Материалдар / «Жыр пырағы - Мұқағали» әдеби-музыкалық кеш.
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

«Жыр пырағы - Мұқағали» әдеби-музыкалық кеш.

Материал туралы қысқаша түсінік
Өнер сүйер қауымға, жас ұрпақ жеткіншектерге Мұқағали туралы,оның өмір жолы, шығармалары туралы тереңірек мағлұмат беру. Ақын өлеңдерінің әр жолы,әр сөзі оның өмір жолы баспалдағы екенін түсіндіру. Тыңдарман қауымның Ақиық ақынға деген, оның өр өлеңдеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыра отырып, ақын шығармаларын насихаттау.
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
22 Желтоқсан 2017
521
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Тақырыбы: «Жыр пырағы - Мұқағали» әдеби-музыкалық кеш.

(Мұқағали Мақатаев поэзиясын сүйер көпшілік ересек қауымға арналады.)

Мақсаты: Өнер сүйер қауымға, жас ұрпақ жеткіншектерге Мұқағали туралы,оның өмір жолы, шығармалары туралы тереңірек мағлұмат беру. Ақын өлеңдерінің әр жолы,әр сөзі оның өмір жолы баспалдағы екенін түсіндіру. Тыңдарман қауымның Ақиық ақынға деген, оның өр өлеңдеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыра отырып, ақын шығармаларын насихаттау.

Көрнекіліктер: АКТ, Ақын портреті, афоризмдері мен өсиет өлең жолдары жазылған флипчарт.

Кештің барысы:

Ұйымдастырып жүргізуші Шүлбі орта мектеп-кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Барақпаева Гүлмира Нығметқызы:

- Қайырлы күн, құрметті өнер сүйер қауым!

Сіздер «Жыр пырағы - Мұқағали» атты әдеби музыкалық кешімізге қош келдіңіздер!

Иә,бүгін біз сөз еткелі отырған Мұқағали ол кім еді, ол жайлы біз не білеміз, міне, сол жағын сөз етпекпіз. Енднше алғашқы сөзді ақынның өзіне берейік.

Батыржан мен Аружан ақынның «Менің анкетам» өлеңін оқиды.

Жүргізуші: Сөйтіп, өмірді жырлау үшін дүниеге келген ақын:

Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден-деп,

өлең жолдарын одан ары нөсерлете түскендей.

Демек, қара өлеңнің қас шебері Мұқағали Мақатаев сынды шежіре ақынымыз үстіміздегі жылы 87 жасқа толғалы отыр.

Ендеше ақын атамыздың жүріп өткен жолына да зер салайық.

Диана: Әкесі Сүлеймен сол өңірдің тұңғыш колхоз құрылысын жолға қойған, шаңдақта шаңырақ көтерген шағын шаруашылықты басқарған адамдардың бірі болған екен. Ел шетіне жау тиген аласапыран заманда көппен бірге майдан шебіне аттанады. Алапат соғыс қасіреті Мақатаетар шаңырағын шайқалтып кеткен еді. Сүлеймен Калининград маңайында болған сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза табады да, қарғыс атқыр қара қағаз суық хабар әкеліп, шешесі Нағиман қаршадай Мұқағалиға жеделғабыл үш ұлымен жесірлік тауқыметін тартып, аңырап қала береді. Балдай тәтті балалық шағы жаралы жылдарға дөп келген болашақ ақын ерте есейіп, арба айдап, соқа салып, тырма тартып,шөп шауып,масақ тереді. Кейініректе осының бәрі өзекті өртер өжет өлең болып өріледі де, өрісті өрнек табады. Сондағы өлеңдерінің бірі: «Әке аманаты»

Батыржан:

Аттанарда алыс жолға,

Тапсырды әкем аманатын.

Серт етіп мен де алдым қолға,

Әкемнің берген «асыл затын»

Сұстандырған суық лебі

Соғыс жылы қыстың кезі

Әкем сонда аймалап мені,

Аманат еткен мынау ед сөзі:

«Тыңда, балам,тыңда, күнім

Болуға жара қолқанат!

Кәрі анаң, сәби інің,

Барлығы саған аманат!»

Деп жан әкем аттанып,

Кетті қайта айналмай.

Тек сол сөзі жатталып,

Жүрегімде қалғандай.

Алия: Осындай әке аманатын арқалап қалған бала кейін өршеленіп,намыстанып: «Әкеме» деген өлеңінде белді бекем буынып, серт беріп тұрғандай болады.


Сонымен құладың ба, тас қамалым,

Қалмады күйініштен басқа амалым.

Зиратың аяқ асты болмасын деп,

Бұзылған қорғанымнан тас қаладым.


Шынымен құладың ба, шым қорғаным,

Шынымен өртендің бе нулы орманым,

Әке, сенің өміріңді жалғамасам,

Құрып кетсін жер басып ұл болғаным!-дейді.

Эльнира:

-Ақынды да, алыпты да, ғұлама ғалымды да осынау дүниеге әкелген ардақты АНА емес пе!

Ақынның анасы Нағиман шешей Мұқағалиын былай деп аңырап еске алады: «Маған байқалған ең басты қасиеті – балам әділетсіздіктің қандайына да төзбейтін. Өзінен жасы кішіге ауыр сөз айтып көрген емес. Бірде бос қауқиып, бірақ әжептәуір үлкен орынның құлағын ұстап отырған замандасының бірін сөзбен сұлатып салғанда:

  • Бүйте берсең, тірлігіңде сыйлаған-сыйламағандарың былай қойғанда әлі ешкім саған топырақ та салмас,-дедім. Сонда балам:

  • Ә, Нақа, тірі болсаң көрерсің әлі… мені қалың елім көмеді, қала берсе өзге достарым қоса көмеді,- деді іркілместен.

  • Тәйт әрі, менің тағдырдан сұрарым сенің артыңда қалуым ба екен,- деп ыршып түскен маған:

  • Жарайды, кезінде көрерсің бәрін,-дегені.

Айтқанындай-ақ, жер қайысқан қара құрым халық азасына жиналғанда өзім аңырап отырып-ақ ұлымның сол бір көрегендігіне қайран қалдым.

Жүргізуші: Ол өзінің тұңғыш өлеңін де әкесіне арнаған еді. Сол өлеңдерінің өткірлігі сонша, көкірегіңді қарс айырғандай еді. Сөйтіп жүргенде біреу баламның қолына 15 сом ақша ұстатыпты да өлең дәптерін алдап алып кетіпті.»

Осындай өршіл ақынымыз тағдырдың маңдайына сыймай,1976 жылы небары 45 жасында ұзақ науқастан кейін дүние салады.

Санат: Тиын әжесі мен Нағиман сынды қос ананың тәрбиесінде өскен ақынның аналарына арнап жазған өлең жолдары да аз емес-ті.

Шеше, сен бақыттысың

Шеше, сен бақыттысың!

Жыламағың.

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңірінен мен едім ғой сұрағаның,

Сондықтан жыламағың,жыламағың!

Бармын ғой. Тірімін ғой,Қасыңдамын.

Өлмеймін мен өзіңдей асылданмын!

Таусылып өз-өзіңнен шашылмағың,

Байырғы берекеңді қашырмағың.

Мен сенің қанықпың ғой көз жасыңа,

Өзім кепіл тот басып, тозбасыңа.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап,

«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

Тәңірім кеше гөрсін кесірімді,

Аспанға жазам сенің есіміңді!!!

Шеше, сен бақыттысың, тербете бер,

Құба талдан иілген бесігіңді...

Батыржан: Құрметті, аналар қауымы, ақынның «Сәби болғым келеді» әнін сіздерге алыстағы балаларыңыздың атынан және сіздердің де алыстағы аналарыңызға арнаймыз, қабыл алыңыздар! Орындайтын музыка пәнінің мұғалімі – Жігер Түсіпбекұлы.:

Ақынның төрт баласы,бар балаларының анасы,ақынның жары Лашын.

Қыздары Майгүл, Бибігүл, Шолпан, ұлы Мұратқа арнап жазған өлең жолдары аз емес-ті. Жанұясын жанындай жақсы көретін ақын олар жайлы естеліктерінде де көп сөз етеді. Ақын өзінің бір естелігінде:

  • Сүйікті, балаларым менің!Ақылсыз болмаңдар! Өмір тола қауіп,абай болыңдар!Өмірдің әрбір құбылысына байыппен, ақылмен қараңдар! Жөні жоқ мейірбан, жұмсақ болмаңдар!

Өмір барда жауыздық та бар. Мейірбандықпен, жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды... Бір сөзбен айтқанда,сүйе де,жек көре де біліңдер, бірақ әрқашан адам қалыптарыңда қалыңдар! Әрдайым сақ болып,әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер!

Балаларым менің! Балаларым менің! Егер сендер түсінсеңдер ғой мені!.. дейді.

Эльдар:

«Сүрініп кетпе»

Сүрініп кетпе! Сүрініп кетсең болғаны,

Дей бергің достым басыңа қырсық орнады.

Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы-

Аңдамай басып,Сүрініп кетсең болғаны.

Аңдамай кейде басамыз-дағы кердеңдеп,

Құлап жатамыз, Аяқ-қолымыз ербеңдеп.

Сүрініп алып, есіміз қайта келгенде.



Жоғалған сәтті іздейміз тағы жерден кеп.

Таппайсың оны,

Тартасың азап сан жылдар.

Аттай алмайсың,

Құлауың мүмкін, алдың-жар.

... Не істесем екен?!

Не істесем екен сендерге,

Сүрініп кетіп, Бүлініп жүрген тағдырлар!

  • Келесі тыңдайтын әндеріңіз «Қуанышыңмен» деп аталады.

Мұқағали қалам тартпаған тақырып кемде-кем шығар.

Енді ақынның махаббат тақырыбына бет бұрайық.

Жігер мен Еңлік:

Махаббат диалогы

-Құс боп ұшып жоғалсамне етер едің?

-Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.

- Отқа түсіп өртенсем не етер едің?

- Күл боп бірге соныңнан кетер едім.

- Бұлдырасам сағымдай не етер едің?

- Жел боп қуып ақыры жетер едім.

- Қайғы әкелсем басыңа не етер едің?

- Қойшы қалқам, бәрін де көтеремін.

Жүргізуші: - Ендігі сөзді көрермен әрі тыңдаушы қауым, сіздерге бермекпін. Жүрек қалауларыңыз бойынша ақынның өзіңіз білетін өлеңдерін оқып, ақын сөзіне жазылған әндерді шырқауларыңызға болады. Келесі сөз кезегін мектеп оқушыларына беремін. (Ақынның әр түрлі өлеңдері оқылады).

Ойлы жас! Өлең менің сырласымдай,

Сырлассам да құмарым жүр басылмай.

Айтып өткен ақында арман бар ма,

Жүрегінің түбіне кір жасырмай,- десе, енді бірде ақын:

Қалқам мен Лермонтов, Пушкин де емен,

Есенинмін демедім ешкімге мен.

Қазақтың қара өлеңі құдіретім,

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген.

Жат жерді жастанғанда жазатайым,

Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.

... Қасиетіңнен қара өлең айналайын,

Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.


Түзу-түзу жыртылған аңыздайын,

Аңызыма неге нәр тамызбайын.

Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан тамызбайын.


Ақынмын деп мен қалай айта аламын,

Халқымның өз айтқанын қайталадым.

... Күпі киген қазақтың қара өлеңін.

Шекпен жауып өзіне қайтарамын – дейді.

  • Диана: Иә, Мұқағали Мақатаев талантының берік тұғыртасы – шаңдағына аунап,

өзеніне шомылып,құстар қиқуын тыңдаған туған топырағында. Ол соған тартып туған. Ақын дала мен тау атажұрт арқылы Отанды, адамзаттың алтын бесігі – жұмыр жерді сүйеді. Кішкентай жүрекке кең дүниені сыйғызып, әлемдік кеңістікке құлаш ұрады. Ақын:

Басымды иіп,тіземді бүгіп тұрып,

Ажарымда айдындай шуақ тұнып.

Отанымды сүйемін күліп тұрып,

Отанымды сүйемін жылап тұрып,-

деп жырлап, Отанға деген ыстық махаббатын осылайша көрсетеді. Ақынның туған жер, Отан тақырыбына арнап жазған өлеңдерінің өзі бір төбе.

Нұрислам: «Үш бақытым»

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,

Соған берем ойымның алтын кенін.

Ол бар болса, мен бармын қор болмаймын,

Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,

Тас жүректі тіліммен тілімдедім,

Кей-кейде дүниеден түңілсем де,

Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,

Құдай деген кім десе, Отан дер ем!

... Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?

Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен.

Түтін түтет, өс, өрбі, көгере бер,

Немерелер көбейсін, шөберелер.

Жадыңда ұста, Жақсылық күтпегейсің!

От емес, оқ сұрасаң егер менен!

Құдірет: «Отан туралы»

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.


Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған

Бәрі маған: «Отан» деп сыбырлаған

Жаным менің кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған!


Отан! Отан! Бәрінен биік екен,

Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем,

Отанды сүймеуің де күйік екен,

Отанды сүйгенің де күйік екен.

Айдана: Күптігей ақын көңілі өстіп ой толқындарын кешіп, жүрегі осылай лүпілдейді. Ол ең алдымен халқының ары мен инабатын, ақиқаты мен тазалығын алға тартады. Соны айтып өзі де жырымыздың ары мен ақиқатына айналады. Қазақ елінің, қазақ жерінің әнұранына айналған ақынның «Саржайлау» әні баршамызға таныс танымал әндердің бірі. Ендеше «Саржайлау» әнін бәріміз орындап көрсек қалай болар екен.


Мағжан: Тірі адамның өзінің көзі тірісінде өз жаназасын шығарғанын естігендеріңіз бар ма? Әрине жоқ. Ал Мұқағали болса, өзінің дарыны дарқан тартқан кезінде бейдауа дертін іште сезгендей, кейінгі кездері –мәңгі тақырыптар: өмір мен өлім, тіршіліктің түзілуі мен ыдырауы, қартаюы мен жасаруы, адам мен заман, уақыт пен кеңістік, мезгіл мен мекен төңірегіне қайта-қайта қайрыла соғып, онсыз да беймаза жүрекке жүк артып,қағылез қаламын қалғытқан жоқ еді. Сол көркемдікізденістерінің заңды жалғасы, жемісі болып «Жан азасы» дүниеге келді. Осы «Жан азасы» жайында өзі: - Бұл жазылған дүние ұлы адамның қалдырған мұрасына қазақша, ақынша көзқарас, басқа дәнеңе де емес,-дейді.

Жүргізуші: Ақынның «Жан азасы» бес бөлімнен тұрады. І. Табыт үні; ІІ.Халық үні; ІІІ.Жесірлер үні; ІҮ.Жетімдер үні; Ү.Бесік жыры. Қазір сіздердің назарларыңызға «Табыт үнін» ұсынамын.

Мен сені сүйгем, Жаныммен сүйгем, Жарық күн!

Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.

Ақ сәулең сенің, аймалап сені, Жарық күн,

Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.


Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,

Сезгемін, білгем, Мен үшін бір күн тынарын.

Тастама мені, Тастама мені, Шырағым!Шуағың түссін,

Шөп болып, мейлі, шығамын.

Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге,

Тірлікте сонау түскенмін талай әуреге.

Қешкен өмір де,Көрген бақыт та барлығы,

Жетпейді екен ғой,Бір күндік сенің сәулеңе.


Бір күндік сәуле...Бір күндік жарық мекенім!

Мәңгілік түнек – қапасқа қалай кетемін.

Келмейді-ау тілім...Өлгеннен сұра дер едім,

Тірі жандарға, Өмір дегеннің не екенін.


Өмір дегенге, Тірлікте,сірә, жетер ме ой,

Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.

Бекер ғой бәрі, Бекер ғой бәрі-бөтен ғой!

Өмір дегенің – бір күндік сәуле екен ғой!


Тамшыдай ғана, нұрыңа міне зарықтым,

Өмір осы екен ғой , сырыңа міне, қанықтым.

Жаса сен Мәңгі! Жаса сен Мәңгі! Жарық Күн!

... Табытпын, табытпын, табытпын...

Адам баласын құшағына алған қара жердің атынан тағы да ақын:

Самира: «Бесік жыры»

Әлди, Әлди, Ақ балам,

Ұйықтай ғой, балам, Жат балам,

Мәңгілік сені тербетуге,

Мәңгілік бесік сақтағам.


Күндер де мұнда жоқ, балам,

Таңдар да мұнда атпаған.

Түсіріп сәуле түнекке,

Жат, балам,Әлди ақ балам.

Жоқ мұнда күрес, ерегес,

Күншілдік, қулық, төбелес.

өзіңдей мұнда көп емес,

Ақ балам, жалғыз сен емес.


Ұйықтай ғой, балам, шошынба,

Бауырың, жарың, досың да,

Аңдыған жауың, қасың да,

Тоғысар бәрі осында.


Шулама, орман, кең дала,

Баламның алма мазасын!

Тербетіп тұрам мен ғана,

Мәңгілік жанның азасын,

Өмірді қандай сыйласаң,

Өлімді сондай жат көрме!

Батыржан: Ақын өзінің 1974 жылдың қыркүйегінде жазған күнделігінде былай деген екен: (үзінді)

- Менің белгісіз досым! Сен маған: өз семьяң, өз үйің, өз ошағың бар, тағы саған не жетпейді дерсің? Жоқ олай емес. Менде семья, ата-ана, туыс жоқ. ...Онда неменеге өмір сүріп, семьяңның қамын жеп, пірі болуға тырысып өлең жазып, кітап шығармақ болып жүрсің дерсің? Жауап берейін:

Балаларым үшін, өз тамшы қаным үшін. Қалай болғанда да олар менің

ол кішкене жыртқыштарым да кез келген уақытта менің жанымды ауыртуға, қатты жарақаттауға олар да даяр... Олар мені солай қабылдайды, солай таниды. Менің ішімде әлдене өлген, оны енді қайта тірілту мүмкін емес... Бәрібір соңғы сөзді мен айтам. Қалай болғанда да ақырғы әнімді айтып бітуге тиіспін ғой.

Тағы бірде ақын: - Мені адамның өзі, сыртқы сүлдері емес, мінез-құлқы, қатынасы, ойы мен психологиясы қызықтырады. Оларды түсінуге тырысамын. Адамдарды түсінсем, олардың да мені түсінгенін қалаймын. Менің бүкіл поэзиямның мәні – міне осы. Поэзия – мен үшін жанымның шырылы. Басқа ештеңе де емес.

Айшуақ: Өмірінің соңғы жылында жазған /1976ж./ күнделігінде:

  • Менің қымбатты достарым! Егер сіздер менің өмірбаянымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар! Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінемін. Естеріңізде болсын менің өлеңдерім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Адамның өмірі мен қасіреті туралы жазылған поэма. Естеріңде болсын әр өлеңім өз орнында тұрсын, сонан соң көз алмай оқыңдар. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным. – дейді.

Диана: Мұқағалиды зерттеудің керегі де жоқ деп айтуымызға әбден болады. Өйткені ол өзін-өзі әлдеқашан зерттеп кеткен еді. Осындай ғаламат өмірдің сыншысы да зерттеушісі де Мұқағалиды Лимараның орындауында «Есіңе мені алғайсың» әнімен еске алайық.

Жүргізуші: Құрметті қонақтар, қалай болғанда да біз бүгін ақын өмірімен аз да болса танысып, пікірлесіп, сырласып қалғандаймыз. Біз ақынның өміріне қысқаша шолу ғана жасадық. Мұқағали жайлы, оның өлнңдері жайлы шағын уақыт ішінде айтып шығу мүмкін емес екенін білеміз. Ақын жайлы күнде айтсақ та айтып, сірә, тауыспаспыз.

Кешіміздің соңын ақынның мына бір өлең жолдарымен аяқтағым келеді.

Әлем – дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,

Қорған емес, салтанатты сәнді сарай соғыңдар.

Ей, Адамдар, сендер тату, сендер тату болыңдар!

Анамыз - Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,

Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық...

Армысың, сен арамызда жалғыз перзент – Тыныштық!

Бүгінгі «Жыр пырағы – Мұқағали» атты әдеби-музыкалық кешімізді Айдынова Нұрайымның орындауында ақынның «Күрең күз» әнімен аяқтаймыз.



Баракпаева Гульмира Ныгметовна «Шүлбі жалпы орта білім беретін эстетикалық білім және тәрбие беру мектеп-кешенінің» қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!