15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Графика "Сюжетті шығарма"
Досым саған сенемін!
Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген — адамның көрігі екен,
Достық деген адалдың серігі екен.
Қыран күлкі-тамаша — бәрі осында,
Отырмын думан-тойдың арасында.
Береке бойдан асып жатқанымен,
Олқы
тұр көңілім менің, нанасың ба?
Ұйытқып жатыр көңілде кұйын-дауыл,
Неге сен келе алмадың жиынға бұл?!
Жыраққа жалғыз мені жібермеші
Жаныңа жаманшылық бұйырмағыр!
Әне, жұрт өзді-өзімен, сөйлеседі,
Өзімсіп: — Ей! — деседі, — өй! — деседі.
Шіркіндер-ай, даурығып тындар емес!
Есіме ап, тост көтерсем, кейде сені.
Сенсіз көңіл қашан да хош тұрған ба?
Сенсіз думан — қызылсыз бос қырман да.
Әсіре ойнап қайтемін, әсіре күліп,
Сенін орның құлазып, бос тұрғанда.
Ана сен бақыттысың!
Ана Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағың, жыламағың!
Бармын ғой Тірімін ғой, Қасындамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,
Байырғы берекеңді қашырмағың.
Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана, Сен бақыттысың, тербете бер
Құба
талдан иілген бесігімді…
Әке
Әке, сенің жасыңнан асып барам.
Кезі - кезі келгенде тасып та алам,
Кезі - кезі келгенде жасып қалам,
Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң.
Құры алақан емеспін қуаныштан,
Қуаныштар алдымда құрақ ұшқан.
Бір арыстан өмірден өткенімен,
Өмір сүріп келеді тірі арыстан.
Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
Ұрпағың бар, ел менен ер намысын,
Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын.
Әке, сенің тастап кеткен мұраңды,
Төрт немерең көрген шақта қуанды.
Терің сіңген тақияға жармасып,
Алма-кезек бірінен соң бірі алды.
Иіскейді танаулары шүйіріп,
Шешем отыр тәубе жасап сүйініп.
Мазалаған әлдеқандай бір сезім,
Тұрды менің алқымымда түйіліп.
Кейіс пішін. Келінің де тұр қарап,
Сәбилер-ай, сәбилер кімді тыңдамақ.
Сездіңбе әке, сенен қалған мұраны,
Ұрпақтарың жатыр әне жұлмалап.
Сезбейсің-ау, сезбейсің-ау ардағым,
Осыншама артыңда ұрпақ қалғанын.
Пай-пай шіркін. Орталарында отырсаң,
Ию-қию базар болып жан-жағың.
Сезбейсің-ау өшпегенін отыңның...
Ортасында өзің шашқан қоқымның,
Өзің жоқсың.
Өзіңе ұқсап отырмын.
Жоқ,Дәрігер!
Жүрегіме жүк артып жүргенімде,
Қажыдың ба, байғұсым, білмедім бе?
Шайпау тиіп, шаршатып кім көрінген,
Уландың ба, білмеймін кірледің бе?
Бары ақиқат бір дерттің жүрегімде,
Дәрігер - ау, арқалап жүремін бе?
Сорлайтындай соншама кім едім мен,
Heгe аяныш атасың іреңіңнен?
Айтып өлтір, қайтесің босқа ойланып,
Жүрек дерті өлімге бастай ма анық?
Адасам ба өмірден жастай қалып?
Ет жүрегім кете ме тасқа айналып?
Heгe айтпайсың, тұрғанша босқа ойланып.
Пері соққан пендедей есі жарым,
Тамырымда тулайды есіл ағын.
Бұл жүректің білмеймін несін алдым,
Несі жоғын білмеймін, несі барын?
Қаным қайнап барады, қаным қайнап,
Бір амал тап, дәрігер, халімді ойлап.
Алауыртқан ақынның қолын байлап,
Әкетпесін ажал кеп, өлімге айдап.
... Жоқ!
Дәрігер! Орнатпа басқа жүрек!
Басқа лүпіл жасама, басқа леп.
Қалай айтам, бүлінген жүрегімді,
Білдірмей доғдыр алып тастады деп?!
Өңгеріп өгей жүрек қайда барам,
Өзгенің ғұмырын қалай пайдаланам?
Сыйыңа рахмет, қайран адам!
Өзімнің жүрегімдей қайда маған?
Алмастырам!?
Дедің - ау, алмастырам!..
Сірә, менің жұлдызым жанбас бұдан.
Өзімнің жүрегімді жерлеп келіп,
Өзгенің өмірін қайтіп жалғастырам?
Тула, Жүрек!
Өкінем мен несіне!?
Туған жүрек, әрине, өлмесін бе?
... Жоқ!
Дәрігер!
Қозғама,
дамылдасын,
Әрбір жүрек өзінің кеудесінде
Дәрігеріме...
Керегі жоқ,
Керегі жоқ,
Керегі жоқ бәрінің!
Иненің де керегі жоқ,
Керегі жоқ дәрінің!
Кетсем егер, пленканың үзілген бір әнімен,
Қалсам егер, қара жердің жалғыз түйір дәнімін.
Дәрігерім, рақмет!
Meн әзірге өлмеймін!
Кешіре гөр!
Жүрегімді пышағыңа бермеймін.
Әуре болмай босат мені!
Енді алдыңа келмеймін.
Керегі жоқ, керегі жоқ,
Пышақтауға көнбеймін!
Қорықпаймын пышақтан да,
Қорықпаймын инеден.
Ине түгіл бұл жүректі найза-дағы түйреген...
Құпиямды көресің ғой, мен сондықтан именем,
Кешір мені, Кешір мені!
Кетем ертең үйге мен.
Бауыр ісіп, бас айналып, бойда қаным тасыған,
Бәріне өзім кінәлімін, оның иесін жасырам.
Көп нәрсеге қуанам да, көп нәрсеге ашынам,
Ғылымға да, өзіңе де рақмет, бас ұрам!
Уақытым барады етіп, мен бір жаққа асығам...
Жастық
Ойлайыншы, не берді жастық маған?
Үйрет деп асау берді бастықпаған.
Жастық маған от берді жалындат деп,
Жастық маған оқ берді жауыңды ат деп.
Жастық менің жаныма жыр байлады.
Жастық мені жалтартпай шыңға айдады,
Жастық мені шындады, шынықтырды,
Жастық шіркін өмірді шын ұқтырды.
Ризамын жастыққа, текке өтпеді,
Әзір тұр гүл-бағымды көктеткелі.
Жастық маған ақыл-ой, сана берді,
Амал не, жастық өзі қалады енді.
Елім барда.
Не сыйлайды,не береді келер күн!?
Неде болса тірі тұрсам көрермін.
Желідегі құлынымын мен елдің,
Көгендегі қозысымын мен елдің.
Не сыйласын,несін берсін ел маған?!
Тұрсақ екен елімде аман,менде аман,
Таулар менің таусылмайтын бақытым,
Ал ырысым-ұлан ғайыр кең далам!
Не істемекпін алтын,гаухар жақұтты?!
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты,
Мен бақытсыз бола қойман сірә да,
Туған елім болса екен бақытты!
Дәнеңе де сыйламасын келер күн,
Сый көрмей-ақ суалармын сөнермін
Туған елім тұғырында тұрса екен.
Әрі қарай,әрі қарай көрермін.
Сәби болғым келеді.
Құс та болғым келмейді,қанатым бар
Қанатым бар күмістен жаратылған
Сәби болғым келеді,сәби болғым,
Бұл өмірден хабарсыз жаңа туған.
Тал бесігі кең жаран,тарылмаған,
Біреуге бар,біреуге табылмасын
Сәби болғым келеді,сәби болғым
Ана сүті аузынан арылмаған.
От та болғым келмейді,жылуым бар
Жылуым бар,керек пе жылыныңдар
Сәби болғым келеді,сәби болғым
Күн сәулесі ойнаған тұлымында.
Қанат қағып өмірге ұшарымда,
Кесілмесе бәрібір тұсауымда,
Сәби болғым келеді,сәби болғым
Сәбиі жоқ ананың құшағында
Үш бақытым
Ең бірінші бақытым халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін
Ол бар болса, мен бармын қор болмаймын
Қымбаттырақ алтыннан нарқым менің
Ал екінші бақытым тілім менің
Тас жүректі тіліммен тілімдедім\
Кей-кейде дүниеден түңілсемде
Қасиетті тілімнен түңілмедім
Бақытым бар үшінші Отан деген
Құдай деген кім десе Отан дер ем
Оты сөнген жалғанда жан барсыңба?
Ойланбай-ақ кел дағы от ал менен.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген