15 890₸ үнемдейсіз
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен. 11-сынып
«Абайтану» факультативтік курсы 11-сынып
Сабақтың тақырыбы: «Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен»
Сабақтың мақсаты:
білімділік – оқушылардың бойына рухани, адамгершілік қасиеттерді Абай ілімі
арқылы ұялатып, қайырымдылыққа, кішіпейілділікке, жаман әдеттерден аулақ
болуға үйрету;
дамытушылық – адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қасиеттерді ажырата отырып,
өзін-өзі тану үшін, жақсы мен жаман ұғымының мәнін түсіну жолында бағыт
беру. Оқушылардың логикалық ойлау қабілеттерін дамытып, рухани жан
дүниесін жетілдіру;
тәрбиелік – Абайды сүйе білуге, адамгершілікке, әдептілікке, сыпайылыққа,
қайырымдылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: практикалық әдіс, проблемалық оқыту әдісі
Сабақтың түрі: дистут (ойталқы) сабақ
Сабақтың жүру барысы:
І. Мотивация кезеңі
1. Оқушыларды түгендеу.
2. Психологиялық дайындық.
Бейнефильм көрсетіледі.
3. «Болжау» әдісі арқылы сабақ тақырыбы анықталады.
4. Сабақтың тақырыбы мен мақсаты түсіндіріледі.
ІІ. Мақсат қою
1. Мекемтас Мырзахметовтің сөзі ұсынылады.
«Абайды зерттеу арқылы мен, біріншіден, адамшылық жолына түстім. Мен абайтанушы болмасам, парақорлардың бірі, не бай адамдардың бірі болып жүрер ме едім. Турашылдығымнан – арым таза, жүзім жарық. Сол үшін де жанымды күйттеп, жақсы өмір сүруге дағдыланбай, ағысқа қарсы келе беремін.
Тұрмыс жағынан кедей болғаныммен, рухани жағынан бай адаммын, мен сол үшін өміріме ризамын. Абайдың мені сақтап қалғаны сол.
Ол кісі «Пайда ойлама, ар ойла» дейді.
2. Ғалымның осы айтқанына сендер қандай ой қосар едіңдер?
1) Рухани байлық деген не?
2) Бүгінгі күні ақшасы болмаса да рухани бай адамдар жақсы өмір сүреді дегенге толық
келісесіңдер ме?
3. Абайдың толық адам туралы ойының о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» (1886) өлеңінен бастау алып, жыл өткен сайын қоюлана, күрделене түсетіні бар. М.Әуезовтің ол өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір ілімі», - деп ерекше бағалауында үлкен сыр жатыр.
1) «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін кім жатқа айтады?
2) Осы өлең туралы өз ойларыңды ортаға салсаңдар.
ІІІ. Білімді тексеру
-
Абайдың:
«Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз», -
деп, адам бойындағы, мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қарасөзінде айтылатын «Жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен салыстыра отырып, сырын ашсақ, көп мәселенің тамырын дөп басамыз. Автор «жанның азығы» (духовная пища) деген ұғымды екіге бөліп: бірінші жанның пайдалы азығы (шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік), екіншісі – жанның зиянды азығы (күншілдік, жалған сенім) деп атайды.
-
7-қарасөзінің аудионұсқасы тыңдалады.
-
Абайдың «көкіректе сәуле жоқ, надандығымызды білімділікке бермейміз, біреу ақыл айтса, ұқпаймыз» деуінің мәнісі не?
-
Бүгінгі күні осы сөздің мәні бар ма?
-
Жанның пайдалы азығы (шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік), екіншісі – жанның зиянды азығы (күншілдік, жалған сенім) қазіргі қоғамда қалай көрініс тапқан?
ІV. Жаңа сабақты түсінгендерін тексеру
-
8-қарасөзің оқу
-
Осындай жандар бүгін бар ма?
-
Кедей болсаң, ғылым, білім, ақылдың қажеті жоқ па?
-
15-қарасөзі мен «Бойы бұлғаң» әні тыңдалады.
-
Абай: «Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен» - деп нені айтып отыр?
-
Есті кісілер есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен дегені қалай?
-
«Заман ақыр жастары» өлеңі тыңдалады.
1) Осы өлең туралы не айта аласыңдар?
-
17-қарасөзі бойынша оқушылардың өздері дайындаған көрініс қойылады.
-
37-қарасөзін оқушылар өздері жатқа айтады.
-
«Құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны - осы», - деп ғылымның қорытындылағанындай, жақсылық пен жамандық Мұхаммед пайғамбардың өнеге-тәлім сөздерінде де айтылады. Құлақ түріп көрейік.
-
Енді адам бойындағы пайдалы-зиянды мінез-құлықтарды анықтауға арналған тәмсілдерді тыңдап көрейік.
-
Осы сөздердің ішінде өздеріңе ерекше әсер еткен қай тәмсіл, неліктен?
V. Қорытынды
Міне, осы айтылған өсиет-өнегені көңіл көкжиегімізге толық қондыра алсақ, Абай айтқан «толық адам», яғни ақыл-ойы толысқан кісі боламыз. Діни ілімде кемел адам – кісілікке жат қылықтардан әбден арылып тазарған, ішкі жан дүниесі ағарып, рухани қасиеті артқан, мүлтіксіздіктің қалыбы мен негізіне мейлінше жақындаған асыл адам. Абайдың адамгершілік негіздері туралы ой-пікірлері жауәнмәрттіліктегі (жомарттық) ақыл, әділет, рақым жайлы ізгілік ұғымдармен сабақтасып жатады. Кемел адам сипатына тән нәрсе – нұрлы ақыл, жарым адам сипатына – суық ақыл сай келеді. Нұрлы ақыл әділетсіз іске аяқ баса алмайды. Суық ақыл әділетті белден басып, ардан түсіп, өз пайдасы үшін зиянды іске көз жұмып бара береді. Ол туралы Абайдың 3-қарасөзі былай дейді:
-
3-қарасөзі тыңдалады.
-
«Адам болам десеңіз...» тақырыбында жиынтық слайд ұсынылады.
VІ. Рефлексия
«321» әдісі
Жақсы түсінген 3 мәселе
Қиындық туғызған 2 нәрсе
Туындаған 1 сұрақ

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген