жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Ғылыми жұмыс "Киелі,қасиетті сандар"
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,
Қандыағаш қалалық ЖББ №2 орта мектебі.
Тақырыбы:
«Киелі, қасиетті сандар»
Бағыты:
Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саясат маршруттары
Секциясы:
Этномәдениеттану
Орындаған: 6 «г» орыс сыныбының оқушысы
Дьяченко Ксения
Жетекшісі: Қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Сейтахметова А.К.
2020ж.
Жұмыс мазмұны:
I. Кіріспе. ……………………………………..…………………………….1
II. Зерттеу бөлімі:
12 саны туралы……………………………………………………............………..1
9 саны туралы………………………………………………………………………2
7 саны туралы………………………………………………………………………3
5 саны туралы………………………………………………………………………5
4 саны туралы………………………………………………………………………12
40 саны туралы……………………………………………………………………..14
О.Тлеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабындағы
41-ге жуымау, 12-айырылмау, 7-ге тиіспеу туралы ойлары…………………….15
ІІІ. Қорытынды. ……………………………………………………………18
Қолданылған әдебиеттер .........................................................................................19
Аннотация
Зерттеу жұмысының тақырыбы:
«Киелі, қасиетті сандар»
Бұл жұмыс үш бөлімнен тұрады:
кіріспе, негізгі бөлім (зерттеу бөлімі), қорытынды.
Кіріспе бөлімінде қазақ халқының киелі, қасиеттері сандарының тәлім-тәрбие жағы туралы айтылады.
Негізгі бөлімі 4,5,6,7,9,12,40,41 сандарының киелілігін,қасиеттілігін, халықтың тұрмыс-салт өмірінде ақыл үйрететіндігін, этикалық-эстетикалық тәлім беретіндігін қамтиды.
Қорытынды бөлімінде сандардың киелілігі, қасиеттілігінің әлі де болса зерттеліп, қазіргі жастарға үлгі болар жағы көп екені туралы ой қозғадым.
«Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» - деген халқымыздың дана сөзі бар. Шынында салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, жөн-жосық, ырымдар, рәсімдер, кәделер арқылы халқымыздың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, өзін қоршаған ортаға моральдық, танымдық, этикалық көзқарасы, дархан да жомарт көңілі көрінеді. Алдағы күнде тіршілігімізден қол үзіп, ұмыт бола бастаған рухани қазыналарымызды қайта тірілтіп, қатары күн санап сиреп бара жатқан көнекөз қарияларымыздан мүмкіндігінше халықтық тәлім-тәрбие негіздерін біліп қалу-көңілі ояу, көзі ашық барша азаматтың қасиетті борышы деп сенемін. Сол сияқты сан әлемі де үлкен бір тәлім-тәрбие дүниесі. Халық педагогикасы оған айрықша ден қойған. Қазақ халқының байырғы әдеби мұраларында, ауыз әдебиетінде, халықтың тұрмыс-салт өмірінде төрт, бес, жеті, тоғыз, он сандарымен келетін атауларды және олармен байланысты айтылатын тұрақты сөз орамдарының алуан түрін ұшыратамыз. Бұл топтағы сөздердің білдіретін мағынасы, қамтитын ұғымы қазіргі тіл қолданысымызда көмескі тартып, жұмбаққа айналып барады. Әңгіме сол жандар жөнінде болмақ.
Он екі саны туралы: ( он екі мүше) он екі саны мүшелерді білдіретіндігі қазіргі кезде ұмыт бола бастаған. Ел ішінде қариялар оны былай жіктейді: бас, омыртқа, екі жамбас, екі жауырын, екі тоқпан жілік, екі асық жілік, екі кәрі жілік (қары жілік). Демек, төрт мүше (екі қол, екі аяқ, не малда төрт аяқ) жеті мүше тәрізді он екі мүше адамның, малдың дене бітіміне байланысты айтылады. Сондықтан әлі күнге дейін қариялар алыстан келген ер азаматтарменен: «он екі мүшең аман ба? Төрт түгел мүшең түгел оралдың ба?» деп амандасып жатады. Сондай-ақ халық жұмбағында: «Дүниеде бір ағаш бар, түбі жуан, он екі ұл, алпыс екі қыз бір күн туған»,- дейді. Мұндағы он екі ұл – он екі мүше, алпыс екі қыз – алпыс екі мүшеге тараған алпыс екі тамыр, ал ағаш –адам. Осы он екі санға орай: «Он екіде бір нұсқасы жоқ», «он екіде бір гүлі ашылмаған», яғни өте жас, пәк жан деген мағынаны білдіретін сөз тіркестері халық аузында көптеп қалыптасқан .
Ал «мүшел жас» деген ұғым халық аузында бұрыннан келеді. Яғни, «мүшел жас» - адамзат өмірінде әрбір он екі жыл сайын қайталанып келетін қуанышты да әрі қауіпті жас.
Өйткені, «мүшел жаста»адам өмірінің кенеттен қиылуы – қауіпті деп және де оның қырсығы одан кейінгі (мүшел жасқа толған адамнан кейінгі) бауырларына тиеді деп түсінген. Сондықтан халық «мүшел жастан аман өт» деп тілеп жатады.
Тоғыз саны туралы: Қазақтың байырғы тұрмыс–салтында қалыптасқан сөз тіркесінде бұл сандар көп кездеседі.
Тоғыз беру-үйлену салтындағы жоралғы.Күйеу ұрын барғанда «құрмаласқан құда болдық»деп тоғыз апарған (тоғыз зат).
Тоғыз берудің тағы біржолы – қызды жігіт құдалық жолмен емес, алып қашқанда, айып-анжы ретінде үш тоғыздың бірін атайтын болған.
1
Тоғыз айып-анжыға беріледі (құн төлеу,әр түрлі айып төлеу т.б.)
Тоғыз бас бәйгеге тігіледі (ат жарыс,балуан күрес,сүре айтыс т.б.)
Тоғыз берудің байырғы шарты бойынша «тоғыздың»құрамында тоғыз түрлі зат болу қажет.Осыған байланысты «тоғыз»үш топқа бөлінеді:
Бас тоғыз: Түйе бастаған тоғыз түйе,құлынды бие ,қос ат,жамбы,жағалы киім,тұтас құндыз,қылыш т.б. Бас тоғызды кейде «қасқа тоғыз»деп те атайды.
Орта тоғыз:Бие бастаған тоғыз мал және әртүрлі бұйымдар.
Аяқ тоғыз: Бұзаулы сиыр бастаған тоғыз тайынша,қозылы қой және басқа бұйымдар.
Әр тоғыз өз ішінде екі топқа бөлінеді: «жанды тоғыз»немесе «тірі тоғыз»(түйе,бие,бұзаулы сиыр,қозылы қой т.б.) «жансыз тоғыз» немесе «өлі тоғыз»(жамбы,кілем,ішікт.б.)
Тоғыз берудің салты бойынша «жанды тоғыз»төртеу болса, «жансыз тоғыздың»бесеуі болуы шарт.
Тоғыз ішінде «басжақсы »дегені болады.Бас жақсысына қарап,әдетте түйе бастаған тоғыз,жамбы бастаған тоғыз,бие бастаған тоғыз деп отырады,яғни қандай тоғыз аталғаны әрі қарай сұрамай-ақ жақсыға қарай ажыратады.
Тоғыздың толымды түрін беру-бай мен бағланның ісі.Тіпті олар дүбірлі той өткізіп,бас бәйге тігілер тоғыздың бас жақсысына жасау жиһазымен киіз үй жасататын болған.Киіз үйдің бұл түрін «өлі отау»деп атайды.
Той –томалақтарда ауылдың алты ауызы айтылып,меймандар өз кезегінде қонақ кәдесін жасайды.Осындайда ойын-сауықтың ажары-қайым айтысқа да келеді.Жеңгесі қайын сіңілісін,не апасы сіңілісін ілестіріп,не дос құрбы-құрдастар жұптасып қонақ әріптестерімен айтысады.Жеңілген жақ «тоғыз тартуым»деп торғын орамалдың шетіне күміс жүзік,не күміс теңге түйіп жеңгендерге сый-құрмет көрсетеді. Бұл тарту әрине, тоғыздың нақ өзі болмаса да кәдесі.
«Орамал тонға жарамайды,жолға жарайды»деген сөз орамы осындай орайда қалыптасса керек.
Қасиетті «Жеті»:халқымызда жеті санының айрықша қасиеті бар.
Оны ата-бабаларымыз киелі сан деп ұғынған.Әлде бір оқыс жағдайдан,кездейсоқ апаттан аман қалса «құдай сақтады»немесе «Алла Тағала сақтады» деп шелпек, жеті күлше таратқан. Қайыршыларға жеті теңге ұстатқан. Осының барлығы ескілікті салт-жора,әдет-ырымдардан,әлдебір күштің алдында дәрменсіздік танытудан туған жағдайлар болса керек.
Тіпті,ауыз әдебиетінің өзінде де «жеті» саны кездесіп жатады.
Әлдебір ғажайып бейнелерді,мысалы аждаһарды (айдахарды) «жеті басты жалмауызға» теңеп жатса, «жеті қабат жердің астынан» қиял-ғажайып ертегілер туындатады.
Ал «жеті қырдың астында»-тым алыста ғажайып дүние бар деп есептейді.
Халқымызда «жеті рет өлшеп,бір рет кес », «жерден жеті қоян тапқандай»деген сияқты мақал-мәтелдер де көптеп кездеседі.
2
Кейбір сөз тіркестері астарлы мағына беріп жатады. Сол астар «жеті» сөз (немесе саны) арқылы да көрініс тапқан. Мәселен, бүкіл дүние жүзін, шартарапты – жеті ғалам десек,түн ортасын, бейуақытты – жеті түнде деп шамалаймыз.Дүйсенбіден дүйсенбіге дейінгі аралықты бір жеті деп те бағдарлаймыз.
Жетіге байланысты жер-су аттары қаншама:
Мысалы:Жетібай,Жетіген,Жетісу,Жетіқара,Жетісай,Жетітер,Жетітөбе,т.б.Аспан әлемі де «жетіден» кенде емес.Ғаламның солтүстік жартышарындағы шоқ жұлдызында Жетіқарақшы жатыр. Түнгі күзетте мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ халқы түні бойы жатпай, Темір қазықты айнала қозғалған Жетіқарақшы жер тараптары мен күн мезгілдерін айтуда жиі пайдаланған.
Тарих арқылы бізге жеті жарғы,жеті қожа көтерлісі де белгілі.
Жеті жарғы-ХVIII ғасырдың басында Тәуке хан тұсында жасалған қазақтың әдет правосының жинағы.Оған енген нормалар қазақ өміріне тән қоғамдық қатынастардың негізгі салаларын қамтиды: жер дауы,жесір дауы,мал дауы,жан дауы ,құн дауы,мүлік дауы, хандық пен билік.
Жеті қожа көтерілісі-ХІХ ғасырдағы Қашқариялық ұйғыр халқының Маньчур-қытай басқыншыларына қарсы күрес. Ол тарихта «Жеті аяз трагедиясы»деп те аталады.
Әлемнің жеті керемет:Мысыр пирамидалары,Родос алыбы,Галикарнас мавзолейі,Вавилонның аспалы бағы,Артемида ғибадатханасы,Александрия маягі,Зевс мүсіндерін білмейтін адам кем де кем шығар.Ол дүниенің ғажайып жаратылысы емес пе.
Музыка (әуез) әлемі де «жетіден» құр қалған жоқ.Тіпті, нотаның өзі жеті дыбыстан тұрады:до-ре-ми- фа- соль-ля-си.Ұлттымызда «Жетіген »деген аспап та бар.Оның теріс бетінде жеті қыл ішегі,жеті асығы болады.Асық тиектің қызметін атқарады.
Наурыз мерекесінде берілетін үлкен тағам-Наурыз көжеге жеті түрлі астың қосылуы қазір бәріне де белгілі.
Сонау ескілікті қиссалардың өзінде «Жеті ғашық»деген ұғым пайда болды.Олар-махаббат пен адалдық,таза сүйіспеншілік символдары. Әр қиссаның тарам-тарам түрлері бар екенін ескерсек –жеті ғашықты да екі үлгіге бөлуге болады.
А)Ләйлі –Мәжнүн Б)Ләйлі –Мәжнүн
Жүсіп-Зылиха Жүсіп-Зылиха
Фархад-Шырын Фархад-Шырын
Арзу-Қамбар Бәхрам-Күләнда
Уәлик-Ғәррә Сейфілмәлік-Бәдігүл
Уәки-Күлшап Бозжігіт-Ануаз(Қарашаш)
Зияда-Хорлы(Хорлы-Ғайып)
«Жұт жеті ағайынды» дейміз.Оның да халық санасында екшелеп,сарапқа түсіп,бірқалыпқа келген ұғымдар екенінде дау жоқ: құрғақшылық, мал жұтау, (жұт), оба (індет), өрт, соғыс, сел жүру, жер сілкіну.
3
«Жеті қазынаның» әр нұсқада әрқилы түрлері кездеседі. Олардың қай-қайсысы да, сөз жоқ халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде маңызды орын алады. Сөйтсе де мына бір нұсқасы ел арасында көп таралған сияқты: Ер жігіт, сұлу әйел, ілім-білім, жүйрік ат, жүйрік тазы, қыран бүркіт, берен мылтық.
Қазақша күн аттарының өзі жеті мезгілден өріс тапқан. Оның әрқайсысының өз атауы бар: Бүгін (Дүйсенбі), Ертең (Сейсенбі), Бүрсігүні (Сәрсенбі), Арғыкүні (Бейсенбі), Ауыр күні (Жұма), Соңғы күні (Сенбі), Азына (Жексенбі).
Біреуге көңіліміз толмаса «Жеті атасын білмеген жетесіз»деп жатамыз. Енді сол «жеті атаңыз»кім еске түсіріп көрелікші: Әке, бала, немере, шөбере, немене, шөпшек, туажат.
Әрі қарай «жүрежат», «жекжат», «жұрағат» болып кете береді.
Халық арасында «Жеті жетім» деген түсінік те бар. Шынында да, философиялық ой түюге болатын осынау ұғым өлең шумақтары арқылы әдемі берілген:
Тыңдалмаған сөз жетім,
Киюсіз тозған бөз жетім,
Иесіз қалған жер жетім,
Басшысы қалған ел жетім,
Жерінен айырылған ер жетім,
Замандасы қалмаған,
Бәрінен де сол жетім.
Иә, халық ұғымында жылдар бойы жатталып қалған осынау қасиетті «жеті» ұрпақтар санасынан өшпесін.
АЛТЫ саны туралы: Қазақстан Алтыбақан, Алтыбас, Алтыбас Ақмолда деген ұғымдар бар. Оның ішінде ежелден келе жатқаны-Алтыбақан.
Алтыбақан – қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін алтыбақан немесе алты сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш-үштен бір басын буып, аралығын 3-4 метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да,жоғарғы жағы сырықпен жалғастырылады.
Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ,біреуі төмен етіліп үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел сүйеуге арналады, ал төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап,үшінші адамдардың демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да, оған тамашалаушылар қосылып,думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар орнатылып жүр. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп аталады.
Алтыбақаннан айырмасы ол тұрақты орнатылады және жалғыз адамға арналады.
Алтыбақанның қажетті заттары –тез құрастырылып, жиналатын үй мүліктері.
Ойын көпшілікке арналған. Жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлікке бейімдейді.
Алтыбақан көріністері театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысында да лайықты орын
4
алды. Қазақ телевидениесі 70-жылдары көгілдір экраннан тіпті жүйелі түрде “ Алтыбақан ”сауық-кешін ұйымдастырып тұрды. Алтыбас-деген шежіре бойынша, орта жүзде қыпшақ тайпасынан тараған қазақ халқының құрамындағы ру болса,ал Алтыбас Ақмолда-шын аты Әлмұхаммед(1860-1925)-ақын. Өлеңдері Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышына” енген.
Алтыбас Ақмолда Торғай еліндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан.
Алтыбас Ақмолда 70 шақты өлеңі Қазақстан ҒМ-ҒА-ң қолжазба қорында сақтаулы.
Сонымен қатар алты алаш:
1)Қазақ. 2)Қарақалпақ. 3)Өзбек. 4)Түрікмен. 5)Қырғыз.
6)Жайылған.
Адамдардың бір-біріне деген алты парызы бар.Олар:
1)Бір-біріне сәлем беруге; 2)Шақырса-баруға; 3)Сұрағанына жауап беруге; 4)Кеңес сұраса –ақыл қосуға; 5)Ауырып қалса –көңілін сұрауға;
6)Қайтыс болса -жерлеуге қатысуға.
Алты асқар: 1)Ақыл; 2)Білім; 3)Жомарттық; 4)Әділдік; 5)Шыншылдық; 6)Кең пейіл.
Бес саны туралы: “ Бес жақсы”-тоғыз беру. Салтына қатысты тұрақты сөз тіркесі.Қалың мал немесе кісі құны ретінде төленетін дүние мүліктің,малдың бағалы,басты деген бес түрі. “Бес жақсыны” кейде “бас жақсы” деп те атайды. Бұл “ жақсылардың” түрі әр жерде әр түрлі:бір жерлерде оған нар түйе, жүйрік ат,қалың кілем,алмас қылыш,бұлғын ішек енсе,екінші бір жерде түзу мылтық, берік мауыт,бәйге аты,малдығы артық түйе және бір сырт киім жатады. Кейде мұндай жақсы аттар болмаған жерде де жақсының орнына төрт ірі қараны немесе келісім бойынша басқа малды да,бұйымды да атаған. Қазақта “ер қаруы-бес қару” немесе “ер серігі-бес қару” деген сөз тіркесі бар. Бұл сөз тіркесінің төркінін түсіндіруге бірізділік жоқ. Біреулер осындағы “бес” деген сөз бес түрлі қарудың аты емес, қарудың көп екенін білдіретін, жеті сияқты көптік ұғым деп түсіндірсе, енді біреулер батыр-бағландарға қажетті бес түрлі қару-жарақтың нақтылы түрлері деп дәлелдеуге тырысады. Мәселе бестік санда емес,соған енетін бес қарудың нақтылы аты-жөнінде сияқты.
Қазақ эпосына (мысалы: “Қамбар батыр”; жырына) жүгінсек, батырдың беліне ілінген бес қаруды “садақ”, “балдағы алтын қылыш”, “болаттан соққан найза”, “айбалта, күрзі” деп таниды.
Ал жалпы батырлар жырында бес қарудың аттары мен орындары өзгеріп, садақтың орнына “түзу мылтық”, найзаның орнына “сүңгі”, қылыштың орнына“ семсер, қанжар”, күрзінің орнына “шоқпар”, “сойыл” айтылатынын көреміз. Бұларда қару-жарақтың дамуына қарай өзгеріп отырса керек.
Дегенмен “бес қаруға” жаудың денесіне бес түрлі зақым келтіретін төмендегі қарулар жатқан:
1.Тесетін садақ,мылтық.
2.Кесетін қылыш,семсер ,қанжар.
3.Сұғатын найза,сүңгі
4.Шабатын,балта.
5
5.Соғатын күрзі,сойыл,шоқпар.
Әр қарудың өзінің бірнеше түрлері, үлгілері бар. Мысалы: кесу қаруына қылыш, семсер, сапы т.б. үлгілері;шабу қаруына қылыш, айбалта, жауынгерлік балта,оның өзгеде түрлері; түйреу қаруына найза, сүңгі, жыда; соғу қаруына-шоқпар, күрзі, бос мойын шоқпар, сылқетер, т.б; ату қаруына-жақ, кейін шыққан мылтық түрлері жатқызылады. Бұрынғы кезде қарудың бір түрін пайдалануды өте шебер меңгерген жауынгерлерді бір топқа біріктіріп, арнайы садақшылар, семсершілер, найзагерлер қосындары бөлек-бөлек құрылып, оларды қажетіне қарай қолдану әдісі соғыс тактикасын анықтаған.
“Бес қару” әртүрлі әскери дәрежелерді белгілеуге де пайдаланылып, түрлі рәміздік ролдер де атқарған. Мысалы: жақ-ханның, патшаның рәмізі ретінде; найзаға тағылған байрақ, әскери ту-әскербасылық дәреже белгілері ретінде қолданылған. “Бес қару” қасиетті, киелі саналып, оларды қастерлеу нәтижесінде көптеген әскери салт-дәстүрлер қалыптасқан.
Қазақта “бес” санымен қосақталып айтылатын көптеген сөздер,ұғымдар бар. Соның ішінде ру атаулары да енеді. Мысалы: Бесақа-қазақ халқының құрамындағы ру. Шежіре бойынша кіші жүздегі бай ұлы тайпасының берім тармағынан тарайды. Бесақа- жеке ру басының атына байланысты аты емес, ерлікпен аты шыққан бес адамның ұрпақтарына ортақ атау.
Қазақта “бесқонақ” деген ұғым да бар. Бесқонақ-байырғы қазақ күнтізбесінде қолданылып келген, жыл айларынан тыс алынатын бес күн. Нақты астрономиялық жылдың ұзақтығы бүтін күн санымен өрнектелмейді. Ол жуық түрде 365,24 тәулік (яғни 365 күн 6 сағат) деп есептеледі. Тәуліктің ширегін жыл сайын күнтізбеге енгізіп отыру қолайсыз. Сондықтан қазіргі қолданылып жүрген Григорий күнтізбесінде бұл ширектерден 4 жылда 1күн құралатындығы ескеріліп, әрбір 4 жылдың алдыңғы үшеуі 365 күннен, 4-шісі 366 күн болып алынған. Ал әрқайсысы 30 күндік 12 айдан тұратын қазақ күнтізбесінде 360 күн болды. Жыл толық болу үшін оған 5 (кібісе жылдары 6) күн қосу керек. Аптаға толмайтын осы бес күнді қазақ халқы “Бесқонақ” деп атаған. Айлардан тыс алынатын мұндай күндер басқа халықтарда да болған. “Бесқонақ” үнемі жыл аяғына қосылып отырған. Қазіргі күнтізбе бойынша “Бесқонақ” жыл сайын 17 наурыздан (кібісе жылдары 16 наурыздан) 21 наурызға дейінгі аралыққа келіп отырады.
«Бес асыл іс» - адамгершіліктің Абай ұсынған этикалық - әдеп нормалары. Адамзат қоғамы тарихында – жеке адамның ақылы мен мінезі, адамгершілік жағынан өсіп жетіліп, толық адам болып қалыптасуы күрделі мәселелердің бірі.
Абай гуманистік танымы тұрғысынан өзі өмір сүрген 19 ғасырдағы қазақ қоғамы жағдайындағы жастардың адамгершілік негіздері, бойға ұялатар қасиеттері қандай болмақ деген ойға ерекше көңіл бөлді. Ойшыл ақын жас ұрпақты жаңа дәуір талабы деңгейінде, адамгершілікке тәрбиелеуді мақсат тұтып, күрес жүргізді. Осы жолда Абай адам болуға ұмтылған әрбір жалынды жастың бойында адамшылықтың қандай нәрін, нендей ізгілікті қасиеттерді егу, орнықтыру керектігін «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:
«Бес нәрседен қашық бол,
6
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз...»
- деп айқындап берді. Осындағы «Адам болу», оған тезірек жетуге, асығуға ұмтылатын бес нәрсе не? деген сұраққа Абай:
«Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой-
Бес асыл іс көнсеңіз...»
- деп, кесімді, тұжырымды жауап береді. Шын мәнінде нағыз адам болу үшін адамгершілікке тән, жағымды жақсы қасиеттер, жақсы сипаттар – адамдық, әділеттілік, достық, махаббат, ар-намыс, сабырлылық, батырлық, т.б. толып жатыр. Осылардың ішінен ақын жастардың бойындағы адамгершіліктің қасиеттері, «Бес асыл іс»: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым туралы даналық ой қозғауының өзіндік мәні бар.
Талап. Абай Қырық төртінші сөзін «Адам баласының ең жаманы талапсыз» деп бастайды да, талаптың да көп болатынын баяндайды. Талаптың ішіндегі ең зоры бір өнерді таңдап, содан нәтиже шығармай тынбаушылық. Сонымен бірге ақын талапкердің өнерлес кісімен сыйлас болуының қажеттігін баса айтады. Ақын жастарға өнер үйренетін кітаптарды оқуға, бірақ мұратты кітап бетінен емес, өмірден іздеуге кеңес береді. Абайдың түсіндіруінше талапсыздықтың түрлері – ынтасыздық, ықыласыздық, жігерсіздік.
«Керек іс балаға талапсыздық,
Әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық,
Кейбір жігіт жүреді мақтан сөйлеп,
Сыртқа пысық келеді, көзге сынық...»
- деп Абай талаптың дарынды, ынтаны дамытатыны, сондықтан да халықтың «талапты ерге нұр жауар» деген сөзді бекерге айтпағаны туралы ой толғайды. Ақын сүйікті баласы Әбдірахманның өліміне арналған туындысында талаптылықтың бойына терең дарытқан «ескінің арты, жаңаның алды» болған үміт артар жас ұрпақтың көркем бейнесін жасайды:
«Талаптың мініп тұлпарын,
Тас қияға өрледің.
Бір ғылым еді іңкәрің,
Әр қиынға сермедің...» - дей келе, талапсыз адам ғылымға, болашаққа, өз өміріне жол сала алмайтынын ескертеді.
Еңбек. Бұл дүниедегі құдіретті күш, діни ұғымға құдай болса, ғылыми ұғымдағы бірден бір жасампаз ұлы күш – Еңбек.
«Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың», - дейді ақын. Абайдың пікірінше ерінбей еңбек еткен, ізденген, әр нәрсенің жөнін біліп, әрекет еткен кісінің жетпейтін арманы болмайды.
«Жастықта бір күлгенің бір қаралық,
Күлкі бақан бір көрер бишаралық.
Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,
Ең болмаса еңбекпен мал табалық... »-
7
деген жыр жолдарындағы ақынның байламы бойынша еңбектің негізгі атқаратын қызметі, басты мақсаты-жан сақтау, мал табу, үй ішін асырау. Еңбек арқылы адамның адамгершілік қасиеті танылады.
19 ғ-ң 2-жартысында қазақ халқының күнделікті өмір тұрмысы-бірыңғай мал бағу кәсібіне байланысты екенін,еңбектің сыңар жақтылығын сынға алып ақын:
«Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып,білім алған,
Би болған,болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған...» -
деп, өз елін отырықшылыққа, егіншілікке, ғылымға шақырады. Еңбекті «Бес асыл істің» негізгісі деп бағалаған Абай:
«Бақпен асқан патшадан
Мимен асқан қара артық.
Сақалын сатқан кәріден,
Еңбегін сатқан бала артық...»-
деп адамды дүние жүзіндегі тіршіліктің жасампаз күші етіп отырған оның еңбегі, адамның адамгершілігі тек адал еңбегімен бағаланатыны туралы ой қорытады.
Терең ой. Адамды адам еткен еңбек болса, сол еңбек дағдысы барысында қалыптасқан адамды барлық жан-жануарлардан ерекше айырып тұрған екі қасиетін Абай жоғары бағалаған. Оның біріншісі – ақыл – ой, екіншісі – сөз. Ойлау күрделі психикалық процесс, оның мазмұны өте бай, ал ешқандай сөз ойдың барлығын қамтып бере алмайды. Сөз тіл арқылы жүзеге асатын болса, ойлаудың негізгі құралы – ұғым мен пікір болып табылады. Абай «Жапырағы қураған ескі үмітпен» өлеңіне адам үздіксіз ойлауы керек деп үйретеді. Ақын мида қорытылып айтылған өзіндік тиянақты ұғыммен келелі пікірге толы ойлы сөзді құрмет тұтып: «Басында ми жоқ» - деп, ой-пікірсіз сылдыр сөзді адамдарды сынға алады. Көп айтты деп көне салатын, жұрт айтты деп сене салатын ойсыз надандарды Абай толық адам қатарына қоспайды. Ондайлардың терең ой мен ғылым іздемей, өтірік пен өсекке үйір болып, айт пен тойды ермек етіп, өмірін босқа өткізетініне қатты қынжылады. Ақын:
«Ойға түстім, толғандым
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым...» -
деп, нағыз адам әрқашан өткен-кеткеніне қорытынды жасап, өмірге сын көзімен ой жүгірте, келешекке үмітпен, үлкен сеніммен қарауы керек деген тұжырым жасайды.
Қанағат. Абай адамгершілік, иман туралы толғаныстарында «қанағат» ұғымына ерекше мән береді. Ақынның түсіндіруінше қанағат – барға риза болу, місе тұту, нысаптан шықпау, нәпсіге ермеу:
«Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас
Сұм нәпсің үйір болса тез тиылмас,
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен
8
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас».
Ал қанағатсыздық - өзі тойса да көзі тоймайтын тойымсыздық,нысапсыздық. Қанағат қарын тойғызса, жалғыз атын сойғызуға деп мінейді. Өз өміріне, өз ісіне риза болмай, онымен қоймай арамдық жолға түскендерді Абай;
«Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,
Тоқ айтқан кісіні шет көрем деп?» -
деп жиіркене сынайды. Өз заманындағы адамдардың тойымсыздығына, қанағатсыздығына ақын қатты қынжылады.
«Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық амалға елдің бәрі де есті», - деп налиды.
Рақым. Рақым дегеніміз ұғымдық, философиялық тұрғыдан алғанда адамдың өзге кісілерге жасайтын жақсылығы, мейірім, шапағаты мен көмегі. Абайдың пікірінше терең ойдың негізі ми мен ақыл болса, «...жүрек айтыпты: Мен адамның денесінің патшасымын...менсіз өмір жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тауып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым, мейірбаншылық...менен шығады» - деп жүректің қызметіне талдау жасайды. Абайдың тұжырымынша рақымдылық – барлық ойлаған жақсылықты өзгеге де жасау. Мейірімсіз, ешкімге жаны ашымайтын қатыгез адамдарды ақын жақсылықтың жауызы, жамандықтың дем берушісі деп бағалайды. Ақын қайырымсыз адамдардың іс әрекетіне күйініп:
«Сан кісі мұңайса,
Сабырмен шыдайсың.
Күйемін, жанамын,
Еш рақым қылмайсың»...-
деп, оларды адамгершілікке шақырады.
«Бес парыз» - Абай айқындап берген адамгершілікке жат этикалық - әдеп нормалары. Абай «Бес асыл ісінде» нағыз адам болу үшін бес нәрсеге асық болу керектігін айтса, «Бес дұшпанда»:
«Адам болам десеңіз,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шапшақ-
Бес дұшпаның білсеңіз...»-
Деп, адамның бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынға алады. Ақынның түсіндіргеніндей адамгершілікке жат жаман қылықтар – арамдық, әдепсіздік, әділетсіздік, жағымпаздық, жылпостық, менмендік, қулық-сұмдық, пәләқорлық т.б. толып жатыр.
Абай қазақ халқының дамуы үшін, оның басқа елдер қатарына жетуі үшін бұл әдеттердің бәрі де кедергі болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты. Ақын сол кездегі ауылдың басты әдеттерінің бірі-өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шапшақ тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты әшкерелеп, жұртшылықты олардан сақтандырмақ болды, қазақ қауымының
9
болашағы жастардың бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін қалыптастыру туралы даналық ой қозғайды.
Өсек. Абай заманында ел арасында көп тараған адамгершілікке жат жаман қылықтарының бірі - өсек айту, өсекшілдік. Өсек – біреуді сыртынан даттау, кінәлау, жала жабу, жалған сөз айту, әсіресе би, болыс, белсенділер, атқамінерлер арасында бірін-бірі анду, бар болса көре алмау, жоқ болса бара алмау қазақ өмірінің ең бір келеңсіз жағы болды.
Осы жайға реніш білдірген ақын, жиырма төртінші сөзінде: «...қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қылып, өнерді, малды түзден, бөтен жақтан түзеу жолмен іздеп, өрістететін күн болар ма екен?» - деп, армандайды. Өсектің қазақ ортасында көп тараған бір түрі – жалақорлық, арызқойлық. Өтірік, өсек, «домалақ арыздар» Абайдың өз сыртынан да талай жауған болатын. Ақын:
«Қазақтың қайсысының бар санасы,
Қылт етер де дап – дайын бір жаласы.
Пысықтықтың белгісі арыз беру,
Жоқ болса да бес бересі, алты аласы...» - деп, өсекші, жалақорларды сынға алып, өз кезіндегі өмір шындығының күңгірт келеңсіз жақтарын әшкерлейді. Көжекбайға арналған өлеңінде өсекті кәсіп еткен, біреуге-біреуді жамандауды әдетке айналдырған, сөз тасығыш, өсекшінің жиренішті бейнесін жасайды.
«Жамантайдың баласы Көжек деген,
Әркімге өсек тасып безектеген.
Досын келіп досына жамандайды,
Шіркінде ес болсайшы сезед деген...»
Өтірік. Ақын өсекшілдікті опасыздықтың, арамзалықтың, екі жүзділіктің ең жексұрын көрінісі ретінде айыптайды. Өсек аянға үйір, желбуаз жандарды өлтіре сынап, адамдардың бойындағы өтірік айту болмас бір негіз болуы мүмкін, ал өтірік мүлде жалған, шындыққа, ақиқатқа ешбір жанаспайды. Ақын өтірікті «Бес дұшпанның» ең бір кесапаты одан тазартуды армандайды. Ақты қара деп, я қараны ақ деп ант ететұғын кісілерді Абай имансыз, азған адамдарға жатқызады. Өтірікке ақын шындықты, турашылдықты ақиқатты қарсы қояды:
«Расы жоқ сөзінің,
Ырысы жоқ өзінің.
Өңкей жалған мақтанмен
Шыңның бетін бояйды...» -
Деп, өтірік пен өтірікшілердің бет пердесін аша сынайды.
Ақын адам болам десеңіз өтірік айтудан, екі жүзділіктен құтылып, шындықпен, ақиқатпен өмір сүру керек деген терең тұжырым жасайды.
Мақтаншақ. Абай өмір сүрген заманда ел адамдарының, әсіресе, үстем тап өкілдерінің бойында жиі кездесетін жаман қылықтардың бірі – мақтаншақ, даңғойлық. Ондай әулекі адамдар өзін дәріптеуді сүйетін, басқалардың алдында білімді, жағымды болып көрінгісі келетін бөспе, сөзге құмар. Абай сөзімен айтқанда мақтаншақтар: «...біреуді демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүреді...». Мұндай мақтаншақтарды ақын үш түрге бөледі: «Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді, Ол-надан, надан да болса –
10
адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы,һәм өзі адам емес». Ақын мақтаншақ болыс билердің мінін бетіне басып, жас ұрпақты мақтанның құлы болмауға шақырады.
Еріншек. Адамдардың бойына біткен жаман қылықтардың ең жағымсызы – еріншектік. Абайдың түсіндіруінше: «еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады». Отыз сегізінші сөзінде ақын: «Күллі адамды қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық...» - деп, адам баласын қор қылатын жағымсыз, жаман қылықтардың бірі еріншектіктің зияндылығына ерекше тоқталады. Надандық білімсіздіктен, сауатсыздықтан туындаса, еріншектік адамның талапсыздығынан, жігерсіздігінен, енжарлығынан пайда болатын қылық. Ақын еріншектіктен құтылудың бірден – бір жолы - әр адам іс әрекетін ақылға салып, өз бойындағы талапсыздық, жігерсіздік, енжарлық сияқты жағымсыз мінінен арылуында:
«Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,
Өнерсіздің қылығы өле көрмек.
Шыға ойламай, шағындап қылық көрмей,
Еріншек өздігінен көпке көнбек...» - деп түйіндейді.
Бекер мал шашу. Абай шығармаларында қолда бар қаржы мен мал – мүлкін дұрыс пайдалана алмайтын, өз пайдасын бімейтін, сырт көзге жомарт болып көрінуге тырысатын мақтаншақ адамдарды өлтіре сынға алған. Ақын шынайы мырзалық, жомарттық пен сараңдық ұғымдарына талдау жасайды. Олардың жақыны мен жолдасы, бар үміті мен сенері, тіпті діні де мал. Ал жомарт болса, ол кеңпейіл, қолы ашық адам. Жомарттық нағыз қазаққа тән қасиет. Абай інісі Оспанды осындай қаситі үшін жақсы көрген, «үйі базар, түзі той», «ала бер мен келе бердің» бейнесі санаған. Мырзалардың да, мырзалықтың да түрлері көп. Ақын «бекер мал шашулықты» осының екеуіне де қарсы қояды, еңбексіз табылған дүние – малды орынсыз жұмсайтын дарақыларды сынап, мінейді. Басқа мақсатсыз қаржы жұмсайтындарды, «орынды іске жүріп, ой таппағандарды» сынай келіп: «қасиетті болмайды ондай жігіт, әншейін құр бекерге бұлғақтаған» деген тұжырымға келеді.
Ойшыл ақын «бес асыл» мен «Бес дұшпан» жөніндегі тұжырымдарында өз заманындағы қазақ өмірінің диалектик, қайшылықтарына нақтылы мысалдармен, болмыстық деректермен терең талдау жасайды. Керенаулыққа – талапты, надандыққа – білімділікті, өсек пен өтірікке- шындық пен әділеттілікті, еріншектікке – еңбекқорлықты, мақтаншақтық пен мал шашпақтыққа – парасаттылық пен ұқыптылықты қарсы қояды.
Бес намаз:
Таң намазы, 2) Бесін намазы, 3) Екінді намазы, 4) Ақшам намазы,
5) Жашиық намазы.
Бес парыз:
Құдайдың бірлігі мен Мұхаметтің пайғамбарлық қасиетін мойындау.
Намаз оқу.
11
Ораза тұту. 4) Қайыр садақа беру. 5) Хажы беру.
Бес борыш:
Аллаға, пайғамбарға борыш;
Адамның өзіне байланысты борыш;
Мемлекетпен, халыққа борыш;
Үй-іші, жақындарға борыш;
Адамгершілік әлеміне борыш;
Бес жаратылыс:
Күн; 2) Ай; 3) Жұлдыз; 4) Күндіз; 5) Түн;
Бес өсиет:
1) Топасқа сенбе; 2) Жауға иілме, 3) Әрқашан сақ жүр; 4) Аш үйге қонба;
5) Жарлыдан сый алма.
Бес қатер:
От; 2) Жау; 3) Борыш; 4) Ауру; 5) Сөз;
Төрт саны туралы: Тілімізде «төрт тұрманы түгел» немесе «төрт көзіміз түгел» деген сөз тіркестері бар. Бұлар қазіргі кезде «еш нәрсеге мұқтаж емес» немесе «барлығы түгел жиналды» деген мағынаны білдіреді. «Төрт тұрманның» ертеректегі мағынасы басқашалау болған. Байырғы кезде ел қорғаған батырлардың алдымен төрт тұрманы түгел болуға тиіс еді. Әдетте төрт тұрманға сарбаздардың:
Ер тұрманы (ер-тұрманы, құйысқан, өмірдірік, қамшы, үзеңгі т.б.)
Мүкәммалы (кісе, дәндәку, кемер белдік, күдері белбеу т.б.)
Жау жарағы, қару қатауы (сауыт, дулыға, қалқан т.б.)
Бес қаруы жатқан, яғни оған жоғарыда айтылғандай:
тесетін садақ, мылтық.
Кесетін қылыш, қанжар, семсер.
Сұғатын найза, сүңгі.
Шабатын айбалта, балта.
Соғатын күрзі, сойыл, шоқпар.
Тілімізде «төрт тұрманнан» басқа «төрт түлік» деген де түсінік бар. Ол қазіргі кезге дейін қолданылып келеді. Қазақта, әсіресе, мал ұстайтын (бағатын) адамдардың тілдері «төрт түлік» жөнінен кеңінен дамыған. Енді сол төрт түлікке молынан, кеңінен түсінік берейік.
Қазақ ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бойынша олар малдың өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден зерттеп білген. Тіпті халық арасынан малдың айрықша қасиет ерекшелігін танитын Толыбай сияқты сыншылар да шыққан. Сөйтіп,халқымыз өздерінің тіршілік, шаруашылық қажеттерін осы мал өсірумен байланыстыра қамтамасыз етіп отырған. Мал өнімдерін тіршілік құрамы етіп пайдалануды шебер игерген. Малдың еті, терісі,сүті,тіпті сүйегіне, мүйізіне дейін қажетіне жаратып отырған.
Мал өсіруге қолайлы Қазақстан жерін төрт түліксіз елестету мүмкін емес. Бұл сала еліміз үшін бұдан былай да аса маңызды шаруашылық болып қала бермек. Олай болса кейінгі жастарымыз қасиетті төрт түлікке қатысты ұғымдар мен бай тәжірибесін ұмытпауға тиіс. Рас, жастардың бәрі бірдей мал
12
шаруашылығымен айналыса бермеуі мүмкін. Бірақ аталарымыз қадір тұтқан мұралардың ерекшеліктерін жадында сақтағанға не жетсін. Әр түліктің жасына қарай атаулары болады. Мысалы түйе түлігі: бота, тайлақ, буыршын, бозбаша, інген, атан, бура, нар. Жылқы: құлын, тай, жабағы, құнан, байтал, дөнен, қулық, бесті, бие, ат, сәйгүлік, айғыр деп жасына қарай ажыратылады. Жалпы халық жылқыны жоғары бағалап, көп өсірген. Тіпті оны жүрісіне дейін жіктеп: аяң, жортаң, бүлкек, бөкен желіс, сар желіс, шоқырақ, шабыс, жорға деп түрге бөлген.
Сиыр жасына қарай былай аталады: бұзау, баспақ, торпақ, тана, тайынша, қашар, құнажын, дөнежін, сиыр, өгіз, бұқа.
Қойды:
Көбеген, марқа, көрпеш, тоқты, бағлан, тұсақ, көбей, ісек, азбан, қошқар, саулық, қой, - деп, ешкіні –лақ, туша, бөрте, шыбыш, серке, саулық, теке, - деп атап жіктейді. Малдың қадірін біліп, қасиетін бағалаған бабаларымыз адам есіміне де мал атауларын қосуды дәстүрге енгізген: Ботагөз, Нартай, Атанбай, Бурабай, Жылқыайдар, Түйебай, Қошқар, Қозы, Серке, Қозыбай, Құнанбай, Жылқышы, Қойлыбай және тағысын тағылар.
Балаларын «ботам», «құлыным», «қошақаным» деп еркелетіп, әлпештегенде терең мән жатыр. Тіпті ертедегі халықтық жыр, әңгіме, ертегілерінде де мал қасиетті түлік есебінде батыр, ер, сұлулармен қоса дәріптеліп, бейнеленді. Мұның бәрі халықтың малсақтық ерекшеліктері мен ұғымынан туғанын естен шығармауға тиістіміз.
Халық ұғымында әр малдың пірі,иесі бар деп түсіндіріледі. Мысалы: түйеде – ойсылқара, жылқыда-Қамбар ата, сиырда-Зеңгі баба, қойда-Шопан ата, ешкіде-Шекшек ата.
Түйені «қос-қос», жылқыны «қырау-қырау», сиырды «ауқау-ауқау», қойды «пұшайт-пұшайт», ешкіні «шөре-шөре» деп, әр түлікті өзінше шақырады. Сондай-ақ әр малдың үнін өзінше айтамыз: түйе– боздайды, жылқы – кісінейді, сиыр – мөңірейді, қой – ешкі маңырайды. Әр малдың өзіне тән аурулары да болады. Түйеде – ақшелек, қатпа; жылқыда – жамандат, шеміршек, маңқа; сиырда – қарасан, аусыл; қой-ешіде – топалаң деген індеттер болады. Малды ұстап байлаудың да өз тәсілі, құралы бар. Түйеде-мұрындық, бұйда, ноқта; жылқыда-ноқта, жүген, шылбыр; сиырда – бас жіп, бұйда, мұрындық жіп; қойда және ешкіде – көген, қосақтайтын арқан болады. Малдың жүнін, қылын, түбітін алудың да жағдай мен мезгілге қарай түрлері көп. Мысалы түйені жүндейді, жылқыны күзейді, қой-ешкіні қырдады, ешкіні түбітін алу үшін тарайды. Түйе баласын 12 ай, жылқы 10 ай, қой-ешкі 5 ай. Түйе екі жылда бір рет (төлдейді) боталайды.
Түйенің шұбаты, жылқының қымызы – аса құнды шипалы сусын. Әрі өте жұғымды ас. Ал сиыр мен қой-ешкі сүтінен – уыз, айран, қаймақ, қатық, май, сүзбе, ірімшік, кілегей, сықпа, құрт, ежегей, сарысу тағы басқа көптеген дәмді тағамдар жасалады. Май – қарында, құрт – қапта сақталады.
«Төрт» санына байланысты мынадай да ойлар бар:
Төрт тұлға: от, су, жер, жел;
Төрт құбыла: оңтүстік, солтүстік, шығыс, батыс.
13
Төрт маусым: күз, қыс, көктем, жаз.
Төрт мұрат: 1) Дау мұраты – біту; 4 Жол мұраты –жету;
2) Саудагер мұраты – ұту;
3) Қыз мұраты – кету;
Төрт мүлік: 1) Бас – сандық;
2) Тіл – кілт;
3) Қол – мүлік;
4) Аяқ – азамат;
Төрт қорлық: 1) Шақырылмаған жерге бару.
2) Бейбастық сөйлеу.
3) Дұшпаннан жәрдем күту.
4) Сараңнан қажет сұрау.
Төрт күнә: 1) Аллаға күмән келтіру.
2) Нақақтан қан төгу.
3) Ата-анаға тіл тигізу.
4) Өтірік куә болу.
Міне, осының бәрін біліп сақтайтын қазақ – дана емес пе?!
Қасиетті «қырық» саны: Қырық санын кие тұту берісі қазақ, әрісі қырғыз, алтай, саха тағы басқа түркілердің әдет-ғұрпында елеулі із қалдырған. Баланы «қырқынан шығару» ғұрпы да ескі наным-сенімнен өрбіген. Ескіден сәби дүниеге келгеннен кейінгі қырық күнге дейінгі уақытты қауіп-қатерлі кезең деп есептеген. Осы аралықта баланы тіл-көз тимес үшін көпшілікке көрсете бермеген. «Қырқынан шығару» жоралғысына әйелдер қырық қасық су құйып, соған нәрестені шомылдырып, алғаш рет шашын, тырнағын алады. Оның осы кезге дейін каиетін көйлегін «ит көйлек» деп атайды. Ырымшыл ата-ананың кеөңілдері баланың қауіп-қатерлі қырық күні өткен соң орнына түскен.
Адамның дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы қырық күні қиын уақыт болып есептелсе, дүниеден өткеннен соңғы қырық күні де ауыр мезгіл болып саналған. Өлік шыққан үйдің «қырқын» беру ғұрпы да көне наным-сеніммен астасып жатқанын аңғарамыз. Түркі халықтарының ескі наным-сенімдерінде адам жаны қырықыншы күні ғана тірілермен қоштасып, о дүниеге аттанады.
Жарық дүниеге келген нәрестенің қауіп-қатерлі мерзімі мен бұ дүниеден кеткен адам жанының тіршілікті қимай айналшықтап жүретін қырық күніне айрықша көңіл аударған, одан жоғарыдағыдай ғұрыптар туындаған.
Ескі наным-сенімнен бастау алып, қасиетті санға айналған қырық саны фольклорымызда тұрақты тіркес ретінде орнығып қалыптасқан. Аталған сан фольклордың түрлі жанрларында молынан ұшырап, бейнелі сөз өрнегін құрайды. Қазақ ертегілерінде қырық саны ерекше орын орын иеленген. Ертегілердегі хан уәзірлерінің саны да, хан қызының саны да қырық болуы – осы сөзімізге дәлел. Тазшаның айтатын өтірік өлеңінің саны да – қырық. Мақал-мәтелдерде қырық саны жиі қайталанды: Қызға қырық үйден тыйым; Қырықтың бірі – қыдыр; Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды; Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ; т.б.
Эпостық жырларда қырық саны көп қайталанатынын айттық. Сөзімізге айғақ ретінде ең танымал жыр «Қобыландыны» алайық. Қыз Құртқаны
14
ұзартқан кезде оған жасау ретінде қырық түйе қазына, қырық күң мен қырық құл беріледі. Қалмаққа қарсы аттанатын Қараман батырдың серіктері – қырық. Қобыландымен күресетін Қызыл ердің бойы – қырық бес кез. Тайбурылды баптаған Құртқа оған қырық күнге дейін қулықтың сүтін емізеді. Тайбурылдың қырық үш күн кедігі болады.
Қобыланды мен Қараман бет алған қалмақтар бекінісі Қазан қырық күншілік жерде, Қазан қырық қақпалы шаһар. Қобыланды батыр қырық мың атты қызылбасты қырық кісідей көрмейді.
Демек қазақ жыршыларының ұғымында қырық саны кемелдіктің белгісі.
Әрине қазақ халқының ішінде «12 мүшені де», «қасиетті жетіні де», «төрт түлікті де», «қырық санын да» білмейтін жан кемде-кем.
Ал Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп тұқияңнан өзіме шейін» 1993 жылы шыққан, 1996 жылы шыққан Албан Өтебойдақ Тілеуғабылұлының «Шипагер баянын» білетін қазақ санаулы-ақ шығар. Өйткені онда біз бен сіз білмейтін көптеген ой түйерлік деректер бар. Сол жөнінде «қысқа да нұсқа» түрде баян еткен. ХҮ ғасырда жазылып, араға бес ғасыр салып, сағындырып жеткен, сөйтіп қолымызға тиген, бұрын соңды қазақ тарихында болмаған ұлттық мәдениетіміздегі елеулі құбылыс, асыл кітап, қасиетті қазына, халық даналығының айғағы - Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны».
Бесғасырдан соң біздің қолымызға тиген бұл нұсқа, әрине, Өтебойдақтың өз қолжазбасы емес. Дегенмен, бұл бабамыздың «Шипагерлік баян атты» еңбегін тарихи шындық деп дәлелдеу үшін қолжазбаның түпнұсқасының сақталмауы өте өкінішті-ақ! Қолжазба ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, 7 рет көшіріліп, қазіргі қазақ тіліне ыңғайландырылған түрінде ғана қолымызға тиіп отыр. Осыған байланысты «Шипагерлік баянның» жазылған мазмұнына, тіліне, онда келтірілген дәйектерге қарай отырып, оның ерте заманда жазылғанына сенуге болады.
«Шипагерлік баянда» жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айырылмау дейтін өнеге қасиеттер бар. Мұнысы адам баласы орындауға тиісті шарт-заң тәрізді.
Жетіге тиіспеу:
1. Көктемде көктеп келе жатқан өскінге тиіспеу;
2. Көктемде көбеймелі жорғамаларға тиіспеу;
3. Көктемде көрінген қорғалағыштарға тиіспеу;
4. Көктемде көз ашпаған шикілікке тиіспеу;
5. Қай-қашанда қоңжатқа тиіспеу;
6. Қай-қашанда көршіге тиіспеу;
7. Қай-қашанда елшіге тиіспеу;
15
Қырық бірге жұғыспау:
1. Ордалы суманға жұғыспау;
2. Қордалы қынамаға жұғыспац;
3. Жалғыз ағашқа жұғыспау;
4. Иендегі жалғызға жұғыспау;
5. Суық торғайға жұғыспау;
6. Алдан өткен абаданға жұғыспау;
7. Елден кеткен забажанға жұғыспау;
8. Бәлелі өртке жұғыспау;
9. Шығулы бетке жұғыспау;
10. Жаралы жыртқышқа жұғыспау;
11. Қаралы елге жұғыспау;
12. Ашынған долыға жұғыспау;
13. Ашыққан ұрыға жұғыспау;
14. Даралы жерге жұғыспау;
15. Дастарханға жұғыспау;
16. Жетімге жұғыспау;
17. Жесірге жұғыспау;
18. Кесірге жұғыспау;
19. Еңіреген ерге жұғыспау;
20. Өзің шығар төрге жұғыспау;
21. Арқаны сылыр ерге жұғыспау;
22. Жатқа кетер қызға жұғыспау;
23. Көктемдегі мұзға жұғыспау;
24. Өте шығар сызға жұғыспау;
25. Асып қалған асқа жұғыспау;
26. Жарасы бар басқа жұғыспау;
27. Бәлелі өртке жұғыспау;
28. Басқа елдік қарашаға жұғыспау;
29. Балатқалы иге жұғыспау;
30. Төбелесте арашаға жұғыспау;
31. Тікені бар аласаға жұғыспау;
32. Құламала құзға жұғыспау;
33. Дәм атасы тұзға жұғыспау;
34. Иесіз жатқан малға жұғыспау;
35. Киесі бар далаға жұғыспау;
36. Обалы бар торшыға жұғыспау;
37. Залалсыз қоршыға жұғыспау;
38. Түтін ұшар шаңыраққа жұғыспау;
39. Ырыс келер босаға жұғыспау;
40. Даладағы өлгенге жұғыспау;
41. Шыдап жерге көмгенге жұғыспау;
Бұл жұғыспаулар соқтықпау, жәбірлемеу, ойрандамау, қырмау, аялау, абайлау, сақтану, қорғау секілді сегізге жетелейді.
Он екіден айырылмау:
16
1. Жағаласпай жан қалмақ қайда?
Жарғыласта жаныңнан айырылма.
2. Не шындық? Не сұмдық? Жау тимек –
Ақылыңнан айырылма.
3. Еркесіз ел, шеркесіз шел болмас –
Ел бастаушы көсеміңнен айырылма.
4. Тіл – кесілмес атқан оқ. Дау туылар –
Шешеніңнен айырылма.
5. Өзіңді зор, басқаны жер деме.
Көппен көрерсің –
Еліңнен айырылма.
6. Кебенек іші мың арып, мың семірлік –
Жаныңды алса да, сырыңнан айырылма.
7. Жаман деп қатыныңнан,
Көшем деп алып қойған отыныңнан айырылма.
8. Ризықсыз пенде болмас –
Даяр асың малыңнан айырылма.
9. Ағайын, туыс. Дос-жарансыз кім бар? –
Болмашыға өкпелеп, досыңнан айырылма.
10. Қырық найза қарғы деп –
Қарақудай баспанаң қосыңнан айырылма.
11. Пенде қадыр санаты бесқаруды тастама –
Шыбын жаның шыққанша намысыңнан айырылма.
12. Өте шығар сұм жалған, боқшылыққа қайырылма.
Адам күні адаммен ысылмақ,
Өнер қайырда.
Өнерпаз деген ат алсаң - өлсеңдағы қайғырма.
Әрбір пендеге пайдалы іс істе, пайдасызға жолама, басыңа күн туғанда он екіден айырылма, - деп осылай ақыл айтады.
«Шипагерлік баяндағы» сол кездегі қазақтың апта, ай, жыл атаулары да ерекше назар аудартады.
Апта
Бақтал – сенбі, Аттал – сәрсенбі,
Баттал – жексенбі, Баттал – бейсенбі,
Сақтал – дүйсенбі, Мереке – жұма.
Қақатал – сейсенбі,
Ай атаулары:
Ергеу – наурыз, Дәндеу – мизам,
Көктеу – көкек, Сақтау – қазан,
Мезгеу – мамыр, Қауыс – ықтырғы
Көзгеу – мамыр, Ығыс – желтоқсан,
Шілтеу – шілте, Қаңтар – қаңтар,
Тамызық – тамыз, Күйек – қараша.
17
Жыл атаулары:
Сумақы – тышқан, Иіртек – ұлу,
Маңғаз – сиыр, Шопан – қой,
Айбар – барыс, Мешін – мешін,
Секем – қоян, Айтақ – ит,
Сумаң – жылан, Шақырауық – тауық,
Тұлпар – жылқы, Қорысқы – доңыз.
Егер «Шипагерлі баян» толық сақталып бұл заманға жеткенде, қазіргі нұсқасынан көлемді болғандай екен.
Ұрпақтан-ұрпаққа көшіріліп, алдыңғысы өліп, соңғысы ұрпақ жалғайтын адам баласының дәл өз өмірі сияқты біздің заманымызға жеткен ұлы тәбәрік қолдан –қолға көшірілгендіктен, қолжазбаның өзгеріске ұшырағаны да сөзсіз. Соңында берілген тектелгі (шежіре) де соңғы заманның қоспасы тәрізді. Мұның жігін ажырату ғалымдардың борышы.
Міне, осындай сандардың да маңызы, қолданылуы халық өмірінде де ерекше орын алады. Олар да қазақ халқының сөз қорында ұзақ жатып қалмай, халықтың бір кәдесіне жарады.
Қазақ халқының даңқын арттыратын теңдесі жоқ сандар – қазақ даналығының өлшеусіз биігі. Дана бабаларымыздың асыл мұрасын көрінгеннің ермегіне айналдырмай, сарқылмайтын бұлақты от басы тулақ қылып алмай, мемлекет деңгейінде жан-жақты, байыпты терең зерттеп, халық игілігіне айналдыру, сөйтіп әлемге таныту – бүгінгі ұрпақтың бұлжытпайтын міндеті.
Біздің халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары енді ғана зерттеліп, жиналып, қаралып, көпшілік енді ғана назар аудара бастады. Мұның рухани, мәдени жағы ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақ тәрбиесіне де үлкен қызмет атқарады. Ұлтымыздың осындай тәлім-тәрбиелік немесе сезімдік әдет-ғұрыптарының мәніне терең үңіліп қарап, сырын ашатын болсақ одан өте көп ғибратты істерге қанық боламыз. Бұдан халық педагогикасындағы, мәдениетіндегі, психологиясындағы көп салалы істің елеулі тармағы екеніне көз жеткіземіз.
18
Қолданылған әдебиеттер:
«Абай» энциклопедиясы (Атамұра баспасы)
«Дәстүріңді сақтай біл» Шымкент қаласы, Облыстық баспахана 1993 ж.
«Егемен Қазақстан» газеті. 2000 ж. 17 наурыз №64-65 (22335)\
«Жеті қазына» С.Кенжеахметұлы. алматы «Ана тілі» 1997 ж.
«Қазақ тілі мен әбедиет» журналы. 2000 ж. Қаңтар №1
«Ұлан» газеті. 2002 жыл №11,12 наурыз
Қазақстан энциклопедиясы. І және ІІ том.
19
Пікір – ұсыныс.
Оқушы өз жұмысында бар мүмкіндігінше әдебиеттерді қолдана білген. Зерттеу бөлімінде Өтебойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» бүгінгі күнде рухани өміріміздің алдыңғы қатарынан орын алатындығына тоқталып өткен. Бүгінгі таңда жұртшылықтың қасиетті сандарды қадірлеуге деген ынта-ықыласы айрықша. Сондықтан халық ерекше ден қойған киелі сандардың ғылыми ой төрінен орын алуы өмірлік қажеттіліктен туып отырған ақиқат. Оқушының осы ақиқатты түсіне білуі, оны зерттеу еңбегі арқылы оқушыларға қасиетті, киелі сандардың қажеттілігін паш етеді. Ал оқушының әлі де болса осы жұмысын дамытып, көркем әдебиеттерді іздеп, толықтырып отыруына тілек білдіремін.
Жетекшісі: А.Қ.Сейтахметова
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы,
Қандыағаш қаласы,№2 орта мектебі.
Тақырыбы:
«Киелі, қасиетті сандар»
Бағыты:
Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саясат маршруттары
Секциясы:
Этномәдениеттану
Орындаған: 6 «г» орыс сыныбының оқушысы
Дьяченко Ксения
Жетекшісі: Қазақ тілі пәнінің мұғалімі
Сейтахметова А.К.
2020ж.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген