Түркістан облысының білім
басқармасы
№16 колледж
МКҚК
«Бекітемін»
Директордың
ТЖЖО
_____________Г.Дүйсебаева
«___»_________2024ж
ТӘРБИЕ
САҒАТЫ
«Халық пен тіл – тамыры
терең қос емен»
Шардара
2024
Әзірлеген: Ет-96 топ
жетекшіс:........................................................М.
Сопбекова
Осы тәрбие сағаты №16 колледж
рұқсатынсыз толық немесе жартылай қайталауға, көбейтуге және
таратуға болмайды.
Мақсаты:
1. Білім алушыларға тіл мен
халықтың өзара байланысын түсіндіру, қазақ тілінің ұлттық құндылық
ретіндегі рөлін айқындау.
2. Мемлекеттік тілге құрмет сезімін тәрбиелеу
және ана тілінің мәртебесін
түсіндіру.
3. Ұлттық салт-дәстүрлер мен мәдениетті
дәріптеуге ынталандыру.
Білім алушылар тіл мен
халықтың байланысы туралы ой қорыта алады. - Мемлекеттік тілге
деген құрмет сезімі қалыптасады.
-
Ана тіліне байланысты өз көзқарастарын еркін
жеткізеді. Жер жүзіндегі қай халық
болмасын тамыры терең текті тілі арқылы рухани болмыс-бітімін
танытып,, құндылығын насихаттап, ұлттық қалпын сақтай алады.
Өйткені тіл – бүтін бір ұлттың болмысы, том-том тарихқа жүк
боларлық хикаясы бар халықтың келбеті, тарихы тағдырына, тағдыры
болашаққа тарам-тарам жол етіп салынған ұлттың басты
байлығы.
«Ана тілі – халық болып
жаралғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін,
мәңгі құламайтын бәйтерегі» деп бес арыстың бірі Жүсіпбек Аймауытов
айтпақшы, әлімсақтан тұнықтығын сақтаған әлемдегі таза әрі көркем
тіл ретінде қазақ тілін айтуға
болады.
Қазақ жеріндегі ана тілге
құрмет, мемлекеттік тіл саясатын дамыту мәселелері еліміз егемендік
алғалы тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Тіл мәртебесінің нығаюына,
қолданыс аясының кеңеюіне септігі тиерлік шаралар легі жоспарлы
түрде жүргізілуде. Бүгінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019
жылғы 31 желтоқсандағы №1045 қаулысымен бекітілген Қазақстан
Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға
арналған мемлекеттік бағдарламасындағы мақсат-міндеттерді жүзеге
асыру жұмыстарының басым бөлігі тілдерді оқыту орталықтарына
жүктеліп отыр. Бүгінде республика бойынша 111 тіл оқыту орталығы
тіл саясатын қарқынды жүргізіп келеді. Соның бірі – Қызылорда
облысының тілдерді оқыту орталығы.
Орталықтың негізгі мақсаты –
қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін
қамтамасыз ете отырып, тіл мәдениетін одан әрі арттыру және тілдік
капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Орталық мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында
қабылданатын мемлекеттік бағдарламаларды, іс-шаралар жоспарын іске
асыруға қатысады, тілдерді меңгеру бойынша нысаналы индикаторлар
мен нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу бағытында ұйымдастыру
жұмыстарын жүргізеді.
Халқының 96,6 пайызы қазақ
ұлтынан тұратын Сыр өңірінде де мемлекеттік тіл мәртебесінің
маңыздылығын айшықтау мақсатында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылуда.
Өткен жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру аясында түрлі
форматта 400-ден астам шара өткізілді. Сондай мазмұнды шаралар мен
жетістіктердің бірі – республикалық «Үздік оқытушы-2022» байқауында
орталық оқытушысы А.Орынбаеваның Бас жүлдені иеленуі болды. Орталық
директоры М.Дәулетбаева Шымкент қаласында ұйымдастырылған
«Мемлекеттік тілді қызмет тіліне айналдыру» тақырыбындағы аймақтық
конференцияға қатысып, мемлекеттік тіл саясатына байланысты Сыр
өңірінде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. 2022 жылдың
орталық үшін тағы бір жетістігі – «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!»
мәтіндер жинағының республика бойынша таратылуы. Тыңдаушылардың
тыңдалым дағдысын қалыптастырып, дамытуға арналған әдістемелік
құрал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық
орталығының сараптамалық комиссиясымен қолдау тауып, тәжірибеге
енгізілді.
Халыққа қолжетімділікті
арттыру мақсатында Орталықтың әлеуметтік желілердегі парақшаларына
тұрақты түрде жарияланымдар шығарылып келеді. Атап айтқанда,
«Қазақтың ым-ишарат мәдениеті», «Ұлылар ұлағаты», «Дәстүрім –
діңгегім…», «Сөздер сөйлейді», «Practical English», «Оқуға
ұсынамыз!» айдарлары тұрақты түрде оқырман қауымға ұсынылып келеді.
Және де қашықтан оқыту жүйесіне арналған kzordatil.kz интернет
порталы жұмыс істеп тұр. Мұнда үш тілдегі, яғни мемлекеттік, орыс
және ағылшын тіліндегі деңгейлік оқыту курстарының барлық сабақтары
орналастырылған. Бүгінде портал тіл үйренушінің уақыты мен
мүмкіндігіне сәйкес қолжетімді әрі тиімді ресурс ретінде
қолданылуда.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт
Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытау облысындағы Ұлттық
құрылтайдың алғашқы отырысында мемлекеттік тіл мәртебесін назардан
тыс қалдырмады.
– Бізді ұлт ретінде
ұйыстыратын құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау аса маңызды.
Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан
жоғары болуға тиіс. …Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын
нығайып келеді. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша
шығып жатыр. Жақында әйгілі «APPLE» компаниясы қазақ тілін iOS-тың
тілдер жүйесіне қосты. Әлемнің 40 тілінде тарайтын «NICKEL ODEОN»
телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен
«NATIONAL GEOGRAPHIC» журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық
көруде. …Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді.
Бұған ешқандай күмән болмауы керек, – деген еді Мемлекет
басшысы.
Қазақ жазушысы М.Әуезов:
«Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып
тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек
те соғуын тоқтатпай ма?» – деп тілдің халық үшін атқаратын
қызметінің маңызын айқындап көрсеткен. Сондықтан туған тілдің
қадірін көтеріп, қолданыс аясын жастар арасында, этнос өкілдері
арасында кеңейту бағытындағы жұмыстарды жандандыру әрбіріміздің
азаматтық парызымыз. Өн бойында қасиет, шежіре, тарих, көркемдік
тұнған туған тілдің бабалар аманаты екенін өскелең ұрпаққа жеткізу
де – аманат.