Есте сақтау қабілетінің жас ерекшелігіне байланысты ерекшеліктері

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Есте сақтау қабілетінің жас ерекшелігіне байланысты ерекшеліктері

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл мақалада «есте сақтау» ұғымы психологиялық әдебиетте талданған. Мақалада әртүрлі жас кезеңдеріндегі есте сақтау қабілетінің ерекшеліктері қарастырылған.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Бекмембетова Ә.Қ.,Болтаева А.М.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


ЕСТЕ САҚТАУ ҚАБІЛЕТІНІҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Адамның есте сақтау қабілеті — танымдық үдерістердің өзегі болып табылатын және жеке тұлғаның дамуы мен өмірлік тәжірибесін қалыптастыруда ерекше маңызға ие психикалық функциялардың бірі. Есте сақтау — білім мен дағдыларды меңгерудің, мінез-құлықтың тұрақтануы мен тұлғалық жетілудің негізі. Бұл қабілеттің даму деңгейі адамның жас ерекшелігіне, тәжірибесіне, қызығушылығына және өмірлік белсенділігіне тікелей байланысты. Сондықтан есте сақтау процестерінің жасқа қарай дамуын зерттеу психология ғылымының маңызды бағыттарының бірі болып саналады.

Адамның есте сақтау қабілетін зерттеу – психология ғылымының орталық және ең маңызды бөлімдерінің бірі болып табылады. Көптеген зерттеушілер есте сақтауды барлық психикалық үдерістердің үздіксіздігін қамтамасыз ететін және барлық танымдық процестерді біртұтас жүйеге біріктіретін «сквозной» (өтіп отыратын) процесс ретінде сипаттайды.[1]

Адам өміріндегі есте сақтау процесінің маңызы өте зор: онсыз ешқандай іс-әрекетті жүзеге асыру мүмкін болмас еді. С.Л. Рубинштейннің айтуынша: «Есте сақтау қабілетінсіз біз тек бір сәттік тіршілік иесі болар едік. Біздің өткеніміз болашағымыз үшін маңызсыз болар еді. Ал осы сәтіміз өткен сайын, ол қайтымсыз түрде жоғалар еді» [4, с.302]

А.Р. Лурия есте сақтау қабілетін былай анықтайды: «Есте сақтау - бұрынғы тәжірибенің іздерін бейнелеу, сақтау және қайта жаңғырту үрдісі. Бұл адамға ақпарат жинақтауға және оны тудыратын құбылыстар жойылғаннан кейін де сол тәжірибе іздерімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Есте сақтау құбылыстары эмоционалдық салаға да, қабылдау саласына да, қимыл-қозғалыс пен интеллектуалдық тәжірибенің бекінуіне де қатысты болуы мүмкін. Барлық білім мен дағдылардың бекітілуі және оларды қолдану мүмкіндігі есте сақтау қызметіне жатады». [5, с.35]

Онтогенез барысында адамның барлық есте сақтау қабілеттері (жад түрлері) ерте жаста-ақ және белгілі бір кезектілікпен қалыптасады. Ерте балалық шақта механикалық есте сақтау қабілеті басым болады. Уақыт өте келе ол біртіндеп логикалық есте сақтау қабілетімен толықтырылады және сонымен ауыстырылады. Есте сақтау қабілеті балада өте ерте қалыптаса бастайды. Нәрестенің алғашқы жылының өзінде-ақ бейнелерді сақтау мен қайта жаңғыртудың бастапқы түрлері пайда болады. 3–4 айлық кезде бала анасын беті мен дауысынан тани бастайды. 8–12 айда көру өрісіндегі заттарды ажырата алады. Бір жарым жасқа қарай ұзақ мерзімді есте сақтау қалыптасады: бала таныс адамдар мен заттарды бірнеше аптадан кейін де тани алады, ал үш жасқа қарай — бірнеше айдан кейін де. Екі жас шамасында операциялық есте сақтау қабілеті жеткілікті деңгейде дамиды.

Логикалық есте сақтау қабілетінің бастапқы белгілері 3–4 жастағы балаларда қарапайым түрде байқалады, бірақ ол толық даму деңгейіне тек жасөспірім кезеңінде жетеді. Бұл қабілеттің жетілуі мен әрі қарай дамуы адамның негізгі ғылымдарды меңгеруімен тығыз байланысты. Бейнелі есте сақтау қабілетінің дамуы өмірдің екінші жылынан басталып, өзінің ең жоғары деңгейіне жасөспірімдік кезеңде ғана жетеді.[2] Есте сақтау қабілеті дамыған сайын ол ойлау процесімен тығыз байланыса түседі. Л.С. Выготский бұл туралы былай деп жазған: «Талдау көрсеткендей, баланың ойлауы көбіне оның есте сақтау қабілетіне тәуелді… Ерте жастағы бала үшін ойлау — еске түсірумен тең».[7 с. 392]

Алғашқыда есте сақтау қабілеті еріксіз сипатта болады. Мектепке дейінгі жастағы балалар әдетте бір нәрсені әдейілеп есте сақтауды мақсат етпейді. Еріксіз есте сақтаудан ерікті есте сақтауға көшу көбіне ойын және тәрбиелеу барысында жүзеге асады. Мектепке дейінгі жаста есте сақтау қабілеті еріксіз және тікелей сипаттан ерікті және жанама түрге біртіндеп ауысады. Ерте мектепке дейінгі жаста еріксіз, көрнекі-эмоциялық есте сақтау басым. Есте сақтаудың табыстылығы баланың қызығушылығымен тығыз байланысты: бала өзіне қызықты нәрсені жақсырақ есте сақтайды.

Есте сақтау қабілетінің белсенді дамуы мектеп жасында жүреді. Бұл оқу процесімен байланысты. Жаңа білімдерді меңгеру ең алдымен ерікті есте сақтаудың дамуын алға жылжытады. Егер мектепке дейінгі бала өзі қызыққан нәрсені есте сақтаса, бастауыш сынып оқушысы мектеп бағдарламасында берілген, өзіне қызық болмауы мүмкін материалды да есте сақтауға мәжбүр. Осылайша, мектеп бағдарламасының әсерінен есте сақтау және қайта жаңғырту біртіндеп ерікті сипатқа ие болады. Бастауыш сынып оқушыларында механикалық есте сақтау тез дамиды, ал логикалық есте сақтау сәл баяу дамиды. Бұл жаста көрнекі материалды есте сақтау тиімдірек, сондықтан көрнекі-бейнелі есте сақтау басты рөл атқарады. [2]

А.Н. Леонтьев балалар арасында тікелей және жанама есте сақтаудың дамуын арнайы зерттеген. Ол тәжірибе жүзінде жастың өсуіне қарай тікелей есте сақтаудың біртіндеп жанама есте сақтаумен алмастырылатынын дәлелдеді. Бұл баланың есте сақтау мен қайта жаңғыртудың жетілдірілген құралдарын меңгеруінің нәтижесінде жүреді. Леонтьевтің пікірінше, мнемикалық құралдардың маңызы – оларды қолдану арқылы есте сақтау әрекетінің құрылымы өзгереді, яғни тікелей есте сақтау жанамаға айналады.т Әртүрлі жастағы балалармен және студенттермен жүргізілген тәжірибелер негізінде А.Н. Леонтьев «есте сақтау қабілетінің дамуының параллелограммасы» деп аталатын қисық сызықты анықтады. Бұл қисық мектепке дейінгі жаста тікелей есте сақтау қабілетінің тез дамитынын және оның нәтижелілігі жанама есте сақтауға қарағанда жоғары болатынын көрсетеді.[6 с. 67-72]

Мектеп жасынан бастап тікелей және жанама есте сақтау қабілеттері қатар дамып, кейінірек жанама есте сақтау қабілеті тезірек жетіле бастайды. Уақыт өте келе бұл екі түрдің нәтижелілігі теңеседі, себебі жанама есте сақтау жоғары қарқынмен дамып, тікелей есте сақтауды қуып жетеді.

А.А. Смирнов бастауыш сынып оқушыларының есте сақтау қабілеттерін салыстырмалы түрде зерттеп, келесі қорытындыларға келген:

  • 6-дан 14 жасқа дейінгі балаларда логикалық байланысы жоқ ақпаратты механикалық есте сақтау белсенді дамиды;

  • жасы өскен сайын бала үшін мағыналы материалды есте сақтау артықшылығы азаяды.

Автордың пікірінше, бұл құбылыс баланың оқу әрекеті барысында барлық есте сақтау түрлерінің бір уақытта дамуына байланысты. Ең алдымен қарапайым, ақыл-ой еңбегін көп қажет етпейтін түрлері жылдамырақ жетіледі. [8]

Жасөспірімдік шақта логикалық есте сақтау белсенді түрде дамып, басым түрге айналады. Сондай-ақ ерікті және жанама есте сақтау процестері жетіледі.[2]

Орыс психиатры С. С. Корсаковтың зерттеулеріне сүйенсек, есте сақтау қабілеті 20–25 жасқа дейін жақсарып, 40–45 жасқа дейін тұрақты деңгейде сақталады, содан кейін біртіндеп әлсірей бастайды. Көптеген ғалымдар есте сақтау қабілетінің ең жоғары деңгейі 25 жасқа дейін жетеді деген пікірде. Бұдан кейін тұрақтылық кезеңі басталады, оның ұзақтығы туралы бірыңғай пікір жоқ. Зерттеушілер адамның барлық зияттық қабілеттері шамамен 50 жасқа дейін ең жоғары деңгейде дамитынын, сондықтан осы жаста есте сақтау қабілеті де ең белсенді болатынын атап өтеді.

Есте сақтау қабілетінің ең толық дамуы адамның ең белсенді әрі шығармашылық кезеңімен сәйкес келеді. Бұл уақытта жинақталған білім қоры көп, логикалық және мағыналық байланыстарды орнатуға мүмкіндік жоғары. Белсенді өмір сүру, белгілі бір салаға қызығушылық, мақсаттылық және эмоциялық қатысу есте сақтау қабілетінің жоғары деңгейін сақтауға ықпал етеді. Қартайған шақта есте сақтау қабілеті әлсірейді. Көбінесе бұл жаңа оқиғаларды ұмыту түрінде байқалады. Кей жағдайларда ми тамырларындағы өзгерістерге байланысты еңбек дағдылары, шетел тілдерін білу қабілеті және жаңа ақпаратты қабылдау мүмкіндігі жоғалады, содан кейін эмоциялық есте сақтау мен әдеттерге байланысты жады да әлсірейді. Зерттеулер көрсеткендей, кәрілік шақта есте сақтау құрылымы өзгереді: ең алдымен механикалық компонент әлсірейді, тікелей еске түсіру, ағымдағы тәжірибені есте бекіту және сезімдік есте сақтау қабілеті төмендейді. Яғни, дамуы ерте басталған функциялар ең алдымен бұзылады. Есте сақтауды қамтамасыз етуде механикалық емес, мағыналық байланыстардың рөлі басым болады. Ал терең қарттықта мағыналық байланыстар да әлсірей бастайды. Қартайған адамдар көбіне белсенді өмір салтынан алыстап, қызығушылықтарының аясы тарылып, өмірлік байланыстары азаяды. Бұл кезең эмоционалдық белсенділіктің, сергектіктің және зейін деңгейінің төмендеуімен сипатталады, ал бұл өз кезегінде есте сақтау қабілетінің нашарлауына әсер етеді. [3]

Адамның есте сақтау қабілеті өмір бойы дамып, әртүрлі кезеңдерде өзінше ерекшеленеді. Авторлардың зерттеулері көрсеткендей, адамның есте сақтау қабілетін дамыту өмір бойы мүмкін және оның деңгейі білім, тәжірибе, қызығушылық және эмоциялық қатысуға тікелей байланысты.


Әдебиеттер тізімі:

  1. Нурова Марям Абосовна, Мамедова Лариса Викторовна КЛАССИФИКАЦИЯ ВИДОВ ПАМЯТИ, ИХ ХАРАКТЕРИСТИКА // Вестник науки и образования. 2020. №21-1 (99)]

  2. Мудрецова Ирина Анатольевна. Виды памяти и их возрастные особенности // Образовательная социальная сеть. 10.09.2019. 

  3. Вейн А. М., Наменецкая Б. И. Память человека. — Москва: Наука, 1973. — (Серия «Проблемы науки и технического прогресса»). — Академия наук СССР. — С. 60–63.

  4. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии: В 2 т. Т. I. М.: Педагогика, 1989. 448 с. С. 302.

  5. Лурия А.Р. Маленькая книжка о большой памяти / Ю.Б. Гиппенрейтер // Хрестоматия по общей психологии. Психология памяти. М.: АСТ, 2008. 646 с.

  6. Леонтьев А.Н. Развитие памяти: экспериментальное исследование высших психологических функций. — М.—Л.: Учпедгиз, 1931. — С. 67–72

  7. Выготский, Л. С. Лекции по психологии // Собр. соч. : в 6 т. — М. : Педагогика, 1982. — Т. 2. — С. 392.

  8. Смирнов, А. А. Психология запоминания. — М.-Л.: Изд-во АПН РСФСР, 1948. — 328 с.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
18.10.2025
34
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі