жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ҚҰРДАСТАР ТОБЫНЫҢ ЫҚПАЛЫ
ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА ҚҰРДАСТАР ТОБЫНЫҢ ЫҚПАЛЫ
«М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі» КМҚК
педагогика және психология пәндері оқытушысы
Құрдастар тобы – бұл жастардың түсінігі бойынша жасы жағынан тең емес жинақталған адамдар тобы. Оған біршама жас ерекшелігі бар адамдар кіруі мүмкін. Дегенмен, олар жүйелі қатынаспен, белгілі бір ортақ құндылықтармен немесе жағдайға сәйкес қызығушылықтармен және өздерін басқа құрдастарынан қандай да бір белгіліермен ерекшелейтін, яғни «біз» сезімімен біріккендер болып табылады.
Айта кететіні, біз «жас» деген түсінікті қолданғанда, оның мағынасы әртүрлі екендігін ескермейміз. Жастың мынадай түрлерін ажыратуға болады:
хронологиялық – сол тұлғаның сүріп өткен бірнеше жыл өмірі;
физиологиялық – адамның дене тұрқысының даму деңгейі;
психологиялық – рухани даму дәрежесі;
педагогикалық – сол қоғамның мәдениетін меңгеру дәрежесі;
ақыл-ой – белгілі бір тест жинағынығ көмегімен анықталынады;
психосексуалдық – эротикалық қызығушылық деңгейі мен мінез-құлқы, ол жеке физиологиялық жыныстық жетілуінің деңгейіне сай келмеуі мүмкін;
рекреациондық – дәл осы жас ерекшелікке мінез-құлық түрінің статистика бойынша сәйкес келу дәрежесі.
Бұл жастар нақты бір адамға көбіне сәйкес келмейді, яғни бұл оның дамуындағы қандай да бір ауытқушылықтың жоқтығын көрсетеді.
Бір топта бірдей хронологиялық жастағы адамдар жиналып, оларда басқа субъективті маңызды жас ерекшелік сипаттамасы сай келуі мүмкін. Бірақ топта әртүрлі хронологиялық жастағы адамдар, сонымен қатар ақыл-ой немесе психологиялық, не психосексуалдық, не жоғарыда көрсетілген басқа да бірнеше жастар сай келуі мүмкін.
Бұл әркелкі жастағы балаларға мінез-құлықтың кейбір айқын генетикалық аспектісін беру үшін, кішкентай балаларды сыртқы қауіп-қатерден сақтау үшін және өсіп келе жатқан ұрпақты ересектердің өміріне еркін енуін қамтамасыз ету үшін өте қажет. Мұндай топтар өзінің әлеуметтік дәрежесі бойынша міндетті түрде бірдей емес жеткіншектер мен жасөспірімдерді, яғни әлі есеймеген, өсіп келе жатқан және әлеуметтену процесіндегілерді біріктіреді.
Ата-аналары алмастыра алмайтын құрдастармен қарым-қатынасқа түсу қажеттілігі балада 3-4 жастың өзінде туындайды және жас өскен сайын ол қажеттілік ұлғая береді. Құрдастар ортасының болмауы мектепке дейінгі жастағылар үшін қарым-қатынасқа түсу қабілеті және тұлғаның өзіндік санасының дамуына кері әсерін тигізеді. Ал жеткіншектердің мінез-құлқының өзі ұжымдық-топтық болып келеді.
Жеткіншек шақтағы құрдастар тобының психологиялық қызметі қандай?
Біріншіден, құрдастармен қарым-қатынас жасау өте маңызды ақпарат көзі болып келеді; осы арқылы жеткіншектер мен жасөспірімдер ересектердің қандай да бір себептермен айтпаған көптеген нәрселерді біледі. Мысалы, жыныстық мәселеге қатысты сұрақтардың барлығын жеткіншектер құрдастарынан естиді. Егер ақпарат алудың басқа көзі болмаса немесе олар мүлдем болмаса жеткіншектің психосексуалдық дамуы тежелуі әбден мүмкін. Сондай-ақ оларға теріс ақпарат берілуі мүмкін.
Екіншіден, іс-әрекет пен тұлға аралық қатынас жасаудың ерекше түрі - топтық ойындар, басқа да бірлескен іс-әрекет түрлері баланың бойында әлеуметтік өзара әрекеттесудің қажетті дағдыларын дамытады, ұжымның тәртібіне бағынуға үйретеді және сонымен қатар өзінің айтқанында тұруға, жеке қызығушылықтарын қоғамдағы жағдайатпен үйлестіруге көмектеседі. Құрдастары жоқ бала есейгенде қарым-қатынасқа түсе білмейді. Себебі ерте жаста қарым-қатынас дағдылары мен іскерлікті меңгермейді. Ата-аналармен қатынасында байқалмайтын топтық өзара әрекеттесудегі жарыс та маңызды өмір мектебі болып табылады. Француз жазушысы А.Моруаның айтуынша, мектептегі жолдастар – ата-аналарға қарағанда ең жақсы тәрбиешілер, себебі олар еш аяушылық танытпайды.
Үшіншіден, бұл эмоциялық байланыстың ерекше түрі. Бір топқа жататынын өзінің жолдастарының өзара көмегін сезіну жеткіншектің дербес болуына көмектеседі, сонымен қатар ол өзі үшін аса маңызды эмоциялық және тұрақтылық сезіміне ие болады. Жолдастарының сый-құрметі мен сүйіспеншілігіне ие бола алады ма, бұл жасөспірімнің өзін-өзі сыйлауында айтарлықтай маңызға ие.
Әлеуметтендіру процесіндегі құрдастар тобының қызметі белгілі бір жастық ерекшелікке сүйенеді де, келесі көрсеткіштермен анықталынады: сол қоғамның мәдениетіне, нормаларға икемделу; жыныстық рөлді үйрену; топ мүшелерінің этникалық, діни, аймақтық, әлеуеметтік, кәсіби деңгейіне сай келетін мінез-құлықты үйрену; өз мүшелерінің өзіндік санасын дамыту, өзін-өзі анықтау, өз мүмкіндігін жетілдіру және өз орнын бекіту үшін жағдай жасау.
Бұл қызметтер тиімділік дәрежесі және мазмұндық бағыты бойынша, яғни топ мүшелерінің жасы мен жынысына және дербес ерекшелігіне; топтың бағыттылығы мен оның басқа да сипаттарына; топтың өмір сүретін этникалық, аймақтық және әлеуметтік мәдениеттік жағдайларына байланысты әртүрлі жолмен жүзеге асады.
Жастық шақтағы құрдастар тобы негізінен гетеросексуалдық қатынасқа енуімен анықталынады. Тұлға аралық қатынастар жиынтығы екі түрлі болуы мүмкін, олардың біреуі 15-тен - 30 адамға дейін «жолдастардың» үлкен тобы, ал екіншісі - әдетте, 2 - 9 (орташа 6) адамнан тұратын жақын достардың таңдалған тобы. Ламберт бұл санның отбасы мүшелерінің орташа санына тең болуы кездейсоқ емес деп есептейді; бұл отбасындағы өзара тәуелділік жүйесінен құрдастар тобына көшуін жеңілдетеді. Қарым-қатынастың бұл екі түрі әртүрлі қызметтер атқарады: бірінші топ әлеуметтік белсенділіктерді ұйымдастырады, олар кездесулер, ойындар, демалыс күндері болатын отырыс кештері; екінші топ ойларын, сезімдерін бір-бірімен бөлісу, алмасу үшін жиі кездесетін орындар болып табылады.
Данфи бойынша, үлкен топ достардың кішкене тобы арасындағы байланыс арқылы бір жыныстылардың әрекеттесу түрінен гетеросексуалдық әлеуметтік қатынасқа көшуге септігін тигізеді. Данфи Австралиядағы жеткіншектер тобына үлкен зерттеу жүргізген, нақ соның жұмысы осы мәселе бойынша негізгі әдебиет болып табылады. Ол жеткіншектер тобының дамуының 5 кезеңін бөлді:
І кезең – жеткіншекке дейінгі жаста екі жыныстылар екі бөлек топ құрайды;
ІІ кезең – екі жыныстылардың алғаш рет байланыс орнатуға талпынуынан басталады;
ІІІ кезең – 14 жасқа қарай өз тобындағы неғұрлым беделді ұлдар және қыздармен алғашқы гетеросексуалдық тұлға аралық байланыс пайда болады;
ІҮ кезең – алғашқы топтар ыдырап, бұл жолы ашық гетеросексуалдық жаңа топтар қалыптасады;
Ү кезең – жаңа шағын топтар ұзақ уақыт бірге жүретін жұптардан тұрады.
Топтық өмірдің маңыздылығы өскен сайын, ерте жасөспірімдік шақта жеке сырлас достыққа деген қажеттілік тез артады.
Егер мектепке дейінгілер мен бастауыш мектеп оқушылары достық пен жолдастықтың арасын аша алмаса, жеткіншектер достықты жеке, дербес қатынас деп есептейді.
Бозбалалық шақтағы достықтың маңыздылығы – оның тереңдігінде, тұрақтылығы, сырластығында жатыр.
Ал оның психологиялық маңыздылығы туралы айтсақ, ол өзін-өзі ашу мен басқа адамды түсінуге көмектесетін мектеп екендігінде.
Жастар достығының психологиясы тұлғаның ерекшелігімен тығыз байланысты. Қыз баланың ерте жетуі оның өзіндік санасының күрделі формасының қалыптасуына септігін тигізеді, яғни бұл өз кезегінде сырлас достыққа деген қажеттілікті де туғызады.
Бозбалаларға қарағанда бойжеткендер сырлас қарым-қатынасқа деген қажеттілікті сезінеді. Оларда сырластық тақырыптар көбірек қозғалады. Олардың достығы эмоцияға толы болып келеді.
Ұлдар үшін өз жынысындағы құрдастары маңызды референттік топ болып қала береді. Тек солар ғана бозбаланың ержүрек болып қалыптасуына көмектеседі.
Күнделікті бақылау көрсеткендей, бойжеткендер ең жақсы дос ретінде көбіне бозбалаларды таңдайды. Ал ұлдар кей жағдайда ғана қыздарды таңдайды.
Жастық шақтағы әртүрлі жыныстылардың достығы бір жыныстыларға қарағанда айқын ерекшелінеді.
Қорытындылай келе, жеткіншектің жеке тұлға болып қалыптасуына құрдастары өте зор ықпал етеді. Яғни біріншіден, құрдастарымен қарым-қатынас жасау барысында олар маңызды ақпараттарды алады, екіншіден, іс-әрекет пен тұлға аралық қатынас жасаудың және үшіншіден, ерекше эмоциялық байланыс орнатудың тәжірибелерін меңгереді.
Пайдаланған әдебиеттер:
Мудрик А.В. Социализация человкека: Учеб. пособие для студ. высш. учеб. заведений.-М., 2004.
Кон И.С. Психология старшекласника.-М.: Просвещение, 1982.
Кле М. Психология подростка (Психосексуальное развитие).-М.: Педагогика., 1991.
Волков Б.С. Психология ранней юности: Учебное пособие.-М.,2001.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген