400 000+ дайын материалды шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар, көрнекіліктер және авторлық материалдар - 690 тг-ден бастап
Тақырып бойынша 31 материал табылды

«Жол тәртібін білейік, аман - есен жүрейік» Ашық тәрбие сағаты

Материал туралы қысқаша түсінік
мұғалімдермен іс тәжірибе алмасу үшін
Материалдың қысқаша нұсқасы

Тақырыбы: «Жол тәртібін білейік, аман - есен жүрейік»
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Жолда жүру ережесін есте сақтауға, оқушыларға жол белгілерін неше түрі бар, оны білу не үшін қажет, бағдаршамның, жол белгілерінің атқаратын қызметі қандай екенін үйрету.
Дамытушылық: Жол ережесін есте сақтау қабілетін, қызығушылықтарын арттыру.

Тәрбиелік: Барлығымызға ортақ қойылған тәртіпті бұзбауға тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: ашық тәрбие сағаты, сайыс сабақ
Сабақтың әдісі: сұрақ - жауап, рөлдік ойын, әңгімелеу және т. б.
Көрнекілігі: Бағдаршам, жол белгілері, жолда жүру әліппесі, жол ережесіне арналған суреттер.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру бөлімі.

Сынып оқушылары екі топқа бөлінеді:
Мұғалім:
Біздің еліміздің барлық қала, ауылдарына ортақ көше қатынас ережесі енгізілген. Бұл ережені оқушылар да, үлкендер де, көлік жүргізетін жүргізушілер де бұлжытпай орындауы керек. Көптеген мектеп оқушылары жолда жүру ережесін жете білмейді. Ал кейбіреулері біле тұра жаяу жүргіншілерге арналған міндеттерді орындағысы келмейді. Жол тәртібін бұзғандықтан кейбіреулер машина дөңгелегіне ілініп қаза тауып, кейбіреулер жарақат алады. Сондықтан әрбір оқушы мектепте оқытылатын жолда жүру ережесін мұқият тыңдап, әр сабақтан қорытынды жасап отыруы керек. Үлгілі, тәртіпті оқушы көшеде жолда жүру ережесін, заңын бұзбайды.

Міне, осы мақсатта біздің сыныбымызда бүгін «Жол тәртібін білейік, аман - есен жүрейік» атты жол ережелеріне арналған тәрбие сағатын өткізбекшіміз. Ендеше, қош келдіңіздер! Құрметті оқушылар!

Мұғалім: Бүгінгі шарамызға қатысатын топтарды таныстырайық.

І – топ: «Бағдаршам»;

ІІ – топ: «Жол белгілері» әр топ өздерін таныстырады:
I топ. "Бағдаршам"
Топтың ұраны: Тоқта! Сақтан! Жол ашық! Жүрме жолға таласып.
II топ. "Жол белгілері"
Топтың ұраны: Үйрен таппай тыным бір, Белгілердің тілін біл!
Мұғалім: Жарайсыңдар, балалар, олай болса кезекті І бөлім «Сәлем – сөздің анасы» Сәлемдесу салтына берейік.

І бөлім: «Сәлем - сөздің анасы» «Бағдаршам» тобы:

Лана:
Арманға алда күткен асығамыз,
Біз қалай толқын артпай басылармыз.
Жолда жүру ережесін жақсы біліп,
Сақтыққа тұра алатын жас ұланбыз.

Жалғайтын достастырып бар әнменен
Жолдардан тұрады ғой әлем деген.

«Жол белгілері» тобы:

Дана:
Бүгінгі бізге келген қонақтарға
Ойынымыз басталады сәлемменен.
Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да.
Жолда жүру ережесі заңды тәртіп -
Ол ортақ - үлкен, кіші, баршамызға!
ІІ бөлім: «Викториналық сұрақтар»
1. Қоғамдық транспорттан шыққаннан кейін көшеден қалай өту керек?
2. Жол таңбасы қандай екі түрге бөлінеді?
3. Жаяулар өтпесі қалай белгіленеді?
4. Бағдаршамда сигналдар қалай орналасқан?
5. Жол белгілері қандай топқа бөлінеді?
6. Балалардың суреті салынған белгі қайда орнатылады?
7. Оқушылардың велосипедпен көшеде және жолда қай жастан жүруіне рұқсат етіледі?
8. Велосипедпен жолға шығарда нені тексеру қажет?
9. Көшеден, жолдан қай жерде өтуге болады?
10. Габариттік оттар қай кезде жанады? (фарлар)
11. Жүргізушілер сыртқы жарық приборларын не үшін қосады?
12. «Тротуар» деген сөз нені білдіреді?
(Дұрыс жауап берген топқа өздеріне сәйкес келетін түстен жетондар беріледі.)
ІІІ бөлім: «Бағдаршам – жол атасы»
Мұғалім: Жарайсыңдар. Жол ережесіне қатысты сұрақтарға ең көп жауап айтқан …. топ мүшелері. Құттықтаймыз! Ал енді әр топ «Бағдаршам» және «Жол белгілері» туралы деректерді тыңдалық.
«Бағдаршам» тобы: Лана: Алғашқы бағдаршам теміржол бойында пайда болды. Оны ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған. Ал оны көше қозғалысына ыңғайлап, қайта жасаған ағылшынның инженер - механигі Д. Найт болатын. Ол 1868 жылы Лондондағы парламент үйінің алдына бағдаршам орнатты.

Диас:

Алдымен түрлі - түсті сигналдар қайыс берілістің көмегі арқылы өзгертіліп отырды. Сосын аппарат ортасына газды шам орнатылды. Өкінішке орай, бірде газ жарылып, кезекте тұрған полицей қаза болады. Содан бағдаршам жарты ғасыр бойы ұмыт болады.
Расул: Бағдаршам тек 1914 жылы Американың Кливленд қаласында, сосын Нью-Йорк, тағы басқа қалаларында қайта пайда болды. Бұл жолы олар электрлі болды. Тек екі түсті ғана, қызыл және жасыл. 1918 жылдан бастап қана үш түс қолдана басталды.
Диас: Кеңес Одағы бойынша алғаш рет бағдаршам Мәскеу қаласында 1924 жылы Кузнецк көпірі мен Петровка көшелерінің қиылысынан орын алды. Бағдаршамдағы түстер бекер таңдап алынбаған. Қызыл түс қауіп ұғымын білдіреді. Сосын бұл түс күндіз де, түнде де, тұман мен жауынды күні де жақсы көрінеді. Жасыл түс қызыл түстен айқын ажыратылады. Сары сигнал – негізі қызыл мен жасыл түстердің арасындағы айырым белгісі. Бағдаршам – өмірімізді жазымнан сақтандыратын көмекшіміз. Оның сырын біліп, тілін алу баршамызға керек. Оның беретін сиқырлы әмір сөздері бар.

Менің үш көзім бар,

Бір көзім «кідір» дейді

Бір көзім «жүгір» дейді

Бір көзім «абайла» дейді

Қарап қалма маңайға дейді.
ІV бөлім «Жол белгілері»
Мұғалім:
Жарайсыңдар, балалар! Бағдаршам туралы өте жақсы дайындалып келіпсіңдер. Ал енді кезекті жол белгілеріне береміз. Әр белгілер туралы айтып шығады.
Тақтада қызыл түспен «Ескерту белгілері», жасыл түспен «Тыйым салу белгілері» және сары түспен «Міндеттеу белгісі» деп жазылған сөздер ілінеді.
1 - топ: Дана: Ескерту белгілері Қолына айналасы қызыл жолақпен көмкерілген сары түсті тең қабырғалы үшбұрыш ұстаған топ басшысы:
Қып - қызыл үшбұрыш,
Ескерту белгісі мен болам.
Қауіптен сақ бол деп,
Сәт сапар жолдаған.
Аман - сау жүреді жаяу да, көлік те,
Мен берген белгіні сақтаған, қолдаған.
Үшбұрышты қызыл бояу – мен көрінсем абайла!
Жол бойында қауіпті түс алдан шығар дегенді айтар ескерту белгісі.
Ерсұлтан: Тыйым салу белгісі.
Қызылмен боялған, шеңберім аумақты,
Тыйымшыл белгімін, қаталмын салмақты.
Мен тұрған жерлерде хақың жоқ жүруге,
Қауіп бар, бағдарла көз салып жан - жақты.
Дөп - дөңгелек қызыл шеңбер, мен көрінсем «Тоқта қане» деп жар салар тыйым салу белгісі.

Ақерке: Міндеттеу белгісі:
Белгімін көрсетер жылдамдық бағытты,
Міндетті бұрылыс, әйтпесе қауіпті.
Барлығын анықтап тұрамын жолыңда,
Абай бол, шартыңды міндетті орында!

Дана: Нұсқау белгісі:
Баратын жеріңнің бағытын, тұрағын,
Үн - түнсіз жол сілтеп, жол нұсқап тұрамын.
Күндіз де, түнде де от болып жанады.
Көк түске боялған төрт бұрыш шырағым.
V бөлім «Жұмбақтарды шешу»

Мұғалім: Жол белгілерін, міндеттеріңізді жақсы біледі екенсіңдер. Сендерге көп рахмет. Ал енді, балалар, олай болса, қазір жұмбақ шешіп жауап беріп көрелік.

1. Ала таяқ ұстаған,
Жол тәртібін нұсқаған
Өміріңді күзеткен,
Ысқырықпен түзеткен.
(милиционер)

2. Көше бойлап аяңдайды,
Адам тасып аялдайды.
(автобус)

3. Көліктің қаншасын үстінен өткізген,
Іргеден басталып алысқа жеткізген.
(жол)

4. Жоқ өзінде бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та.
(бағдаршам)

5. Екі аяқты, бір басты,
Жүгіреді тым қатты.
(велосипед)

6. Өзі тым күшті,
Аяғы тісті.
( трактор)

7. Төрт аяғы домалақ,
Адамсыз жүрмейді
. ( машина)

8. Екі ағасы қашады,
Екі ініс қуады.
( машина дөңгелектері)


9. Бір тұлпар су ішпейді, жем жемейді,
Ескеріп ешбір адам емдемейді.
Жүк емес жануарға жүз адам да,
Шылбырын сымға байлап тез жөнейді.
(трамвай)

10. Арқаным бар тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.
Табыңдаршы балалар
Бұл жұмбақтың шешуін
. (жол)
VІ бөлім «Бағдаршам ойыны»
Мұғалім: Олай болса оқушылар бағдаршам ойынын ойнап көрейік. Ойын жүргізушісі алдын ала дайындаған үш түсті көрсетіп, оқушылардың қаншалықты жинақы екенін байқайды.
Ойын шарты:
1) Бағдаршамның жасыл көзін көрсеткенде балалар жүрген сияқты бір орында аяқтарын қозғалысқа келтіреді.
2) Сары көзін көрсеткенде ду қол шапалақтайды.
3) Қызыл көзін көрсеткенде бір орында қозғалмай тұрып қалады.

«Жаса бағдаршам» әні.

Қайырмасы:

Жаса бағдаршам, темір жолдың айнасы

Қызыл, сары, жасыл болып жайнашы

Жаса бағдаршам, елмен елді жалғаған

Темір жолда жүрдек поезд самғаған

Жаса бағдаршам, темір жолдың көзісің

Елсіз жерде жол жалғаған өзіңсің

Жаса бағдаршам қозғалыс жоқ жерлерде

Жолаушының жолын ашқан өзіңсің


  1. Алыс – жақын жерлерді жалғаған

Жолаушылар ел аралап шарлаған

Ақ жол тілеп поездарға жанады

Жасыл бағдаршам

Жол серіктер күлімсіреп қарсы алған

Зырылдасын дөңгелектер шаршамай

Тоқтамасын жүрдек поезд мәңгілік

Жансын, бағдаршам


Қайырмасы:


  1. Найзағайлы нөсер жауын жаусада

Дауылдатып қарлы боран соқсада

Талғамайтын табиғаттың еш күнін

Еңбеккерлер біз

Темір жолда ешбір ақыл болмасын

Жасыл жанған бағдаршамдар лауласын

Адал терін төккен мына жандардың

Тәңір қолдасын

Қайырмасы:

Мұғалім:
Қызыл көзін ашқанда,
Сынық сүйем баспа алға.
Сары көзін ашқанда,
Қарап қалма аспанға
Жасыл көзін ашқанда,
Өте бергін, жасқанба!
Сергіту сәті: Оқушылар Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Жол полиция комитетінің тапсырысы бойынша жасалған «Жолдос көмекке асығады» мультфилимін тамашалаймыз.
VІІ бөлім: «Әдептілік әліппесі»
Мұғалім: -
Балалар енді мен сендерге мынадай жұмбақ - әңгіме оқып берейін. Шешуін өздерің айтыңдар.
Алмас көшеде анадай жерде өтіп бара жатқан жүргіншіге:
-«Айтыңызшы, сағат қазір қанша?» - деп айқайлады.
Ол жүргінші уақытты айтқан соң, алмас бұрылып жөніне кетті. Бала бөтен адаммен қарым - қатынасында бірнеше қателік жіберді. Осы қателіктерді кім табады?
Жауабы:
1. Көшеде айқайлап жөн сұрамау керек!
2. «Сағат қанша?» емес, «Уақытты айтып жіберіңізші» немесе «Сағат қанша болғанын айтыңызшы» деп сұрауы қажет.
3. Алдымен кешірім өтінуі керек.
4. Алмас ол адамға «Рахмет» айтуды ұмытты.
VІІІ бөлім «Жағдаяттарды шешу»
1).
Ержан жол жиегінде доппен ойнап жүреді. Добы жолға домалап кетеді. Ержан добын алмақ болып машина жолына жүгіреді. Машиналар сигналы естіледі. Ержан добын тастай қашады. Ержанның әрекеті дұрыс па? Ол қандай шара қолдану керек еді?
2). Бағдаршамы жоқ көшеде жолдан екі бала өтпек болады. Бірі жолдан жан - жағына қарамастан, асығыс жүгіріп өтеді. Екіншісі алдымен сол жағына, сонан соң оң жағына қарап өтеді. Кімнің әрекеті дұрыс? Жолдан қалай өту керек?
3). Сіз жолдан өтейін деп тұрсыз. Бағдаршамның жасыл түсі жанбай жатып қасыңызда тұрған бірінші сынып оқушысының машиналар зулап жүріп жатқан жолдан өтпекші болып тұрғанын көресіз. Сіздің әрекетіңіз?
Мұғалім: Әр топ басшысы жолда жүру ережесіне байланысты тиымдар мен ескертпелерді, кеңестерді айту арқылы жарысады. Кім көп ой тастаса сол топ басшысы жеңімпаз атанады.
Мұғалім: Рахмет, балалар. Сендер бүгін көп мәлімет бердіңдер. Алдағы уақытта осы жол ережесін сақтап, басқа балаларға үйретіп жүріңдер. Ал қазір бәріміз бірге «Жол белгілері» әнін орындайық.
«Жол белгілері» әні
1.
Көшеде біз сақ болайық,
Қаймықпасын ата - ана.
Жолда сен бол әркез лайық,
Жас ұлан деген атқа!
Қайырмасы:
Әрқашан күн сөнбесін,
Аспаннан бұлт төнбесін.
Қасымда болсын анам
Болайын мен де аман!
2. Жолда жүру әліппесін
Білген жөн ғой бес саусақтай.
Сонда ғана жүре аласың,
Сен өзіңді сау сақтап.

Қайырмасы:
Мұғалім:
Қымбатты оқушылар! Оқушылар жолда жүру ережесімен таныстыңдар. Олай болса, оқушылар жолда жүру ережесін әрқашан есте сақтап, бұлжытпай орындап, сақ жүріңдер демекпін.
- Балалар, жол ережесін сақтаңдар! Аман жүріңдер!Ал, балалар, бізге де қоштасатын уақыт келді. Әр топ қорытынды сөздерін айтсын.

Лана:

Шуақты өміріміз күндей күліп,
Жүректе бүршік атып гүлдейді үміт.
Арманға сапар тарту мүмкін емес
Жол жүру ережесін білмей тұрып.


Диас:

Әрқашан жолың болсын!
Жаныңа шаттық толсын!
Қасыңда болсын анаң,
Болайық біз де аман.

Расул:

Балғын жаспыз, жас ұланбыз,
Гүл боп жаңа ашылғанбыз.
Жол тәртібін есте сақтап,
Болашаққа асығамыз!


Ақерке:

Жолда жүру әліппесін
Білген жөн бес саусақтай.
Сонда ғана жүре аласың
Сен өзіңді аман сақтап.

Дана:

Үйрен таппай тыным бір,

Белгілердің тілін біл,

Егер оны білмесең,

Тартар жолың бұлыңғыр.


Ерсұлтан

Көңіліміз күндей күліп,
Жүректерде гүлдейді үміт.
Өмір сүру мүмкін емес
Жол тәртібін білмей тұрып.


Барлығы:

Жол тәртібін білейік,
Аман есен жүрейік!












«Жол тәртібін білейік, аман – есен жүрейік!»

15.03. 2019 жыл.




Тақырыбы: Велосипедке қойылатын техникалық талаптар.

Мақсаты:

а) Оқушыларға велосипедке қойылатын техникалық талаптар және   велосипедшілердің жүрісіне қойылатын қосымша талаптар туралы түсінік беру;

ә) Оқушылардың танымдық көзқарасын, зейінінің тұрақтылығын дамыту;

б) Өмірге деген құштарлықтарын арттыру.

Түрі: аралас сабақ

Әдісі: көрсету, түсіндіру, әңгімелеу

Көрнекілігі: суреттер, газет қиындылары, нақыл сөздер

Сабақтың барысы

І. Ұйымдастыру кезеңі

а) амандасу, түгендеу

ә) сабаққа даярлық

ІІ. Үй тапсырмасы: Жаяу жүргіншілерге қатысты қандай ереже талаптарын білесіңдер?

ІІІ. Жаңа сабақ

а) Жаңа сабақ тақырыбы мен мақсатын таныстыру

ә) Жаңа сабақ материалын меңгерту

Мұғалім: — Енді, балалар, қаламдарыңды орнына қойып, кеуделеріңді, бастарыңды көтеріп түзу отырыңдар. Мен сендерге велосипедке қойылатын техникалық талаптар және   велосипедшілердің жүрісіне қойылатын қосымша талаптар туралы түсінік беремін. Зейін қоя қарап, тыңдай отырып, жаңа мағлұматтарды естеріңе сақтай отырыңдар.

«Велосипед» француз сөзі. Ол «желаяқ» деген ұғымды білдіреді.

Велосипед көліктің бір түрі, ал велосипедші  — оны жүргізуші болып есептеледі. Сондықтан ЖЖЕ-де велосипедшілерге арналған арнайы тарау бар. Ол «Велосипед және велосипедшілерге  қойылатын техникалық талаптар» деп аталады. Мысалы, ЖЖЕ-сі аспалы двигателі жоқ велосипедпен жасы 14-тен асқан балалардың ғана жолға шығуына рұқсат етеді. Ал 2 не 3 доңғалақты, двигателінің жұмысы 50 см. кубтан көп емес, жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспайтын көлік түрлерін 16 жастан асқан жасөспірімдер пайдалана алады.

ІҮ.Сабақты бекіту

  1. Велосипедке қойылатын талаптар.

Велосипедте қоңырау және алдыңғы жағында қараңғы түскенде пайдаланатын, динамика күшімен жанатын фонары, арт жағында – сәуле шағылысатын қызыл пластмасса белгі жапсырылуы тиіс.

Аяқ тежеуішінің ақаусыз болуы, оны ауық-ауық тексеріп тұру қажет.

  1. Велосипедшілерге қойылатын талаптар.

Велосипедшілер жолдың шетінен 1 м қашықтықта және 1 қатармен ғана жүре алады. Бұл қағида тоқтап тұрған көлікті басып озу кезінде ғана бұзылады.

Велосипедшілерге жаяу жүргінші жолымен жүруге болмайды.

Рульді бос жіберіп жүруге тыйым салынады.

Велосипедті еркін басқаруға кедергі келтіретін көлемі үлкен заттарды алып жүруге болмайды.

Арнайы жабдықталмаған велосипедпен балаларды міңгестіріп жүру де қауіпті.

Сол жаққа бұрылатын немесе кері айналатын велосипедші оны жаяу жетектеп, өзіне керек жаққа шыққан соң оған қайтадан мінгені дұрыс.

Велосипедшілер топталып жолға шығатын болса, өздері жүретін бағдармен алдын ала танысып алуы қажет.

Басқа көлік жүргізушілері оларды тез байқауы үшін ашық түсті киім кигені дұрыс.

Алғашқы дәрігерлік жәрдем көрсетуге арналған медициналық қобдишаны да ұмытпау керек.

Топталып жүргенде бір-біріне жақын, бір тізбекпен, жолдың оң қапталымен жүрген жөн.

Ең дұрысы – алдыңғы және соңғы велосипедке қызыл жалауша іліп алу.

Топ болып жолға шығуға күн жарықта ғана рұқсат етіледі.

Тежеуіші жақсы істемейтін велосипедпен жолға шығуға мүлде тыйым салынады.

Арнайы салынған велосипед жолының мүмкіндігі жараса, онда бірнеше қатар түзіп жүруге болады.

Ал қарсы жақтан басқа велосипедшілер келе жатса, онда оң қапталмен 1 тізбек болып жүру керек.

Топ басшысы болуға тиіс. Ол ылғи топтың алдында жүріп, қалғандарына бақылау жасайды.

Реттелетін көше қилысына топталып келгенде, бағдаршамның жасыл жарығына өту керек.

Реттелмейтін көше қилыстарына таянғанда, басқарушы көлденен көшеде көліктердің жоқтығына көз жеткізіп, алдын ала жалаушасын көтеру арқылы топты өткізіп жібереді де, соңынан қуып жетеді.

  1. Велосипедшілер бұрылар кезде қандай белгі көрсетуі тиіс?

Кедергіні айналып өтерде, басқадай қауіп жоқтығына көз жеткізуің керек немесе сол қолыңды жаныңа соз немесе оң қолыңды шынтақтан жартылай жоғары көтер. Бұлайша белгі беру велосипедшіні жауаптан құтқармайды. Ол мұның бәрін алдын ала, жан-жағы анық көрінетін жағдайда жасауы тиіс.

Оңға бұрыларды немесе қатарға тұрарда жаныңа қарай оң қолыңды соз не сол қолыңды жартылай шынтақтан жоғары көтер.

Тоқтар кезде қолың жоғары көтерілген қалыпта болсын. Қауіпті жерлерден өтерде велосипедтен түсіп, оны жаяу жүргіншілер өткелінен алып өтуге болады.

Ү. Сабақты қорытындылау

Велосипедті шығар алдында тексеріп алу. Велосипедті бойыңа қарай іріктеп алу.

Велосипедтегі ақаулар және оларды жою.

Велосипедшілер үшін жасқа қарай шектеулер.

Жүргін бөліктегі қозғалыс тәртібі.

Маневр жасау, реттелмейтін көше қиылыстарынан жүріп өту ережелері.

Велосипедші жолдың әр бағытында екі жолақтан болған жағдайда велосипедтен түспей кері бұрылуға құқығы бар ма?

Велосипедші қозғалыс бағытын өзгертетіні туралы әрқашан ескерту белгісін беруге тиіс пе?

Жүк тасымалы ережелері.

ҮІ.Бағалау

ҮІІ.Үй тапсырмасы:

Қанша жастан бастап велосипедпен жүруге болады?

Жолда жүргенде ереженің қандай талаптарын орындау керек?

Қараңғы мезгілде жүретін велосипедтерге қандай құралдар керек?

Бұрылатын кезде қолмен қандай белгілер беру керек?

Велосипедпен жүруде қауіпті болатын жайларды қалай түсіндіре аласыңдар?

Топ болып жүретін велосипедшілерге қандай талаптар қойылады?









«Велосипедке қойылатын техникалық талаптар»

10.04.2019ж




Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
2 ұстаз жүктеп алған
14.05.2019
1983
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі