Материалдар / Ғылыми жұмыс: Мектептерде «Ұлы даланың жеті қыры» мұражайын ұйымдастыру
2023-2024 оқу жылына арналған

қысқа мерзімді сабақ жоспарларын

жүктеп алғыңыз келеді ма?
ҚР Білім және Ғылым министірлігінің стандартымен 2022-2023 оқу жылына арналған 472-бұйрыққа сай жасалған

Ғылыми жұмыс: Мектептерде «Ұлы даланың жеті қыры» мұражайын ұйымдастыру

Материал туралы қысқаша түсінік
Менің жобам бойынша ұйымдастырылатын мектеп ішілік «Ұлы даланың жеті қыры» мұражайы «Тарихи мұражайлар» түріне жатады.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады.
Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Қараша 2021
639
2 рет жүктелген
Бүгін алсаңыз 25% жеңілдік
беріледі
770 тг 578 тг
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ҒЫЛЫМИ ЖОБА


Мектептерде «Ұлы даланың жеті қыры» мұражайын ұйымдастыру


Қ.Керімбекова - С.Ысмайылов жалпы орта мектебінің жоғары санатты тарих пәні мұғалімі

І. КІРІСПЕ

Егемендігімізді алып, еңсемізді көтере бастаған күннен еліміздің білім беру саласында түбірлі өзгерістер болып жатыр. Дүниежүзілік дамудың соқпағына түскен жас мемлекетіміз әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатындағы алғашқы қадамдарын жасап, оң өзгерістер өмірімізге ене бастады. Заманауий технологияны меңгеру, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау сияқты күрделі, қиын, қарама-қарсы белестерді ақырын-ақырын игеріп, алға жылжып келеміз. Бұл қасиетті істерді жүзеге асыруда білімді де білікті ұстазбен бірге ізденімпаз оқушыға да қойылар талап деңгейі жоғары болып отыр.

Бүгінгі таңда мектептің, мұғалімнің ең қасиетті міндеті - рухани бай, жан-жақты дамыған, жеке дарынды тұлға қалыптастыру болса, ол саясат тек мұғаліммен шектеліп қалмауы керек. Жастарға берілетін рухани байлық ең алдымен әр халықтың ұлттық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, әдебиеті, мәдениеті, өнері, шыққан түп тамыры арқылы берілуі тиіс деп ойлаймын. Тәрбие ісінің басты міндеті - бүкіл адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі, білім берудегі озық ұстанымдарын бір-бірімен байланыстыра отырып, әр баланың қабілетін, талантын ашу, өз-өзіне сенімін нығайтып, өзіне-өзінің жол ашуына түрткі жасау десек, сол түрткі ұлттық құндылықтардың қайнар көзі болуы шартты болмақ.

Бүгінгі заман талабына сай білім берудің сапасын арттыру және ұлттық құндылықтарды оқушы санасына сіңіру мақсатында әр мектеп базасында «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын мұражайлар ұйымдастырылуы тиіс деп ойлаймын. Бұл мұражайларда ұлттық құндылықтардың түпнұсқасы болмағанымен, оның көшірмелері болса да жетеді. Тарих сабағында танысқан тақырыптар бойынша оқушылардың өздері жасаған дүниелер де олардың қызығушылығын арттырып, мұражай эспонаттарының толығуына септігін тигізген болар еді. Еліміздің ертеңгі болашағы - бүгінгі мектеп қабырғасынан алған білім нəрімен сусындаған оқушы десек, мұражай арқылы өткенін жетік білетін, бабалар жәдігерімен мақтана алатын білімді, ізденімпаз, шығармашыл, бәсекеге қабілетті, динамикалы даму үстіндегі ортада өмір сүруге қабілетті жеке тұлға қалыптастыруға және дамытуға қол жеткізген болар едік.

Қазіргі таңда оқушыларға сапалы білім берудің тиімді жолдарын іздестіру өзекті мəселелердің бірі екендігі анық. Оқу орындарында жаңарту жұмыстары жүргізіліп, оқыту, тəрбиелеу, дамытудың жаңа мүмкіншіліктері ашылып, нəтижесінде жаңа технологияларды оқыту үрдісінде кеңінен қолдану жан-жақты насихатталуда. Сондай тиімді жоба – мектепте «Ұлы даланың жеті қыры» атты шағын мұражай ұйымдастыру дер едім.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов, “Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім”, деген еді. Сол білімнің ошағы мектеп-кемеде білім-теңізді еркін кешіп, онымен терең сусындайтын заман, қазір. Елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында тұрған да сол мектеп. Мектептегі білім барша әлем тыныс тіршілігінің алғашқы іргетасы.

І.1. МҰРАЖАЙ ТУРАЛЫ ЖАЛПЫ ТҮСІНІК

Мұражай сонау көне заманда бағалы бұйымдар мен құнды заттарды, мәдени мұра боларлық жәдігерлерді сақтайтын қазыналық қор ретінде қалыптасқан. Оның танылуына сол замандардағы коллекциялардың бір жерге жинақталуы негіз болып, онымен айналысатын адамдардың өзгелердің әуесін келтіретін заттар топтамасымен мақтанатыны сеп болып, алғашында әуесқойлар бас қосатын орын болған. Уақыт өте келе бұл орындар адамның жан дүниесінің тыныштық табатын, содан ләззат ала алатын қасиетті тұрағына айналды. Сөйтіп бұл орын муза сарайы, яғни грек тілінде «museion» деп атала бастады.

Мұражай бүгінде тарихи-ғылыми ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтар мен мұраларды жинақтап, сақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын үлкен мекемеге айналып отыр.

Қазіргі таңдағы мектеп оқушылары тарихты ұстаздардың бағыт-бағдар беруімен тек оқулықтар арқылы ғана меңгереді. Ары қарай ізденемін дегендері интернетті ақтарады, сондағы жансыз дүниелерді көріп, танысады. Осындайда, заттық және рухани құндылықтарды танып, ғылыми тұрғыда зерттеуге, оның нәтижелерін насихаттап осы негізде тәлім-тәрбие беруде аталмыш мұражайдың маңызы зор болар еді. Бұл мұражай Елбасы мақаласын насихаттауда ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалыптасуына зор ықпал етері анық.

Біз осы мұражай арқылы өткен тарихымызбен жете таныса отырып, оның адам өміріндегі, табиғаттың қалыптасуындағы ролін көре аламыз. Дана халқымыздың, «Өткендерін ескерген – өскендіктің белгісі, өткендерін ұмытқан - өшкендіктің белгісі»

дегеніндей, өткен тарихын ұмытқан адамның болашағы бұлыңғыр екендігі даусыз. Ел болашағы-жастар санасына әуелі ата-баба тарихын, олардың өткен жолдарын сіңіруде тек қана оқулықтармен шектелмей, осындай мұражайлардағы құнды дүниелермен де сусындатуға болады.

І.2. «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ»

МЕКТЕП МҰРАЖАЙЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ

Мұражай негізгі бaғыты тұрғысынан «тарихи мұражайлар», «көркемөнер мұражайы»,  «техникалық мұражайлар», «кешенді мұражай», «мемориалдық мұражай», болып бірнеше түрлерге бөлінеді.

Мұражай жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне  көрмелер,  экспозициялар ұйымдастыру, тақырыптық дәрістер,  ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, мұражайлық басылымдар шығару, т.б. жатады.

Менің жобам бойынша ұйымдастырылатын мектеп ішілік «Ұлы даланың жеті қыры» мұражайы «Тарихи мұражайлар» түріне жатады.

Мұражайға іші жарық, желдетілетін, техника қауіпсіздігі ережелерін сақтауға ыңғайлы шағын бөлме болса жетіп жатыр. Мектеп әкімшілігінің жәрдемімен керекті сөрелерді орналастырып, қажетті материалдардың топтамасын жасап алған соң қолының икемі бар оқушылардың жасаған экспонаттарымен оны толықтыруға болады. «Мектеп мұражайына» деген айдармен акция ұйымдастырып, жеке үйлерде ескерусіз жатқан көне заттарды алдырып, мұражайды толықтыра түсу арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыруға болады.

Қолдан жасалатын экспонаттардың көлемі үлкен болуы міндетті емес. Ол зат сол уақыт туралы немесе оның пайда болуы жайлы мағлұмат бере алатындай жасалса болғаны.

Жалпы мұражай «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталған соң ондағы мағлұмат өткен тарихтан бастау алуы міндетті. Мұражайдың төрт қабырғасы мен жайма, сөрелер қойылған едені де пайдаланылады.

ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Елбасы мақаласының «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталуына сәйкес менің жобамдағы мұражай қасбеттен, оң және сол қабырғаларға орналасқан жеті бөлімнен және «Тарихи сананың жаңғыруы» атты төртінші қабырғадан тұратын болады:

ІІ.1. Мұражайдың қасбетін толықтай алатын, ұлы даладағы кеңістік пен уақытты бейнелейтін панно ілінеді.

І. ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕН УАҚЫТ

Біздің жеріміз материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған. Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұланғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев












ІІ.2. Оң жақ қабырғадан басталатын бірінші бөлім «Атқа міну мәдениеті» деп аталады.

Қабырғаға атқа міну мәдениетіне арналған панно ілініп, астындағы сөре мен жаймаға Ботай қонысындағы қазба жұмыстарының нобайы жасалып, жылқының, ту ұстаған ықшам киімдегі салт атты жауынгердің бейнесі орналастырылып, көне шалбардың, жұмсақ өкшелі саптама етіктің, биік ер-тұрман мен үзеңгінің, жебе мен садақтың, қылыштың, сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауыттың макеттері қойылып, астына түсінік беріледі. Панноның үстіңгі жағына төмендегі жазу ілінеді.

«АТҚА МІНУ МӘДЕНИЕТІ»

Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев






ІІ.3. Екінші бөлім «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» деп аталады. Ол жерде сан алуан металл кендеріне бай қазақ жерінің картасы жасалып, металлургия пайда болған алғашқы орталықтар ерекше белгіленеді. Қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдарының, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтарының, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпаларын алып жатқан тау-кен өндірісі ошақтарының макеті жасалады. Көрнекті жеріне экспонаттар туралы түсінік беріледі, ал жоғары жағына төмендегі жазу ілінеді.

«ҰЛЫ ДАЛАДАҒЫ ЕЖЕЛГІ МЕТАЛЛУРГИЯ»

Ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашты. ...Осының бәрі ежелгі замандарда біздің жеріміздегі дала өркениеті технологиялық тұрғыдан қаншалықты қарқынды дамығанын көрсетеді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев









ІІ.4. Үшінші бөлім «Аң стилі» деп аталады. Мұнда аң стилінде жасалған қолөнер бұйымдары қойылады. Бұл бұйымдар ерте дәуірден бастау алып, бүгінмен ұштасатын болады. Қолөнер бұйымдары қағаз, мата, тері, жүн, сүйек, ағаш, жұмсақ темірлерден жасалып, әрленеді. Барлық заттарға түсіндірме жазулары жазылады. Төбесіне төмендегі жазу ілінеді.

«АҢ СТИЛІ»

Аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген. Жалпы, «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев







Біздің ата-бабаларымыз қоршаған ортамен етене өмір сүріп, өздерін табиғаттың ажырамас

ІІ.5. Төртінші бөлім «Алтын адамға» арналады. Мұнда Есік қорғанының нобайы жасалып, «қазақстандық Тутанхамон» деген атқа ие болған «Алтын адамның» сұлбасы жасалып қойылады. Ежелгі бабаларымыздың зияткерлік дәстүрлерінен хабар беретін, қорымнан табылған сән-салтанатты жасау-жабдықтардың, ойып жазылған таңбалары бар күміс кесенің қолдан жасалған көшірмелері орналастырылады. Үстіне төмендегі жазу ілінеді.


«АЛТЫН АДАМ»

Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. ...бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев









ІІ.6. Бесінші бөлім «Түкі әлемінің бесігі» деп аталады. Бұл бөлімде Отырар, Түркістан, Сайрам, Сарайшық, ежелгі Тараз, Ұлытау, Алтай, Жетісу өңірлері мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Қасиетті Арыстан баб, Бекет-Ата кешені, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Домалақ ана, Айша бибі кесенелерінің шағын макеттері орналастырылып, осы өңірлерде дүниеге келген ұлы адамдардың есімдері өткен дәуірлерімен қоса жазылып, Түркі әлемі, оның қалыптасуы мен дамуы т.б. туралы мағлұмат беріледі. Үстіңгі жағына төмендегі сөз жазылып, ілінеді.

«ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БЕСІГІ»

Қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше. Осынау асқар таулар ғасырлар бойы Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналды. Дәл осы өңірде біздің дәуіріміздің І мыңжылдығының орта шенінде Түркі дүниесі пайда болып, Ұлы дала төсінде жаңа кезең басталды.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев









ІІ.7. Алтыншы бөлім «Ұлы Жібек жолы» деп аталып, оның үлкен картасы ілінеді. Көрнекіліктерден сол ұлы жолмен тасымалданған жібек матадан бастап түрлі қолөнер бұйымдарының көшірмелері, қолданылған көліктен жылқының, түйенің макеттері қойылады. Ұлы Жібек жолының қамтыған аймақтары мен ондағы мемлекеттер, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге, мәдениетті дамытуға тигізген маңызы мен септігі жазылады. Үстіңгі жағына төмендегі сөз ілінеді.

«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ»

Орталық Еуразияда түркілер үстемдік құрған кезеңде Ұлы Жібек жолы гүлдену шегіне жетіп, халықаралық ауқымда экономиканы өркендетуге және мәдениетті дамытуға септігін тигізді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев









ІІ.8. Ұлы даланың жетінші қырына арналған бөлім «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың мекені» деп аталады. Мұнда асқақ Алатау баурайының, Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл аумағының нобайы жасалып, алма мен қызғалдақтың макеттері орналастырылады. Арнайы фото альбом жасалып, Қазақстанның барлық аймақтарында өсетін алма мен қызғалдақ түрлерінің түрлі-түсті суреттері түсіндірме текстермен беріледі. Алматы атауының шығу тарихы жазылады. Жоғары жағына төмендегі сөз ілінеді.

«ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ»

Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев




ІІ.9. Қарама-қарсы төртінші қабырға Елбасы мақаласының екінші бөліміне арналады. Ол «Тарихи сананың жаңғыруы» деген атаумен архив-2025, ұлы даланың ұлы есімдері, түркі әлемінің генезисі, ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, тарихтың кино өнері мен телевидениедегі көрінісі бөлімдерін жалпылама қамтитын болады. Қабырғаға тарихи сананы қамтитын панно ілініп, жаймаға қолда бар архив материалдарының үлгілерін, Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалардың портреттерін қойып, әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалардың еңбектерімен толықтырылады. Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады. Ұлттық саз аспаптарынан қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай т.б. макеттері жасалып, тарихы жазылады.

ҚОРЫТЫНДЫ

«Ұлы даланың жеті қыры» мұражайының ұйымдастырылуы мен оның экспозициялық, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту қызметін атқаруы, балалардың эстетикалық, тарихи, мәдени білім алуына сеп болып, олардың бойында ұлттық сананы қалыптастыруда, оларды өз халқының тарихи, мәдени мұраларын қастерлеп, құрметтеуге тәрбиелеуде маңызы ерекше болмақ.

Біздің болашағымыз жарқын, дамыған елдің ұландары білімді болсын десек, өркендейміз десек, көне мұралардан қол үзбеуіміз керек. Ұлы дала мәдениетін жас ұрпаққа жеткізу, ұлттық сана-сезімін, азаматтық ұстанымын қалыптастыру, елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуде менің жобамдағы мұражай қорында болатын, қастерлене сақталып, халықтың дүниетанымы мен төлтума мәдениеті жөнінде сыр шертетін жәдігерлер келер ұрпақтың да сан ғасырлық кәдесіне жарап, келешекте Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен өнерін әлемдік деңгейде танытуға алғышарттар жасайтыны анық.

Жер тарихы – ел тарихы егіз сөз ғана емес, егіз ұғым, егіз мағына. Осы жер тарихы мен ел тарихынан сыр шертетін мұражай жобасы өткенді жаңғыртумен қатар кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтады. Дүние жүзіндегі өзге халықтар секілді біздің де халқымыздың өткен жолы, тарихы бар, көнеден қалған белгі бар. Сол белгілер мен мұраларды кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етуде мектеп мұражайының орны ерекше болмақ. Сондықтан да менің мұражай туралы жобам жүзеге асқан жағдайда ол жастардың рухани жаңғырылуына сеп болып, ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық өткенімен жақын танысуға жағдай жасалып,  ұлт тарихын насихаттаудың көзіне айналар еді. Сөйтіп, тұңғыш президентіміздің идеялары жүзеге асып, сол арқылы ұлттық кодты санаға сіңіру қарқын алары анық.

Мұражай тек көріп, танысып кететін жай емес, ұлы даланың жеті қыры, және басқа да тақырыптар бойынша пікірталастар, семинар-фестивальдар өткізуге болатын киелі мекенге айналып, оған қызығушылық білдірген оқушылар айналыстатын түрлі тақырыптар аясындағы ғылыми ізденіс жұмыстардың орны болар еді. Сонымен қатар, мұражайды ұлы дала жеті қырының ортақ тарихи негіздерін іздеу, топтастыру, өзгелерді таныстыру үшін еліміздің түрлі өңірлеріндегі оқушылармен байланыс орнатып, іздеу-зерттеу жұмыстарында тәжірибе алмасатын ізденіс орнына айналдыруға болады. Біздің ұлы даламызда өмір сүрген даңқты бабаларымыз бен батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз, сол сияқты оның бай қазынасының бастау алып, бүгінге ұласуы Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайық, мақтануға тұрарлық дүниелер екендігін жан-тәнімен сезінуге болатын қасиетті орынға айналар еді.

Мұражай-халық тәрбиесінің шежіресі. Ұлы ойшыл Конфуций, «Естігенімді-ұмытамын, көргенімді есте сақтаймын, өз істегенімді меңгеремін» деген екен. Сабақ үстінде естігендер естен шығады екен. Ал көзбен көріп, қолмен ұстағандары немесе өз қолдырымен істегендері бала жадында мәңгіге қалмай ма? Сондықтан да мектеп мұражайын ұйымдастырсақ ұтарымыз анық.


578тг - Сатып алу
Материал жариялап тегін сертификат алыңыз!
Бұл сертификат «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жарияланғанын растайды. Журнал Қазақстан Республикасы Ақпарат және Қоғамдық даму министрлігінің №KZ09VPY00029937 куәлігін алған. Сондықтан аттестацияға жарамды
Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!