жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ғылыми жоба "Мақал-мәтелдер"
Мазмұны
Кіріспе ......................................................................................................3- бет
1 тарау. Тіл білімінде мақал-мәтелдердің зерттелуі
1.1 Мақал-мәтелдердің зерттелу тарихы ...............................................6-8 бет
1.2 Мақал мен мәтелдің өзіндік ерекшеліктері .....................................9-10 бет
1.3 Мақал-мәтелдерді құрылымдық тұрғыдан зерттеу ........................11-13 бет
2 тарау. Мақал-мәтелдердің синтаксистік ерекшеліктері
2.1 Жай сөйлем түріндегі мақал-мәтелдер ............................................14 бет
2.2 Мақал-мәтелдердегі сөйлем мүшелері тұлғалары ..........................15-17 бет
2.3 Құрмалас сөйлем түрінде келетін мақал-мәтелдер......................... 17-22 бет
2.4 Мақал-мәтелдердегі ықшамдалу құбылыс ..................................... 22-26 бет
Қорытынды .............................................................................................27-28 бет
Қосымша ..................................................................................................29-31 бет
Қолданылған әдебиеттер .......................................................................32 - бет
Кіріспе
Халқымыздың ұзақ замандар бойы тырнақтап жиып, шаң жуытпай сақтап, атадан балаға мұра ретінде қалдырып келе жатқан асыл қазынасының бірі – мақал мен мәтел. Мақал мен мәтел жай сөз емес, ол – сөз атасы, сөз көркі, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қысқа болса да, нұсқа сөз. Ауызекі тілде болсын, жазу тілінде болсын дәл мақал-мәтелдей сөзге сараң, мазмұнға бай ешбір шығарма түрі жоқ. Халқымыздың асқан даналық, таң қаларлықтай шешендік қасиеттерін өз бойында дәл мақал мен мәтелдей мол және әр жақты жинап сақтаған шығарма жанры болған емес.
Зерттеу жұмысының өзектілігі
Мақал-мәтелдердің идеялық-эстетикалық мән-мағынасы, мазмұны оқырманға сөз құдіреті, сөз қуаты арқылы жетеді, оны ойландырады, иландырады. Ұлттық мәдениетін, болмыс сияқты ұғымдарды тоғыстыратын ана тілі байлығынан мақал-мәтел адамзатқа ой-өрісін, пікір-көзқарасын, әлемді түсініп-түйсінуін мейлінше толық, барынша ұғынықты, әсерлі жеткізіп, қажетті сөздерді сұрыптап, таңдап көрсетеді.
Бұл жұмыстар негізінен мақал-мәтелдердің жекелеген даму, қалыптасу, сөйлеу мен жазудағы орны, жалпы тілдік ерекшеліктерін қарастырған. Ал жалпы баспасөз тіліндегі мақал-мәтелдердің синтаксистік ерекшеліктерін, лингвистикалық мәселелерін қамтыған еңбектердің аздығы, олардың бір арнаға топтаспағандығы таңдап алынған тақырыптың өзектілігін айқындайды.
Зерттеу жұмысының мақсаты
Жұмыстың негізгі мақсаты – баспасөз бетіндегі мақал-мәтелдердің даму, қалыптасу, зерттеуін саралай отырып, олардың синтаксистік тұрғыдағы сипатын ашу. Осы мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер қойылды:
-
мақал-мәтелдердегі негізгі пікірді тиянақтауда баяндауыштардың орны, олардың жасалу тәсілдерін анықтау;
-
мақал-мәтелдер және олардың сөйлемдерге қатысы, хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлем түрінде келуі;
-
мақал-мәтелдердің құрмалас сөйлем функциясын атқаруы;
-
мақал-мәтелдердегі ықшамдалу заңдылығын анықтау.
Зерттеу жұмысының нысаны
Зерттеу жұмысының нысаны ретінде «Ана тілі» газетінің 2007, 2008 жыл-
дардағы қаңтар айынан желтоқсан айы аралығындағы сандары алынды. Газеттің осы сандарындағы барлық мақал-мәтелдер толық жинақталып, олардың қолданылу жиілігі анықталды.
Зерттеудің дерек көздері
Жұмыстың негізгі дерек көздері тіл біліміндегі грамматикаға, мақал-мәтелге қатысты ғылыми деректер, баспасөз материалдары, мақал-мәтел жинақтары болып табылады.
Зерттеу әдістері
Аталмыш мақсат-міндеттерді орындау үстінде мақал-мәтелдердің құрылысын зерттеудің тиімді әдістері мен тәсілдері қолданылды. Атап айтқанда, сипаттама, құрылымды, тарихи-салыстырмалы, синтаксистік талдау, жинақтау және қорыту әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы
Зерттеу жұмыста мақал-мәтелдердің қолданыс ерекшеліктері, тілдегі қызметі теориялық тұрғыдан сипатталып, «Ана тілі» газетінен 30 шақты нақты мысалдармен көрсетіліп, анықталды.
Зерттеудің практикалық маңызы
Ғылыми жұмыстың нәтижелері мен қорытындылары бойынша қазақ мақал-мәтелдерінің синтаксистік ерекшеліктерін қазақ тілі сабағында қолдануға болады.
Баспасөз тіліндегі мақал-мәтелдердің көптеген ерекшеліктері лингвистикалық тұрғыдан қарастырылып, синтаксистік ерекшелігі анықталды, жай және құрмалас сөйлем түрлері, сөйлем мүшелері түрлері сарапқа салынып, ықшамдалу түрлері топтастырылды.
Жұмыстың құрылымы мен мазмұны
Жұмыс кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында қолданылған әдебиеттер тізімі мен мақал-мәтелдерді зерттеудің хронологиялық көрсеткіштері тіркелді.
Кіріспеде ғылыми жұмыс тақырыбының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, практикалық мәні айқындалды. Қазіргі таңда қазақ тілінің синтаксис саласында мақал-мәтелдерді зерттеу деңгейі көтеріліп, оларды зерттеу мәселелері қойылады, сонымен қатар талдауға түсетін мақал-мәтелдердің негізгі дерек көздері аталады.
Негізгі бөлімде мақал-мәтелдердің зерттелу тарихы, мақал мен мәтелдің өзіндік ерекшеліктері, семантикалық және құрылымдық тұрғыдан зерттелуі және мақал-мәтелдердің синтаксистік ерекшеліктері анықталды.
І тарау. Тіл білімінде мақал-мәтелдердің зерттелуі
1.1 Мақал-мәтелдердің зерттелу тарихы
Халық ауыз әдебиетінде ерте заманнан сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасасып, екшеліп, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан бай саласының бірі – қазақтың мақал-мәтелдері. Ойды ұштап, қиялды қанаттандыратын мақал-мәтелдер рухани серігімізге айнала бастады. Мақал-мәтелдер өзін жасаушы халықпен бірге жасайды, біреулері ескіріп қолданудан шығып, екіншілері жасарып, жаңадан туындап жатады.
Қазақтың шешендік-тапқырлық, мақал-мәтел, нақыл сөздерін алғаш жинап жариялаушы ғалымдардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының балаларды тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбиелік мәнін дұрыс түсінген ағартушы ретінде дер кезінде қажетке жарата білді.
Мақал-мәтелдер көлемінің шағындығы, мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынаның тереңдігімен қоса барлық халыққа бірдей әсерлі, жалпы адамзатқа ортақ, көңілге ерекше қонымды, ұтымды келеді. Мақал-мәтел – қай халықтың да жан-дүниесінің, мінез бітімінің, тыныс-тіршілігінің айнасы. Сондықтан ол сол халықтың сөздік қорының байлығын танытып, қана қоймайды, қайта уақыт озған сайын құны артпаса кемімейді. Өйткені, халық мақал-мәтелдерінің айтары: өсиет, ұлағат, тәлім, парасат, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, әдептілік, ұстамдылық, сабырлылық, көргенділік.
![]()
![]()
![]()
![]()

![]()
![]()
Мақал мен мәтелдердің өміршеңдігі – тілінің көркемдігі мен мазмұнының тереңдігіне, аз сөзбен көп мағына бергендігінде, еске сақтауға қолайлығында. Мақал-мәтел адам тұрмысындағы алуан түрлі оқиғаларды, қарым-қатынастарды қысқа, тұжырымды тілмен түсіндіреді, айтылмас ойды ажарлайды, әрі анықтайды. Сондықтан да халық «Сөздің көркі – мақал» деп бағалаған.
Қазақтың мақал-мәтелдерін алғаш қағаз бетіне түсірген ғалым – Шоқан Уәлиханов. Ш.Ш.Уәлиханов пен И.Н.Березин архивтерінде ХІХ ғасырдың елуінші жылдарында ел аузынан жазып алынған екі жүзден астам аса мақал-мәтел сақталған. Солардың ішінде күні бүгінге дейін құнын жоймаған. Қазақ фольклорының басқа түрлерімен бірге оны жинап жариялаушылар: Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, П.А.Мелиоранский, А.А.Диваев, В.В.Катаринский.
В.В.Катаринский Орынборда 1899 жылы «Памятная книжка Тургайской области...» дейтін кітапта жарияланған қазақ мақал-мәтелдерінің жинағын атай кеткен жөн. Жинақта бір мың бес жүздей мақал-мәтел басылған.
Мақал-мәтел көшпелі елдің тұрмысынан туып, сол халық өмірінің барлық саласын қамтитынын, бейнелейтінін көрсете келіп С.Сейфуллин жалпы ауыз әдебиетіне ортақ ой тастайды. «Ауыз әдебиетінің қай бөлімі болса да, - дейді ол, - сол заманның тұрмысының қандай болғанын, тұрмыстың әсерімен сол тұрмысқа ұқсап туған сана, қандай сөз, қандай әдебиет болғанын көрсетеді. Заманына қарай күлкісі, тауына қарай түлкісі; Сабасына қарай піспегі, мұртына қарай іскегі деген ереже сөздер әр заманның тілі, көркем сөзі, әдебиет сол заманның салт-санасына, сол заманныңтұрмысына, сол заманның тұрмысынан туған мұратына ұқсай туды деген сөзді қуаттайды». Демек, әдеби мұра оны тудырған уақытпен, қоғам мүддесімен, мұратымен тығыз байланыста қаралып, бағалауға тиіс.
М.Әуезов 1940 жылдардың басында жазылған «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» дейтін зерттеуінде қазақтың мақалдары мен мәтелдерінің пішіні өлең түрінде жасалатын, мазмұны халықтың негізгі кәсібі малшылықпен байланысты болатын екі ерекшелігіне назар аударған. Оның мазмұнына, көркемдігіне қарап автор мынадай қорытынды жасайды: «Мақал-мәтелдердің молдығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық мән-мағынасы – осындай тамаша үздік шығармалар тудырған қазақ халқының өзінің де асқан ақындық дарынының, оның сарқылмас даналығының анық айғағы».
Б.Шалабаев «Мақал, мәтел» атты очеркінде қазақ мақал-мәтелдерін малшылық, аңшылық және егіншілік секілді негізгі үш тақырыпқа бөліп талдайды. Мақал мен мәтелдің жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, әрқайсысына өзінше анықтама береді. «Мақал дегеніміз, - дейді ол, - тағылым берерлік, ырғағы бар, тәжірибеде көп қолданылатын бейнелі, қысқа, нақыл сөйлем... Мәтел дегеніміз де өнеге берерлік бейнелі, ырғағы бар сөйлем. Мұның мақалдан айырмашылығы – мағынасы ашық болмай, ишарамен айтылатындығы, сөйлемнің толымсыз болып келуі». Алайда мақал-мәтелдердің шығу, даму тарихына жиналып, жариялану жағдайына зерттеуде көңіл бөлінбеген. Жанрдың өзіне тән ерекшеліктері, өзге жанрлармен байланысы ажыратылмаған.
Мақал-мәтелдер адам іс-әрекетінің себебін тікелей бақылау арқылы өзінше түйіндейтін, белгілі бір шешім мен істің дұрыстығын анықтайтын логикалық қызметтің эталоны секілді адамның ой-әрекетінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан қазақ мақалдары адамның ішкі жан-дүниесіне терең бойлап кісінің қарым-қатынасын аша түсуде өнеге мектебі болып табылады. «Түйедей бойың болғанша, оймақтай ойың болсын», «Ақыл азбайды, білім тозбайды», т.б.
Академик М.Әуезов қазақ мақалдары мен мәтелдерінің көпшілігі өлең түрінде келетіндігін, ондағы ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығын атап көрсеткен, оған мысалы:
Туған елдің қадірін Тепкі көріп тентіреп,
Шетте жүргенде білерсің, Текке жүрсең білерсің.
Мақал-мәтелдер – халық шығармашылығының төл жемісі. Әрбір мақал-мәтелдердің авторы - өз дәуірінің перзенті. Әр автор өз кезеңінің таным-түсінігі мен наным-сеніміне бой ұрып, сол кездің жырын жырлайды, дәстүрлі тұжырымдарын насихаттайды.
1.2 Мақал мен мәтелдің өзіндік ерекшеліктері
Мақал-мәтел – халықтың сан ғасырлық көрген-білгенінен, бастан кешкен уақиғаларынан қорытқан ақыл-ойының жиынтығы, анықтамасы; табиғатта, өмірде үнемі қайталап тұратын уақиғалармен, құбылыстармен байланысты туған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні.
Әр халықтың мақалы мен мәтелі – сол халықтың өзі жасап алған логикалық формуласы, ережесі. Ол кез келген уақиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, тілге оралады. Сөйтіп сол көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек ететін қиын нәрсені жеп-жеңіл, оп-оңай, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіреді, ұғындырады. Туған елдің қадір-қасиеті туралы балаға ұзақ әңгімелемей-ақ: Отан – оттан да ыстық; Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас деп екі-үш ауыз сөзбен-ақ Отан қадірін ұғындыруға болады.
Мақал-мен мәтелдер құстың екі қанаты секілді бір-бірімен байланысты, бірақ олардың араларында өзгешеліктер мен айырмашылықтары бар.
Мақалдардың төрт негізгі ерекшеліктерін ескерген жөн:
-
Мақалдар объективтік дүниені көркемдік тұрғыдан жалпылай қорытады;
-
Мақалдардың негізгі атқаратын қызметі сөйлеу практикасында қолданылу ерекшелігі арқылы ашылып отырады;
-
Мақалдардың тура және ауыспалы, ишарат бейнелі мағыналарының қатынасын қатаң еске алып, олардың біріншісінен екіншісіне ауысу процесін белгілі мәселеге халықтық көзқарастың өзгеру құбылысымен байланысты қарау керек;
-
Мақалдар дүниені көркемдік тұрғыдан бейнелегенде өзіне тән логикалық заңдылықтар арқылы бейнелейді.
Міселен, мақал сөзде адамның нәзік сезімдері мен ойлары ашық айтылып, дәлме-дәл бейнеленеді. Сондықтан да халқымыз «мақал сөздің – мәйегі» дейді. Ал мәтел сөздің сыры: белгілі бір құбылысты астарлап, жұмбақтап, бейнелеп айтады. Мысалы: «Болған адам болдым демес, болдым десе болғаны емес», «Шыбынның басына бақ қонса, самұрық құс сәлемге келер», «Дүние жалған, ақсақ елік жеткізбейді» деген мәтелдер соның айқын куәсі.
Қазақ мақалдарының өзіне тән негізгі бір ерекшелігі – аз сөзбен көп
мағына беретіндігінде. «Аз сөз – алтын, көп сөз – көмір» дей отырып , халық өзінің мақалдарында мазмұны әңгіменің «тобықтай түйінін» береді, ой-пікірін, көзқарасын әрі терең, әрі ашық айтады.
Мақал Мәтел


Ішкі құрылысы жағынан алғанда, мақалдар екі түрлі: біріншісі – айтайын деген ойын ашық етіп бірден, турасынан білдіреді. («Жауды аяған жаралы қалады», «Бірлігі жоқтың – тірлігі жоқ» т.б.). Екіншісі – негізгі ойды астарлап айтатын, ишаратпен білдіретін мақалдар.
Мақалдарға тән ерекшеліктің бірі – оның құрылысында. Мақалдар, көбінесе, бір сөйлемнен құрылады. («Есептескен дос болмас», «Өнер алды қызыл тіл» т.б.). Осындай бір сөйлем арқылы-ақ мағынасы терең, мазмұнды әңгімелерді жеткізе айтады.
Мақал мен мәтелдің әр түрлі белгілерін даралай келіп, белгілі этнограф, жазушы В.И.Даль:
«Мақал – халық сөзімен айтқанда – дән, ал мәтел – гүл», - дейді. Осы пікірді дамыта келіп М.А.Рыбникова: «Мәтел – бұл, сөз оралымы қалыптаспаған сөйлем, пікірдің элементі. Мақал – аяқталған пікір, біткен ой», - деп түйеді.
Сөйтіп, мақал мен мәтел – қазақ ауыз әдебиетінің мол қазынасы, көлемі ең шағын халық шығармасы, қазақ халқының тұрмысын, кәсібін, салтын, ой-парасаты мен дүниеге көзқарасын көрсететін поэтикалық жанр деп білеміз.
1.3 Мақал-мәтелдерді құрылымдық тұрғыдан зерттеу
Қазақ мақал-мәтелдерінің мәтіндеріне құрылымдық талдау жасаумен біраз жыл іздену нәтижесінде ғалымдар төмендегідей қорытындыларға келді.
-
Қазақ мақал-мәтелдерін дәстүрлі тақырыптық топтарға бөлу (Отан, еңбек,
достық, т.б.) жанрдың табиғатын толық ашып бере алмайды.
-
Жанрға құрылымдық талдау жасау принципі ғана мақал мен мәтелдің та-
биғатын, жанрлық, өзара ауысу, өзгеру, мағыналық даму құбылыстары мен заңдылықтарын нақты дәлелді түрде анықтайды. Себебі, кіші жанрларды былайша топтастыру олардың сыртқы белгілеріне қарай емес, объективті заңдылықтарға, яғни барлық мәтіндердің ортақ белгілерін ажыратуға негізделетіндіктен, шын мәніндегі типологиялық зерттеулердің өзегі болып табылады.
-
Құрылымдық талдау негізінде қазақ мақал-мәтелдерінің толыққанды
ғылыми жинағын шығаруға болады.
Мақал-мәтелдердің жанрлық ерекшеліктері төңірегінде сөз болғанда, соқпай өтуге болмайтын бір күрделі құбылыс – ол паремиялардың бір-біріне ауысу және өту құбылысы. Қазақ фольклорының кіші жанрлар жүйесіне құрылымдық талдау жасау нәтижесінде, паремияның оннан астам түрі анықталды. Олар: велеризм, жұмбақ мақал-мәтелдер (загадка-пословицы), алғыс, бата-тілек мәнді мақалдар, қарғыс, теріс бата мәнді мақалдар, наным-сенім, болжамдық мәнді мақалдар, табу мәніндегі мақалдар. Төменде паремиялардың өзара ауысу құбылысына мысалдар келтіреміз:
І. Жұмбақ-мақалдар
|
І. Мақал-мәтел ретіндегі қолданылуы |
ІІ. Жұмбақ ретінде қолданылуы |
|
1. Керегенің басында кетпен құйрық, Кесіп алса таусылмас неткен құйрық |
Шешуі: ақ қайрақ |
|
2. Сырты бүтін, іші түтін |
Шешуі: 1. Диірмен 2. Саңырауқұлақ |
|
3. Жусаннан аласа, бетегеден биік |
Шешуі: қоян |
|
4. Отқа жанбас, суға батпас |
Шешуі: мұз |
|
5. Көшерімді жел білсін, Қонарымды сай білсін |
Шешуі: қаңбақ |
|
6. Алдым ашық, Артым тұйық |
Шешуі: тұман |
|
7. Оқтан жүйрік, Қылыштан өткір |
Шешуі: сөз |
|
8. Аузын ашса, жүрегі көрінеді (ақкөңіл адам туралы) |
Шешуі: есік пен от |
ІІ. Түс жору мәніндегі мақалдар
1. Тауықтың түсіне тары кіреді,
2. Батыр түсінде жау көреді,
Балықшы түсінде ау көреді.
3. Жақсы жерге жатсаң,
Жақсы-жақсы түс көресің.
Жаман жерге жатсаң,
Жаман-жаман түс көресің.
4.Түлкінің түсіне тауық кіреді.
ІІІ. Тыйым салу мәніндегі мақал-мәтелдер
1. Қарап жатқан жыланның құйрығын баспа.
2. Аспанға қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер басыңа.
3. Дос бергеннің түсіне қарама.
4. Күлме досыңа, келер басыңа.
5. Қайтып келер есікті қатты серіппе.
ІV. Болжамдық мәнді мақал-мәтелдер
1. Құлан кісінесе, үйір жиналар.
2. Қырсыққан жігіт мал таппас.
3. Күн күркіресе жерге абиыр,
Жер иісе, малға абиыр.
4. Тістейтін жылқы тісін көрсетпес.
5. Найзағай көп болса, жаңбыр аз.
6. Құтты қонақ қонса, түйесі өледі,
Құтсыз қонақ қонса, үй иесі өледі.
7. Түйе пысқырса, боран болады.
V. Наным-сенім мәніндегі мақал-мәтелдер
1. Қабаған ит қайыр байлайды.
2. Айналдырған ауру алмай қоймас,
Бұлттанған күн жаумай қоймас.
3. Итті тепкен, ырысты тебеді.
4. Ит құтырса – иесін қабады.
5. Ер сыйлаған есікте отырмас.
6. Қилы-қилы заман болады
Қарағай басын шортан шалады.
VІ. Велеризмдер
1. Қарағаным қара айғыр,
Қара айғырды алған соң,
Қалай қылсаң, солай қыл.
2. Қасқыр-ау, саған қаным керек,
Қаным, саған тәңірім керек.
3. Біздің елде ала қарға еді,
Мұнда келіп жылқышы болған.
4. Саңырау: «Бұрынғының қойы маңырап келуші еді,
Бүгінгінің қойы аузын ашып келеді екен», - депті.
5. «Ет тәттілігін қойса,
Мен ұрлығымды қояр едім». (мысық сөзі)
VІІ. Қарғыс мәнді мақал-мәтелдер
1. Қарындасқа бұрмағанның қары сынсын.
2. Балығы болмаған көл құрысын,
Киігі болмаған шөл құрысын.
3. Өлгеннің жазасын көмген берсін.
4. Қайғың қара көже болсын.
5. Тоймай ішкен асың құрысын.
6. Өмірі зақым жылқы бақсын,
Үзеңгісін ұзын тақсын.
7. Есік алдынан жел келгенше,
Үй артынан жау келсін.
VІІІ. Алғыс, бата-тілек сөз мәніндегі мақал-мәтелдер
1. Қыз мінезді келсін,
Ұл өнерлі келсін.
2. Жігіт жанған шоқ болсын,
Шоқ болмаса, жоқ болсын.
3. Жаман да болса, аман болсын.
4. Ата өлсе өлсін,
Атақ қалсын.
5. Атаң өлсе де Атаңды көрген өлмесін.
6. Жаман да болса ұрпақ қалсын,
Өз орныңда отың жансын.
7. Жағың сынса да, сағың сынбасын.
8. Жылқың мәстек болсын – мың болсын,
Түйең қоспақ болсын – жүз болсын.
9. Құдай малыңды алса да
Пейіліңді алмасын.
ІІ тарау. Мақал-мәтелдердің синтаксистік ерекшеліктері
2.1 Жай сөйлем түріндегі мақал-мәтелдер
Мақал-мәтелдер өздерінің синтаксистік құрылысы жағынан ауыз әдебиетінің жанрларына қарағанда айрықша сипатқа ие. Бұлар фольклордың басқа жанрларынан сөзге сараң, құрылысы жағынан ықшамдылығы арқылы бөлектенеді.
Синтаксистік негізгі единица болып табылатын жай сөйлем мақал-мәтелде де қазіргі әдеби тіліміздегі тәріздес құрамда кездеседі. Басқаша айтқанда, Шабан үйрек бұрын ұшар. Ел іші – алтын бесік. Еңбек түбі – береке, көптің түбі – мереке. Қарманған қарап қалмас. Көз қорқақ, қол батыр. Шапқан озар, жатқан қалар. Іздеген табады, сұраған алады. Еңбек ширатады, өмір үйретеді – дегендер тәріздес жалаң сөйлем түрінде де, Дихан жерін мақтайды. Балықшы көлін мақтайды. Кәсіпқор кенін мақтайды. Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер. Ұры жете алмайтын жаяудікін алады. Жарлының байда тоқтылы қой ақысы кетіпті – деген тәріздес жайылма сөйлем түрінде де кездеседі.
Мақал-мәтел синтаксисінің бір өзгешелігі – сөйлемдегі сөздер санының мейлінше аз, сөйлемнің өте ықшамды болатындығында. Бұлардағы жай сөйлемнің негізгі түрі және өте жиі ұшырайтын түрі – үш я төрт мүшеден құралған сөйлемдер. Төрт мүшеден артық мүшесі бар сөйлемдер өте сирек кездеседі.
Мақал-мәтелдердің синтаксистік ерекшеліктері олардың сөйлем құрылысы жағынан да байқалады. Бұлардың сөйлем құрылысы қазіргі қазақ тіліндегідей сөйлем түрлеріне бай болғанымен, өздерінің құрылымдық өзгешеліктеріне қарай, яғни прозалық және поэтикалық түрде жасалуына қарай, жай, құрмалас сөйлем болып екі топқа бөлінеді.
Мақал-мәтелдер жай сөйлем түрінде және құрмалас сөйлем түрінде келе береді.
2.2 Мақал-мәтелдердегі сөйлем мүшелері тұлғалары
Сөйлемнің негізгі ұйытқысы болып келетін бастауыш пен баяндауыш мүшелері мақал-мәтелде қазіргі әдеби тіліміздегідей қызметте қолданылады.
Бірақ тілімізде кездесетін бастауыштардың барлық түрі бірдей мақал сөздерде кездеспейді. Жіктеу есімдіктерінен болған бастауыштар – сын есім мен есімшеден болған бастауыштар. Мысалы: «Өнерлі өрге жүзеді», «Қорқақ көлеңкесінен қорқады» т.б.
Ал есімшеден болған бастауыштар мақал-мәтел құрамында мынадай сипатта келеді: «Көп көрген – нұсқа, көп істеген – ұста», «Көп жасаған білмейді» т.б.
Әдеби тіліміздегі сияқты, мақал-мәтелде де негізінен бастауыш қызметін атқаратын зат есімдер. Мысалы: «Ақыл – азбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен» т.б.
Мақал-мәтелдерде қазіргі әдеби тілімізде қолданылатын баяндауыштардың барлық түрі бірдей кездеспейді. Баяндауыш қызметінде есім сөздер де, етістіктер де қолданылғанымен, олардың формалық құбылыс аясы өте тар. Екіншіден, тіліміздің қазіргі синтаксистік құрылысында баяндауыш функциясындағы сөздерге қосылмайтын кейбір қосымшалар мақал сөйлемдердің баяндауышына қосылып келе береді.
Баяндауыш қызметінде қолданылатын етістік түрлері мыналар:
1). Етістіктен болған баяндауыш бұйрық райдың екінші жақ анайы түрінде өте жиі кездеседі. Мұндай сөйлемдердің барлығында дерлік бастауыш айтылмай жасырын тұрады да, сөйлем толымсыз сөйлем болып келеді. Ал баяндауыштың бұйрық райдың сыпайы я көпше түрінде айтылуы кездеспейді. Сол сияқты бұл райдағы баяндауыш онша жиі болмағанымен, үшінші жақта да айтылады, бірақ бірінші жақта тіпті кездеспейді.
Туған жерге туың тік. Қайраңы жоқ көлден без. Қайырымы жоқ елден без. Есің барда ел тап. Есің барда етек жап. Күшіңе сенбе, ісіңе сен. Сыртың сайлы болғанша, ішің майлы болсын.
2). Баяндауыш қызметінде етістік –ар, -ер, -р, -с жұрнақты есімше формасында де өте жиі кездеседі.
Еңбек мұратқа жеткізер, жалқаулық абыройды кеткізер. Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас. Қойға қоңырау жараспас. Жақсылық суға батпас, бір шығар, тегін жатпас. Біз де кісі болармыз, атқа кісен салармыз.
3). Баяндауыш –а, -е, -й жұрнақты көсемшенің екінші, әсіресе үшінші жақта айтылған түрінде өте жиі кездеседі. Баяндауыштың бұл түрі де жіктеудің сыпайы немесе көпше түрлерінде, сол сияқты бірінші жақта кездеспейді.
Сағынған елін аңсайды, сары ала қаз көлін аңсайды. Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді. Етікті нәл сақтайды, ерді әл сақтайды. Есі бүтін елден іздейді. Еңбексіз іс бітпейді, еріншектің қолы жетпейді. Іздеген табады, сұраған алады.
4). Есім сөздерден, әсіресе сын есім мен зат есімнен болған баяндауыштар өте жиі ұшырайды.
Туған жердің күні де ыстық, түні де ыстық. Бақа – көлінде патша, балық – суында патша, жігіт – елінде патша. Көз – қорқақ, қол – батыр. Көп еңбегі көңілді. Бейнет, бейнет түбі – зейнет. Отан оттан да ыстық.
Мақал, әсіресе мәтел сөйлемдерде баяндауыш болуға тиіс етістік айтылмай, түсіріліп қалдырылады да, баяндауыштық қызметті септік жалғаулы зат есім атқарып тұратын сөйлемдер жиі кездеседі. Мысалы, Адам аласы ішінде, мал аласы сыртында. Бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде. Ерлік білекте емес, жүректе. Құс қарағына, ер жарағына.
Мақал-мәтелде тұрлаулы мүшелермен қатар тұрлаусыз мүшелер де кездеседі. Олардың ішінде ең жиі кездесетіні – толықтауыш. Қазіргі әдеби тіліміздегідей, мақал-мәтелде де толықтауыш толықтайтын мүшесімен табыс, барыс, шығыс, көмектес септіктерінің бірінде тұрып, онымен заттық ұғымда байланысады. Мысалы: «Отынды шапқанға, малды тапқанға баққыз» - деген мақалда «отынды», «малды», «шапқанға», «тапқанға» - деген төрт толықтауыш бар.
Мақал-мәтелде толықтауыштың екі түрі тура және жанама кездеседі. Бірақ тура толықтауыштан гөрі жанама толықтауыш жиі ұшырасады. Мысалы: «Жақсыда кек жоқ, Кектіде тек жоқ» т.б.
Тұрлаусыз мүшенің келесі түрі – пысықтауыш. Профессор Т.Қордабаев: «Мақал-мәтелде мезгіл, мекен, сын-қимыл пысықтауыштары кездеседі» - десе, бұл топтастыруға амал пысықтауыштарды да қосуға болады.Бірақ амал пысықтауыштар тек санаулы мақалдарда ғана кездеседі. Мәселен: «Көре-көре көсем боларсың, Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» т.б. – деген мақалдағы амал
көсемше пысықтауыш көсемше формалы етістіктен жасалып, қимылдық амал-тәсілін білдіріп тұр, тағы бір ескерер жайт, пысықтауыш қосарланып келіп, қарқындық жасайды.
Мақал сөздерде мезгілдік мән зат есімдер пысықтауыш қызметінде жұмсалып, мезгіл пысықтауышын жасайды. Мысалы: «Жаз жайыларсыз, қыс қысыларсыз» т.б.
Ал, мақал-мәтелдегі анықтауыш мүшеге келер болсақ, олардың құрамындағы есім сөздермен анықтауыштық қатынаста тіркесіп, олардың контекстегі әр түрлі сынын, түр-түсін, сапалық сипаттарын білдіреді. Олар мақалда заттың әр түрлі сыны белгісі болып келетіндіктен мақал сөздерге көрік болып, оны әсерлі етіп тұрады. Мысалы: «Жақсы адам елдің тынысы, Жақсы жер жанның тынысы» т.б.
Демек, мақалдардағы анықтауыштардың тұлғалануында ешқандай өзгешелік жоқ.
Сонымен, түйіндей келгенде, мақал-мәтелдердің құрамындағы сөйлем мүшелерінің синтаксистік қатынасындағы қазіргі тілімізде кездесетін амал-тәсілдердің барлығы да бар және олардың орналасу тәртібінде де айтарлықтай өзгешелік жоқ.
Мақал-мәтелдерде тұрлаулы мүшелер ойды жеткізу, сөйлемнің құрамдық негізі болса, тұрлаусыз мүшелер ойды толықтыру, пысықтау, анықтау сияқты қосымша қызмет атқарып, жалаң құрылыстағы мақал-мәтелдерді жайылмаға айналдырады.
2.3. Құрмалас сөйлем түрінде келетін мақал-мәтелдер
Мақал-мәтелдер, көбіне, екі жай сөйлемнен құралған құрмалас сөйлем түрлерінде ұшырайды. Мұндай құрмалас (салалас құрмалас) сөйлемдер ешбір дәнекерсіз екі жай сөйлемнің қатар айтылуына байланысты, яғни мағына жағынан параллелизм принципі бойынша жасалып отырады. Қазіргі әдеби тілімізде жалғаулықсыз салалас құрмалас түрлері де бар. Бірақ жалғаулықсыз салалас құрмалас түрі, жалпы, мақал-мәтелдерге тән қасиет деуімізге болады. Мақал-мәтел құрамында салалас сөйлемдердің жалғаулықты түрлерінің кездеспеуі алдыңғының ықшамдылығына, жинақты айтылуына және ырғақ, ұйқас және тағы басқа көркем құралдардың әсері арқылы параллелизм принципіне жасалуына байланысты.
Поэтикалық түрде келетін мақал-мәтелдердің жасалуы, негізінде синтаксистік параллелизм бойынша болады. Шын мәнінде өлең құрылысында, әсіресе мақал-мәтел құрылысында болатын ырғақтық осы параллелизмге байланысты.
Мақал-мәтел құрылысына тән көркем құралдардың бәрі бірдей бола бермеуімен бірге, барларының өзі де кейбір ерекшеліктері арқылы шектеліп отырады. Мәселен, мақал-мәтел ырғағы тек буын санына ғана байланысты емес, құрамында компоненттері өзара морфологиялық тұлғаларының ұқсас келуі мен сөйлем мүшелерінің жарыса қатар келіп айтылып отыруына да байланысты жасалады. «Келін болдым, енеге жарымадым, Ене болдым, келінге жарымадым» - деген құрмалас сөйлемнен жасалған мақалдың құрылысын алып қарағанымызда, ол өзінің ішкі құрылысы жағынан әрбір сөйлем екі синтагмалық бөліктен тұрғаны байқалса, құрылысы жағынан да өмір құбылысы да кездесетін екі құбылысты бір-біріне қарама-қарсы немесе бір-біріне ұқсастыру арқылы суреттеп отырады.
Бұлардың құрамындағы сабақтас құрмалас сөйлемдердің түрлері, көбіне, шартты бағыныңқылы түрде жиі кездеседі. Мысалы: «Сөз жүйесін тапса, мал иесін табар», «Тамырыңнан түйе сұрасаң, қорыққанынан бие берер».
Бұл мысалдарда шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдарының әр түрлі екенін байқауға болады. Бұлардың бәрі де прозалық түрде жасалған. Әсіресе, синтаксистік параллелизм принципі бойынша сабақтас құрмалас сөйлем түрінде жасалатын мақал-мәтелдердің құрамы, ең кем дегенде екі жай сөйлемнен аз болуға тиіс емес. Мұндайда, екі немесе одан да көп сабақтас құрмалас сөйлем қатар айтылып, параллелизм принципіне сай ырғақтық жағынан салалас құрмалас сөйлем болып құрылуы да мүмкін. «Көшермен болса, жұрт жаман, кетермен болса, қыз жаман».
Сонымен мақал-мәтел құрылымындағы құрмалас сөйлем ішінде жиі кездесетіні салалас құрмалас сөйлем түрі. Ал сабақтас құрмалас сөйлем салалас-
қа қарағанда сирек ұшырайды. Мақал-мәтел құрамында жалғаулықты салалас құрмалас болмайды, кейде олардың жалғаулықты түрлері де кездеседі. Сол сияқты де жалғаулығы мақал-мәтел құрамында әр түрлі қызмет атқарады.
«Де» жалғаулығы әдеби тіліміздегі сабақтас құрмаластың бағыныңқы қанатында шартты райлы баяндауыштан соң келіп, «қосалқы» қызмет атқаратын болса, мақал-мәтел құрамында дәл сондай қызмет атқарады, мысалы: «Көп білсең де, көптен артық білмейсің», «Қатардан ассаң да, халықтан аспақ жоқ, Қалыптан безсең де, халықтан безбе», - деген сөйлемдердің бағыныңқы қанатындағы «да» жалғаулығы тек қосымша мағына ғана білдіріп тұрған жоқ, сонымен бірге сабақтас сөйлем бағыныңқы қанаттарының түрлерін айқындауда да белгілі қызмет атқарып тұр.
Ал мақал-мәтел құрамындағы да/де жалғаулығы арқылы жасалатын кейбір салалас құрмалас сөйлем баяндауышы жіктеу жалғауында тұрмай-ақ, басқа формада тұрып та құрала береді: «Еңбек ет те, міндет ет», «Білек түр де, еңбек ет», Аз қойда айран бар да, өрен жоқ», «Дәме бар да, дәрмен жоқ» - дегендерде да/де жалғаулығы арқылы салалас құрмалас сөйлем болып тұр.
Да/де жалғаулығы мақал-мәтел құрамында бірыңғай сөйлем мүшелерінің арасын байланыстыру үшін және бір сөздің грамматикалық қызметін айқындау үшін де жұмсалады. Мұндай жағдайда бірыңғай бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш және басқа сөйлем мүшелерінің арасында келеді. Мысалы: «Жігітке жеті өлең де өнер, өнер де өнер», «Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің, Тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің», т.с.с.
Мақал-мәтелдерде салалас құрмалас сөйлемдер өте жиі ұшырасатынын көреміз. Мысалы: «Жерді жыртқан біледі, малды баққан біледі», «Анаға қарап қыз өседі, атаға қарап ұл өседі».
Мақал-мәтел сөздердегі салалас құрмалас сөйлемдердің баяндауыштары әр түрлі сөзден болуымен қатар, кейде бір сөздің қайталануы арқылы да жасалады. Мысалы: «Қарағайға қарап тал өсер, қатарына қарап бала өсер», Тұлпар шаба жетіледі, сұңқар ұша жетіледі».
Мақалдағы әр жол салаластық құрамындағы бір жай сөйлем қызметінде жұмсалады. Осы айтылғандардағыдай компоненттер арасындағы үйлесімділік
ритмикалық бірлік-жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып тұрады. Бұл салалас құрмалас жасаудың бірден-бір тәсілі болып табылады. Осы тәсіл қолданылғанда мақал-мәтелдердегі буын саны, компоненттер құрамындағы сөздер саны басшылыққа алынады. Олар өзара шамалас болып келуі керек. Мысалы: «Өрісіне қарап мал өсер, Өзеніне қарап тал өсер» - деген мақалда буын саны – тоғыз, сыңарлардың құрамындағы сөздер саны – төртеу. Осы сияқты, «Аз асқа жасауыл болма, көп асқа бөгеуіл болма», - мақалдарындағы буын құрамдары өзара шамалас.
Мақал-мәтелдер синтаксисінде кездесетін құрмалас сөйлемдерінің келесі түрі – сабақтас құрмалас сөйлемдер. Сабақтас құрмаластар салаластарға қарағанда өте аз ұшырасады. Мақал-мәтелдерде кездесетін сабақтас сөйлемдердің негізгі түрі – шартты рай арқылы құрмаласатын сабақтастар. Компоненттерінің мағыналық қатынастары жағынан алғанда, бұлар, негізінде шартты бағыныңқылы сабақтас сөйлем болып келеді. Мысалы: «Екі қарға таласса, бір құзғынға жем түседі», «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды», «Қазыға тойсаң, қарта әлем сасиды», «Асқа талау түссе, антұрғанның мұрадын бергені», «Бір ауылдан бір үй аш болса, бар үй аш болады», «Сөз жүйесін тапса, мал иесін табар», «Сөздің басы қатты болса, түбі тәтті болар», «Желбезекке жебе дарыса, балық өрге жүзе алмас», «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі болады», т.б.
Шартты рай арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдердің әдеби шығармалар жанрларында кездесетін басқа көптеген түрлері мақалда кездеспейді немесе өте сирек кездеседі. Олардың ішінде сирек те болса кездесіп қалып отыратыны: «Өз басыңды дауға берсең де, жолдасыңды жауға берме», «Атсыз үй болса да, ассыз үй болмайды», - дегендер сияқты қарсы мәнді сабақтастар мен «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки». «Адам қалай жүрсе, көлеңке солай жүреді», - дегендер тәрізді салыстырма бағыныңқылы сабақтас сөйлемдер. Ал басқа жанрларда шартты рай арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдердің негізгі саласы болып табылатын мезгіл бағыныңқылы түрі мақалда кездеспейді деуге болады.
Мақалда шартты рай арқылы құрмаласатын сабақтас сөйлемге қарағанда өте аз болғанымен, есімше арқылы жасалатын сабақтас сөйлемдер де кездеседі.
Әдеби тілімізде есімшенің жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыра құрмаластыруда формалық құбылыстары жағынан да, ол арқылы құрмаласқан жай сөйлемдердің мағыналық қатынастары жағынан да алуан түрлі екендігі белгілі. Мұндай жай сөйлемді құрмаластырушы есімше мынадай формаларда ғана кедеседі:
-
Бағыныңқылы компонент баяндауышы –ша, -ше жұрнақты өткен
шақтық есімшеден болады да, екі компоненттегі әрекет бір-біріне қарама-қарсы қойыла салыстырылады. Мысалы: Ханның қасында болғанша, судың басында бол. Есік алдынан жел келгенше, үй артынан жау келсін. Жақсы ас қалғанша, жаман қарным жарылсын. Омыртқаны ұстап отырғанша, қабырғаны алып қағып тастай бер. Алпыс күн аспанға қарағанша, алты көш те айдынға құла.
-
Бағыныңқылы компонент баяндауышы жатыс жалғаулы келер шақтық
есімшеден болады да, бағыныңқылы компонент басыңқымен мезгілдік қатынаста тұрады. Сабақтастың бұл түрі алдыңғыға қарағанда өте сирек кездеседі. Мысалы: Ісің оңға басарда, қарға салсаң, қаз алар. Іс қырсыққа шабарда, сұңқар салсаң, аз алар. Ешкіні тәңір атарда, қойшының таяғына душар болады.
Мақал-мәтел сөздерде қарсылықты сабақтастың келуі өте сирек құбылыс, мұндай мақалдар қазақ тілінде бірен-саран ғана, мысалы: «Атсыз әй болса да, ассыз үй болмайды».
Кейбір мақал-мәтелдерде екі сабақтас сөйлемдер өзара құрмаласып та келе береді. Бұл да мақал-мәтелдердің өзіндік бір ерекшелігі деуге болады. Мысалы: «Жиен ел болар – малы болса, желке ас болар – майы болса».
Құрмалас сөйлемдердің соңғы түрі – аралас құрмалас сөйлемдердің мақал-мәтелдегі сипаты. Аралас құрмалас сөйлемдердің мақалдарда келуі өте сирек құбылыс, бұл түсінікті де, себебі аралас құрмалас құрамында компоненттер санының көп болуы. Ең кемінде үш компонент болуы – аралас құрмаластың табиғи заңдылығы. Ал мұндай көлемділікті мақал-мәтел табиғаты көтермейді. Дегенмен, сирек те болса аралас құрмаластар мақал сөздерде ұшырасады және мұндай құрмаластың бір сыңары жалаң бір мүшеден ғана болады. Мысалы: «Ой түбінде алтын бар, ойлай берсең, табарсың», «Сөйлессең дауласпа, даулассаң да жауласпа».
Мақал-мәтелдердегі аралас құрмаластарда тіліміздегі басқа сөйлемдердегідей, салалас пен сабақтас сөйлемдердің қосындысы іспетті.
2.4 Мақал-мәтелдердегі ықшамдалу құбылысы
Тіл білімі саласындағы шетелдің ірі ғалымдары ықшамдалу мәселесін тілдің эволюциялық дамуымен тығыз байланыста қарастырады. Олардың қатарында Г.Пауль, О.Есперсен, П.Пасси, Г.Спенсер, Э.Сепир, А.Мартине, Ф.Кайнц, т.б. бар.
Г.Спенсер сөздердің ықшамдалу үрдісі тілдің эволюциялық даму, қалыптасу барысында күрделіден оңайға қарай ұмтылу әрекетінен пайда болады деп есептеген. Ал, П.Пассидің айтуынша, тіл қашанда өзіне қажеттісін таңдап алады да, артығынан құтылуға әрекет жасайды, сөйтіп, ең аз күш жұмсау заңы мен экономия ұстанымын басшылыққа алады. Бұл екі ғалымның пікірлері бір-біріне жуық, бірін-бірі толықтыратын пікірлер.
Батыс Еуропаның ірі лингвист-ғалымдарының көптеген фактілерге талдау жасап зерттеген еңбектерінің мазмұнын сөйлемдегі ықшамдалу қасиеті тіл жүйесі дамуындағы басты беталыс екендігін толық дәлелдейді.
Енді осы айтқан сөздеріміздің дәлелі ретінде мақал-мәтелдердегі ықшамдалу құбылысына тоқталып өтейік.
Сөзге өте сараң, ықшам, қысқа болып келуі және құрамында жалғама, қосалқы мағынада жұмсалатын сөздердің түсіп қалатыны, мақал-мәтелдерді басқа ауыз әдебиеті жанрларынан айрықша етіп көрсетеді.
Мақал-мәтел құрамында кейбір сөздер басқа грамматикалық категорияға ауысуына байланысты өздерінің синтаксистік функциясын өзгертіп отырады. Және де мақал-мәтел құрамында кейбір сөйлем мүшелері тіпті айтылмай түсіп қалып, олардың қызметін екінші біреудің атқаратыны болады. Мақал-мәтелдің жалпы мағынасына тікелей қатысы болмайтын сөздер түсіп қалады да, олардың мағынасын жанында тұрған сөздер ұғындырады. Мұндайды тіл білімінде эллипсистік (эллипсис – дәл мағынада сөйлегенде немесе жазғанда түсінуге нұқсан келтірмейтін сөздерді тастап кету деген мағынаны білдіреді) құбылыс деп атауға болады. Мақал-мәтел құрамындағы сөйлем мүшелерінің бірі болмаса бірін түсіріп айту риторикалық қызмет атақарады.
Сонымен, мақал-мәтелде айтылатын ой, әсіресе, мәтелде толық аяқталмаған болжау, ишарат түрінде қалып қояды. Бірақ, сөйлеу тілінің ерекшеліктерін әрқашан мақал-мәтел құрылысымен салыстыруға болмайды. Өйткені, мақал-мәтел құрылысында кездесетін эллипсистік құбылыс олардың мағына жағына ешбір зиян келтірмей, тек құрамындағы сөздердің мағыналық ұқсастығы жағынан саралана келіп, кейбір жанама, қосымша мағынаға ие болып тұрған сөздердің ұғымын, соның жанында тұрған сөздер толық бере алуына байланысты жасалады.
Қазақ мақал-мәтелінде кездесетін ықшамдалу құбылысы екі түрлі тәсілмен жүзеге асады:
-
сөздердің субстантивтену тәсілі;
-
мақал-мәтелдердің құрамында кейбір сөздердің айтылмауы.
Міне, осындай ықшамдалу тәсілдерінің өзіндік бір ерекшелігі субстантив-
тену тәсіліне келетін болсақ, кейде субстантивтенген сөздер синтаксистік қызметі жағынан анықтауыштың міндетін атқаруы мүмкін. Ондай жағдайда зат есімнен болған сөйлем мүшесі түсіп қалады да, оны анықтап тұрған сөз соның мағынасы толық меңгеріп, тиісті морфологиялық тұлғада тұрып анықтауыш қызметін атқарады. Мысалы, «Арзанның сорпасы татымас» дегендегі «арзанның» деген сөз табы жағынан сын есім болса, синтаксистік қызметі жағынан «сорпасы» деген сөз анықтауыш қызметінде тұр.
Мақал-мәтел құрамында кездесетін субстантивтенген сөздер өздерінің құрылысы жағынан мынадай топтарға бөлінеді:
1) мақал-мәтел құрамында келетін кейбір жеке сөздің өзі ғана субстантивтенуі мүмкін. Мәселен, «Жақсы жатырқамайды, жалқау жарытпайды», мұндағы «жақсы», «жаман» деген сөздер жеке дара күйінде субстантивтеніп тұр;
2) бірнеше есім сөздер өзара тіркесуі арқылы немесе есім-етістік тұлғалы сөздер есімше формалы сөзге тіркесуі арқылы күрделі субстантивтенген сөздер жасай алады. Мысалы, «Аяғы кіші сүйгенін киер, аяғы үлкен сыйғанын киер»;
3) субстантивтенген сөздің алдында анықтайтын сөз тұруы да мүмкін. Бұл сәтте субстантивтенген сөз есім сөздерден жасалады. «Қас жаман қасындағысын қарақтайды». Мұндағы «қас» сөзі өзінен соңғы сөзге анықтауыштық қызмет атқарып тұр;
4) субстантивтенген сөз изафеттік тіркесте, онда оның екінші сыңары, яғни анықталатын сөздері сын есім, сан есім, есімше, есімдік сөздерден болса, ол сөз әрқашан субстантивтенеді. Мәселен, «Жалғыздың өзі өлгенмен, сөзі өлмейді», т.б.
Сонымен қатар, мақал-мәтел құрамынан кейбір сөйлем мүшелерінің түсіп қалуы да кездеседі, бірақ олар мағыналық ерекшеліктеріне байланысты болады. Мысалы, мақал-мәтел құрамында айтылмай түсіп қалатын сөздердің мағынасы басқа бөліктердің семантикалық табиғатына байланысты айқындалады.
Осы мәселе төңірегіне қысқаша тоқталып өтер болсақ, жіктеу есімдігінен болған бастауыш көбіне айтылмайды деуге болады. Бастауыштың айтылмай түсіп қалатыны түркі тілдеріне тән қасиет, мысалы, «Не ексең, соны орарсың». Сол сияқты баяндауышы бұйрық райлы етістіктен болған мақал-мәтел бастауышы да түсіріліп айтылады. Мысалы, «Ғалым алдында аузыңды тый». Бұл ерекшелік – етістіктің бұйрық райында тұрған сөздің семантикалық-синтаксистік құрылысына байланысты болады.
Үнемі ауырдан жеңілге, қиыннан оңайға қарай ұстарып отыратын жалпы тіл заңына лайық мақал мен мәтелдер қысқарумен, ықшамдалумен жетіледі. Қазақ халық мақал-мәтелдерін қысқарта ұстартудың бірнеше тәсілі бар:
-
Мақал-мәтелді сөйлемде бастауышты айтпай кету немесе оның қызметін
алдындағы анықтауышқа телу арқылы ықшамдалады. Мысалы: (Балапан) ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады; Өлместі (тәңір) жаратпайды, тозбасты (ұста) соқпайды; (Сен) жақсыға сұқтан, жаманнан сақтан. Мұнда сөйлемнің мағынасы баяндауыштан аңғарылатын болғандықтан, бастауыштар (жақшаға алынған) түсіп қалған.
-
Алдында тұрған анықтауышынан мағынасы аңғарылатын болса, анықтала-
тын сөз түсіп қалады. Жас (адам) келсе іске, кәрі (адам) келсе асқа; Көп жасағаннан (адам) сұрама, көпті көргеннен (адам) сұра. Мұндай қысқартуларда анықталушының жалғауы анықтауышқа жалғанады.
Кейде анықталушы сөздің алдында тұрған есімше мен есім сөздерден болған анықтауыштарға зат есімнің жұрнақтарын жалғау арқылы, екі сөздің атқаратын қызметін бір сөзге телу арқылы сөйлем ықшамдалады: Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп; Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді; Еріншек екі істейді. Осындағы аларман, алтау, төртеу, еріншек дейтін анықтауыштар әрі адам деген анықталушы сөздің қызметін атқарып тұрғаны түсінікті.
3. Бастауыштан немесе сөйлемнің мағынасынан аңғарылатын баяндауыштар түсіп қалады: Алып – анадан (туады), ат – биеден (туады); Жақсыдан (тиер) шарапат, жаманнан (тиер) кесапат; Ауру – астан (болады).
4. Құрмалас сөйлемдердің арасын байланыстырушы шартты райда тұрған етістіктер түсіп қалады: Түйесі көп (болса) қоныс бастайды; Бай (болсаң) балпаң (бол), жарлы (болсаң) қалтаң (бол); Көп қарттың ішінде бір бала (жүрсе) дана болар, көр баланың ішінде бір қарт (жүрсе) бала болар.
5. Түсіп қалғаннан, айтылмағаннан мақалдың (мәтелдің) мағынасына нұқсан келмейтін жалғауларды қысқарту арқылы ықшамдалады: Ел(дің) іші – алтын бесік; Бас(ты) кеспек болса да, тіл(ді) кеспек жоқ; Адам(ның) аласы ішінде, мал(дың) аласы сыртында; Айлас әйел(дер) мұңдас.
6. Пысықталатын немесе анықталатын сөздерден мағынасы аңғарылатын пысықтауыш, анықтауыш сөздер қысқартылады: Еңбек етсең (өміріңше) емерсің; Ауру (жазылып) қалады, әдет қалмайды; Өлі арыстаннан тірі (жүрген) тышқан артық.
7. Мақал-мәтелдер ескірген грамматикалық тұлғаларды жаңарту немесе қысқарту жолымен ықшамдалады: Сүтпен(ен) кірген мінез сүйекпен(ен) кетеді; Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі (дүр) деген мақалдарда көнеріп (жақшадағы), әдеби тілімізден шығып қалған тұлғалар (ен, дүр) мақал-мәтел сөйлемдерінің құрамынан да түсіп қалған.
Сонымен, мақал-мәтел құрамы көркем әдебиеттің басқа жанрларына қарағанда сөзге өте сараң, сөйлемдері ықшам болып келетін, себебі жоғарыда
айтылған құбылысқа байланысты. Ықшамдалу дәл мағынасында сөйлегенде немесе жазғанда түсінуге нұқсан келтірмейтін сөздерді тастап кету деген мағынаны білдіреді.
Мақал-мәтелдерді зерттеп, зерделеудің теориялық та, практикалық та маңызы өте жоғары. Мақал-мәтелді лингвистикалық тұрғыдан қарау, бір жағынан, ауыз әдебиетінің фактілерін қазіргі қазақ тілінің фактілерімен салыстыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, қазақ тілінің әрбір кезеңдегі даму үрдісін айқындауға да тарихи материал бола алады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Мақал-мәтелдер ғасырлар бойы еленіп, екшелеп, сұрыпталудың нәтижесінде аз сөзде көп мағына сыйдырып, оралымды оймен, ұшқыр сөзімен өсиетнама ретінде қолданылып келеді. Оның басты себептері: қандай мақал-мәтел болмасын оның негізінде бір ой түйіні жатады; сол оралымды «ой түйіні» талғап, таңдап алынған, әрі қысқа, әрі нұсқа сөздер арқылы жарық көреді; мақал-мәтелдердегі қайталау, теңеу, ұлғайту, кішірейту сияқты айшықтау тәсілдері мен дыбыс үндестігінің ұштасуы олардың ұйқастығын күшейтеді, көркемдігін арттыра түседі. Демек, мақал-мәтелдер терең ой толғанысы мен сөз маржандарының бірігуі арқылы үйлесім табады.
Мақал-мәтелдер ғасырлар бойы еленіп, екшеленгенде, олардың құрамындағы одағай, еліктеуіш сөздер қолданудан шығып қалып, шылаулардан кейбір септеуліктерді ғана кездестіруге болады.
Жалпы мақал-мәтелдердің соңында келетін баяндауыштардың ролі күшті: олар негізгі пікірді жинақтап, тиянақтап, аяқтап қоймастан, түр-түс, рең беріп, қай кезеңде, қандай жағдайда айтылса да, сол кезбен, сол пікірмен үндесіп, үйлесіп тұруын қамтамасыз етеді. Бұл жерде баяндауыштың ұйымдастырушылық қызметіне қоса, оның модальділігі, басқа сөздермен предикаттық байланысқа түсу мүмкіншілігі айқындала түседі. Баяндауыштар барлық түркі тілдерінде ертеден қалыптасқан ортақ баяндауыштық аффикстерін қосып алып, олардың өзгешеліктерінен гөрі, жалпылығын, біртұтас түркілік қасиетін сақтап, жалғастырып, дамып келе жатқан мұрагері іспеттес.
Мақал-мәтелдердің құрылымы өлең сипаттас болып келеді. Белгілі дәрежеде ұйқасқа, рифмаға, дыбыс қайталауларына, олардың тармақтарының бастапқы және соңғы дыбыс үндестігіне негізделеді. Осылардың нәтижесінде мақал-мәтелдердің сыртқы сұлулығы мен ішкі мазмұнының бірлігі сақталып, тыңдаушының көңілінен шыққан, тез жатталған. Мақал-мәтелдің қолданылуына бірнеше ғасыр өтуіне қарамастан, ондағы мақал-мәтелдер қазіргі дәуіріміз үшін де құнды қазына болып есептеледі.
Жалпы жұмыс барысында мынадай мәселелер қарастырылды:
-
мақал-мәтелдердің қазақ тіл білімінде зерттелуі;
-
мақал мен мәтелдің өзіндік ерекшеліктері;
-
баспасөз тілінде жай сөйлем түрінде келетін мақал-мәтелдер;
-
мақал-мәтелдердегі сөйлем мүшелері тұлғалары;
-
құрмалас сөйлем түрінде келетін мақал-мәтелдер;
-
мақал-мәтелдердегі ықшамдалу құбылысы;
-
мақал-мәтелдердің құрылымдық тұрғыдан зерттелуі;
-
баспасөздегі мақал-мәтелдердің қолданылу жиілігі.
Жалпы алғанда, біздің жинақтаған мақал-мәтелдеріміздің ішінде көптеп кездесетіні – жай сөйлемдер.
Сөйтіп, мақал мен мәтел – қазақ ауыз әдебиетінің мол қазынасы, көлемі ең шағын халық шығармасы, қазақ халқының тұрмысын, кәсібін, салтын, ой-парасаты мен дүниеге көзқарасын көрсететін поэтикалық жанр деп білеміз.
Мақал-мәтелдердің ауыз әдебиетінің басқа түрлерінен өзгешелігі бар: ол мақал-мәтелдердің өмір талабына үйлесіп, жаңарып, толығып отыратын өміршеңдігінде, жасампаздығында.
Баспасөз адамды рухани байытады, сондықтан да тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, мазмұнының кеңдігі, тілінің өткірлігі, мағынасының тереңдігімен ерекшеленетін тіліміздің сарқылмас қазынасы мақал-мәтелдердің ақпарат құралдарында алатын орны ерекше екені сөзсіз.
Қосымша
|
№ |
Мақал-мәтелдер |
Қолданылу жиілігі
1 2 3 |
«Ана тілі» газетінің саны |
||
|
1 |
Ағаш көркі – жапырақ, Адам көркі - шүберек |
|
* |
|
Ж.Әуелбайұлы «Қайда кетіп барамыз?» 16.12.07 |
|
2 |
Сөз анасы – құлақ, су анасы – бұлақ, жол анасы - тұяқ |
|
|
* |
Б.Ізмұхамбетов «Баба рухына тағзым» 6.09.07 |
|
3 |
Ұрпақ үзілмейді, су сүзілмейді |
|
* |
|
Ә.Жапақ «Даңқты ердің ғасырлық тойы» 27.09.07 |
|
4 |
Тілі еркін ел – тәуелсіз ел |
|
* |
А.Тәжібаева «Теңгеміздің тәрбиелік мәнісі мен көрінісі» 18.01.07 |
|
|
5 |
Сәлем – сөздің атасы |
|
|
* |
Ғ.Тәшімбай «Сәлем – сөздің атасы» 18.01.07 |
|
6 |
Бұлақ басынан тұнады |
* |
|
|
К.Раисова «Бос айқайдан ештеңе шықпайды» 18.01.07 |
|
7 |
Ел іші - өнер кеніші |
|
* |
|
Н.Мұхамбетжан «Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп» 18.01.07 |
|
8 |
Мың естігеннен бір көрген артық |
* |
|
|
М.Тәж-Мұрат «Ана тілінің жылы бола ма?» 25.01.07 |
|
9 |
Аз сөз-алтын, көп сөз-көмір |
|
|
* |
М.Шаханов «Дерновой мен Коржова мемлекеттік тілді мойындамай ма?» 25.01.07 |
|
10 |
Жастарға – жұмыс, қарттарға - қымыз |
|
* |
|
М.Шаханов «Дерновой мен Коржова мемлекеттік тілді мойындамай ма?» 25.01.07 |
|
11 |
Жетім көрсең, жебей жүр |
* |
|
|
А.Еркімбай «Америкадағы қазақ бүлдіршіндері» 25.01.07 |
|
12 |
Тіл тағдыры –ел тағдыры |
|
|
* |
Б.Елубаев «Үш бақытын ұлықтаған генерал» 25.01.07 |
|
13 |
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні |
|
|
* |
Е.Қажыбек «Шот қағатын кез келді» 22.02.07 |
|
14 |
Жақсы сөз, жарым ырыс |
* |
|
|
Ә.Жапақ «Ілтипатты Марина» 27.09.07 |
|
15 |
Тіл қаруы – сөз |
|
* |
|
Г.Оспанова «Ағаларға наз» 3.05.07 |
|
16 |
Орамал тон болмайды, жол болады |
* |
|
|
Н.Құсайынұлы «Тон болмаса да, жол болатын...кітап» 3.05.07 |
|
17 |
Өлімнен ұят күшті |
|
* |
|
Д.Қанатбаев «Мен қалай әулие атандым» 30.08.07 |
|
18 |
Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады |
* |
|
|
Е.Ертісбаев «Ана тілім туралы немесе айтыстан кейінгі толғаныс» 2.08.07 |
|
19 |
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды |
* |
|
|
Ә.Жапақ «Қазақты түрік қанаса, қалғанына қалай қой дерсің?!» 3.09.07 |
|
20 |
Тіл – ұлттың жаны |
|
|
* |
М.Өсербаева «Үмбетовтің үлгісі» 19.06.07 |
|
21 |
Сабырдың түбі сары алтын |
|
* |
|
С.Ілиясова «Имандылыққа жеңдіре біл» 13.09.07 |
|
22 |
Ағасы бардың жағасы, інісі бардың тынысы бар, баласы бардың панасы бар |
* |
|
|
«Ел іші – алтын бергек, асыл діңгек» 13.09.07. |
|
23 |
Сыйға – сый, сыраға бал |
* |
|
|
А.Осман «Ұлтқа қиянат жасамайық» 24.05.07 |
|
24 |
Қуыс үйден құр шықпа |
* |
|
|
Р.Сәбитұлы, Ә.Жапақ, С.Құсайынов «Қыз Жібектің көшіндей...» 24.05.07 |
|
25 |
Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан |
* |
|
Ә.Жапақ «Құрылыста оқыс опат болғандардың обалы кімге?» 6.06.07 |
|
|
26 |
Жаман үйді қонағы билейді |
|
* |
|
Ә.Жапақ «Құрылыста оқыс опат болғандардың обалы кімге?» 6.06.07 |
|
27 |
Атаның ұлы ұлтын сақтар, ананың қызы жұртын сақтар |
* |
|
|
Р.Әріп «Бесік жырын айтқаным әсерлі шығыпты» 6.06.07 |
|
28 |
Жақсының жауы көп, жаманның дауы көп |
* |
|
|
С.Мақпырұлы «Сараланған сөздер» 6.06.07 |
|
29 |
Екі жүзді бетіңе күліп қарайды, сыртыңнан жұдырығын түйіп қарайды |
* |
|
|
С.Мақпырұлы «Сараланған сөздер» 6.06.07 |
|
30 |
Басу сөз – байыптылық, ашу сөз – айып қылық |
* |
|
|
С.Мақпырұлы «Сараланған сөздер» 6.06.07 |
|
31 |
Ана тілін білмеген – отаншыл болмайды |
* |
|
|
Ә.Құтпанбаев «Бос сөз, жалған уәде» 28.06.07 |
|
32 |
Соқыр тауыққа бәрі бидай |
|
* |
|
Қ.Омар «Қазақты өнері құтқарады» 12.07.07 |
Қолданылған әдебиеттер
-
Аманжолов С.А. Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқаша курсы. Алматы, 1940 ж.
-
Абдулдина Б.Ш. Қазақ мақал-мәтелдеріндегі көркемдік ойдың құрылымы. Алматы, 2001 ж.
-
Ахметбекова Р. Мақал-мәтел даналыққа бастайды. //Қазақстан мектебі// 2000 ж., №9
-
Абдульдина Б. Қазақ мақал-мәтелдерін құрылымдық тұрғыдан зерттеу мәселелері. //Қазақ тілі мен әдебиеті// 22004 ж., №4
-
Әшенұлы А. Мақал-мәтелдердің семантикалық құрылысы. //Қазақ тілі мен әдебиеті// 2005 ж., №1
-
Әміров Р. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1983 ж.
-
Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. Алматы, 1958 ж.
-
Жәрдем К. Қазақтың 7777 мақалы мен мәтелі. Алматы, 2002 ж.
-
Кенжемұратова С.К. Мақал-мәтелдердің синтаксисі. Канд. дисс. Астана, 2002ж.
-
Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. //Ана тілі// 2001 ж.
-
Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері. Алматы, 2001ж.
-
Рыбникова М.А. Русские пословицы и поговорки. Москва, 1961г.
-
Сәрсенбаев Р.М. М.Әуезовтің «Абай жолы» романындағы мақал-мәтелдердің қолданылуы. //Қазақ тілі мен әдебиеті// 2005 ж.
-
Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақал-мәтелдері. Алматы «Ана тілі», 1993 ж.
-
Тымболова А. Мақал-мәтелдердегі көнерген сөздер. //Қазақ тілі мен әдебиеті// 1999, №2
-
Шалғынбаева Қ., Абдримова Ф. Мақал-мәтелдердің тәрбиелік көрінісі. //Қазақстан мектебі// 2005 ж., №5-6
33

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген