Факультет: “Философия және
саясаттану”
Кафедрасы: “Дінтану және
мәдениеттану”
3 курс студенті Есболат Жаннұр
Жетекшісі: Кудерина Айжан
Тақырыбы: “Жастар саясатындағы
тәжірибе: Мәдениетпен үндескен білім жолы”
Қазіргі жаһандану дәуірінде жастар
— ел болашағының негізі, қоғамның қозғаушы күші ретінде маңызды
орын алады. Мемлекеттің тұрақты дамуы мен өркендеу жолында жастар
саясатының тиімділігі — басты тетік. Осы орайда, білім беру мен
мәдениетті сабақтастыра отырып жүргізілген жастар саясаты жастардың
жан-жақты дамуына жол ашады.
Жастар саясаты — жас ұрпақтың әлеуметтік, экономикалық, саяси және
рухани қажеттіліктерін ескеріп, оларды қоғам өміріне белсенді
араластыруды көздейтін кешенді жүйе. Қазақстанда бұл бағытта
“Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы” заңы
аясында түрлі бағдарламалар жүзеге асып келеді. Алайда саясаттың
сәтті жүзеге асуы – тек заңмен шектелмейді, ол жастардың шынайы
өмірімен, құндылықтарымен үндесіп жатуы керек.
Кез келген ұлттың рухани тірегі — мәдениеті. Мәдениет арқылы адам
болмысын, өмір сүру салтын, дүниетанымын қалыптастыруға болады.
Жастарға білім беруде тек академиялық біліммен шектеліп қалу
жеткіліксіз. Мәдениетпен, ұлттық болмыспен үйлескен білім жүйесі
ғана жастарды шынайы адамгершілікке, азаматтық жауапкершілікке
тәрбиелей алады.
Ұлттық өнер, әдебиет, салт-дәстүрлер мен тарихи мұралар жастардың
санасын жаңғыртып, рухани иммунитетін күшейтеді. Мысалы, “Рухани
жаңғыру” бағдарламасы — осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі
болды. Ол жастарды ұлттық құндылықтарға баулып қана қоймай, оларды
қазіргі заман талабына сай етіп дамытуды көздейді.
Білім беру мекемелерінде мәдени-танымдық жобаларды кеңінен енгізу —
мәдениет пен білімнің өзара ықпалдастығын күшейтеді. Түрлі
студенттік театрлар, өнер студиялары, пікірсайыс клубтары мен
этномәдени шаралар арқылы жастар өз болмысын тануға, қоғамда өз
орнын табуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, тәжірибелік бағыттағы
жобалар — волонтерлік, тағылымдамалық бағдарламалар, халықаралық
мәдени алмасулар жастардың ой-өрісін кеңейтеді.
Мәселен, ауыл жастары үшін арнайы ұйымдастырылатын мәдени
экспедициялар, жергілікті тарихи орындарға саяхаттар олардың өз
өңірінің тарихына, мәдениетіне деген сүйіспеншілігін арттырады. Ал,
қала жастары үшін урбанизация мен заманауи мәдени процестерді терең
түсіну маңызды.
Жастар саясаты да сол болашақты қалыптастыру құралы ретінде тиімді
болуы қажет. Ал ол тиімділік білім мен мәдениеттің өзара үндестігі
арқылы жүзеге асады. Тек біліммен ғана емес, мәдени мұрамен де
сусындаған ұрпақ — рухани бай, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге
қабілетті тұлға ретінде қалыптасады. Демек, жастар саясатының сәтті
тәжірибесі — мәдениетпен өрілген білім жолында жатыр.