15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ғылыми жоба "Жайық -Елім, Жайық -Анам, Отаным"
Индер ауданы М.Мөңкеұлы
атындағы орта мектебінің 4-сынып
оқушысы Аяпберген Арсеннің
«Жайық – Анам, Жайық – Елім,
Отаным» деген ғылыми жобасына
Пікір
Оқушының «Жайық – Анам, Жайық – Елім, Отаным» тақырыбында жазған ғылыми жоба жұмысының кіріспе бөлімінде Кең-байтақ мекеніміздегі сан мыңдаған жер-су атауларының тарихында халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасы айқын бейнеленген.
Атыраудың ірі су көздері болып саналатын Индер және Жалтыр тұзды айдындары: бұлардың бәрі де тұщы су қорының қатарына жатқызылмайды, ішуге жарамсыз. Міне, осындай гидрологиялық жағдайда талай ғасырлар бойы Атырау аймағына тұщы нәр беріп, тұрғындардың өміріне, тіршілігіне негіз болып келген, талай тарихи оқиғаларға куә болған су көзі – Жайық өзені екендігі жазылған. Қазіргі кезде Жайық өзені - Каспий алабындағы бекіре балықтың табиғи кең уылдырық қоры сақталған бір ғана өзен. Жайық өзенінің беткі суларының ластануының маңызды факторы өндірістік кәсіпорындарының қызметі, суалатын алаңдар аумағындағы ескіден бергі ластар, қалалық, және кенттік шайынды сулар болып табылатындығы айтылған. Жайықтың жағасының тазалығын сақтау туралы жазылған.
«Менің атаулы ағашым» сияқты акцияларға халықтың, соның ішінде мектеп оқушыларының белсене араласуы. Себебі ауылдың ішкі жағын ғана емес, өзен жағаларына құмның жиналуынан сақтайтындығы айтылған. Мұның өзі - өзен жағдайын жақсартудағы өзіміз атқара алатын жұмыстар деп қорытындылаған.
.
Мектеп директоры: Р.Рысбаева
Ғылыми жетекшісі: Г.Тулегенова
Аннотация
Зерттеу мақсаты: Жайық өзені туралы халық аңыздары мен зерттеулерді қарастыру; Жайық өзенінің экологиялық мәселелерімен танысу және шешімін табу жолдарын қарастыру; Жайық өзенінің көркем шығармалардағы көрінісін зерттеу
Зерттеу міндеттері:
1. Жайық өзенінің экологиялық проблемалары
2. Жайықтың жағасының тазалығын сақтау.
3. «Менің атаулы ағашым» сияқты акцияларға халықтың, соның
ішінде мектеп оқушыларының белсене араласуы.
Зерттеудің
әдісі: Зерттеу, бақылау,
іздену, әдебиеттермен
жұмыс.
Зерттеудің
өзектілігі: - Арнаның лайлануы, өзеннің тайыздалуы мен
оның гидрологиялық режимінің нашарлауына соқтыратын қайраңдардың
пайда болуы;
- Жағалаулардың иреңдері мен топырақты
жерлерінің жеңіл механикалық құраммен шайылуы. Бұл өзеннің арнадан
шығып және үлкен аумақты басып кетуіне қауіп
туғызуы.
Зерттеу қорытындысы: Жайықтың жағасының тазалығын сақтау. Себебі өзен бойында бос бөтелкелер, бір қолданыстағы дорба, азық – түлік қалбырлары шашылып жатады. Әр адам осы мәселеге көңіл бөлсе, әсіресе Жайық жағасында тұрғын үйлері бар жанұялар, демалуға келген тынығушылар.
2. «Менің атаулы ағашым» сияқты акцияларға халықтың, соның ішінде мектеп оқушыларының белсене араласуы. Себебі ауылдың ішкі жағын ғана емес, өзен жағаларына құмның жиналуынан сақтайды. Мұның өзі - өзен жағдайын жақсартудағы өзіміз атқара алатын жұмыстар.
Мазмұны
І. Кіріспе.
ІІ. Жаық –анам, Жайық-елім, Отаным.
2.1. Жайық өзеніне жалпы түсінік
2.2. Жайық өзенінің экологиялық мәселелері
2.3. «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді...»
ІІІ Қорытынды
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Дүниеде атаусыз нәрсе жоқ, әр нәрсенің өз атауы бар, тіпті тау мен тастың, кішкентай бұлақтың немесе жотаның, белдің де өзіндік атауы бар. Өйткені әрбір зат болмаса тіршіліктегі кез келген құбылыстың алдымен аты ауызға оралары хақ, содан соң ғана сол аттың заты жөнінде ойланатынымыз ақиқат. Сондықтан ат пен зат үйлесімділігі қашанда маңыздылығын жоймайды. Кең-байтақ мекеніміздегі сан мыңдаған жер-су атауларының тарихында халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасы айқын бейнеленген. Қасиетті жеріміздегі төбе мен тау, көл мен өзен атауларының өзіндік сыры мен тарихи сипаты олардың әрқайсысына бабалар мұрасы ретінде қарауға негіз болады.
Мамандар Атырау облысын жер бетінде су қорына өте тапшы аймақтар қатарына жатқызады, яғни жалпы жерінің аумағына шаққанда мұндағы су мөлшері өте мардымсыз келеді. Сонымен бірге есепке алынған өзен – көлдердің су деңгейі үнемі күрт өзгеріп отырады, су тасуы кезінде қалыпты деңгейі бірнеше есе өссе, жаз айларында ірі өзен деңгейі төмендеп, шағын өзендер тартылып қалады. Атыраудың ірі су көздері болып саналатын Индер және Жалтыр тұзды айдындары: бұлардың бәрі де тұщы су қорының қатарына жатқызылмайды, ішуге жарамсыз. Міне, осындай гидрологиялық жағдайда талай ғасырлар бойы Атырау аймағына тұщы нәр беріп, тұрғындардың өміріне, тіршілігіне негіз болып келген, талай тарихи оқиғаларға куә болған су көзі – Жайық өзені.
Қазақ елінің ұлан-ғайыр аумағының едәуір бөлігін құрайтын Атырау облысын ел арасында «Ақ Жайық өңірі» деп атайды. Қойнауы қазына, құт-береке дарыған қасиетті де киелі өлкеміздің басты байлығы – Жайық өзені. Халқымыз Жайық өзенін «Ақ Жайық», «Қарт Жайық», «Ана Жайық» деп дәріптейді.
«Аққулы мекен,
Гәккулі мекен,
Мен сені сағындым ғой, Ақ Жайығым», – деп Қадыр Мырзалиев атамыз жырға қосқандай, Жайық өзені – табиғи байлық қана емес, тұнып тұрған шежіре, ғасырлардың құрдасы, дәуірлердің куәгері.
Қазақ ел болғалы өзінің ежелгі де қасиетті су айдындарын –Жайығым деп еркелете, оған арқа сүйеген, сенген де сиынған. Өзен де өз тарапынан ғасырлар бойы халқына пана және нәр бола білді. Ресейдің патшасы 1775 жылы өзеннің ежелгі атын халық санасынан мүлдем жойып, содан былай Орал атауға арнайы жарлықпен бұйырса да, барша қазақ үшін өзен үнемі Ақ Жайық болып қала берді.
ІІ. ЖАЙЫҚ – Анам, ЖАЙЫҚ – Елім, Отаным.
2.1. Жайық өзеніне жалпы түсінік
Батыс Қазақстан территориясы бойынша 196 өзен ағады, оның ішінде тек сегізінің ағыны тұрақты, ұзындығы 200 км - ден асады. Осы өзендердің ішінде ең маңыздысы, Қазақстандағы ұзындығы 1000 км - ден асатын ірі 7 өзеннің бірі – Жайық өзені болып табылады. Ал осы Жайық өзенінің қазіргі таңдағы экологиялық жағдайы күннен күнге төмендеп барады. Мемлекет үшін аса маңызды өзендердің бірі болып отырған Жайықтың бұл проблемаларына көз жұма қарамауымыз керек.
Жайық өзенің атауы туралы көптеген тарихи деректер кездеседі. Көне тарихында өзен Ликос деп аталды, ал біздің эрамыздың басында Даикс, Даих (Птоломей картасы б.э.д.II ғ.) деп аталды. Әр түрлі замандарда өзеннің әр түрлі аттары болды: Джаих, Руза, Ягак, Ягат, Улусу, Запольная өзені. Яик есімі алғаш рет 1229 жылы орыс жазбаларында кездесті.
Өзен жанында өмір сүрген қазақтар, татарлар, башқұрттар және басқа да халықтар өзенді Яик, Джаик, Жайық деп атады. Бұл атаулардың барлығы өзеннің ұлылығын, молдығын, күштілігін білдірді. Орал атауы өзеннің екінші атауы болып табылады, ол өзеннің басы басталатын жері Орал тауының атауынан туған. «Ур» және «ал» сөзбе-сөз «өзен алушы» деп аударылады. Орал және Жайық мағынасы жағынан жақын сөздер. Түркі тілінен аударғанда байтақ, құюшы, өзіне басқа ондаған өзендерді алушы дегенді білдіреді.Екатерина ІІ Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерілісі туралы пікірді халық арасында жою үшін 1755 жылы Яик атауын Орал атауына, Янукий қаласын Уральск қаласына өзгертуді бұйырды.Атауды өзгертуді шығарған патшаның жарлығында былай деп жазылған: «Яиктағы бақытсыз оқиғаны мүлде естен шығару үшін».
Өзеннің ерекше байлығын
көрсету үшін «Яик Горыныч Золотое дно, серебряна крышечка» - деп
халық мақалында айтылған. Қиын - қыстау замандарда Жайық мыңдаған
адамдарды азапты ажалдан алып қалды. Біздің ата-бабаларымыз өзен
туралы мынадай өлеңдер айтқан: Орал, сен біздің жарқыраған
алтынымыз, таза, мөлдір суымызсың, сүттей жағалауың, балықтарың
әлемге сүйкімді, Сен-біздің асыраушымызсың, біздің өмірімізсің. Су
ресурстары және Жайық өзені бассейнінің жері ауыл шаруашылығында,
өнеркәсіптік өндірісте кеңінен пайдаланылады. 20-30 жыл бұрын Батыс
Қазақстан экономикасы үшін балық шаруашылығы мен кеме жүзетін
жолдар маңызды болды. Өзен бойынша суды тұтынудың жыл сайынғы
өзгерістерін есепке алсақ, су деңгейі соңғы жылдары азаюда. Бұл
кеме жолдарын дамытуға мүмкіндік жоқ дегенді
білдіреді.
1890 жылы Н.Я.
Данилевский «Жайық балық шаруашылығы
туралы» қысқа очеркінде былай деп жазды: «Жайық тек қана балық
аулауға арналған дүниедегі ең үлкен өзен. Бұған дейін ағымды судың
адамға беретін басқа да қызметтері осы балық аулаудан шыға
алмаған. Онда кемелер де, өзенмен сал ағызу да, сумен
қозғалатын диірмен де болмаған. Жыл бойы балық аулайтын ауы жоқ
кемелерді көре алмайсың. Жайық арқылы өту қиындады. Балық аулауға
арналған бекеттен теңізге дейінгі кеңістікте, яғни пошта жолымен
500 шақырым жерде, Уральск жанында тек қана бір көпір болатын.
Гурьевте айырбасы бар екі пункті қамтитын бір паром болған. Халық
Гурьев паромын жақтырмаған, өйткені оның арқаны суға соққанда
Жайыққа келетін балықтарды шоршытады деп есептеген. Егер де Жайық
өзенінен жүктермен өту қажет болса, екі-үш бударкілерді (кішкене
қайық) байлап, тұғыр орнына шарбақ төсеп, бас жағында және аяқ
жағында бір казактан отырады, қолдарында қысқа ескектер бар. Осылай
паром дайындалған.»
Жайық – Ресей Федерациясы (Башқұртстан, Челябі, Орынбор облыстары) мен Қазақстан Республикасы (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары) жеріндегі өзен. Өзен 1991 жылы мемлекетаралық трансшекаралық су объектісі статусын алды. Жайыққа оң жағынан Кіші Қызыл, Үлкен Қызыл, Сақмар, Таналық. Жайық өзені алабы - Шаған; сол жағынан Шыңғырлау (Утва), ның орналасуы. Гумбейка, Үлкен Қараған, Сүйіндік, Қомақ, Ор, Елек, Барбастау салалары құяды. Орал қаласынан төменгі бөлігінде Жайықтың аңғары тағы да кеңейіп, жайылмасы тармақталады. Орал қаласынан жоғарыда Жайық өзеніне сол жағынан Елек өзені ағады, оның ұзындығы 730 км. Орал қаласы маңында Жайық өзеніне 2 сала – Шаған мен Барбастау өзендері құяды.
Жайық өзенінің жалпы ұзындығы 2428 км, су жиналатын алабының ауданы 237 мың км², Қазақстан жеріндегі ұзындығы 1084 км. Өзен Еуропа мен Азия дүние бөліктерін бөлуші Орал тауларымен бірге шекара болып есептеледі. Жайық өзенінде су жол қатынасы ХХ - ғасырдың бірінші жартысында күшті дамып, оның аяғында мүлдем тоқталды деуге болады. Қазіргі кезде Жайық өзені - Каспий алабындағы бекіре балықтың табиғи кең уылдырық қоры сақталған бір ғана өзен. Күзде 15 тамыздан 15 қараша аралығында Жайық өзенінде балықтың балық шаруашылық шұңқырларына жылыстауы жүреді, яғни күздегі қыстаққа қоныстануы болады.
Жайық өзенінің бастауында жер бетінің деңгейі 637 м биікте, ал Каспий теңізіне құяр жері теңіз деңгейінен 27 - 28 метр төмен жатыр. Сондықтан Жайық өзені арнасының құлау бұрышы әрбір шақырым сайын 30 см төмендеп отырады. Ал көршілес жатқан Еділ өзенінің құлау бұрышының деңгейі Жайықтан 4 есе аз. Осы құлау деңгейінің салыстырмалы биіктері үлкен болғандықтан, күз кезінде су ағысының жылдамдығы сағатына 4 - 5 шақырым болса, ал көктемгі су тасыған шағында 10 шақырымға дейін жетеді. Жайық көбіне қар суымен (80%) толығады. Жайыққа қарашаның аяқ кезінен бастап мұз қатады да, наурыз айының соңы мен сәуір басында мұздар сөгіліп, өзен ағысы еркіндік алады. Мұздың қалыңдығы орташа 60 - 80 см - ге дейін жетеді. Мұз құрсану уақыты 130 - 120 тәулікке созылады.
Жайық өзені тек қана қар суларына қоректенетін жай өзендерге жатады. Оның ағыны, негізінен, өзендер жүйесі дамыған, жоғарыдан қалыптасады. Жайық өзенінде Оралдан төмен теңізге кұйғанға дейін, суы аз Барбастаудан басқа сала жоқ.
Жайық өзенінің балық шаруашылығында зор маңызы бар. Аймақтағы табиғи факторлар жиынтығы жылдың мезгіліне байланысты, сәуірден шілде айлары аралығында, балық өсіруді жоғары деңгейде дамытуға қолайлы жағдайлар туғызады.
Жайық өзенінде балықтардың 38-ден астам түрі бар: бекіре тәрізділер, майшабақтар, шортантәрізділер, тұқытәрізділер және басқалары кездеседі.
Жайық өзенінің жайылмасы мен аңғарлары Батыс Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігінің интроаймақтық орталығы болып табылады. Дала мен шөлейт ланшафттың біртекті төсегі Жайық аңғарының кіретін жайылма ормандардың жасыл желегімен алмасады. Жайықтың жайылма ормандары: емендер, қара ағаштар, ақтеректер,талдар қайың, шегіршендермен сипатталады. Тіршілік ортасының жағдайына қарай бұл ормандар алуан түрлі болып құралуы мүмкін. Жайылмалардың солтүстік бөлігінде көктеректер мен аққайындар таралады және шағын тоғайлар құрайды.
Шекара аумақтық Жайық өзені суға тапшы Қазақстан ғана емес, Ресейдің де ерекше мемлекеттік маңызды негізі су күретамыры болып табылатыны сөзсіз. Тіпті одақтық мемлекет кезінде де осылай болған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 21.01.2004 жылғы №159 қаулысымен «Ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандары тізбесі мен ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарының шаруашылық қызмет режимін құқықтық реттеу ерекшеліктері» бекітілген. Өкінішке орай, Жайық өзені осы аталған құжаттағы өлшемдерге сәйкес келсе де, ерекше мемлекеттік маңызы бар су нысандарына жатқызылмаған, осыған байланысты оған өз дәрежесінде көңіл бөлінбей келеді. Жайық өзені алабы ежелгі өркениет орталығы және қазіргі уақытта Қазақстан мен Ресей Федерациясының әлеуметтік экономикасында аса маңызды орын алады. Жайық өзенінің ландшафтты-экологиялық жағдайын және су кешенін қалыпқа келтіру мен сақтау басты міндет. Жайық өзенінің көпғасырлық бай тарихы біздің ұрпақтар үшін жоғалмауы керек.
2.2. Жайық өзенінің экологиялық мәселелері
Жайық өзенінің экологиялық проблемалары ,
басқа да өзендер сияқты, кешенді табиғи, антропогендік және
техногендік үрдістермен
байланысты.
Жайық өзенінің тозып өзгеруінің бірінші
себептері болып, толассыз су ағынының табиғи үрдістердің
механикалық үрдістер түріндегі әсерінен болатын арнаның бұзылуы
болып табылады. Оның жағымсыз салдары болып
табылатындар:
- Арнаның лайлануы, өзеннің тайыздалуы мен
оның гидрологиялық режимінің нашарлауына соқтыратын қайраңдардың
пайда болуы;
- Жағалаулардың иреңдері мен топырақты
жерлерінің жеңіл механикалық құраммен шайылуы. Бұл өзеннің арнадан
шығып және үлкен аумақты басып кетуіне қауіп
туғызады.
Осы үрдістер Жайықтың көктемгі қатты тасқынымен тіптен тереңдей түседі. Қазақстандық аймақта өзен арнасының лайлануына теріс әсер ететін факторларға ағысты баяулатын даланың жазықтылығы және арнаның көп ирелеңдігіне әсер ететін жер бедерінің сәл жотылығы жатады. Осыған байланысты өзеннің тұтастығы мен қызметі оның тұрақты күтімсіздігінсіз мүмкін емес. Өзен арнасының лайлануына оның салалары мен бастау көздерінің тазаланбауы әсер етеді. Батыс Қазақстан облысындағы Жайық өзенінің алабына кіретін кіші өзендерге Шаған, Деркөл, Елек, Утва, Рубежка, Быковка, Емболат, Барбастау және т.б. кіреді.
Бұдан басқа, Жайық өзенінің табиғи экожүйесінің тозуына оның су, өсімдіктер, жануарлар мен балық ресурстарын пайдаланатын шаруашылық қызметтері де өзіндік әсерін тигізеді. Елді мекен жерлердегі жағалай өзеннің жағалаулары мен су алатын алаңдарда, тасқын кезінде өзенге шайылатын қалдықтар төгіледі.
Жайық бойында орналасқан үлкен қалалардың арналы тазалық құралғылары ескірген, қайта жаңғыртуды қажет етеді және арналық ағындарды қажетті дәрежеде тазартуды қамтамасыз етпейді.
Жайық өзенінің беткі суларының ластануының маңызды факторы өндірістік кәсіпорындарының қызметі, суалатын алаңдар аумағындағы ескіден бергі ластар, қалалық, және кенттік шайынды сулар болып табылады.
Жайық өзені мен аңғарлардың суының азаюына, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің бұзылуына рұқсатсыз ағаштар кесу және далалық өрттер әсер етуде.
Жайық өзенін ластанудан сақтауды қамтамасыз етудің кешенді шараларына төмендегідей әрекеттер кіреді:
– Суы аз немесе қалдықсыз, оқшауланған су айналымдық және аралық тазалау немесе суды салқындатып, қайтадан іске жарату жүйесі бар технологияларға көшу.
– Қалдық көлемін азайтып,
сусызданған қалдықты немесе былғауыштардың қойырланған ерітіндісін
жер қойнына көму технологиясын жетілдіру. – өндіріс және тұрмыс
қалдықтармен ластанған суларды тазалау әдістерін
жетілдіру.
– Өсімдіктерді аурудан және түрлі
зиянкестерден, егістіктерді арам шөптерден қорғауды қамтамасыз
етуші биологиялық және басқа да агротехникалық шаралардың
пәрменділігі мен қолданыс аясын кеңейте отырып, ауыл шаруашылығы
өндірісі мен орман шаруашылығын шектен тыс химияландыруға тоқтау
салу.
Жайық өзені – Батыс Қазақстан аймағындағы аса маңызды су көзі. Ол өз бастауын Ресейден алады. Башқұртстан Республикасынан кейін Ресейдің Челябі және Орынбор облыстары мен Қазақстанның Орал, Ақтөбе, Атырау аймағы арқылы өтетін өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырым. 1991 жылдан бері Жайық мемлекетаралық трансшекаралық өзен мәртебесіне ие болған.
Атыраудағы халық тұтынатын судың 70 пайызы Жайықтан алынады. Ал қалған 30 пайызын Қиғаш өзені мен жер асты сулары құрайды. Сондықтан Жайықтың тұщы суы облыс үшін аса маңызды мәселе. Әсіресе, соңғы жылдары мамандар Жайық суы тартылып, лайланып, сапасының бұзылуымен бірге оны мекендеген жануарлар мен өсімдіктер дүниесі де құрып бара жатқанын айтып дабыл көтеріп отыр. Бұл өзен бұрын қызыл балықтың мекені атанғаны ендігі естір құлаққа ертегі сияқты.
Экологтардың пікірінше, Жайық өзенінің төменгі ағысында салалары болмағандықтан су деңгейінің түсуі немесе көтерілуі жоғарғыжақтан келетін су мөлшерімен тікелей байланысты. Сондықтан Жайық суының тартылуына өзен бастау алатын Ресейдің Орынбор облысындағы Иректі ГЭС-і мен Башқұртстандағы Сакмара өзеніндегі су қоймасының әсері үлкен дейді мамандар. Өйткені, Сакмарадағы су қоймасында Жайық өзенінің орташа жылдық көлемінде 60 пайызын құрайтын су сақталады.
Қорытып айтқанда, су байлықтарын сақтау – бүкілхалықтық іс екенін ұмытпауымыз керек. Өзен сулары бірінші қажеттілік және біздің байлығымыз. Халық даналығы: «Су ішетін құдығына түкірме, кейін одан су ішерсің» - дейді. Су байлығынан адам баласына келетін пайда көп, оларды тиімді пайдалану, сақтай білу баршамыздың абыройлы борышымыз.
2.3. «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді...»
Біздің халқымызтың түсінігінде өзен-көлдің, тау-тастың, шың-құздың алатын орны зор. Қазақ халқында өлең-жыр деген ұғымның қалыптасқан кезеңінен бастап, осы жер-су атаулары басты тақырып болған. Оның алғашқы үлгілерін сонау тасқа басылып жазылған Көне Түркі ескерткіштерінен бастап, бүгінгі ақын-жазушыларымызға дейін өлкедегі жер-суды жырға қосып келеді.
Жайық өлкесі талай жыраулар мен жыршылар, ақындар мен жазушыларды дүниеге әкелген. Бұл дүлдүлдердің арасында Жайықты жырға қоспағаны жоқ десек, қателеспейміз. ХV ғасырда қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүріп, жыраулар поэсиясының негізін қалаушылардың бірі болған Доспанбет жырау:
Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?!
Еңсесі биік боз орда
Еңкейе кірер күн кайда?!
Қара бұлан терісін
Етік қылар күн қайда?!
Жыраулар поэзиясының жалғасындай болған жалынды ақын, дәулескер күйші, «ақырып теңдік сұраған» қолбасшы Махамбет ақынның да шығармашылығында Жайық өзені туралы былайша толғайды:
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген.
Таудағы тарлан шұбар біз
едік.
...Еділ үшін егестік,
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Тептер үшін тебістік.
Қазақ әдебиеті поэзиясында жарқын қолтаңбасын қалдырған Жұбан Молдағалиев туған жерге деген махаббатын былайша жырға қосқан:
Сағындым сені, Жайық, алма бақты,
Өткізгем өз бойыңда жастық шақты.
Сүюші ем төңкерілген толқыныңды.
Сылқылдап соғып жатқан жарқабақты.
Сен десе елестейді туған жерім,
Көркейткен мөлдір суын жер бедерін,
Құрбымен, құрдастармен күліп-ойнап,
Желбегей желді түнде жүргендерім.
Жағаңда ойға шомып отырғаным.
Қиялдың кезек басып пернелерін.
Есінде жүрдің, Жайық, елеріңнің
Шапқанда атакаға сан «ұралап».
Сонда біз сен үшін де соғысқанбыз.
Ұшынан штыктардың қан сорғалап.
Атырау жерінің атын алты алашқа мәшһүр еткен жалынды ақиық ақын Ілия Жақановтың ең танымал өлеңдерінің бірі – «Еділ-Жайық». Бұл өлеңді әнмен өрбіткен ақын өлеңмен Ақ Жайыққа үлкен ескерткіш тұрғызғандай:
Құлпырады дала, гүлдейді орман,
Емізеді егіз Еділ мен Жайық.
Ақ шағала айдын, ақталған арман,
Тербетеді кеме, ойнайды қайық.
«Қазақ поэзиясының падишасы» атанған Фариза Оңғарсынованың шығармашылығынан да өзеннің алатын орны ерекше. Кейбірінде өлкеге деген сағыныш, кейбіреуінде ақынның патриоттық сезімі байқалатын бұл өлеңдері қашанда өміршең. Соның бірі бәрімізде жақсы таныс «Жайықтың толқындары» өлеңі былайша өрнектелген:
Жарқын жылдарымның,
Балғын жырларымның,
Куәсі өзің едің,
Киелі құндағымның.
...Жайықтың толқындары.
Бұл біз білетін өлеңдердің бірқатары және халық арасына кең таралғандары. Жайық өңіріне «аққулы мекен», «гәккулі мекен» деген теңеулермен қатар, «өлең ордасы», «өлең ордасы» деген атау жарасатындай. Толқыны өлеңмен тербелген Жайықтың әлі де талай өлеңге, талай әнге тақырып болары, ақынға шабыт болары сөзсіз.
Қорытынды
Бұл қасиетті Жайық өзені. Осы өзеннің жағасында Қыз Жібек балғын шағын өткізген. Осы өзенді өтіп Төлеген Қыз Жібекке келген. Осы өзеннің суына Махамбет пен Исатай әскері аттарын суарған. Осы өзенді қорек еткен. Осы өзен үшін алысып, жан беріскен. Ел азаттығы үшін осы өзенді талай малтып кешіп жүріп соғысқан. Осы өзенді өтіп әйгілі Бөкей хан "Ішкі Орда" атты Еділ-Жайық арасына қоныс тепкен "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған" хандықтың негізін салған. Осы өзеннің жағасында Алашорда үкіметінің негізін салушылардың бірі Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтар дүниеге келген. Осы өзенді малтып жүріп балалық шақтарын өткізген. Осы өзеннің суымен Александр Македонский ауқат алған. Осы өзеннің жерінен өзімен-өзі шығып жатқан қара майды көріп Аристотель де таң қалған. Осы өзенді өтіп Батый хан қыпшақ халқынын рухымен Русь әлемінің "ел боламыз" деген үмітін жүздеген жылдарға кейін шегеріп, отар қылып, Еуропаның жартысын жаулап алған. Осы өзенді өтіп әйгілі Марко Поло Еуропаға Азия әлемін ашқан. Осы өзеннің жағасында адамзат тарихындағы ең дарынды қолбасшылардың бірі Сұлтан Бейбарыс дүниеге келген. Осы өзеннің бойға сіңген нәрімен Сұлтан Бейбарыс бүкіл Ислам әлемін Моңғол және Крест шапқыншылығынан сақтап қалған. Байтал түгіл бас қайғы заманда Мұстафа Шоқай да осы өзеннің бойымен шетел асқан. Осы өзеннің бойында толғауын шегіне жеткізіп Құрманғазы құдіретті күйлерін шығарған. Осы өзенді қазақтың маңдайына біткен ұлы Әлкей Марғұлан да малтып жүріп Сарайшықты зерттеген.
Осы шағын зерттеу жұмысым теңізге тамған тамшыдай үлес болса да, өзен туралы ізденістердің нәтижесінде мынадай ұсыныс айтқым келеді:
1. Жайықтың жағасының тазалығын сақтау. Себебі өзен бойында бос бөтелкелер, бір қолданыстағы дорба, азық – түлік қалбырлары шашылып жатады. Әр адам осы мәселеге көңіл бөлсе, әсіресе Жайық жағасында тұрғын үйлері бар жанұялар, демалуға келген тынығушылар.
2. «Менің атаулы ағашым» сияқты акцияларға халықтың, соның ішінде мектеп оқушыларының белсене араласуы. Себебі ауылдың ішкі жағын ғана емес, өзен жағаларына құмның жиналуынан сақтайды. Мұның өзі - өзен жағдайын жақсартудағы өзіміз атқара алатын жұмыстар.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Абдыхалықов М; Нұрымгереев К. Ш; Махашова Д. М. – Каспий теңізі жағалауы маңындағы Жайық өзені атырабының жобалық аумағы. Астана.2006 жыл.
2. Баймұқанов М. Т., Альпеисов Ш. – Жайық өзенінің ерекше қорғауға алынған аймағына қысқаша биологиялық сипаттама. Алматы. 2004 жыл. Балық шаруашылығының ғылыми - өндірістік орталығы.
3. Бейсенова Ә., Шілдебаев Ж. – «Экология» Алматы. «Мектеп» 2005. 87-93 бет
4. Қабдолов З. – Атырау энциклопедиясы. Алматы. Атамұра. 2000 жыл. 29-33 бет.
5. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Алматы. 2001. 474- 475 бет
6. Бес ғасыр жырлайды. Алматы. Жазушы. 1984 жыл.
7. http://massaget.kz/layfstayl/debiet/kkzhiek/15962/
.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген