жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Жауынгер тұлғасы" (сахналық қойылым)
Жауынгердің тұлғасы
(«Қанмен жазылған кітап» жинағынан үзінді )
Қатысушылар:
Қ а р т г е н е р а л
С е р е б р я к о в – штаб бастығы, полковник.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы – аға лейтенант, батальон командирі кейіннен полк командирі
М ұ х м е т қ ұ л И с л а м қ ұ л о в – 1-батальон командирі.
2- батальон, 3-батальон командирлері.
1 акт
Мәскеу өлкесіндегі қырғын соғыстың кезі...
Қарашаның 20-сы. Күтпеген жерден Бауыржанды штабқа шақырады. Қарт генералдың жұмыс үстелі.
С е р е б р я к о в: (мейірімді жүзбен күлімдей қарап) - Жүріңіз, жолдас аға лейтенант, командирге ертіп барайын, сізді шақырған сол кісі еді.
Қ а р т г е н е р а л: - Отырыңыз! (орындыққа қарай басын изеді, біраз ойланып, басынан аяғына дейін екі рет қарап шықты) - Бүгін, түн ортасында Десятидворкада жатқан 120 немістің бірін қалдырмай қырып тастағаныңызға жол болсын. Ең болмаса он шақтысын тірі ұстап алып келмегеніңіз бе? Одан кейін, ол жерге өзіңіз баруға мен рұқсат берген емеспін. Менің қай жер болса сол жэерге жұмсап, шаша беретін командирлерім жоқ. Мейлі, абырой болып, аман-есен қайтқаныңызға шүкір, бірақ та бұдан былай сізге әр додаға кірісе беру жарамайды. Ай, жастық, жастық, кейде алды-артын ойлатпайтын жастық! Егерде жазатайым болып кетсеңіз, сонда батальонды кім меңгеріп, кім басқармақ? Сол жағын аттанардың алдында сіз ойладыңыз ба?
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: - Менен басқа адам құрып қалды дейсіз бе? (аузынан қалай шыққанын сезбей қалды)
Қ а р т г е н е р а л: (қатал дауыспен) – Сізден басқа адам құрып қалған жоқ, бірақ сіз сықылдылар көп те емес. Соны еске алу керек. Сіз батальон командирі, сіз сықылдыларды қазақ мыңбасы дейді. Қай қазақтың мыңбасшысы мыңды тастап, онбасының қызметін атқарған еді. (түсін жылыта сөйлеп) – Қой, шырағым, қызулықты. Өзің орныңда отырып қарамағыңдағы командирлерді жұмсап, басқарып меңгергін.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: - Ойпырым-ау, жолдас генерал, не бүлінді менің түнде жорыққа барғанымнан?
Қ а р т г е н е р а л: ( Бауыржанның іштей құсаланып отырғанын сезіп, мейірімдене, күлімсірей қарап) – Болған оқиғаны баяндаңызшы, мен тек шет жағасын ғана естіп едім.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: - Кеше неміс бізге үш рет шабуыл жасады, онысын біздің жігіттер тиісті сыбағасын беріп тойтарды. Жау ет жемесе де, сорпа ішкендей болып, беті қайтып, ымырт жабыла шабуылын тоқтатты. Кешкі тоғыздарда қасыма 10 шақты жігіт ертіп, Десятидворканың әр үйіне қару-жарақтарымызды орналастырып, немістер ұйықтады-ау деген шамада шабуыл жасадық. Күтпеген жерден шүйдеден соққан қандай жаман, кешікпей-ақ немістер орындарынан қарғып тұрып, у-шу болып көшеге шыға келгенде тағы да 500 оқ шығардық. Одан соң қайдан шықсаң онан шық деп 70 минаны сәлемдемеге жібердік. Біз келген жолымызбен кері келдік. Немістер таң атқанша минометтерін әупілдетіп, оқтарын бекерге шығындады. Жігіттер 120 немістің өлігін санап, документтерін алып келді. Бұл іске қарамағымдағы командирдің біреуін жіберсем көңілдегідей істей алар ма екен деген қауіппен өзім бардым. Менің бар жазығым осы, жолдас генерал.
Қ а р т г е н е р а л: (Бауыржанның кейінгі сөзіне күліп) – Иә, жазықтысыз жолдас аға лейтенант, жолыңыз болды. Сіздің мұныңыздан үш пайда тауып отырмыз: бірінші – немістердің саны 120-ға кеміді, екінші – олар таң атқанша бірнеше жүз минасын далаға шығындады, яғни мина қоры азайды, үшінші – маңдайдан тимей шүйдеден тигеннен соң, немістер артымызда дұшпан жүр деп үрейленіп, тыныш ұйықтамай, әлекке түседі. Бұл бізге ең үлкен олжа болды. Соғыс тактикаңыз сәтті болды.
С е р е б р я к о в: (Қарт генералға бір қағазды ұсынды) - Жолдас генерал, қол қоюыңызға даяр.
Қ а р т г е н е р а л: ( Орнынан тұрып, еңкейіп қолын қойды да, Бауыржанға қарап) – Соғысқа батальонмен жиырма жеті рет кіріп дұрыс ұрыс өткіздің, бес рет дұшпанның қоршауынан қақ жарып алып шықтың. Қырғын соғыста сан реті сыннан өттің, жас та болсаң, әскер атағың аға лейтенант болса да сеніп, жоғарылатып, жаңа орынға тағайындап отырмыз. Құтты болсын, ақылға салып, абыройлы іс істейді деп сенем. (қағазды ұсынып, қолын алып жатып көтеріңкі дауыспен) – Сен полк командирі болдың, полктың ақылы, миы, басы. Өз ұлтыңның «білекті бірді жығар, білімді мыңды жығады» деген мақалы әр уақытта да есіңде болсын!
2 акт
Арада он шақты рет ұрыс болып өтті. Бауыржан жарақат алып қос басында (командный пункт) жатыр. Немістермен аяусыз ұрыс жасап, кескілесе соғысып жатқан батальон командирлерімен телефонмен сөйлесіп бұйрық беріп отыр.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: (қолындағы қағазына қарап күбірлеп сөйледі) – Екі апта бұрын полк командирлігіне тағайындалғанымда өзімнің орныма Мұхаметқұлге тоқтағаным мұндай жақсы болмас. Ол ісіне табанды, сабырлы, ісін ақылға салып, түбін ойлап істейтін жүректі командир ғой.
Осы кезде телефон шырылдады.
2 – б а т а л ь о н к о м а н д и р і: (алқынған дауыспен) – Өзіммен жеті-ақ адам қалды. Не бұйырасыз?
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: (өктем дауыспен) – Елге қайта ғой деп айта алмаспын. Мұқаметқұлдың қарамағына жеті адамыңды алып, онбасы ретінде соғыса бергін.
3 – б а т а л ь о н к о м а н д и р і: - Жалғыз-ақ өзім қалдым. Не бұйырасыз?
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: - Жалғыз қалсаң қолыңа мылтық алып, Мұқаметқұлдың қарамағына барып жай қатардағы әскер болып соғыс.
3 – б а т а л ь о н к о м а н д и р і: (шүбәланып) – Ойпырмай, үлкен басымды сонша кішірейтерліктей мен жазып едім?! Капитан едім қой. Кіші лейтенанттың қарамағына жұмсадыңыз – ау.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: (зекіп) – Батальон қырылып, оның жалғыз командирі тірі қалғандығына мен сенбеймін. Қарамағыңдағыларға ие бола алмай қалсаң – өз обалың өзіңе. Солдат болып соғыс, шеніңді міндет қылмай.
М ұ қ а м е т қ ұ л: - Жан-жақтан құмырсқаша өріп қаптап келеді. Оларға қарсы тұратын дәрмен бізде қалмады.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: (Мұқаметқұлдың даусынан қасындағылардың азғырып айтқызып тұрғанын түсінеді) – Әрине неміс бізден көп болмаса шабуыл жасар ма еді. «Төртеу түгел болса, төбедегіні алады» деген, қасыңдағы үрейленген әзәзілдердің ықпалына көніп, сенің де екі көзің алақандай болған екен ғой.
М ұ қ а м е т қ ұ л: (тұтығып) – Тіптен болар емес.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: (ақырып орнынан тұрып кетті) – Кімдер болар емес? Дұшпан ба, жоқ үрейленгендер ме?
М ұ қ а м е т қ ұ л: - Әсіресе дұшпан. Менің де айтып отырғаным сол ғой...
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: (Мұқаметқұлдың сөзін аяқтатпастан) – Ей, Мұқаметқұл, қазақтың «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақалын білуші ме едің?
М ұ қ а м е т қ ұ л: - Иә, білем.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: Білсең, менің приказым сол (қолындағы телефонды тастай салды)
Қос ішінде Бауыржан әрі – бері жүр.
М ұ қ а м е т қ ұ л: (алқынған дауыспен) – Бәуке, Бәукеш?!
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: (тез-тез дауыспен) - Иә, иә, мен не демексің?
М ұ қ а м е т қ ұ л: - Тұрдым, тұрдық не де болса. Айтайын дегенім осы еді.
Б а у ы р ж а н М о м ы ш ұ л ы: Жақсы жолың болсын! Зеңбіректерді дұшпанның тобына қарай сілте. Бір жүз, екі жүзін өздерің пулеметпен, мылтықпен –ақ үлгеріңдер.
Көрініс аяқталған соң автор сөзі.
Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қара құрымдай қаптаған күшінен қобалжыған кезде, қуат та, медет те, себеп те болған қазақтың ер намысына тидіре айтқан екі ауыз мақалының күші еді.
Бұл соғыс – біздің жігіттердің жалпы батырлық, батылдық көрсеткенінің бірі.
Бұл соғыс – дұшпанның араны ашылған басқыншылық мінез-құлқын, өзіне жұмсаған ұрыстың бірі.
Бұл соғыс, ата-бабамыздың айтып кеткен «білекті бірді, ақыл-айлалы мыңды жеңеді» дегеніндей, халық тәжірибесінен шыққандығына дәлел.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген