400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Жұмекен Нәжімеденов

Материал туралы қысқаша түсінік
барлығына
Материалдың қысқаша нұсқасы


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ


АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕДЕУ АУДАНЫ

«№17 МЕКТЕП – ИНТЕРНАТ» КММ





Ғылыми жоба

Жұмекен Нәжімеденов өлеңдеріндегі философия мен лирика






Жас ізденуші: Серікова Аяжан Серікқызы

11–сынып оқушысы


Секциясы: Қазақ әдебиеті





Ғылыми кеңесші: Шойбекова Ғазиза Бейсенбекқызы

Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Университетінің филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы




Ғылыми жетекші: Нышанбаева Құттықыз Ордабаевна

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі





Ғылыми үйлестіруші: Батырханова Гулзада Қуанышбайқызы

әдіс бірлестік жетекшісі








Алматы 2018





КІРІСПЕ


Зерттеу жұмысының мақсаты:

Ж.Нәжімеденов поэзиясының поэтикасына тереңдеп еніп, оның мазмұны мен пішінін талдау арқылы айрықша ақындық болмысы мен бітімін тану және таныту, сөйтіп осынау ірі де іргелі творчестволық тұлғаның туған әдебиетіміздегі өзіне лайық орны мен рөлін белгілеу.


Зерттеудің маңыздылығы:

Қазіргі қазақ поэзиясының жанрлық молығуын, көркемдік кемелденуін байыптауда Ж.Нәжімеденов ақындығын және ақынның шеберлігін арнайы талдап тексеретін осы зерттеудің өзіндік мәні мен мағынасы болуға тиіс.

Ж.Нәжімеденов көтерген проблемалары мен қозғайтын ой толғаулары жалпыхалықтық азаматтық сипатта болса да, оның таңдап, қозғап отырған тақырыбы, жеткізу формаларынан шынайы лебі еседі. Сонымен қатар, осы проблемаларды жеткізу формасының өзінен ақынның өзгелігін талай тақырыптарға жазылған өлеңдерді салыстыра топтай қарастырылады.

Қойылған мақсатқа жету әдістері:

Көрсетілген мақсат – міндетке жетудегі әдеби–теориялық ұғымды, түсініктерді, ақынның жекелеген өлеңдеріндегі философия мен лирикасын айқындау әдісіне сүйендім. Ақын өлеңдеріндегі философия мен лирикаға баса назар аудару, мақсатыма жетуімнің басты жолы болып табылады. Өмір құбылыстары мен сезім ойларын көркем мазмұнға айналдыру жолындағы Нәжімеденовтің шеберлігі, ақын поэзиясындағы мәселелері жан – жақты қарастырылады. Бұл бағыттағы ақынның өзгеге ұқсамайтын өзіндік ерекшелігі, қолтаңбасы, өзге сөз қолданыстары мен композиция құрудағы өзгешелігін, стилін жан – жақты сөз етуге тырыстым.

Ғылыми жұмыстың нәтижесі мен қорытындысы:

Ж.Нәжімеденов өлеңдерінің мазмұны терең, адамды иіріміне тартып әкетер құдіретті күшке ие екенін байқаймыз. Сондықтан да еліміздің ертеңін ойлар әрбір жас Ж.Нәжімеденов өлеңдерін жатқа білуі тиіс. «Ж.Нәжімеденов өлеңдеріндегі философия мен лирика» атты тақырыпты талдаудан туған бұл ғылыми еңбек сөз құдіретіне құрметпен қарайтын әрбір оқырманның жеке ізденісімен мұғалімдердің көмекші құралына айналар деген ойдамын. Жас ұрпақ өнегесіне әсер етіп, тәрбиесіне үлес қосатын ақын өлеңдері ешқашан да құндылығын жоймақ емес.








Негізгі бөлім

Жұмекен поэзиясы сан қырлы


Жұмекен Нәжімеденов – талант. Қазақ поэзиясы жөнінде сөз қозғала қалса, Жұмекенді атамай өту мүмкін емес. Ол сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ жұрт назарына өзінің ақындық ерекшелігімен ілінді. Әбділда Тәжібаев Нәжімеденовтің тырнақалды туындылары туралы бірден: «Жұмекен сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас, - деп жазды. – Жұмекен жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын».

Сол секілді Қадір Мырзалиев те: «Жеті бояудың» авторы қазақ поэзиясында бұрын-соңды өткен алуан ақындардың қай-қайсысына да ұқсамайды десе, Ғафу Қайырбеков: «Жұмекеннің аса айқын көрінетін ақындық ерекшелігі мол екенін баса айту керек» деп түйеді.

Осы тұжырымдардың қай-қайсысына да Нәжімеденовтің даралығы мен саралығы пайымдалады. Ал дара-сара қасиеті бар ақын – айрықша дарын екені даусыз. Біздің бұған дейін жеке зерттелмеген бұл тақырыпты арнайы талдап тексеру себебімізде сондықтан.

Ж.Нәжімеденовтің ақын ретіндегі жемісті еңбек еткен кезі – алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдар, яғни қазақ поэзиясын философиялық тұрғыдан тереңдеп, көркемдік жағынан әрлене түскен кезеңі. Қазақ поэзиясына Жұмекен - өз үлесін осы тұста қосты және ол қазақтың сөз өнерін өркендету жолына ақырғы демі біткенше еңбек сіңірген, қолынан қаламы түспеген жанкешті ақын. «Талант әралуан. Оның қыры мен сырын жарқ еткізіп аша салу кімге де болса қиын. Әсіресе бұл ұлы жазушы, ірі таланттарға тән қасиет»,- деп, профессор Қажым Жұмалиев шығармашылығын зерттеп, талдауға тәуекел еттік.

Жұмекен поэзиясы сан қырлы. Бұл тарауда ақын лирикасы сөз болады. Олар тақырыптары бойынша бөлініп талданады, идеялық ерекшеліктері ашылады.

Ақынның поэтикасы бірден қалыптаса қалмағаны белгілі. Жұмекен объективті өмірді шынайы көрсету жолында талай ізденіс соқпақтарынан өтті. Өлең сияқты «сөз патшасының» қыры мен сырына жету жолында қаламгердің талай қиыншылықтарды бастан кешіргені даусыз. Алайда ақын өзі бет алған бағыттан қайтпай қайсарлық көрсете білді, үнемі ізденіс үстінде болды. Әуелі уақыт үніне жауап беру, өмірді шынайы бейнелеу, содан соң көркем сөздің сырларына үңілу, оны іздеу, табу сияқты бейнеттерді Жұмекен де басынан өткерді. Жігерлі талпыныс, қайсар талапкерлік, бойға біткен табиғи талантты еңбекқорлықпен баптай білушілік оны майталман лирик дәрежесіне көтерді. Оның осы ерекшеліктерін шығармашылық болмысынан байқаймыз.

Әдебиет туралы ғылымның пайымдауынша, лириканың бірнеше түрі бар. Олар: саяси-әлеуметтік яки азаматтық лирика, махаббат лирикасы, табиғат лирикасы, философиялық лирика. Дәл осындай лирика түрлері бір сөз етіп отырған қаламгерге де тән. Лириканы бұлайша жіктеу – шартты түрдегі әрекет. Ал шындығында ұлы Абайдан бастап осы күнгі ақындарға дейінгілердің туындыларын бұлай тарамдау – қиындыққа душар етіп келеді. Олай дейтін себебіміз – лирикалық шығармалардың аталған түрлері көп жағдайда бір-біріне ұласып, жіктері ажырамай жатады. Осы қиындық Жұмекен лирикасында да алдымыздан көлденеңдей береді.

Суреткердің лирикасын талдамас бұрын оның лирикалық қаһарманы жөнінде айта кету жөн. Ақынның лирикалық қаһарманы – үлкен интеллект. Ол ұсақ-түйек төңірегінде, отбасы, ошақ басында қалып қоймайды. Оның басты міндет етіп көтеретіні – адамгершілік , ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар – ожданына кереғар ұсақтықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық проблемалар, керек десеңіз, бүкіл планеталық мәселелер. Оның ойлайтыны – жеке бастың қамы емес, халық мүддесі. Осындай биік парасаттылықты ту етіп көтерер қаһарман айналасындағы қиян-кескі құбылыстарға бейқам қарай алмайды. Тыныштық өмір оған жат. Айнала етектен тартқан ескілік, мансапқорлық, аярлық, опасыздық, қаныпезерлік тынышын алып, түн ұйқысын төрт бөледі. «Өлең - сирена», - дейді Қадыр Мырзалиев. Бұл шындық екенін Жұмекен поэзиясы дәлелдейді. Әр өлеңі – ақын сезімінің сиренасы. Нәжімеденовтің лирикалық кейіпкері өзін әлем алдында, адамзат баласы алдында жауаптымын деп сезінеді.

Әр ақынның лирикалық кейіпкерінің өзіне тән мінезі, қан қызуы, яғни темпераменті болады. Қазақ ақындарының лирикасында ондай мінездің алуан түрін кездестіреміз. Ал Жұмекен кейіпкерінің мінезі басқа ешбір ақынның кейіпкеріне ұқсамайды. Демек, бұл – ақынның лирикалық кейіпкер мінезін даралауда суреткерлік шеберлікке жеткендігінің белгісі. Жұмекеннің лирикалық кейіпкері - байсалды, байыппен сөйлейтін, асықпай ой салмақтайтын, асып-таспайтын, еш нәрседен саспайтын, қандай іс-әрекет, құбылысқа болсын қарапайым да сезімтал жүрегімен қабылдап, жүрегімен дәріптейтін, жүрегімен айыптайтын парасатты тұлға. Онда жайлап айтса да, алыстан орағытып, тыңдаушысын да байсалдылыққа шақыратын, терең ойландыратын, алды-артын аспай - саспай бағдарлаттыратын қасиеті бар. Л.И.Тимофеев пен Н.Венгеровтың «Краткий словарь литературоведческих терминов» деген сөздігінде мынадай анықтама бар: «Гражданская поэзия – поэтические произведения, идеи, темы, образы которых непосредственно связаны с общественной жизнью и борьбой народа за свободу и счастье...». Осы айтылғанға сүйенсек, қай ақынның да шығармаларын оның азаматтық лирикасын талдаудан басталады. Сол себептен біз де Жұмекеннің азаматтық лирикасын сөз басы еттік. Азаматтық яки әлеуметтік-саяси өзі шартты түрде бөлінген басқа лирикалардай емес, алуан түрлі тақырыптарға тарамдалып кететінін есте тұтқан жөн. Сол себептен бұл қомақты поэтикалық топтаманы талдауда жүйелік болу үшін әр тақырыпты жеке-жеке қарастырамыз.

Ж.Нәжімеденовтің азаматтық үні «Жүрегімде бір тамшы қан болса егер» деп басталатын өлеңінде-ақ көрініс береді. Әп дегеннен ақын ойлары кесек айтылған бұл шығарма Жұмекеннің күнделікті ұсақ-түйекті тілге тиек ететін ақын емес, кесек ойлы, ірі де іргелі қаламгер болатындығынан хабар берген еді. Кеудеден шымырлап қайнап шыққан көңілдің ақ жамбасындай үлкен толғанысты туынды – ол. Кейіпкер өзін денені аралайтындығын айтады. Адам денесі қансыз өмір сүре алмайтын болса, ел де адамсыз өмір кешуі мүмкін емес. Адамға еш уақытта да тоқтау жоқ, сол әрекеттерінде мақсат-мұраттар мол. Адам демі - туған жердің демі. Тамшы қан тіршілік нәрі болса, кейіпкер де тіршіліктің биігін аңсайды, өзін елден бөлектей алмайды.

Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке,

Бүкіл дүние тұрып қалар секілді.

Осы екі-ақ тармақтағы мағынаға толы жолдарда өлеңнің бүкіл идеясы бар. Шындығында да, адамсыз, адам әрекетінсіз дүние қаңырап қалар еді. Қысқа да нұсқа бұл өлеңді Жұмекеннің азаматтық поэзиясының лейтмотиві дер едік. Басқа шығармалары осы өлең төңірегіне шоғырланып, биік идеяларға, нұсқайды. Лирикалық кейіпкер өзінің ұлағатты сөзін барлық жылы жүректі, парасатты ешкімді алалау дегенді білмейтін кеңпейіл адамдардың атынан айтады. Оның мінезінен терең идеяны адам өзін өмірден, тіршіліктен бөлек санамау қажеттігін, бар болмыс әлем бір-бірімен диалектикалық бірлікте екенін, шындықтан, өмірден оқшау өмір кешу мүмкін емес екенін айтады. Ақын – заман перзенті. Оны айқындай түссек, ақын заман дүбірімен үндес, заман ағымымен бірге болуы керек. Заманның сағат сайын қояр сауалына жауап беру үшін жауапкершілікті сезіну - әр қаламгердің ең басты азаматтық борышы. Қоғамның жазылмаған заңы қалам қайраткерлерінен үнемі сергектікті талап етеді. Ақын Жұмекен мұны терең сезінген. Оның кез келген өлеңінен өмірге деген ерекше құштарлықты көретініміз де осыдан. «Жүрегімде бір тамшы қан болса егер...» деген өлеңімен үндесіп жататын «Соқ, сағат» дейтін топтаманың да мәні терең. Лирикалық кейіпкердің пікірі әр оқырманның жүрегіне жол тапқандай, оқырманның өз сөзіндей болып естіледі. «Өз көзіммен» деп аталатын ақынның өмірге өзінше қарау кредосының жүзеге асқандығын дәлелдейтін жинағына енген өлеңдер бес бөлімнен тұрады. Ақын уақыт, заман, өмір туралы ой-сезімдерін бес өлеңге тұтастырады. Бір–бірін күрделендіріп, байыта толықтырып тұрған әр бөлім нақты бір ой діңгегіне ұласып, тарамдала дамиды.

Лирикалық кейіпкер заманның құбылмалы характерін дөп басып, дәл бағалауды мұрат тұтады. XX ғасыр – аласапыран төңкерістер, қарама-қарсы қаһарлы қақтығыстар ғасыры, өсулер мен өшулер, жарылыстар мен жаңғырықтар, түрлі кереғарлықтар қаптаған, адам ойын талқандап, адам жүрегін тебіренткен ғасыр. Секунд сайын елең еткізіп өмірде есепсіз проблемалық шиеленістер туындап, жаңалықтар да ашылып, самғаулар мен шарықтаулар болып жатқан ғасырда ақында жайбарақаттық болуы мүмкін емес. Құлшынысқа, ұмтылысқа, өмірдегі өзгерістерге барлық жақсылықтар мен жамандықтарға сезімтал жүрек: «Тағы бір ғажайып түн өтті – тек қана үлгірдім құмартып» деп зулап бара жатқан заман екпініне, уақыт жүрдектігіне ілесу қиын екендігін ескертеді. Ақын түннен кейін таң, бір таңнан кейін тағы бір таң жырын жаңа туған тәулікке үндестіре алмай дал болады.

Әдебиет зерттеушісі Төкен Ибрагимов бұл өлең жөнінде былай дейді: «Жас та елгезек кейіпкер (лирикалық кейіпкер) таңмен таласа тұрыпты. Мезгіл үнімен ояныпты. Кешегі өткен түннің, бүгінгі таңның құрдасы. Ойлана, сезіне тұрып, өмірді уақытпен, ойын жырмен өлшемек. Өзіне кексенің міндетін жүктеп, жастық құлшынысын құптатпақ. Ет қызу, елегізу бар бойында. Елегізе беретіні – асығыс... Ендеше ақын тыңшымайды, ғасырымыз тыншытпайды. Ақын рахаты ой үстінде».

Сыншы ақынның уақыт алдындағы парызы жөнінде дөп айтқан. Ақынның лирикалық кейіпкері адал азамат атынан сөйлеген. Асығу, заман, қоғам көшіне ілесу, тіпті одан оқ бойы оза жүру ақынға ғана емес, ең бастысы, планета алдындағы жауапкершілігін сезінген адамға қажет.

Лирикалық кейіпкердің асығуы – жай ғана асығу емес, адам баласының бақыты үшін еңбекке құлшыну. Ал еңбек – алда не болатынын болжамай қара терге малшынып мақсатсыз жер қаза беру емес, «қол мен кеудеде сенім бар, бағыты бар еңбек – нәтижелі мәресі алдағы еңбек. Қай заман, қай қоғамға өмір сүрсең де өмір тірегі – осы еңбек екені айдай анық шындық, әлемді алақанымен аялап тұрған да еңбек», - дегенді айтады ақын. Кейіпкер адамзат баласының игілігі үшін бәріне де әзір. Ақын үні өз замандастарымен бір арнада, бір дауыспен, бірақ бөлек, өзіндік әуенмен шығады. Ол құштарлық үнімен өмірге, тіршілікке деген қамқорлығын сездіреді.

Ал бірақ сөгілсе дүние ұлтаны,

Өзіме шеге қып қағамын, -

деу лирикалық кейіпкердің қандай пікірдегі азамат екендігін айқындайды. Өмір өзгерісі күнмен, жылмен ғана шектелмейді. Онда сағат пен минуттан озуға талпыныс керек, себебі уақыт өзі- өзін қусырып келеді.

Секундтар қуалап бір-бірін,

Толқын боп соғады жарына.

Секундтар бір-бірін соққылап жатқанда, адамда қаперсіздік пен тыншу болмауы жөн. Адам бүгін істеген ісінің келбеті болашақ күнде тұруы үшін қызмет етуі қажет. Ақынның:

Алдағы күндердің жүзінен

Күлкімді көруге келем мен,-

деуі содан.

Әр азамат мезгіл маусымындағы әр ісін салмақтап саралайды. Өйткені лирикалық кейіпкер бүгінгі кеткен қателіктің қайта қайталанбауын, сөйтіп, уақытқа кесір – көлеңкесін түсірмеуін ойлаған қарекетінде «таң ата бала боп оянып, күн бата шал боп жататынын» айтып, жар салады. Өзгелерді де осыған шақырады.

Соқ, сағат!

Ұш, қиял!

Ой, ізден!

Міне, үзеңгі қағыстыратын сағат, қиял, ой сияқты үш тұлпарды ақын осылайша ерекше атайды. Осылардың қайсысы бәйгенің жүлдегері болмақ. Ақынның оқырманды жетектеген ой өзегі – тек қана озу. Бұл жарыс додада кейіпкер «бар күшімді пайдаланам», - дейді. Өйткені асығу - өмір заңы.

Лирикалық кейіпкер өзінің құдіреттілігін, биіктігін де жария етеді. Өршіл оптимизм өлеңдердің бәрінің өн бойында үзілмейтін өрнек тапқан. Кейіпкер ғасыр дүбірін ауаның дірілінен-ақ түсінеді. Ол аспанның көп жұлдызының ішінен бірін алып жарына сырға қып ұсынады. Осындай ғажайып істермен аяқ баса ғана «секундтар саусағы санайды жүректер дүрсілін». Өлеңнен уақытпен бірге аттаған «ертең мен бүрсігүнді» бүгінге айналдырған құдіретті адам бейнесін көреміз.

Жұмекен шығармашылығының алғашқы кезеңінің өзінде-ақ сәтті туған өлеңдер мол. Ақынның бұл кездегі жырлары оқырман көңілінен шықты. Сонымен бірге ол әдебиет сыншыларын да бейқам қалдырған жоқ. Өйткені балғын қадам туындылары лирикалық кейіпкерлерінің бітімі бөлек, кесек еді. Алғашқы жинақтың өзіндегі «Отан» атты өлеңде туған ел алдындағы борышын ұғынған, өмірдегі өз орнын анықтаған адам бар. Ол өзінің өмірдің қонағы емес, қожасы екендігін жария етті.

Бел балаң ем, өсейін де шынығып,

Заводтарда болат илеп, шыны үгіп,

Семіруге келгенім жоқ өмірге,

Аулақ жүріп, ауа жұтып, тынығып, -

деген жолдар халық алдындағы үлкен міндетін сезінген адамның сөзі. Лирикалық кейіпкер өмірдегі жамандық-жақсылықты айыра отырып, оларға деген көзқарасын білдіреді. Қас шындықты жасырмай ашық айтады. Жаңа заман психологиясының адамы әрдайым осындай айқын да батыл ойлы, басқаша болуы шындыққа керағар. «Анау келген кім болады екен, біліп келші кім екен?» деп басталатын өлеңінде адам қасиеттері мен мінездерінің қалтарыстарын, адамға байланысты басқа да болмыстарды қарапайым да қысқа өлең жолдары арқылы саралап береді. Өзі шағын болса да, идеясы қомақты шығарманың жүгін арқалап тұр. Өлеңдегі батырлық, байлық, адалдық, жалғандық, бақыт, арман сияқты дерексіз ұғымдар жанды бейнеге айналып, нақтылана көрінеді. Ақын қиялынша, бұл адамдық белгілер оқырман санасында әртүрлі іс-әрекеттер жасайды. Мәселен, бейнелер лирикалық кейіпкердің үніне келеді. Ал лирикалық кейіпкер болса, сезіміне нұсқау бере сөйлейді. Бейнелер кезектес келген сайын «Кім болады екен, сол емес пе екен?» деген болжамды сұрақ қояды.


Анау келген кім болды екен, біліп келші кім екен,

Батырлық па? - өз төрімде жайраңдатам, түнетем.

Байлық болса, қулау болар, тура қара көзіне,

Кім де болса алдамасын, алданбасын өзі де.

Өлең осылай басталады, бейнелерге қойылар сауалдар жалғаса береді. Өлеңде бейнелер болмысына қарай екі түрлі көзқарас кезектесе алмасады. Оны кейіпкер басындағы драмалық ойлар туындатады. Кейіпкер табиғаты таза, адал адам, тірі пендеге жақсылық тілейтін, жақсылық жсайтын ғана қасиетке ие. Сондықтан оны жағымсыздық пен жақсылық жарыса отырып, қарама-қарсы ойларға жетелейді. «Өз төріме жайраңдатам», «барым - әзір, көңіл хош», «кілем таста, дастарханым жаямын», «өмір бақи арқалайын, төзейін» деген тіркестер «қулау болар, тура қара көзіне», «тулақ таста, сүртіп шықсын аяғын» дегендерге тұп-тура қайшы пікірлер. Шығармадағы мұндай қарама-қарсы пікірлер ақынның идеясын айқындай түсу үшін ерекше қызмет атқарады.

Өлеңінен-өлеңіне ауысқан сайын күллі адам санасына қараңғыда жол көрсеткен шамшырақтай боп ақынның азаматтық үні алға бастап отырады. Адамгршілік парасат жылы жүректі адамдардың көкірегіне ұялай қалатын, қарапайым оқырман ойына келе қоймайтын, ол байқай алмайтын өмір қалтарыстарындағы құпиялар, ақынның өткір ойы қызықтыра береді.

Жұмекеннің азаматтық үні Москва сапарынан дүниеге келген «Қарулар палатасында» деген өлеңінде де анық көрінеді. Өлең қазақ ақыны Сұлтамахмұт Торайғыровтың «Бір адамға» атты классикалық туындысын еске түсіреді. Бірақ мұнда басқаша шешім, басқа көркемдік тұжырым бар. Кейіпкер қарулар музейін аралап жүр. Бұл мұражай адамзат баласы есте жоқ ескі заманнан бері қолданған қару–жарақтардың, бұйымдардың қойма - сарайы, кейіпкердің палатада өзін қалай сезінгенінен-ақ өлең идеясының ұшығы көріне бастайды. Өлең былай басталады:

Кіріп келдім сонау өткен күнге мен,

Өткен күннің салқынында тұр денем.

Осы жолдар-ақ оқушының тұла бойын тітіркендіріп жібереді. Мұражайды әбден аралап шыққанша ақынның (лирикалық қаһарманның) бойы, рухы қаруларға қараған сайын қандай сезім күйде болғанын поэтикалық тармақтар хабардар етеді. Ақынмен бірге отырып біз де лирикалық кейіпкердің айтқанын құптаймыз. «Дір-дір еткен қылыш», «Қаһарлы Иван таяғы», «Мономахтың бөркі», «Алтын күйме», «Түрлі шапан», «Қамшыға жұққан қан» - бәрі де ызғарлы, бәрі де кейіпкер бойын тітіркендіреді. Тарих куәлеріне XX ғасыр өкілі өз идеялы көкжиегінен қарайды. Оқушыны айтқанына сендіреді.

Салқын сәуле құйылады төбеден,

Қарулардың ызғары өтті денеден.


Жүр, Қалеке, шығайықшы, салқын бұл,

Салқын екен, сәулесі де алтынның.

Оқушы да кейіпкердің тезірек айтқанын құптайды. Осындағы «салқын» деген эпитет қайталану арқылы өлеңнің идеялық діңгегіне айналған. Қазіргі заман адамы осы сөз арқылы өткеннің өкініш-озбырлықтарына лағынет айтады. Зұлымдықтар ізі өшпейді, қанша уақыт өтсе де адамдарды үнемі сескендіре бермек деген ой салады.

«Қарулар палатасында» атты өлеңге қарама-қарсы бағыттағы идеяда жазылған өлең – осы сапардың тағы бір туындысы – «Қыздар моласы» («Новодевичье кладбище») өлеңі. «Қарулар палатасынан» тоңазысақ, «Қыздар моласынан» тұла бойыңыз жылынып, еңсеміз көтеріліп қалады. Өлеңнен ақындық үлкен қиял лебі еседі. Халық құрметтеген, ардақтаған даналардың моласы әсте қасиетті. Олар халық сүйіспеншілігімен қашалған ескерткіштермен ел махаббатына бөленуде. Ақын «Қыздар моласы» деген атаудан қызық сыр тапқан. Жұмекеннің ізденгіш те тапқыр қиялы ақындардың қасиетін мола атымен байланыстырады.

Қызық атау! «Қыз моласы» несі бұл,

Қайда қоймақ ақындардың есімін?

«Сұмдық» деуге жетпей тұрды батылым,

Әлде ақынды ескерткіштен қызғандым?!

Әлде халық барлық жақсы ақынын

Жүрегіне жерлеген бе қыздардың?!

Тоңбасын деп бұла жырлар.

Өлеңнің бұл жолдары ақындық тереңдігімен, ақындық тапқырлығымен тартымды. Ой мен сөз өлең мазмұнын көркейтіп, азаматтық көзқарасты арттыруға қызмет етеді.

Жұмекен шығармаларының шынайылылығы үнемі бір-бірімен идеялық байланыста болып, бірін-бірі толықтырып тұратындығында. Оның осындай сипаттағы өлеңдері қатарында «Жұмыр жерді түгел көріп өтем деп» пен «О, мөлдір аспан, мөлдір аспан» деген шағын туындыларын атар едік. Ақын екі өлеңінде де аспан әлемімен тілдеседі. Ол аспанға қарап: «Шіркін, адамның көзі болсам» деп армандайды. Егер ақынның арманы орындалса, онда ол жер бетіндегі барлық шындықтың куәгері боп тұрар еді. Ең бастысы – «Біздің мына ғасырға таңданар едің» деп өркениетті дәуірге тамсана назар аудартады. Ғылыми –техникалық революция заманын, өзі өмір сүрген ғарыш ғасырының ғажайыптарын тек жер бетіндегі адамзат емес, басқа да алыс жұлдыздар тұрғындарының қызықтыруын қалап, қиялдайды. Бұдан жер атынан айтылған мақтаныш рухы сезіледі. Өлеңде жер атынан бүкіл әлемге жар салу үні бар. Ақынның «Аспан» деп отырғаны тұтас әлем, егер әлемде басқа өркениетті планеталар өмір сүретін болса, ол солармен тілдесетіндей. Дәл осы өлеңнен ақынның ұшқыр фантазиясын, шырқаған ой-қиялын көреміз. Ал «Жұмыр жерді түгел көріп өтем деп» деген өлеңінде астарлы сыр жатыр. Сырт көзге лирикалық кейіпкер биік тұрғыдан жер бетіне қарағысы, бәрін көргісі келетін сияқты. Бәрін де бағдарлау, байқау бар ойында. Керек десеңіз, тіпті аспанға айналып кетуді де армандайды. Шынында кейіпкердің күн де, түн де, аспан да болғысы келу ниетінен оның жер сырына терең үңіле білуге мүмкіндік беретін ғылымды меңгеру арманы байқалады. Туған планета әлмисақтан зерттеліп келе жатқаны, бірақ жер жұмбағының көбі ашылмағанын ғылыми деректерден білеміз. Ал лирикалық кейіпкерге мағлұмат аздық етеді. Сондықтан ол «бар жағынан бірдей көріп тұруды», сөйтіп, планетаның сырын әлде де молырақ білуді мұрат етеді.

ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ФИЛОСОФИЯСЫ


Орыс ғалымы А.Михайлов: «Есть такой жанр поэзии, где с наибольшей глубиной выявляется творческая индивидуальность художника мыслителя. Это – философская лирика» десе, «Қазіргі кездің бірталай лирикасында заман шындығын уақыт сырының философиялық мәні ашу жолымен пайымдату сарыны аңғарлады. Бұл - Әбділданың бірсыпыра өлеңдерінде, Қадырдың Жұмекеннің жақсы жырларында бар қасиет» - дейді зерттеуші ғалым Серік Қирабаев.

Жұмекен - философ. Ол поэзияға философиялық толғаныстар ала келген ақынның бірі. Осындай терең мағыналы өлеңдерінің бірі – «Тоя ма екен бұл дүниеде сырға адам?» деп аталады. Иә, адам еш уақытта сырға тояр ма? Сыр дегенде, ақын күллі дүние сырын, оның шексіз құпияларын айтып отыр. Өмір құпиясын адамдар бастан-аяқ бір-біріне үйрете бастайды, ал тұрмыс-болмыс –екінші ұстаз. Бұлардың бәрі – заңды құбылыс, табиғи нәрсе.

Ақынның ұғындырмағы – адам еш уақытта бәрін іштен біліп тумайды, табиғаттағы құпияларды білуге ұмтылу – адам өміріндегі үзілмес үрдіс. Адам алдында үміт бар, мақсат бар. Сол үміт мұратты өмір бақи қуасың, қол жеткенді қанағат тұтпайсың, үміт оты тағы да адамды ілгері жетелей түседі. Сонда да бірі жетсе, бірі жетпей жатады. Мақсатты іске асыру үшін өмірден үйрену керек. Ақын соны шебер айта білген.

Лирикалық кейіпкер көп білсе де, бәрін білем деп мақтана алмайды. Себебі – оның білгенінен білмейтіні көп. Ол тыпыршиды, іздейді, өйткені заман арғымағы зымырап келеді, алды-артына қарап аялдамайды. Бүгінгі білем дегенің ертең ескіріп «білмейтінге» айналуы мүмкін. Лирикалық кейіпкер тынши алмайды.

Күннен-күнге жаңарды өмір, сол үшін

Үйрету де, үйрену де мәңгілік, -

деп өз философиялық кредосын ұсынады. Мәңгілік үйрену болмайынша, бұл өмірде шын мағынасындағы адам боп қалу қиын екендігін ұқтырады. Жұмекеннің көпшілік өлеңдері көлемі жағынан шағын болып келсе де, салмақты философиялық ойға ие. Мысалы мына бір өлеңін алайық:

Бозторғай бұтаға паналап,

Майысып көтерді бір шыбық.

Ішімнен етемін қанағат,

Осынау көркіңе тіршілік.

Бар болғаны осы төрт-ақ жол. Сөйтсе де сырлы ойларға толы. Мұнда тіршілік пен өлі табиғат арасындағы бір-бірімен бітіскен терең байланыс бейнеленген. Олардың осылайша қоян-қолтық бір-біріне сүйене өмір сүруінде ғажайып үйлесім, көрік бар. Лирикалық кейіпкер осы гармонияны қалайды, табиғаттың әсем қалпынан айнымауын тілейді. Объективті өмірдегі мұндай зәредей шындықтан ақының философиялық мағына табуы – оның қаламгерлік аңғарымпаздығы, әрі соны жеткізе білген шеберлігі демеске лаж жоқ.

Қоғамда, адамзат өмірінде адам туғызған талай заңдар барлығын білеміз. Сол заңдар табиғат, қоғам дамуынан еркіне бағынбайтын басқа объективті заңдарға көмекшілік қана қызмет атқарады. Өмірдің жазылмаған заңдары қаншама!? Ақын оқырман көңілін соған аударады. Мұнымен автор жаңалық ашып тұрған жоқ, әрине. Табиғатта өзіндік сыр бар екенін кім де болса біледі. Алайда ақын өз ойын оқырманның бұрыннан білетіндеріне көмекшілік ретінде ғана нақтылай түскен. Мәселен, «Бұл жерден басталса тіршілік, сапарын сол жерден аяқтар», «Күн қайда болса – онда көлеңке», «Күлкінің қадірін тек қана қайғылы біледі», «Жел қайда – сонда шөп ырғалар», «Жол қайда болса – онда жүргеннің іздері қаларын білемін» деп ашып көрсетеді де, өлеңді былайша:

Өмір-ау, осынша көп заңға,

Қай кезде қол қойып үлгердің? –

деп юморлық сұрақпен аяқтайды. Осындай заңдардың көп екендігіне нұсқайды. Лирикалық кейіпкер өмірдің объективті заңдылықтарына бой ұсыну керектігін, олардың адам тәлкегіне көнбейтіндігін айтады.

Философиялық ойларды ақынның «Егіз шумақтар» деп аталатын топтамаларынан да кездестіреміз. Мұнда да ол өлеңіне адам өміріндегі байқалмаған жайларды айтады. Ақындық қиял өмір тереңіне үңіле берсе, таппайтынына болмайтынын Жұмекен өлеңдерінен айқын көресіз. Мұндай қасиеттердің ақындарда болу-болмауы олардың бақылағыштығына байланысты. Гогольдің: «Глубоко чувствующая душа всегда символизирует» дегені шындық. Мысалы, Жұмекен әр адамның мінезін төрт жүзді екі қылышқа балайды. Бұл бейнелі суретті көзге елестетсек, адам болмысында қылшылдаған екі қылыш бар деп түсінеміз. Оның бірі – жауына, халық жауына, әділет қастандығына қарсы сілтенеді. Бұл әрекет орындалса, лирикалық кейіпкердің бойынан елге деген сүйіспеншілігі көрінеді.

Екіншісі болса, ол да бір құпия қылыш, қылшылдаған күйінде әрекетке дайын. Ал оның сілтенер сәті - Отанға опасыздық туындаған сәт. Ол опасыздыққа қарсы үкім шығарады. Ақынның астарлап айтып отырған басты идеясы – адамдық арды биік ұстау. Жауға қарсы күресті де, ел алдындағы азаматтықты да ар басқарады дейді ол. Жұмекен адам болмысындағы осы құпияны бейнелеп, суретті сөз арқылы нақтылап көрсете білген.

Ақынның тағы бір қызық топшылауына назар аударайық. Ақын философиясы бойынша адам өз өмірінде үш- ақ күн өмір сүретін сияқты. Қалайша дейсіз ғой. Олар: дүниеге келген күн, бұрын тіршілікте жоқ едің, енді барсың; махаббат сезімі туған күн – құштарлық; мәңгілікке сапар шеккен күн. Адам өмірінде осы үш-ақ күн ғана даңқты күндер, осы күндер ғана адамның адамдығын биіктетеді. Жұмекен ұсынған өлшеммен қарасақ, жалғыз-ақ күн өмір сүретіндер де бар екен. Олар тек қана туған күнімен шектеліп қалғандар. Қалған екі күнді кешпеген адам - өмірін бос өткізген пенде. Ал нағыз азамат, шынайы адам дегеніміз осы үш күндік өмірді түгел кешкендер. Үш күнде адам үш рет туады екен: бірінші күні – дүниеге келуі болса, екінші күні – махаббатпен арайланып, түлеп жаңару, үшінші күні – мәңгілік өлмеске қайта тууы деп түсіндіреді ақын. Бәрі де «туу» ұғымына бағындырылады. Бұл әр адамның қоғамдағы орнына байланысты өмір боп елестейді. Оның өзі де ақын ұғымынша, қысқа, бірақ ұлы ғұмыр.

Әр адам дүниеге келген соң еліне барынша пайдасын тигізуге тырысады. Бұл ниеттің оның бойындағы бар асыл қасиетімен ұштасып жататыны сөзсіз. Тіршілік еткен пенденің әйтеуір бір нәрсеге икемі болады ғой. Бірі-әнші, бірі-қылқалам шебері, бірі-алып күш иесі, бірі-қаламгер, тағысын тағылар. Өнер иесі-халық құрметтісі. Сондықтан осындай біртуар талантымен көрінген ұлдарын халқы сәйгүлік тұлпарға, ұшқыр қыранға, көз жетпес биікке, асыл тасқа теңейді. Ақын болса, онда ол сол халық даналығын, оның өнер адамына деген сүйіспеншілігін жарыққа шығарушы. Жұмекен ақын осындай ел үздіктері жөнінде толғана отырып, философиялық ойларға беріледі. Өмірде қыранға баланған адам-үздік, ал байғыз-оған қарама-қарасы, жағымсыз бейне. Ақын өлеңіне жүгінейік:

Қос қанатын қиып алып байғыздың,

Қырандарға берсек егер ұялмай.

Қыран болып сілтер қыран бәрібір

Байғыздың да қанатын.

Топшы керек қанатты да қағатын

Жаман аты – сол баяғы бір жаман.

Қыран қанатын беріп еді байғызға

Қонды барып мұржаға.

Ақын концепциясы нақты: табиғи талант, дарын қай мүшесінен айрылса да бойындағы дарындылығын жоймайды. Ал дарынсыз алтынмен аптап, күміспен қаптасаң да сол күйінде қалады. Жұмекен философиясы – осы.

«На пути лирического отражения и пересоздания характера лежит некая кульминационная точка особенной внутренней напряженности и ясности. Различные нити душевного состояния, нередко перепутанные, затуманенные, вдруг собирают в фокус, стягиваются в точке (тогда мы говорим о моменте озарения» и пр.) и затем снова распускаются, но теперь уже в новом, художественном качестве» деген әдебиет теоретигі Сквозниковтың пікірі ғажап.

Ақын өлеңдерінің сырларына үңілген сайын талай қызық пікірлерге тәнті боласыз, мәселен, мына бір жайға назар салайықшы. Адам өте күрделі психологиялық болмыс екенін білеміз. Үміт, күдік деген категориялар әр адамда болатын психикалық құбылыстар. Адам бір нәрседен қатты үміттенеді, не сәл нәрседен қатты күдіктенеді: бірі алға жетелесе , бірі кері тартып, түбіңе жетеді. Үміт пен күдік адамның ішкі иірімінде бір-бірімен кескілескен майдан ашады екен. Сөйте тұра, бірінсіз бірі жоқ. Ол – табиғат заңы. Үміт жетегінде жүріп, белгілі бір нәрсе туралы күдіктенбеске де болмайды. Өйтпейінше ілгері баспауың да мүмкін. Егер бір күдік жаңа ұмтылыс туғызса, ілгері аттанған үміт жолында жүректі қинамасқа тағы да хақың жоқ. Бұл – мақсатты іске жету жолы. «Өмір - күрес» деген философиялық қағиданы Жұмекен құрғақ қайталамайды, тың тәсілдер арқылы көрсетеді. Ақын өз ой ағымын оқырман жүрегіне жеткізу үшін астарлауды шебер пайдалана алатынын осы өлеңмен дәлелдеп береді. Үмітті де, күдікті де екі арланға балау арқылы ол сезімдердің ғажап мықтылығына көз жеткізеді. Арман – адам тіршілігінің темірқазығы. Арманның орындалуы жолында адам қандай апаттардан болсын тайсалмайды, өлең материалымен нақтылап айтсақ, қандай арланға талануға да риза. Оңайлықпен ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес, - деген нақыл да жатыр өлең астарында. Демек, оңай өмір сүру де мүмкін емес, адам өмірі іште, тыста да кескілескен майдан. Ақынның ой өзегі осындай.

Өмірде себепсіз нәрсе жоқ дейді ақын философиясы. Табиғатта бір құбылыстан бір құбылыс туындап, бірін-бірі дәлелдеп, бірін-бірі жоққа шығарып, бірін-бірі жетілдіріп, бірін-бірі жойып жатады. Осылардың ішінен ақын «керектілік» ұғымына байланысты оқушының білімін молайта түседі. Мысалы:

Тауды асып шығу үшін төбе керек,

Дауласып жығу үшін көне керек.

Адаспай жүру үшін жол керек,

Таласпай алу үшін молдық керек.

Қарттықты көру үшін бала керек,

Өкіндіріп өлу үшін дана керек...

Бәрі керек. Тіпті жағымсыз нәрсе - құлық-қулық та керек екен. Міне өмір сабақтастығы осында.Синтаксистік параллелизмді ұтымды пайдалана отырып, ақын «анау керек, мынау керек» деп жай ғана баяндап шықпайды, сезімге әсер ете ажарлап айтады:

Дана керек - өкіндіріп өлуге,

Бала керек – қарттығыңды көруге.

Өлең жолдарындағы «дана керек», «бала керек» деген тіркестерден кейінгі ойша қалыптастырылған «не үшін» деген сұрауға жауап беретін тіркестер: «өкіндіріп өлуге» я болмаса, мына үзінділерге назар аударайық:


Ерлік керек – жауың үшін емес ол,

Бірлік керек - -ауыл үшін емес ол,

Қол да керек – алу үшін емес ол.

Ақынның сөз қолданысындағы әдісі алдымызға проблемалық ой тастайды. Ілгері де сұраққа жауап бергендей болса, енді оқушыға өзі сұрау қою арқылы «керек» дегеннің неге керек екенін өзіне топшылаттырады. Бұл жерде ақын стилінің ерекшелігі, оқушыны шығармашылық ойға шақыру тәсілі анық көрінеді. Тумысынан жалғандыққа жаны қас боп өткен ақын өтірік айтатын, көлгірсіген жағымпаздарды, жалтақтарды, аярларды көріп, олардың біздің арамызда жер басып жүргеніне қатты күйінеді. Шындықтың қас жауы жалғандық әр уақыт екеу болады дейді автор. Шындық – қана біреу, дара, біртума. Жалған айтушы адам – ез. Сөйтіп, «Ез екі рет өледі» деген қазақ мақалының терең философиясы алдымызға тартылады. Ақын осы топшылауды әрі қарай дамытып әкетеді. Мақалдағы айтылмақ ой – ездің өзі бір адам емес, екеу екендігі, сонымен бірге ездің өмірі де екеу екен. Енді өлеңге жүгінейік:

Неге керек бір шындықты екі ұғып,

Екі айта алмас бір жүрекпен отырып.

Өмір – біреу, өлім – біреу, мен- біреу,

Екеу болса – біреуі оның өтірік.

Шындық өмірден туған ақын философиясының түйіні осындай. Келісесіз, құптайсыз, риза боласыз, шындық аясын ашқандай күйді бастан кешесіз.

Адам баласына белгісіз замандардан бері ілесіп келе жатқан оның қас жауларының бірі - өсек. Оның істемеген ісі, салмаған ойраны жоқ. Өсек айрандай ұйыған отбасын бұзады, дос пен досты айырады, ағайындарды бір-біріне жау қылады. Жұмекеннің осындай ойран қылықты өсек туралы қозғаған пікірі көңілімізге ұялайды.

От болса егер өсекшінің сөзінде,

Бар дүниеден қалар еді күл ғана!

Өсекшінің барлық әрекетіне берілетін нақты да дәл баға мақал-афоризмге айналып тұрған осы өлең жолдары деп білеміз.

Жұмекен Нәжімеденовтің ақындық тапқырлық қиялы адам ойына қапелімде келе қоймайтын елеусіз, әдеттегі қажетті нәрселердің өзінен драмалық қайшылық философиясын таба қоюға шебер-ақ. Ақын өлеңдері өмірдің мәңгілік қайшылыққа толы екендігіне көзімізді жеткізе түскендей.

Екі көзіміздің маңдайымыздағы шырақ екендігі, онсыз өмір сүру қиын болатындығы, ең маңызды дене мүшесі екендігі белгілі жай. Ал осы екі көз бір-бірімен кескілескен тартыста болатынына нанасыз ба? Халық аузында екі көз бір-бірін күндемес үшін арларына мұрын біткен екен деген аңыз бар. Ақын аңызға ыңғайлас философиялық болжам жасайды:

Екі көзің көрер болса бір- бірін,

Бір басыңды бұзып болар еді ғой.

Мұнда қаламгер дене мүшелері бір-бірін күндейді деген символдық топшылау жасап, адам бойындағы зиянды сезімдердің болып қалу мүмкіндіктерін әсерлі келтірген.

Ақын даңқ туралы да тұжырым айтады. Оның ойынша, даңқтың тағдыры әртүрлі. Автор қиялы даңқты кәдімгі зілдей қара тасқа балайды. Ақынның ұғымынша, шынайы даңққа ие болғандардың тастан қашаған ескерткіші олардың мәңгілік тірлігін көрсетіп тұрады, енді біреулер даңққа ие болмаса да тас тұғырға отырғызылады, үшіншілері – даңқ түгіл халықтан қарғыс алған, оған орнатылған ескерткіш оның жалған даңқын таспен бастырғанмен парапар.

Ақынның даңқ туралы мына бір өлеңі бір шумақты бола тұра, көтеріліп тұрған жүгінде зор салмақ бар:

Даңқта дәм бар дейді,

Өзінше жұрт гулейді.

Аз татқандар «бал» дейді,

Көп татқандар «у» дейді.

Түсінігін, ұғынамын оқырманның өзіне ұсынған ақынның осы жолдарынан кейін: «сен қалай ойлайсың, осының қайсысының айтқаны дұрыс деп білесің», - деген сұрақ тұр. Жұмекеннің жұмбақ сыры тағы алдымыздан шықты. Бұл – оның тағы бір стильдік- ерекшелігі.

Ақын Қадыр Мырзалиевтің поэзия мәселелері туралы төмендегі пікірінің жаны бар: «Біздің кейбір сыншы жұрағатымыз жастар поэзиясының тақырыптық шеңбері тар, түбіт иектер көбіне табиғат, махаббат, достықты ғана жырлайды. Қысқасы, қазіргі ақындарымыз көңіл-күйді төңіректеп шыға алмай жүр дегенді бетке шіркеу қып ұстамақ болады. Бұл өзі байыбына барып, көзі жетіп тұрып айтылған кесім емес, ағаттау пікір, әділетсіздеу үкім. Сөзіміздің бас жағында тиіп- қашып тоқтай кеткен едік, жалпы жастар поэзиясындағы лирикалық кейіпкер өскен, ер жеткен, ақыл тоқтатқан, тұлғалы, салиқалы, саналы кейіпкер. Рухани өмірі өте бай, жан-жақты, түгел есейген осы лирикалық кейіпкерлер араласқан көптеген өлеңдерде біз білетін біршама тақырыптың шекарасы жоғалып жымдасып кетіп отырады. Оларды туған жер, достық-махаббат, жастық тақырып деп жіктеп жату тіпті қиын боп барады ».

Мырзалиевтің бұл пікірінің ақиқаттығына Жұмекен лирикасы жауап береді. Ақын өлеңдерінің басы бір тақырыпты қозғап келе жатқан сияқтанады да, кенет басқа күрделі мәселелерге ұласып, адамдық, әлеуметтік жүйеге ойыса жөнеледі. Мысалы, «Жарық» және «Жапырақтар, жапырақтар саялы» деген өлеңдерін қай лирикаға телуге болады: табиғатқа ма, азаматтыққа ма?

В.Г.Белинский былай деп жазды: «Поэзия не описывает розы которая так пышно цветет в саду, но отбросив грубое вещество из которого она составлена, берет от нее только ее ароматический запах, нежные переливы ее цвета и создает из них розу, которая цветет еще лучше пышнее».

Жарық!

Көрем сені жанарынан тамшының,

Шешендердің таңдайынан көрем мен.

Көрем сені көмейінен әншінің,

Ал кейде бір туып кеткен өлеңнен...

Бұл өлеңде маңызға ие болып тұрған сөз – жарық! Ақын жарықты тек күн сәулесінен ғана іздемейді. Күн сәулесі – табиғи жарық, ал басқа «жарықтардың» астарлы мағынасы бар. Бүкіл әлемде тіршіліктің тірегі жарық болатын болса, «шешендердің таңдайынан», «көмейінен әншінің», «тамша өлеңдегі», сәби күлкісіндегі, ана мейіріміндегі, жанардағы жарыққа баланатын қасиеттер бар. Шешендік, даналық, жезтаңдай әншілік, мағыналы өлең, сәбидің шат күлкісі, ана мейірімі, мөлдіреген көз – бәрі жарықпен сипатталады. Аталған нәрселердің бәрі де адам санасына сәуле түсіреді, адам көңілінің шоғын тұтандырады, адамды бақытты, дархан етеді, өмірді терең сүюге ұмтылдыра түседі. Ақын сол өзі жарыққа балап отырғандарды тани, таба, аңғара білу керектігіне назар аудартады. Жақсылық атаулының бәрі нұрландыратын жарықтың қасиетіндей қасиетке ие. Бұл өлеңге енгізген ақын жаңалығы.

Екінші өлеңді де әуелі табиғатқа арналған өлең бе деп қаласыз. Лириканың бірте-бірте әлеуметтік мәселеге бет бұрып бара жатқанын байқайсыз. Өлеңді түгел оқып шыққанда ғана оқушы ойында басқаша әсер қаланады. Шағын шығарма болса да шартты түрде бөлімдерге бөліп қаралық. Себебі әр бөлім ақынның жеке бір сезімі. Демек, лирикалық өлең көптеген сезімдердің қосындысынан туған.

Жапырақтар, жапырақтар саялы,

Жапырақтың төсінде шық таяды.

Бүкіл осы Алматыны табиғат

Жапырақтың бояуымен бояды.

Әсем сурет. Тұтас табиғат бейнесі. Жапырақтың молдығы нұрға малынған терек, жапырақтың төсінде тайған шық. .. Өлеңнің осы шумағы – қаланың жасыл желекке бөленген суретін көзге елестетеді. Ақынның екінші ойы – табиғатты аялау.

«Таптамашы, адамдардың аяғы!»

Үшінші бөлімдегі ой: жастық шақтың да дәл осындай жапырағын жайып, құлпырып көркейгендігі. Ақын табиғат пен адам өмірінен ұқсастық табады. Өмір де осы көктеген ағаш сияқты. Бірақ тағдырдың ғажайыптығы сол баяғы жастық шақта адаммен бірге өскен, қатар көктеген бұтақ қартайғанда адамның таяғы болады. Автор мұны айту арқылы адам мен табиғаттың бір – бірімен тығыз байланысын нұсқаған.

Өлеңдегі соңғы түйін – өмірдің өкінішсіз болмайтындығы. Адам кейде тағдыр талайынан ерте соққы көруі де мүмкін. Пешенеден қашып құтыла алмайсың. Осы шақта тағдыр одан таяғын да аяуы мүмкін. Демек, тағдырдың соққысы осы.

Өмірдегі «алғашқылық» проблемасы да көп адамдардың назар аудара қомайтын мәселесі. Ақын Жұмекен сол «алғашқы» деген ұғымнан поэтикалық жаңалық пен көркемдік шешім іздейді. «Алғашқы» дегеннің өзінде талай тайталастар мен тартыстар бар көрінеді. Мұнда да күнгей де, көлеңкелі де жақтар көрініс береді. Ақын әуелі «алғашқылардың» жағымсыздықтар мен кереғарлықтар тапқан. Осы ақиқат поэтикалық көрнекті жолдармен жеткізіледі:

Сендер, сендер ақталмай–ақ қойыңдар,

Алғашқы рет сілтінген ақ сойылдар.

Алғақы қол жат қалтаны ақтарған,

Алғашқы адам барымтаға аттанған,

Сендер, сендер ақталмай–ақ қойыңдар.

Соншама жағымсыз қылықтар, болса да «алғашқыларымыз» деп масаттанатындар да бар екенін айта келіп, ақын оларға тойтарыс береді. Бұл «алғашқылар» – адамға зұлымдық әкелгенер, олардың кеуде соғатын орны жоқ, мақталатын «алғашқылар» – басқа. Автор «алғашқылардың» екі тобын бір–біріне қарама–қарсы қояды. «Алғашқы рет жалт еткен көк алмасқа» , «алғаш бас кескен қылышқа», «аңға алғаш тиген оққа» ақын лағынет айтады. Осындай жауыздықтарға талай соққы да беріліп келеді.

Жауыздықты үздік талай қауыз ғып,

Жауыздықты бұздық талай ауыз ғып.

Әйтсе де, жауыздықтар таусылмайды, бітпейді.

Сендер тартқан көкпарды әлі тартамыз,

Барымтаның біз де артына мінгестік.

Кереғар «алғашқылар» арасындағы мәңгілік күрес оқушы ұғымына осындай образбен жеткізіледі. Жұмекен «алғашқылардың» ішінде адамға жақсылық, игілік әкелгендерге мақтанады, оларды дәріптейді. Өлеңде алғашқы жауыздық пен алғашқы жақсылық қарама–қарсы алынады. Екеуінде ақын көзқарасы анық.

«Қарқ етті алғаш қара қарға қай маңнан?» дегенге қарсы сұрақ: «Сайрады алғаш қай орманның бұлбұлы?»

Тағы да:

«Ақ отаудың кім ашты алғаш есігін?» дегенге қарсы сұрақ:

«Жылатты екен алғаш рет кімді–кім?»

Ақынның пікірінше, бұлар шешімі табылуы керек мәселе. Олардың сараланатын, салмақталатын кезі жетті. «Бәрін, бәрін есептейтін күн бүгін», - деп ақын жар салады. Замманның оларды саралай отырып берген бағасы лирикалық кейіпкер сөзімен өрнектеледі:

Біреуіне алғыс айтам, ал шындап,

Біреуіне қарғыс айтам қалшылдап.

Бұл – адамзат алғысы мен қарғысы. «Әділетті алғашқылықтың қасиеті – адам баласы үшін жасалған жаңалық» дейді автор. Мұндай жаңалықты тудырғандар құрметтеледі.

О, жасаңдар, алғашқылар!

Айтам–ау ,

Кейінгінің бәрі–бәрі қайталау!

Осы жолдармен автор тағы бір ойдың ұшығын білдіреді. Өнер мен ғылым саласындағы алғаш ашылған жаңалықтардың бағалылығын еске алады.

Сөзі сенікі өрген адам жырды алғаш,

Көз сенікі көрген адам күнді алғаш!

Жаңалықты алғаш ашқан – сол жаңа жаңалықтың қожасы. Ғылымдағы, өнердегі жаңалық біртума, еш қайталанып ашылған емес. Қайталанған нұсқаны ғылым деп те, өнер деп те ешкім айта алмас.

Бұл келтірген мысалдарымыз, жасалған қарапайым талдауларымыз Жұмекен ақынның философтығын дәлелдейді.

Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын өзіндік ақындық жаратылыс, өзіндік ақындық бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін ақын. Алған тақырыбын да, оны өлеңге айналдыру жолдарын да Жұмекен оңайлатып, арзандатып алмайыншы дегенді үздіксіз ойлайды. Ол адамның, жаратылыстың сыртқы қалпынан гөрі философиялық табиғатын ашқанды, адам мен жаратылыстың биік келісімін тереңірек сипаттағанды ұнатады. Сондықтан да ол бірде уақыттың қозғалысын (движение) айтқанда, оған өзінің ішкі байланыстарын сөз етсе, бірде әлемдік космос уақытпен ішкі байланыстарын сөз етсе, құпия сырлары мен адам жанының қимылдарын байланыстыра айтуға тырысады.

Жылдар өткен сайын Жұмекеннің философ ақын екендігін дәлелдейді. Ақынның лирикалық кейіпкері заман мінбесіне сөйлеп, көргіш, сезгіш тіпті бақылағыш болып алады. Ол - тынымсыз да елгезек. Зәредей нәрсе де оған әсер етпей тұра алмайды. Ақын оны әлемдік дәрежеге, адамзат баласына ортақ дәрежеге дейін көтерді. Суреткер көтерген проблема әлемдік қасиетке ие болды.

Жұмекен Нәжімеденовтің басты еңбегі поэзияда, шеберлігі де осы жанрда. Бұл жанрдағы ақын шғармаларының идеялық тақырыптық негізі, қозғаған күллі мәселелері, сол арналарда суреткердің өмір шындығын өнер шындығына айналдыру мәнері мен машығы, тәсілі мен әдісі, осыдан танылатын шеберлігі, сайып келгенде, лирикалық кейіпкер, сол арқылы күллі шығармашылық бойында желі тартып жатқан образ, образдылық сыры мен сипаты – міне, біз талдап зерттеген проблемалар осылар. Осылар арқылы біз өз мүмкіндігімізше Жұмекеннің ақындық ерекшелігін, оның шығармашылық эволюциясын, өсіп-өрбуін, жеткен биігін пайымдадық. Сөйтіп ақын лирикасының жалпы қазақ поэзиясындағы орны мен рөлін байыптадық.

Жұмекен өмір философиясына, құпия сырларға тереңдей алатындығын байқатты. Тіршілік тылсымдарына үңіліп, адам іс - әрекетіндегі болмыс психологисындағы заңдылықтарды ашумен болды.





















Қорытынды

Бұл ғылыми жобада Ж. Нәжімеденов өлеңдеріндегі философия мен лирика сөз етіледі. Ж.Нәжімеденов өлеңінен-өлеңіне ауысқан сайын күллі адам саласына қараңғыда жол көрсеткен шамшырақтай боп ақынның азаматтық үні алға бастап отырады. Адамгершілікті парасат жылы жүректі адамдардың көкірегіне ұялай қалатын, қарапайым оқырман ойына келе қоймайтын, ол байқай алмайтын өмір қалтарыстарындағы құпиялар, ақынның өткір ойы қызықтыра береді.

Жұмекен лирикасында азаматтық әуеннің басымдылығы көрінеді. Еңбек, соғыс пен бейбітшілік, туған жер, махаббат, табиғат, бала – перзент, өмір философиясы, өнер – басты жүйе тамырлар. Бұларды жеке-жеке жіліктеп, аражігін ажыратып алып кете алмаймыз. Бір-бірімен шырмауықтай шырмалап, табиғаттасып, гармониялық бітіскен туындыларда алуан мәселенің басы адам сезіміне шым-шымдап әсер етеді.

Ақынның лирикалық кейіпкері өмірге парасаттылықпен барлай, бақылай, салмақты қарайтын, оған баға бере, заманды жан-жүрегімен түсіне білетін азамат.

Лирикалық кейіпкер өмірдің қайшылыққа толы, тартысты күрделі процесс екенін ұғынған. Ол қай мәселеде қалай толғанса да, оқырманның сезім пернесін дәл басып, оның өмірге деген көзқарасына әсер етеді. Ақынның әр өлеңі оқырманның көкірек көзін ашады.

Жұмекеннің лирикалық кейіпкері заман алдындағы жауапкершілігін мықты сезінетін адам. Оның қатты алаңдап, түн ұйқысын төрт бөле тынышсызданатыны - отбасы, ошақ қасының мәселесі емес, бүкіл әлемдік, адамзат баласына ортақ проблемалар.

Лирикалық өлеңдеріндегі басты тұлға – «лирикалық қаһарман», яғни басқа сөзбен айтқанда лирикалық «мен» Гегельдің айтуынша, лирикалық өлеңнің нақ ортасында жырдың бүкіл бітім болмысын әйгілейтін нақты субъекті ретінде ақындық «мен» жатуға тиіс. Сонымен қатар кез келген лирикалық өлең (Өлең = сезім + ой +сюжет+ композиция = ақиқат) негізінде құралып, ақынның «көңіл жүрегінің концентрациясынан» (Гегель) таза да, табиғи күйінде шыққанда ғана шынайы жырдың болмысын әйгілей түседі.

Ж.Нәжімеденовтің лирикалық өлеңдеріндегі жырдың өне бойындағы ішкі қоңыр ырғақ адамның жүрек түкпірінен үн тартып сыршыл әлемінің коммуникациясына терең бойлатып, тау суындай таза да, табиғи қасиетімен көңіліңді баурайды. Оның поэзия жанрында еткен қажырлы еңбегі, тереңдігіне бойлатпай келе жатқан философиясы, стильдік хас шеберлігі әдебиеттану ғылымы саласында арнайы зерттеулер жүргізілуін қажет ететіні айқындалды. Бұл - жобаның ғылыми, көркемдік құндылығы болып табылады.

Оқырманның баға жетпес рухани байлығына айналған

Ж. Нәжімеденовтің өлеңдерінің қазіргі қазақ поэзисында алатын орны ерекше. Сондықтан да алмастай жарқыратып, асыл мұраларды болашаққа апаратын жас ұрпақ Ж.Нәжімеденов шығармаларын терең білуі тиіс. «Ж.Нәжімеденов өлеңдеріндегі философия мен лирика» атты зерттеу тақырыпты талдаудан туған осы бір ғылыми жоба оқушылардың, жыр сүйер қауым оқырмандардың, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беретін ұстаздардың көмекші құралына айналар деген ойдамыз.


Пайдаланған әдебиеттер


1. Ә.Сәрсенбаев. Шындық жыршысы. Жұмекеннің жүрегі «Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер» Алматы «Білім» баспасы, –2006.


2. Ә.Тәжібаев. Ғаламға ғашық жүрегі. Жұмекеннің жүрегі «Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер» Алматы «Білім» баспасы, –2006.


3. Х.Хабдешов. Қаршадайдан бірге өскен қара бала. Жұмекеннің жүрегі «Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер» Алматы «Білім» баспасы, –2006.


4. Қ.Мұхитов. Сегіз қырлы еді. Жұмекеннің жүрегі «Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер» Алматы «Білім» баспасы, –2006.


5. Ғ.Қайырбеков. Жұмекен туралы сөз. Жұмекеннің жүрегі «Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер» Алматы «Білім» баспасы, –2006.


6. Ә.Кекілбаев. Қайсарлық. Жұмекеннің жүрегі «Жұмекен Нәжімеденов туралы естеліктер» Алматы «Білім» баспасы, –2006.


7. Жұмекен Нәжімеденов үш томдық шығармалар жинағы I том «Өлеңдер мен поэмалар» Алматы «Жазушы» 1996.


8. Жұмекен Нәжімеденов үш томдық шығармалар жинағы II том «Өлеңдер мен поэма» Алматы «Жазушы» 1996.


9. Жұмекен Нәжімеденов үш томдық шығармалар жинағы III том «Өлеңдер мен поэмалар» Алматы «Жазушы» 1996.



19


Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
25 ақпан
2367
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі