15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Ислам тарихы пәнінен эссе "Пайғамбарға сағыныш"
«Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.а.с)»
Мұхаммедтің діні — ол теңдессіз пәктік, ол сімірген сайын құмарландыратын зәмзәм суындай ілім, ол- дәлелдеуді қажет етпейтін ғылым, айнымас шындық, ал өзіңе серік етсең- бүкіл өміріңе жетіп жығылатын азық, түпсіз терең рухани асыл қазына, Ақиқатқа апаратын тура жол…
Өзеннің сан саласы бір жерден бастау алатыны тәрізді Исламның нәр беруші тамыры, қайнар көзі, бары мен нәрі де — Құрани Кәрім. Бүкіл болмыс, күллі жаратылыс сол бір кітапқа сыйып кеткендей… Сол Қасиетті кітапты арқалап, Алланың әмірін күллі адамзатқа жеткізу, ізгілікке бастау һәм жолына гүл біткен тура жолға бұру- Екі әлем Гүлзарының алдындағы басты міндет саналды. Сол азғындаған заманда пайғамбарымыздың өмірге келуі — қалың тікенектің арасына біткен жұпар иісті раушан гүлі тәрізді болғаны шындық. Сол тікенек басқан алаңқайды мәуелі баққа айналдыру, оларды Құранмен сусындату- Жақсылық Жаршысының ғана қолынан келері сөзсіз.
Құдси хадисте: “Егер сені жаратпағанда дүниені жаратпас едім” делінген, яғни Алла Тағала бұл фәниді өзіне құлшылық жасайтын пендесі үшін жаратты. Ал құлшылықтың төресін жасаған да — Алланың Сүйікті Елшісі емес пе?! Сондықтан да, өмірімізді мәнді, сөзімізді құнды, жүрегімізді нұрлы, мінезімізді сәнді еткен Ақиқаттың сара жолына бастағаны үшін Адамзаттың Асылы, Екі дүниенің шапағатшысы, Құлдардың қадірлісі саллаллаһи әлейһи уәссаламға сансыз мадақтар, Құдіреті шексіз Жартушыға сансыз шүкірлер жаудырайық!
Аллаһ тағаланың Құранда «Мұхаммед, шын мәнінде сені куә, қуантушы, және ескертуші етіп жібердік. Аллаһқа, Елшісіне иман келтіресіңдер. Оны қуаттайсыңдар. Оны ұлықтайсыңдар және ертелі-кеш Оны дәріптейсіңдер» (Фатх сүресі, 8-9 аяттар) дейді. Мұхаммед саллаулаһи әлейһи уәссаламның адамзат алдында ғана емес, Әлемдердің Раббысы Аллаһ Тағаланың алдында мадақтаулы болғаннан кейін Оның есімімен мадақ қана әрқашан бірге жүре алмақ…
Адам бойындағы бір қасиет өзінің шырқау шегіне жеткенде- ол кісі өз ортасында абыройға, мансапқа ие болатыны айқын. Ал қасиетті Пайғамбарымыз (с.а.у) бойында жақсы қасиет атаулының баршасы өзінің шырқау биігіне жетіп, өмір аясында шеберлікпен қолданылып һәм айналасындағыларға теңдессіз үлгі бола білді.
«Өмір-теңіз, білім-кеме, амал — ескек» демекші, асау толқынды теңізде ескексіз кеме арқылы беймәлім жағалауға жеткенмен, діттеген жеріміз ол болмауы да мүмкін ғой… Берік ескек болса ғана бірқалыпты ағыспен жұмақ мекенімізге жете алмақпыз…
Сол амалдардардың бірінші сатысы жайлы Әбу Һурайрадан жеткен хадисте (р.а.): «Аллаһ елшісінің (с.ғ.с.): Қиямет күні менің үмбетім жүздері мен қол-аяқтарындағы дәрет алудан қалған нұрлы іздер үшін “ғұрран-мухажжалин” (жүздері мен аяқ-қолдарында жарқыраған нұрлы белгісі барлар) деп аталатын болады. Сондықтан, жүзіндегі нұрды көбейте алған адам көбейтсін – деп айтқанын естідім» делінген. (Бухари, Муслим риуаят еткен) Бұдан көретініміз, дәрет — Мұхаммедтің (с.а.у) үмметіне ғана нәсіп болған киелі іс. Өле-өлгенше » үмметім, үмметім» деп өткен Адамзаттың Асыл тәжі о дүниеде үмметінің жүзінің жарық болуын қалап өткен.
Аллаһ Елшісінен (с.ә.у) жеткен кез келген хадис жүректерді жұмсартқан, саналарды жаңғыртқан және иманымызды күшейткен. Оған:
«Менен аңыз болып тараған бірер Хадисті естігендеріңде: ділдеріңе жақын, денелеріңе әсер ететін және ақылдарыңа сыйымды болса, демек, ол менің айтқан сөзім. Ал естіген Хадистерің бұған керісінше болса, демек, ол менің айтқан сөзім емес.» деген хадис айнымас дәлел.
«Қандай терең сайда отырса да,
таудай көрінетін тұлғалар болады.»- деп Рабиндрант Тагор айтпақшы, қыздарын тірідей көміп һәм соны мақтан санаған зар заманда өмір- қараңғы зынданға айналды. Сол зынданда Мәңгі өшпес сәуле (с.ә.у) жауыздардың көзін ашты, тұмшаланған тұманды таратты, қараңғылықты сейілтті. Өзінің Пайғамбарлық қылған жиырма үш жыл дәуренінде барлық жаманшылықтың тұрағы болған мекенді Мәңгі Қасиетті орынға айналдырып, Әлемнің теңдессіз ұлы ұстазы атанды..
Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу әлейһи уәссаламға деген жұдырықтай жүрегімізде мұхиттай сезімдер аласұрып, тасыса да да аздық ететіні кәміл…
Жақсылықтың қылтиса егер құлағы,
Мейірімділіктің төгілсе бір шуағы,
Имандылықтың ағылса мөлдір бұлағы,
Табылса егер сабырлылықтың тұрағы,
Құралса егер көркем мінезділіктің құрағы,
Самғаса егер адамилықтың пырағы-
Онда әрқашан қолға ұстаған Құранды
Расулулла көшті бастап тұрғаны!
Жетімдерді табылса егер елеуші,
Қайғылыны қалдырмаса жебеуші,
Кедейлерді қолдағанда тіреуші,
Жалғыздарға дем бергенде медеуші,
Адасқанды әрқашанда жөндеуші,
Шақырса егер тура жолға кел деуші,
Бұның бірі Расулулла үлгісі
Жақсылыққа болайықшы демеуші!
Нұры болған ғаламның,
Асылы болған адамның
Мейірімнің төгіп шуағын
Алланың құлы ең жақын
Жеткізген хақтың Құранын.
Сүйікті құлы Алланың
Бастайды Хақтың жолына.
Күллі мүслім үлгі еткен
Турашылдықты ту еткен
Мұхаммед тұрар алдыңда.
Қиямет күні боларда
Шапағат етер алдыңда!
Алла біздің жүрегіміздегі Өзінің Мейірім нұры кіретін есіктерді мәңгілік ашық қылғай, сарқылмас сабыр, көркем мінез, айнымас иман, Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһи уәссаламның құлшылығындай құлшылық нәсіп еткей, Оның (с.ә.у) Ақиретте шапағатшы болуын жазғай! Әмин.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген