400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ғылыми зерттеу жұмысы Раушангүл 3 сынып

Материал туралы қысқаша түсінік
Бұл жұмыста оқушының раушангүл туралы зерттеу жұмыстары ұсынылып отыр. Раушангүлге байланысты қызықты материалдар сабақта қолдануға үлес қосар.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Зерттеу мақсаты: раушангүлінің даму тарихын танып-білу, адамзат өміріндегі оның маңыздылығын ұғыну, түрлері мен түстері туралы мәліметтер жинақтау, оның мәдени өсімдік екенін айқындау.

Зерттеу міндеттері:

  • раушангүлдің адам өміріндегі алатын орнын танытуға өзіндік үлес қосу;

  • дүниетану пәні бойынша өз білімімді дамыту;

  • раушангүлдің түрлерін танып-білу;

  • раушангүлді түрлі салада қолданудың маңыздылығы мен тиімділігін анықтау;

  • сыныпта раушангүл туралы сауалнама жүргізу;

  • өз сыныптастарымды ғылыми жұмысыммен таныстыру;

  • бөлме раушангүлін өсіру.

Зерттеудің әдіс – тәсілдері:

  • теориялық және практикалық материалдарды жинақтау;

  • оқушылар арасында сауалнама жүргізу;

  • әңгімелесу, пікірлесу, қорытынды жасау.

Зерттеу кезеңдері:

  • раушангүл сұрыптарын оқып-білу арқылы саралау;

  • раушангүл туралы ғылыми мәліметтерді жинақтау және оқып-үйрену;

  • мәліметтерді жинақтау арқылы ғылыми жоба дайындау және оны қорғау.

Зерттеу жұмысының құрылымы:

Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Зерттеудің жаңалығы:

Раушангүл өсімдігінің пайдасы, маңызы, өніп-өсуі туралы білу, оның емдік қасиеттерін ұғыну. Оның көптүрлілігіне көз жеткізу және олардың жеке ерешеліктерімен танысу.





1.Кіріспе

Сірә, раушангүліндей бірде бір өсімдіктің мұндай өте ежелгі бай және ертегідей тарихы жоқ шығар. Ол өзінің саяхатын Қытайдан бастау алады, онда ол дымқыл таулы субтропикада өсті, кейін Кашмир және Лузистан, Индия, Брамапутра бассейні мен Танга, Шығыс Африка, жақын шығыс елдеріне сапар шекті. Иран және Кіші Азия арқылы ол ежелгі Грекияға жетті, одан Мысыр мен Римге де келеді.

XIII ғасырда граф Шампони Тибо IV түкті раушангүлді өзінің Париж маңындағы сарайына әкелді. Орта ғасырда раушангүл Европаның басқа елдеріне тез тарай бастады. Әр халық раушангүлдің сұлулығына өзінше баға берді. Вергилийдің жазуы бойынша раушангүл өте әдемі хош иісті гүл, оны ақсүйектер қауымы отбасы отырыстарында, көпшілік мерекелер мен жиындарда өздерінің даңқын, әсемдіктерін, сұлулықтарын көрсету үшін пайдаланды. Раушангүлге табыну енгізілді. Оның құрметіне жыл сайын халыққа белгілі «раушангүл» атты мереке ұйымдастырылды.

Үнді халқының ежелгі аңыздарында раушангүлінің қауызынан сұлулық пен махаббат құдайы Лакшми пайда болған, ал келесі аңыздың пайымдауынша раушангүл біртұтас керемет әдемі жігіт Адониске айналған деп айтылады.

Ал Римде бұл гүл ерліктің белгісі саналады. Раушангүлден жасалған гүл дестелерімен үйлерді, аркаларды, сарай бағаналарын әсемдеген, раушангүлдің жапырақшаларымен мереке үстелдерін құйып тастайды, гүл жапырақтарынан жаңбыр жаудырады, фонтандарға раушангүлінің әсем иісі сіңірілген сулар беріледі. Римнің сұлулары раушангүлдің жапырақтары қосылған сулы ванналарда сағаттап жататын, сонда олардың денелері мен терілері ерекше қасиетке ие болып, нәзіктік, тазалық, қайталанбайтын әсем иіске бөленеді. Раушангүл жер бетінде адамдардан бұрын 34 млн. жыл шамасы бұрын пайда болған. Палеонтологтар раушангүлдің тасқа айналған қалдықтарын тапқан, оның жасы шамамен 50 млн. жыл деп болжам жасалған.

Раушангүлдің мәдени өсімдікке айналғанына 5000 жыл шамасы. Кейбір мемлекеттер раушангүлді өздерінің ұлттық гүл ретінде қабылдаған, кейбір елдер әлемдік ұлы мемлекеттік гүл ретінде, мысалы: АҚШ және Ұлыбритания. Таңданысқа орай раушангүл поляр шеңберінде де өседі. Ол жабайы Rosa Acicularis раушангүлі. Әрине, ол мәдени раушангүлге қарағанда әдемі емес, бірақ өзінің жабайы мықтылығымен адамды өзіне тартады. Адам басына киетін бас киімдер өзінің атауына байланысты раушангүліне қарыздар.

Ертедегі Римдіктер раушангүл болған гүл дестені «шапо» немесе «шапель» деп атаған. Ертедегі христиан сенімінде раушангүлді көп уақыт бойы айдауда, қашқында жүрген адамдар өздеріне шартты белгі ретінде пайдаланған.

Раушангүл – гүлдердің патшайымы. Жалынды махаббат пен тәжім етудің, сүйкімділіктің нышаны. Раушангүл бағзы замандардан бері ең сәнді өсімдік саналып келеді. Аталған гүл өзінің әдемілігі, түсінің байлығы, хош иісімен ерекшеленеді. Раушан гүлдері ақ, алқызыл, сары, тіпті қара және көгілдір түсті болып келеді. Гавай аралдарының көгілдір аспандарының астында көгілдір күлтелі раушандар жайқалып тұрады екен. Раушангүлдің ең сирек кездесетін түрі – меруерт раушангүлдер. Мұндай гүл Румыния мемлекетінің Клуж қаласындағы «Напока» ботаникалық бағында өсіріледі.

Қазіргі таңда раушангүлді барлық бояу түрлерімен өсіреді, бірақ екі түсті өсіру әлі қиыншылық тудыруда, ол – көк және қара түс. Себебі, оның табиғи гені жоқ. Қазір кезде ген инженериясы кең ауқымды жұмыс атқару арқылы раушангүлдің осы түстерін өсіруге еңбек етеді.

Раушангүлінің жаңа сұрыптары: Кораллов түрлері, сары түс, қызыл сары түс. Бұл түстер екі раушангүлді будандастыру арқылы алынған, яғни жабайы Парсы сары раушангүл мен ашық қызыл түсті Қытай раушангүлді будандастырды.



2.Негізгі бөлім

2.1.Раушангүлдің сұрыптары

Чайно-гибридтік раушангүлдер

Раушангүлдің бұл түрі алғаш рет 1867 жылы ремонтант раушангүлі мен шай раушангүлін будандастыру арқылы алынған. Бұтақтарының бойы 60–80 см болып өседі, жапырақтары ірі, әдемі болады. Гүлдері ірі, шамамен диаметрі 10-12 см. Гүлдену уақыты 30-31 күнді құрайды.Бұл раушангүлдің көптеген түрлері кездеседі. Олар жаз бойы гүлдеп тұрады. Чайно-гибридтік раушангүл түрлері өздерінің керемет хош иісімен ерекшеленеді, әсіресе таңғы уақытта хош иісін тамаша аңқиды.

Бұл гүлдерді бау-бақшаны, саябақтарды безендіруге декоративтік өсімдік ретінде өсіріледі. Бойының ұзындығы гүлдің түрлеріне байланысты.. Кейбіреулері ашық жасыл жапырағымен, ал кейбірі қанық жасыл жапырақтарымен ерекшеленеді. Бұл раушангүлдер қыс мезгілінде -6-80С, кейде -100С суыққа төзімді болады.

Барселона (Barcelona) – бұл түрінің гүлдері ірі, жапырақтары түкті, қызылша түстес қызыл түсті, хош иісі өте күшті болып келеді. Бұтақтары мықты.

Былина (Bylina) – ақшыл қызғылт түсті үлкен гүлдері бар, ал жапырақтары қалың түкті. Өте нәзік хош иісі болады. Тік жалпақ бұтақтары 1,5 метрге дейін өседі және үздіксіз гүлдеп тұрады.

Вирго (Virgo) – өте көркем гүл қауыздар бар және диаметрі 12 см-ге жетеді. Суретте көрініп тұрғандай түкті ақ гүл түйіндері болады. Әлсіз жұпар иісі бар. Мықты бұталары берекелі гүлдеуімен ерекшеленеді.



Ремонтант раушангүлдері

Раушангүлдің бұл түрі ХІХ ғасырдың ортасында бельгиялық, француздық, шай және дамасск раушангүлдерін будандастыру арқылы алынған. Жаз бойында қайталап гүлдеуіне байланысты ремонтант раушангүлі деп аталған. Шай раушангүлдеріне қарағанда суыққа өте төзімді болуымен ерекшеленеді.

Ремонтант раушангүлдерінің бұталары 1,5-2 метрге дейін өседі. Бұл түрі отырғызылғаннан кейін тек екінші жылы ғана гүлдей бастайды. Ірі гүлдері көбінесе қызыл немесе алқызыл түсті болып келеді. Сонымен қатар сары және сарғыш түстерін кездестіруге болады. Қайталап гүлдеуінде гүлдері мардымсыз көрінеді. Ремонтант раушангүлдері саңырауқұлақты ауруларға өте тез шалдығатын қасиеттері бар. Сондықтан бұл түрін өсіруде зерттеушілер будандастыру кезінде аса ұқыптылықпен жұмыс жасайды.

Макс цу Шаумбург ханзадасы (Prinz Max zu Schaumburg) – ірі гүлдері бар. Гүлі түкті, албырт қызғылт түсті. Биік бұталы раушангүл көктем мезгілінің соңында үздіксіз гүлдейді. Екінші рет қайта гүлдеуі жаздың екінші жартысында болады.

Ульрих Бруннер филс (Ulrich Brunner fils) – тостаған пішіндес гүлдерімен ерекшеленеді. Гүлдері түкті, шымқай қызыл түсті. Жұпар хош иісті болады.

Шай раушангүлдері немесе аспалы раушангүлдер

Шай раушангүлі (Rosa odorata) немесе жұпар иісті раушангүл – бұл қытайлық раушангүлдер тобына жататын гибридтік сұрыпы деуге болады. Бұл раушангүл түрі Еуропаға ХІХ ғасырда Қытай жерінен әкелінген. Хош иісіне байланысты «шай раушангүлі» деп аталған. Қытайдан бұл гүлді шаймен бірге әкелген. Бұл раушангүлдердің ішінде шай әзірлеуге қолданатын жалғыс сұрыпы деп айтылады.

Шай раушангүлі - өте нәзік хош иісімен ерекшеленетін гүлдер. Оның өте жұмсақ және нәзік гүл түйіндері бар. Оларды гүлшоқтарын дайндауға қолданады. Бұл гүлдің сабақтары жіңішке және мықты,ірі гүл қауыздары болады. Аласабойлы түрлері 50 см-ге дейін, ал шырмалғыш түрлері 2 метрге дейін өседі. Жапырақтары қанық жасыл және сопақша пішінді. Әрбір шай раушангүлінде 60-қа жуық гүл күлтелері бар.Зерттеушілердің будандастыру еңбектерінің нәтижесінде шай раушангүлінің көптеген түстері бар. Дегенмен, классикалық үлгіде нәзік алқызыл түстісі кеңінен қоданылады. Гүл қауызы толық ашылғанда ортасында сары өзегі көрінеді.

Шай раушангүлінің жабайы түрлерін Қытай, Тайланд, Мьянмде, Вьетнамда жол бойларында, аралас ормандарда кездестіруге болады. Жабайы түрлерінің 4 төрт түрі құрып кету қаупінде тұр. Бұл гүлдің суыққа төзімсіздігі оның өсу аумағын шектейді.

Шай раушангүл бұталарын қала саябақтарын, бау-бақшаларды әсемдеуге кеңінен қолданады. Англияда бұл гүлді шай ішетін орындарда егуді дұрыс санаған.



Алан Титчмарш (Alan Titchmarsh) – түкті әрі алқызыл – лавандалық түсімен ерекше. Цитрустық хош иісі бар. Бұл раушангүл жаз бойы және күзде қайталай гүлдейді.

Кристофер Марло (Christopher Marlome) – қызғылт – сары түсімен ерекше-ленеді. Оның гүл қауыздары көп болады. Гүл күлтелері қалың, күн сәулесіне түсін жоғалтпайды және жауыннан кейін бұзылмайды. Хош иісінде лимонның иісімен ұқсастығы байқалады. Бұталары тығыз және ықшамды.



Бөлме раушангүлдері

Бұл кәдімгі бақша раушангүлдері сияқты, бірақ шағым көлемді раушангүл. Бөлме раушангүлі Азияның оңтүстік-шығыс аймақтарынан келген. Жақсы күтім жасауды қажет етеді. Жақсы күтімнің бір ерекшелігі емдік егу жасап отыру. Бұл гүлдің өсуі өте күрделі. Бөлме раушангүлдері температураның өзгеруіне, жыл мезгілдеріндегі өзгеріске, тіпті ауа райындағы өзгерістерге мән береді. Гүл күлтелерінің әр түрлі түсті таңғаларлық. Ақ, қара, көк, көгілдір, т.б. түстері кездеседі. Жарық пен жылуды жақсы көреді, дегенмен тікелей түсетін күн сәулесінен қорғау қажет. Сонымен қатар бөлмедегі ылғалдылыққа да мән берген жөн. Бұл гүлді терезе алдында немесе балконда өсіруге болады. Күн сәулесі мен құрғақшылық – бөлме раушангүлінің жауы болып саналады. Бұл өсімдікті көлеңкелі жерлерде өсірген дұрыс. Жаз мезгілінде таза ауаға шығарып тұрған жөн.

2.2. Раушангүлді көгалдандыруға қолдану

Раушангүлдердің жаз мезгіліндегі үздіксіз гүлдеуіне және хош иісінің болуына байланысты қала көшелерін, саябақтарды, аулаларды, мекеме алаңдарын безендіруге қолданады. Раушангүлдің түрлі сұрыптары алынады. Оларды арнайы ботаникалық бақшаларда өсіріп дайындайды. Раушангүлдер жасыл гүлзарда өте әсем көрінеді. Сондай-ақ раушангүлдер тамаша көңіл-күй сыйлайды. Өскіндерді желден және шаңнан қорғайды.

Раушангүлдерді отырғызуға күншуақты орындарды таңдайды. Оларды жүйектеп, топтап және жекелей отырғызады. Мектеп аумағындағы шағын гүлзар жасауға болады. Раушангүлді көгалдандыруда қолдану сұлулық пен әдемілік береді. Бұл қаламызға жақсы көрік беріп тұрады.

Раушангүлін қалаларда көгалдырып әсемдеу үшін кең түрде пайдаланады, ауыл, демалыс орындары, мектеп және үй жанамаларындағы үлескелерге отырғызады. Күнделікті өмірде сол раушангүлдерінің топтарын аллеяларға отырғызылғанын көреміз.

Раушангүлін екпейтін бақ немесе басқа жерлерде кездестіре алмайсың. Раушангүлді үйде, жылыжайларда ерте, кеш гүлдейтін түрлеріне қарап отырғызады.

Сол бақтардың жасыл алаңдарына әртүрлі раушангүл композицияларын жасайды, оны розарий деп атайды. Онда әртүрлі гүлзарлар, бордюрлар, клумбалар орнатады.

Розарий дегеніміз – декоративті раушангүлдерді көрсету орны болып саналады. Онда раушангүлдер түр – түсіне қарай жайғастырылады және раушангүлін пайдаланудың әртүрлі тәсілін көрсетеді. Үйіңіздің іші таза, жылы әрі жайлы көрінуі үшін хош иісті шамға аздап раушангүл майын тамызып қойыңыз немесе киімдеріңізді жуылған соң шаятын суға бір тамшы тамызыңыз. Сонда ғажайып әсерге бөленесіз. Раушангүлдермен алаңдарды, ғимараттарды, аркаларды, сарайларды, бағаналарды, мерекелік кештерді безендіреді.

2.3. Раушангүлді сыйға беру

Әр гүлдің өзіндік мән-мағынасы болады. Раушангүлдердің көпжылдық даму тарихында көптеген өзгерістер болды. Түрлі жаңа раушангүл қауыздары жасалды. Раушангүл гүлшоғын сыйға тартуда оның санына, түсіне, пішініне көңіл беріледі. Назарларыңызға ғасырлар бойы келе жатқан раушангүлдер палитрасын ұсынамын:

Ақ раушангүл – тазалықтың белгісі. Оны шынайы махаббатта, үйлену тойына сыйға береді. Ол Исламда құдайдың даналығы мен махаббатын білдіреді.

Қызыл раушангүл – ыстық ықылас пен өте терең сезімді білдіреді. Ақ және қызыл раушангүлдерді біріктіру адамдардың бірігуіне саналады.

Күрең барқыт раушангүлі – бір көргенде ғашық болдым деген сөзді білдіреді дейді.

Алқызыл раушангүлі – сыпайылылық пен әсемдіктің белгісі. Бұл ең бай мағыналы түс болып саналады. Бұл гүлді алғыс білдіру мақсатында қолданады.

Сары раушангүлі – бұл гүлді сыйлаған адам өзінің қамқорлығын танытады. Сондықтан бұл гүлді туған күндерде сыйлайды. Сары раушангүл- достықтың, таңданудың белгісі. Ол күннің шуағы мен даналықты білдіреді. Бірақ сары түсті раушангүлді әйелдерге сыйласа, ол екі ұғымды түсіндіреді: оның сұлулығына қайран қалу мен оған сенімсіздік білдіру.

Қызғылт сары раушангүл – кеңпейілділік пен достық қарым-қатынасты түсіндіреді.

Жасыл раушангүл – қолы ашық мінезді, өсіп-өнуді, береке мен молшылықты айтады.

Қара раушангүл – өлім мен қайғыны білдіреді. Сонымен қатар, жаңа істі бастағанда қатты таңғалысты танытуда сыйлайды екен.

Көк немесе көгілдір раушангүл – ауыспалы ұғым, құпиялылықты танытады. Себебі, көгілдір түсті раушангүл болмайды, сол себепті бұл бір орындалмас арманды білдіреді. Бұл гүлді жұмбақ, сырлы болып жүрген жанға сыйлауға болады. Кейбір жеке позицияны көрсету үшін әртүрлі жиындар мен кеңестер көгілдір раушангүл атымен аталады, мысалы: Мәскеу суретшілер қоғамын «көгілдір раушангүл» деп атаған. Олар декораторлар, театрларда әртүрлі мистификацияға табынушылар.

Шай раушангүлі – жақын арада айырылысуды білдіреді екен.

Раушангүлдің гүл шоғын сыйлауда оның саны да мән-мағына береді екен. Раушангүлді сыйлауда саны арқылы өз ойын айта білген. Мысалы:

1 сары раушангүл – жалғыздық.

2 раушангүл – кездесуге шақыруды білдіреді.

3 раушангүл – берік махаббат белгісі.

5 раушангүл – сәттілік, бақыт тілегені.

9 раушангүл – әйелге деген таңғалысты көрсетеді.

15 раушангүл – үйлену тойына, мерей тойларға беріледі.

19 раушангүл – екі жұптың бақытты ғұмыр кешуіне арналып беріледі.

21 раушангүл – ең сүйікті деген ұғым.

27 раушангүл – ең мықты махаббат.

36 раушангүл – сәттілік пен бақыт тілегін білдіреді.

Осы мәліметтерге сүйене отырып, әрдайым гүлшоғын сыйлауда оның түсі мен сапасына, санына көңіл аударған жөн болар дене ой түйемін.

Қазіргі живопистерде әртүрлі раушангүл түрлерімен салынған натюрморттар өте көп. Ол көптеген атақты суретшілер салған суреттерден бастап, бастауыш сынып оқушыларының еңбектерінде де кездеседі.

1759 – 1840 жылдары өмір сүрген француз суретшісі Пьер-Жозеф Редуте еңбектерін гүлдерге арнаған. Оның даңқы раушангүлдерді салумен шыққан. Оның салған раушангүлдері натурализмнің кереметі деп саналған. Оның суреттерінде раушангүлдің әр жапырағы, әр күлтесінің сызықтары айқын көрсетілген.











2.4. Раушангүлді медицина және сәндік салада пайдалану

Әрбір халық бұл гүлдің кереметін әртүрлі мадақтайтын болған. Гректер раушангүлді құдайдың сыйы деп санаған. Римдіктер оны ержүректіліктің белгісі деп атаған. Араб елдерінде раушангүлді киелі әрі қасиетті өсімдік деп құрметтеген. Раушангүл адамзатқа әдемілік пен сұлулық қана беріп қоймайды. Оны денсаулыққа да пайдалы есептеуге болады.

Емдік мақсатта раушангүлдің жапырақтарын гүлдеп тұрған кезде ертемен жинау қажет (егер түстен жинасаңыз, оның құрамындағы эфир майы кемиді).

Раушангүл жаңа үзілген кезде немесе кептірілген түрінде раушан эфир майы, раушан суы халық және ғылыми медицинада кеңінен пайдаланылады. Раушангүлімен денені тазалау ежелгі ғасырдан келеді. Сол кезден бастап пайдалана бастаған. Раушангүл барлық дерттен сауығу белгісі – онымен өзіңді немесе басқаларды емдеу өте пайдалы.

«Ароматерапия» - бұл өсімдіктен алынған табиғи эфир майын қолданумен емдеу деген ұғымды білдіреді. Күнделікті тіршіліктегі шаршау, ауаның ластануы, дұрыс тамақтанбау, салауатты өмір салтын дұрыс сақтамау адамның дене мүшелеріне де, ойлау қабілеттеріне де кері әсерін тигізеді. Өсімдіктерден алынған эфир майы адамзатты қоршаған ауаны тазалауға, шаршағанын басып тыныштандыруға, ой-өрісінің жақсы демалуына әсер ететінін жылдар бойы ғалымдар дәлелдеп келеді.

ХХ ғасырдың басында француз ғалымы Рене Морис Гаттфосс өз зертханасында жұмыс жасау кезінде байқаусызда қолын күйдіріп алады. Сол кезде ол қолын лаванда гүлінен алынған эфир майына салады. Содан кейін ол қолының тез жазылғанын және қолында күйгеннің ешқандай орны қалмағанын байқайды. Осы жағдайдан кейін ол өсімдіктен алынған эфир майларының қасиетін зерттейді.Ол өз еңбегін жаза отырып, «ароматерапия» термин сөзін енгізді.

Раушангүлдің эфирлік майы – халықаралық нарықта өте қымбат бағаланатын өнім. Ол тіпті алтыннан да қымбат саналады. Раушангүлді жинау – өте күрделі еңбек. Оның күлтелерін ерте таңғы мезгілде күн шыққанға дейін жинап үлгеру қажет. Егер кешіп қалсаңыз, өсімдіктің майын азайып кетеді. 1 кг эфир майын алу үшін 5000 килограммаға жуық раушангүл күлтелерін жинау керек. Раушангүлдердің арасында Дамасск раушангүлінен алынған эфир майы жоғары бағаланады.

Раушангүлдің эфир майы адамның жүйке шаршауларын басуға, жұмыс жасау қабілетін арттыруға, зейінін қалыптастыруға және күйзеліске қарсы қолдануға өте қолайлы өнім болып табылады.

Раушангүлден жасалған шайды ангина, тыныс жолдары, несеп жолдары аурулары болған кезде ішкен дұрыс. Итмұрынның дәндерін биологиялық белсенді нүктелердің жұмысын жақсартуға пайдаланады. Ол бас ауруын жеңілдетіп, қорқыныш сезімдерін жояды, күйзелісті, ызалануды, жаман ойлардан арылуға көмектеседі.Раушангүлдерден жасалған шайлар бүйрек, ішек, бауыр, іш өту, ішек ауруларына, өкпе құрты ауруына, тыныс жолдарын емдеуге пайдалы деп есептеледі.

Раушангүл шырыны көз ауруларын емдеу үшін де пайдасы бар. Медицинада раушангүл жапырақтарынан жасалған дәрі-дәрмектер тұмауға қарсы, ауызды және тамақты шаюға, одан жасалған ұнтақты тістің қызыл иегі қабынғанда жағуға болады.Бал мен гүл шырынын араластырып ішсе денедегі ыстықты түсіретін қасиеті де бар. Қызыл раушангүлді бауыр ауруларына, ал ақ раушангүлді жүрек ауруларына қолдануға болады екен.

Раушангүл дәрілік өсімдіктер қатарына жатады. Раушангүл майы антисептикалық, антибактериялық, антивирустық және ауруду басатын қасиеттерге бай. Ол жүрек қызметін жақсартуға, артериялық қан қысымын қалыптастыруға, ағзадан зиянды нәрселерді айдап шығуға көмектеседі. Сонымен қатар, ағзаның ас қорыту жолдарына да жағымды әсер береді.

Қазіргі кезде раушангүлдің эфир майын және басқа да өнімдерін стоматологияда өте тиімді пайдалану жүзеге асып келеді. Тістің шіріген қуысына раушангүл майын қойсаңыз, ауырсыну 3-4 сағатта тоқтайды. Қызыл иектен қан ағуда 4 – 5 рет қолданғаннан кейін қабыну қалыпты жағдайға келеді. Тістің түсінің қалыпқа келуіне, ауыз қуысының жағымсыз иісінің кетуіне де әсер етеді. Раушангүл шырынын тіс пасталарына қосады, ол тістерді емдеуге әсер етіп, ауыз қуысындағы микробтарды жоюға ықпалын тигізеді екен.

Раушангүл майын үй жағдайында дайындауға болады:

  1. Бөтелкеге қызыл раушангүл күлтелерін салып, оған зәйтүн майын қосып, күн шуағына қоямыз.Гүл күлтелері аппақ болған кезде оларды алып тастап, жаңасын салу керек. Осылай жеті рет қайталау қажет.

  2. Раушангүл күлтелерін езіп, оған су құйып, зәйтүн майын қосып, баяу отқа қойып, су буланып кеткенше қайнату керек.

Дегенмен аталған раушангүл майын және басқа да өнімдерін қолдану үшін оның өзіңіздің теріңізге немесе ағзаңызға зиянды болмайтынын алдын ала тексеріп алған дұрыс.

Раушан гүлі иммунитетті  көтереді. Жайнаған алқызыл раушан гүлі көңілге қандай қуаныш сыйласа, ағзаға да сондай қуаныш сыйлай алады екен. Одан жасалған тұнба адамның иммунитетін күшейтіп, ісік аурулары мен туберкулездің алдын алады, көк жөтел, өкпенің қабынуында да керемет ем болатын көрінеді.

Раушан гүлінің емдік қасиетін зерттеген  неміс ғалымдары одан жасалған тұнбаны дәріханаларға шығаруды көздеп отыр. Ал бұл тұнбаны жасау түк те қиын емес. Ол үшін гүлдің қызыл күлтеше жапырақтарының 80 грамын таза суға шайып алып, оған 100 миллиграмм қайнаған ыстық су құйыңыз. Сөйтіп оны баяу отта он бес минут қайнатыңыз. Сосын тұнбаны бір тәулікке қараңғы әрі салқын жерге қою керек. Бұл кезде гүлдің күлтешелеріндегі барлық дәрумендер емдік қасиетке ие болады. Енді оған 100 грамм бал қосып, тағы 2 минут қайнатып жіберіңіз. Қоспаны тағы 1 тәулік сақтап, келесі күннен бастап екі шәй қасықтан күніне үш рет ішіп тұрсаңыз, өзіңізді сергек әрі көңілді сезінесіз. Бұл тұнба тез шаршайтын адамдарға да күш-қуат береді. Ал қоспаны аптасына үш күннен екі ай бойы қабылдаған әйел гинекологиялық аурулардан аулақ болады.



 2.5. Сауалнама «Раушангүл туралы біз не білеміз?»

Раушангүл туралы оқып-біліп көптеген қызықты мәліметтерді білдім. Осы білген-түйген ақпараттарды өз достарыммен бөлісуді жөн санадым. Бірақ әуелі олардың раушангүл туралы не білетіндерін анықтаудан бастамақ болдым. Осы мақсатпен өз сыныбымда сауалнама жүргіздім. Сауалнамаға 13 оқушы, оның ішінде 7 ұл бала, 6 қыз бала болды.

Сауалнама 7 сұрақтан құралады:

  1. Сендер қандай гүлді ұнатасыңдар?

  2. Раушангүлді неліктен «гүлдер ханшайымы» деп атайды?

  3. Табиғатта раушангүлдер қандай түсті болады?

  4. Раушангүл атауларын білесің бе?

  5. Раушангүлді қайда өсіруге болады?

  6. Раушангүлді баптап өсіру қажет пе?

  7. Раушангүлдің қандай пайдасы бар?

Сауалнама нәтижесі мынадай болды:

1сұрақ – Раушангүлді 12 оқушы таңдады.

2 сұрақ – 9 оқушы ең әдемі болғандықтан деп түсіндірді.

3 сұрақ – 13 оқушы ақ, қызыл, алқызыл түстерін атады.

4 сұрақ – Барлық оқушы «ЖОҚ» деп жазды.

5 сұрақ – Аулада, көше бойында, саябақта деп 11 оқушы дұрыс жауап берді.

6 сұрақ – Баптау керек деп 13 оқушы дұрыс жауап қайырды, ал баптауды қажет етпейді дегенді ешкім мақұлдамады.

7 сұрақ – Раушангүлді тек сұлулық пен әдемілік жасауға ғана пайдасы бар деп 12 оқушы есептеді. 1 ғана оқушы емдікке қолдануға болатынын атап көрсетті.



Сауалнама бойынша достарымның жауаптарын диаграммаға түсірдім.

Сауалнама қатысқаны – 13 оқушы.

3.Қорытынды

Қазіргі кезде раушангүлді көптеген елдер өсіріп келеді. Оларды барлық адамзат ұнатады деп айтуға болады. Бұл гүлдерді саябақтарда, көшелерде, бау-бақшаларда, мекеме аулаларында, алаңдарда өсіреді. Раушангүлдің көптеген түрлі-түстерін өсіріп жетілдіріп жатыр. Олардың жұпар иісі мен әсемдігі адамдардың көңілін көтереді.

Осы ғылыми жобаны орындау барысында раушангүл туралы көптеген қызықты мәліметтерді танып-білдім. Өз жұмысымды өлең шумағымен қорытындылаймын:

Қызыл, күлгін, ақ, сары, 
Шешек атқан шақтағы. 
Хош иісі сүйсінткен, 
Ең әсем гүл бақтағы.
Ою-өрнек қатпары, 
Өте үйлесім тапқаны. 
Кіндігін кей қыздарша, 
Көрсетпей әдеп сақтады.
Әр ел егіп күтеді,
Сатады әр гүл дүкені.
Өзін-өзі қорғайтын,
Абайла бар, тікені.























Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

«Сад в квадрате» журналы, 2010 жыл.

Наш зеленый мир, nashzeleniymir.ru

«Все о розах», Ю.В.Езепчук, Москва - 2003жыл

«Все о розах», В.В.Воронцов, Ресей: «Фитон+», 2012 жыл

FB.ru - Родина розы комнатной

vip – bukety.ru

Aromaterapiya / best – permanent.ru

10


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
5 ұстаз жүктеп алған
17 ақпан
1088
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі