Материалдар / ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ ІС

ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ ІС

Материал туралы қысқаша түсінік
ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ ІС деген тақырыпта қысқаша баяндама
ЖИ арқылы жасау
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады

ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ – БАРШАҒА ОРТАҚ ІС


Абай облысы,Ақсуат ауданы, Ақсуат ауылы “Ақсуат колледжі”КММ

Жатақхана тəрбиешісі Слямов Рауан Сабитович


Қазір қоғамның бар күш-жігері жас ұрпақты отансүйгіштікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталуы керек. Тәрбиелі де білімді, саналы да мәдениетті ұрпақ – мемлекеттің берік тірегі. Сондықтан да халқымыз ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің», «Қызды қырық үйден тый» деп бекер айтпаған. Мемлекет тарапынан білімді, дарынды, өнерлі жастарды тәрбиелеу үшін жыл сайын қыруар қаражат та бөлініп келеді. Алайда, жастар саясаты, жастармен жұмыс істеу айтарлықтай дәрежеде емес. Еліміздегі жастардың белсенділігі негізінен саяси науқандар кезінде ғана көрініс табады. Ал, жастар арасында проблемалар жеткілікті. Атап айтсақ, жастар арасындағы суицид бойынша Қазақстан әлемдегі көш бастаған 10 елдің қатарында. Жастардың ажырасу фактісі бойынша да біз осы «үздік» ондықтамыз. Мектеп жасында жүкті боп қалатын қыздар жылдан- жылға көбейіп келеді. Жастар арасындағы қылмыс статистикасы да өршіп тұр. Әрине, жастар ұйымдары бұл проблемаларды өздері ғана шеше алмайтыны анық. Бұл мәселелермен бүкіл қоғам болып бірігіп күресуіміз керек. Ал, жастар ұйымдары болса жастар мен билік арасындағы «алтын көпірдің» рөлін атқаруы тиіс. Енді осы ұйымдар өз міндеттерін толық атқарып отыр ма? Жастар ұйымдарының жұмыстарының сапасы қандай?

Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жастар ұйымы ұраншыл, науқаншыл болып барады. Өздері көтерген бастаманы тиянақты орындаудың орнына, оны ұрандатып, науқаншылдыққа айналдырып жіберу жиі кездеседі. Соңында сол ұрандатып бастаған жұмыстарының қалай нәтижесіз аяқталғанын өздері де сезбей қалады. Өйткені, екінші бір идея көтеріліп, бәрі соның артынан тағы да ұрандатып кетеді. Жастарға келіп-кетер пайдасы шамалы осындай іс-шаралар жылда қайталанып жатады. Мұндай нәтижесіз, пайдасы аз жұмысты көріп отырған жастардың белсенділігі төмендейді, немқұрайдылыққа салынады. Жастар ұйымының жұмысын жандандыру үшін бұл ұйымдарды өздерінің арасынан шыққан нағыз интеллектуал лидерлер басқаруы керек. Егер жастар ұйымының басшылары ашық бәсекелестік сайлау жағдайында келмей, ағаларының, таныс-білісінің қолдауымен тағайындалса, ол қалай лидер болады? Сондықтан меритократия, әділеттілік сайлау принциптері әуелі осы жастар саясаты саласына енгізілуі тиіс.

Әрине, «жастар ұйымдары түк бітірмей отыр» деп айту қателік. Жастар арасындағы өзекті проблемаларды шешуді толығымен осы ұйымдардың мойнына артып қою да дұрыс емес. Баланың тәрбиесіне, ең алдымен, ата-ана жауап береді. Содан кейін мектеп. Әрі қарай идеологиямен айналысатын мемлекеттік органдар бар. Міне, осы тараптар бірлесе жұмыс істегенде ғана қоғамдағы келеңсіздіктердің алдын алуға болады.

Бүгінде бізге жастар саясатымен айналысатын кәсіби мамандар қажет. Біздің жоғары оқу орындары ондай арнайы мамандарды даярламайды. Ал, Еуропа университеттерінде жастар саясатының мамандарын даярлайтын арнайы факультеттер бар. Халқымыздың төрттен

бірі – жастар, сондықтан олармен жұмыс істейтін мамандар даярлайтын уақыт жетті. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы мұң-мұқтаждарын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастырып отырған жөн.

Отансүйгіштіктің асыл рухы нәресте дүниеге келген кезден бастап бойына сіңіп, ол мектеп қабырғасында да, жоғары оқу орнында да, жұмыс істеп жүрген кезде де өмір бойы жалғаса беруі тиіс. Алайда, тек қана «Отаныңды сүй, еліңнің патриоты бол» деген жалаң сөздер тәрбие емес, ол бар болғаны – үгіт-насихат. Адамдар ондай үгіт-насихаттан тез жалығады. Жас ұрпаққа жалықтырмайтын, қайта олардың ойын терең дамытып, қиялын өсіретін кітаптар, газет-журналдар, мультфильмдер, теле- кинофильмдер қажет. Бұл бағытта соңғы жылдары бірқатар игі істер атқарылуда. Алайда, кемшіліктер де жеткілікті. Қазіргі кезде мектеп оқулықтарының өзінде тәрбие мәселесіне жеткілікті мән берілмейді.

Тарих, әдебиет пәндері оқулықтарында қателіктер көп, суреттері көріксіз, бояуы солғын. Мәтіні қазақша болғанымен суреттері өзге ұлттың менталитетін насихаттайды.


Ел боламын десең, экраныңды түзе

Нұр-Сұлтан қаласының өзінде ірі супермаркеттерде орналасқан баспасөз дүңгіршектерінде қазақша басылым, кітаптар жоқтың қасы. Жарнамалардың басым көпшілігі ағылшын тілінде, тіпті, өзіңізді шетелде жүргендей сезінесіз. Дүңгіршектер мұқабасы жалаңаш әйел суреттерімен әспеттелген Ресейдің журналдарына толы. Жастарды тәрбиелеудегі ең көрнекті құралымыз телеарналарда жастарды адамгершілік пен инабаттылыққа, патриоттық рухта тәрбиелейтін қызықты хабарлар, мультфильмдер, телефильмдер жеткіліксіз. Балаларға, әсіресе, қазақ балаларына арналған телехабарлар аз көрсетіледі. Республика телеарналарында шетел кинофильмдері көптеп көрсетіледі. Соңғы кездері бесіктегі сәбиін де, қазандағы асын да ұмытып телесериалдардан бас алмай отырған қыз-келіншектер, апа-жеңгелер, ауылдағы жұмыссыз ағайынның саны өсуде. Ең қиыны сол, атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа тола телесериалдарды бала-шағамен, жастармен бірге отырып көруге мәжбүрміз. Ол сериалдардың басым көпшілігі біздің ұлттық мүддемізге жат пиғылдарды насихаттайды. Телеарнадағы хабарлар көбіне орыс тілінде немесе орыс телеарналарынан көшіріп беріледі. Ал, қазақ тіліндегі нақты ұлттық рухты, қазақи менталитетті қалыптастыратын хабарлар кейбір телеарналарда түн ортасы ауа, жұрт ұйықтап жатқанда көрсетіледі. Бұл мемлекеттік тілге деген немқұрайдылық, менсінбеушілік көптен бері айтылып та, жазылып та келеді. Бұдан тиісті министрліктердің қорытынды шығаратын уақыты жетті.

Теледидардағы «жұлдыздарға», әртістерге, кинофильмдердегі батыр кейіпкерлерге еліктегіш жастар саны күн санап өсуде. Шетел арналарынан көріп, сұлулықты жалаңаштанудан іздеген аруларымыз қаншама?! Қысқа юбка, жартылай жалаңаш төс, бөксеге ілінген джинсиді көргенде «ертеңгі ана қандай, одан туған бала қандай?» деген сұрақ мазалайды. Жігіттердің де жағдайы мәз емес. Міне, еліміздің телекеңістіктегі жастарға беріліп жатқан тәрбиенің сиқы осы.

Ғалымдардың айтуына қарағанда, жастайынан көгілдір экраннан қорқынышты фильмдер, хабарлар көріп өскен жастардың санасының дамуы тежеліп, мінез-құлқында қатыгездік, еріншектік пен немқұрайдылық пайда болады екен. Соңғы кездері қоғамда бұрын естіп-білмеген қылмыстардың көбейіп кетуі де осыған байланысты. Бірқатар мектептерде оқушылар арасында әлімжеттік, қорқыту мен қорлық көрсету әрекеттері, зорлық-зомбылық жағдайлары орын алуда. Бұл мәселенің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл – мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндет. Бұл – қоғамды іштей мүжіп, үлкен дертке шалдықтыратын қатерлі кеселдердің бірі.

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы Мұхтар Әуезов. Бұл даналық сөз бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Сонымен бірге қазіргі заманда «Ел боламын десең экраныңды түзе» деген ұран керек сияқты. Себебі бүгінгі экран – осы заманның бесік жыры. Неге десеңіз, күн сайын әрқайсысымыздың тілі шыға бастаған сәбилерімізден бастап жүз мыңдаған адам теледидар алдында отыр. Олар атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы қантөгіс фильмдерді көріп тәрбиеленуде. Ұрпақ тәрбиелеудегі көгілдір экранның қуатын, күшін, бұқаралылығын жастарымыздың санасын тәуелсіз елдің азаттық рухында, рухани адамгершілікке, имандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеуге толығымен пайдалана білуіміз керек.

Көгілдір экраннан күндіз-түні көрсетілгені аздай, зорлық-зомбылық пен атыс-шабысқа толы, қанішер қаһармандардан тұратын ойын автоматтары мен компьютер ойындары, түрінен кісі шошынатын, жаппай қаруланған түрлі ойыншықтар жас ұрпақ санасын улап, басын айналдыруда. Қоғамдық көліктерде, клубтар мен дискотекаларда, фитнес, ресторан, кафелерде, радио-теледидарлардан берілетін түрлі жанрдағы әуендер өскелең ұрпақ түгілі, ересек адамдардың да психикасына әсер етуде. Тиісті министрліктер мен ведомство басшылары, әкімдіктер осыларды реттеуге бағытталған іс-шараларды қолға алуы керек.


Өзін құрметтемеген халықты ешкім құрметтемейді

Қазақта «өз-өзіңді жаттай сыйла – жат жанынан түңілсін» деген мақал бар. Ел, Жер, Отан біздікі. Олай болса, өз-өзімізді сыйлап, еліміздің келешегін ойлап, жастар тәрбиесін мықтап қолға алайық. Ол

үшін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі теледидар және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылық, атыс-шабыс, кісі өлтіру секілді адамгершілікке жат, теріс тәрбие беретін хабарларды болдырмау жолдарын қарастыруы керек. Жастардың көкейтесті мәселелерін зерттеп, талдап, оларды адамгершілікке, отансүйгіштікке, имандылыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелейтін республикалық, мемлекеттік телеарна, газет-журналдар керек. Жастар тәрбиесіне біз қаржыны аямауымыз керек. Жастарды толғандырып жүрген мәселелер көп. Олар жұмыссыздық, баспана, білім алу, салауатты өмір сүру және тағы басқалар. Әрине, нарықтық экономика кезінде әрбір адам өзінің келешегін, өзінің жағдайын өзі жасауға әрекеттенуі қажет. Дегенмен, мемлекеттің қатысуынсыз жастар проблемасын шешу қиын.


ЖИ арқылы жасау
27 Наурыз 2025
124
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі