың репертуарына Қазақстанның музыкалық-көркемдік мәдениетінің шығармалары енгізілген.

Біздің халқымызда мынадай бір жақсы мақал бар. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Мал – ол бір күндік азық, ал тал мың жылдық. Сондықтан мен сөз соңында қазіргі жастардың арманы, мақсаты бір күндік емес, одан да көп, мың жылдық болсын дегім келеді. Егер қазақ жастарының жүрегінде елім, жерім, атамекенім деген жүрек жарды сөздері болатын болса, біздің Қазақстанның көркейіп дамуына, өз үлестерін бойларындағы білімімен, бар өнерін қосатын, ұшқыр ойлы, ерікті болашақ иелері жастар деп нық сеніммен айта аламын.Болашақ жастардың қолында. Ал жастарымыз бабадан келе жатқан дархандық пен бауырмалдықты, кісілік қасиеттерді, отансүйгіштікті, патриоттық сезімді, татулық пен мейірімділікті бойларына сіңіре отырып, ел болашағына адал еңбек ете береді деп сенемін.




Пайдаланылған әдебиеттер :

  1. Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық бірлігінде» -Алматы, 2000, 26 - бет [1]

  2. С.Ж. Құттыбаев «Қазақстандық патриотизм мен толеранттыққа тәрбиелеу – мұғалімнің басты борышы». Тарих-« Қазақстан мектебі» №4.- 2010 54, 57- бет [2] [3]

3. «Ақиқат» журналы №7, 2011, 9 – бет

4. «Егемен Қазақстан» №6, 9. 2011, 3,5 бет [3], [4].

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
7 қаңтар
1600
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі