400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

КИЕЛІ МАҢҒЫСТАУДЫҢ ӨТКЕНІНЕ, БҮГІНІНЕ ЖӘНЕ КЕЛЕШЕГІНЕ САЯХАТ

Материал туралы қысқаша түсінік
студенттерді қоғам қайраткері, жазушы Ә.Кекілбаевтың балалық шағымен, шығармаларымен таныстыру. Маңғыстау өлкесінің қазба байлықтары туралы білімін толықтыру. Студенттердің шығармашылығын шыңдау, ой-қиялын дамыту.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ТАҚЫРЫБЫ: КИЕЛІ МАҢҒЫСТАУДЫҢ ӨТКЕНІНЕ, БҮГІНІНЕ ЖӘНЕ КЕЛЕШЕГІНЕ САЯХАТ

Джакаева Гульзира Баженовна

Ақтау қаласы. ЖШС «Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары

Мақсаты: студенттерді қоғам қайраткері, жазушы Ә.Кекілбаевтың балалық шағымен, шығармаларымен таныстыру. Маңғыстау өлкесінің қазба байлықтары туралы білімін толықтыру. Студенттердің шығармашылығын шыңдау, ой-қиялын дамыту.

1 жүргізуші:

Тарихың бар, мені ойларға батырған,

Мен – шағала, сен – көк теңіз шақырған.

Бабалардың көзін көрген киелі-

Маңғыстауым, айналайын атыңнан! 

2-жүргізуші:

Маңғыстау – қасиетті сан, киелім,

Шежіреміз таусылмайтын, күй елім.

Өзіңде өстім, кіндік қаным тамған жер,

Тәған өлкем, мен басымды иемін.

1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, студенттер! Назарларыңызға «Саналы ұрпақ» үйірмесінің жетекшісі, қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәні оқытушысы Джакаева Гульзира Баженовнаның жетекшілігімен  дайындалған «Киелі Маңғыстаудың өткеніне, бүгініне және келешегіне саяхат!» атты мәдени іс-шараға қош келдіңіздер.

2- жүргізуші: 

Не замандар өтсе-дағы бұлағай,

Көк түріктің туы қалды құламай.

Маңғыстауым – тұнып тұрған тарихым,

Ашық аспан астындағы мұражай, - демекші, кең байтақ қазақ даласында осы бір қасиетті өлкенің тарихы ерекше. Тарихының тамыры тереңге тартқан Маңғыстау жері талайларды тамсандырған. Табиғаты таңғажайып, тау-тасы түртіп қалсаң сөйлеп кеткелі тұрған ғажап өлке.

1-жүргізуші: Ендеше, Маңғыстаулық ақын Сабыр Адайдың сөзімен тыңдап көрейік.

Путин.П-19 тобының студенті.

Аққу деген құс болар,
Ақ бауырынан аппақ мамық түлеткен,
Айдынын аңсап, алқына ұшып жыр еткен.
Ақ ұлпа ұя - аруана дала кемеңгер,
Баршаңа сәлем, Маңғыстау атты түбектен!

Маңғыстау деген - май бүйір серке, паң дала,
Талайлар кеткен таңдайын қағып таңдана.
Ақбөбектен арнасын алған сұлулық
Мақтаулы қала Ақтауға жатыр жалғана.

Мақсат.ФК-19 тобының студенті.

Маңғыстау - түбек түйіле қалса түнерген,
Сүйіне қалса сезіммен нәзік гүл өрген.
Бұл қаладан Досан шыққан Иса мен
Жауының жанын жаһаннамға жіберген.

Маңғыстау деген - тектілер туын тіккен жер,
Шайқалып шаңырақ қансырап қанша тіктелді ел.
Жандармдар да, жаналғыштар да бата алмай,
Жауының өзі тағдырдан зауал күткен жер.
Жансая. НОО-19 тобының студенті:

Маңғыстау деген - киелі мая, кер үлек,
Кекетіп жүрме: "Қақталған кунге тері" деп.
Құлағын жымып сұрлана қалған даланы
Ойлаңдар - үнсіз бөрі деп,
Қапыда қалмаң өлі деп.

Маңғыстау деген - ақ шағыл менен аппақ нұр,
Ар-иманыңмен ақ босағасын аттап кір.
Не дегенменен тектіден туған тентектер
Атаның салтын ананың тілін сақтап тұр!

Ғабит. ФК-19 тобының студенті.
Маңғыстау деген киелі қазық ат байлар
Құлыны туар анадан алып қасқа айдар
Маңғыстау деген Әбіш пен Әмин,Естөре
Көкірегінде көмбелі жиһаз,отты ой бар

Арыңды сенің Маңғыстау, өлеңімменен қорғаймын
Азбаса екен атаның қаны сол қайғым
Маңғыстау сені жырлаған сәтте тереңнен
Қаңтардағы құйынды қырау таңдаймын.


Гүлназ. НОО-19 тобының студенті.
Төрлетің қонақ, көңілдер сыйға кенелсін,
Жатаған төбе жар қабақ тауға теңелсін.
Толқыған көңіл торқалы тойдың үстінде,
Халқым-ау саған осыдан артық не дерсің.


1 жүргізуші: олай болса, бүгінгі қонақтарымызға дүлдүл Маңғыстаулық ақын, жырау Қашаған Күржіманұлы «Тойбастарын» тарту етейік.

2 жүргізуші: ендеше, қазақтың қара домбырасын қолыңа алып, Сәнболат баста жырыңды.

Сәнболат. СЭЗ-19 тобының студенті. Қашаған Күржіманұлы. Тойбастар.

1 жүргізуші: Ғалым, пайдалы қазбалар құпиясын ашқан әйгілі геолог Қаныш Сәтбаевтың өзі Маңғыстауды ұйқыдағы аруға теңеді емес пе?
2 жүргізуші: иә, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев «Ұйқыдағы арудың оянуы» сараптамасында Маңғыстаудың өткені мен бүгініне ой толғап, келешегін болжаған болатын. Әдебиет майданында кемел ой, көркем сөзімен белгілі жазушы Әбіш – барлық дерлік еңбектерінде қазақ елінің тарихы мен тағдырына тоқталған және тарихты жалықпай көп зерттеген.

1 жүргізуші: Сонымен қатар, Әбіш Кекілбаев шығармаларында соғыс кезіндегі ауыл өмірі де суреттелген. Ендеше, Маңғыстау өлкесінің өткенінен саяхат жасайық.
І көрініс

  • Сарала таңнан қайда барамыз, апа?

  • Балам көзіңді ашсаңшы, айналаңа қарашы, не көріп келесің?

Әбіш Кекілбаев: Терістіктен тағаша иіліп қоршап жатқан ақ тау. Баурайлары тіп-тік құлама шың. Ту сыртымда, құбыла бетте — дөңкиген-дөңкиген құба шағылдар. Шағылдың етегі жүзген, құрақ, бидайық ұйлыға өскен қалың жықпыл. Қалың жықпылдың ортасындағы оймақтай тепсеңде жалғыз құдық. Ақ бор тастан қаланған аласа әйкел. Дәл сондай ақ бор тастаң ойылған ұзынша астау. Тепсеңнің терістік жағы дыңылдаған сор. Сордан әрі шың. Шыңнан әрі мөлдіреген көкжиек.

  • Ұмытпайтын бол, жаттап ал!

  • Жаттайтындай несі бар? Шың, сор, тепсең, шағыл...

  • Әбден қарап ал, балам

  • Қарадым. Сол баяғы шым тепсең. Көзге ұрып тұрған ештеңе жоқ, дөңгелек тембілдер, жермен-жексен шұқырдың орны.

  • Сен осы арада туылдың. Мынау сен туылған үйдің орны.

Әбіш Кекілбаев: О туған жер, көйлегімді шешіп, жеті рет аунап тұрдым. Енді мен бұл араны өмір бақи ұмытпайтындай көрінем. Енді мен бұл араны көзімді байлап қойса да, табатындай көрінем.

О туған жер, енді тағдыр мені кең дүниенің қай қиырына айдаса да, бұл араға тапжылтпай тауып келе алатындай көрінем. Енді мен туған ата-анамды қандай жақсы көрсем, жұмыр жердің осы бір пұшпағын да сондай жақсы көретіндей көрінем. Өйткені, ол маған өмір сыйлапты, мынау кең дүниені түгел сыйлапты.

Жансая: сол күндеріміз керемет еді, сұм соғыс бәрін құртты. Қаншама әйел жесір қалды, қаншама бала әкесіз қалды.

1 жүргізуші: Бала Әбіштен туған жерін сүйетін дана Әбіш осылай тәрбиеленген еді. Ә.Кекілбаев сол зұлмат күндердің естеліктерін «Ажар» әңгімесінде де бейнелейді.

(Ә.Кекілбаевтың «Ажар» (триптих) әңгімесінің желісі бойынша) Қатысушылар:

Ажар – күйеуі соғыста қайтқан әйел

Нұртай – баласы

Сәбит – сол ауылдың баласы

Досан – Нұртайдың досы

Қолына кітап құшақтаған Нұртай шығады. Оған қарсы жүрген Досан:

  • Бар, бар, Нұртай.Әне жерде Сәбит кітабыңа атыңды жазып береді. Балалар жаздырып жатыр.

Сәбит:

  • Әй, Нұртай, қайда барасың бері кел. Кітабыңа жаздыртпайсың ба? Кел жазып берейін.

  • Не деп жазып берейін?

  • Нұртай деп жаз.

  • Әкеңнің аты кім?

  • Жанқожа.

  • Айтқан екенсің, осы ауыл түгел біледі. Сен Жанқожа өлген соң туыпсың.

  • Бер кітабымды

  • Шын әкеңнің атын айт бұлғақтамай.

Нұртай: апа-ау, ана Сәбит бар ғой, әкем Жанқожа десем, шын әкеңнің атын айт деп кітабымды бермей қойды.

Ажар: Ұлым, апаңның басы ауырып отыр. Кішкене демалайын.

Соғыс, сұм соғыс күйеуімне айырды. Тіпті артында ұрпақ та қалмап еді, оның орнын Нұртайым жапты. Нұртайым, менің жалғыз қуанышым. Менің қызықты күндерім бітті деп жүргенде, аз күн дәурен сүрген ақ пейіл махаббаттың ескерткішіндей жалғызым, көкірегімді қасырет сызынан арылтқан жұбанышым. Жүректің сол бір құпиясы тереңірек көміліп, көп мазалай бермейтін.

... Көрдің бе, бүгін қайдағы бір жалаңбұт шәлдуардың қаңқу сөзі қаңғыған құйындай сол көмбенің бетін ашып кеткенін қарашы...

Жамал апамен көрші тұратынмын. Ол да мен сияқты соғысқа күйеуін берген. Оның артықшылығы қасында Әбені бар. Әбен менен 5-6 жас кіші болатын. Олар арғы атадан туыс болып келетіндіктен, шырақ деп атын да атамайтынмын. Дастарханымыз, әңгімеміз ортақ. Қасыретті күндерді осы кісілермен бірге жүріп сәл де болса ұмытқандаймын. Бір күні Жамал апа көрші ауылдағы сіңлісінің үйіне кетті. Әбен науқастанып қалды, бәрі содан басталды.Ел ішіндегі гу-гу өсек бір күні Жамал апаның құлағына жетіпті. Сол кез әлі есімде...Жамал апаның ұрыспай байыппен айтқан сөздері...

(Осы кезде шымылдық сыртынан Жамал апаның даусы естіледі)

Қарағым, жастықпен шалыс басқан шығарсың. Қазақта мақал бар «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» деген. Әбенім аузынан сүті кетпеген өрімдей жас қой. Сен ақыл кел, шырағым.

Ажар: міне, Жамал апаның осы сөзінен кейін Әбенмен біржола қоштастым. Бірақ жүрегімнің қасынан соққан кішкентай жүрек өткен күндердің белгісі болып қала берді. Балама не деп жауап беремін...Кім кінәлі...Сұм соғыс...

Нұртай: анашым, қайран анашым, басыңды тік ұста, өмірге ұрпақ әкелген ер анасың. Әкесіз өскен жалғыз мен емес, әкесі жоқ балалардың барлығына сұм соғыс кінәлі.

(Ортаға екі жігіт шығып, ананы тұрғызады. Осы кезде Ә.Кекілбаевтың «Әке» поэмасынан үзінді оқылады).

Уа, Мезгіл! Талай-талай жазың келді,

Қыр дөңін сан қайтара сағым көмді.

Кекілім қайырылды шалқасынан,

Менің де жігіт деген шағым келді.

Қақпасын балалықтың бұзып кіріп,

Барасың, о жігіттік, қызықтырып.

Барлығын сүю деген кереметтің,

Кетеді күлкісімен қыз ұқтырып.

Жігітпін, дербес атқа мінем мен де,

Жасаттым жабу, тоқым, жүгенді де.

Білмеймін әлі күнге қалай етіп

Таралғы тағатынын үзеңгіге.

Әуре боп күні бойы күбінемін,

Жөн сұрап енді кімге жүгінемін?

Әкем жоқ ақыл айтар, жөн көрсетер,

Амалсыз көрші шалға жүгіремін.

Амалсыз әркімге бір жүгіремін,

Амалсыз әркімге бір жүгінемін.

Қайтейін қайран әкем қасымда жоқ,

Амалсыз өткен күнге үңілемін.

Үңілсем қайран жүрек сызды өбеді,

Жанымның жарқ етпейді іздегені.

Көзіме күлімдеген көктем емес,

Салпы етек, салыңқы иін күз келеді.

І жүргізуші:

Маңғыстауым – маңғаз далам, паң далам,
Келбетіңе қараймын да таңғалам.
Кеудесіне сыйғызып мол байлықты,
Бүгінгі күн асып жатыр арнадан.
ІІ жүргізуші:

Қасиетті әулиелер мекені,
Құмы, тасы тарихтан сыр шертеді.
Сен туралы жырлап кетсе аталар,
Әңгімесі неше таңға жетеді – дегендей маңғаз өлкенінің бүгініне көз жүгіртейік.

Гүлназ Б.НОО-19 тобының студенті

Пай! Пай! Киелі неткен жер! 
Батырлар терін төккен жер ! 
Тұлпарлар дүбірлеп өткен жер ! 
Ғашықтар бір-бірін өпкен жер! 
Сарылып сал-сері кеткен жер! 
Бас иіп, иіскеп топырағына 
Тағзым жасамай өтпеңдер!

Маңғыстау . . . Бұл атауды естігенде соңғы кездері көп адамдардың санасында ашылып , игеріліп жатқан мұнай мен газ кен орындары ғана тұрады . Ал, осынау ежелгі мекен тек пайдалы қазбаларға ғана емес , сонымен қатар осы аумақта өмір сүрген Кіші жүз қазақтарының тарихына да бай.  Тарихының тамыры тереңге тарқан Маңғыстау жерінің қасиет тұнған топырағы талайларды тамсандырып келеді. Табиғаты таңғажайып, тау-тасы түртіп қалсаң сөйлеп кеткелі тұрған шежірелі өлке.

Эльнора. ФК-19 тобының студенті

Маңғыстау – кім-кімді де қызықтырып әкететін, терең тарихты өлке. Қазір егемен еліміздің ең бай өңірі, экономикалық даму тұрғысынан көшбасшы болып отырған қазыналы Маңғыстау - «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен», шытырман оқиғаға толы өңір. Жерінің асты қазынаға, жерінің үсті аңызға толы өңір. Әулиелі – киелі мекен. Осы өлкенің тарихын жетік білу бүгінгі сіздер мен біздердің басты міндетіміз

Ұранымсың, жан баба

Жыр әнімсің жан баба,

Жебеушімсің, жан баба

Демеушімің, жан баба

Бекет Ата-Пір баба!- Маңғыстау десе ауызымызға бірден Бекет Атамен Маңғыстау өлкесінің 362 әулие түседі. Асқақ жұртының  асқар – шақаршының  басындай тәкаппар, жүрегінен  мәңгілік  жәннат  тапқан, «әлсізге медет, күштіге айбар, зарыққанға жебеу, тарыққанға демеу, асқанға тосқан, сасқанға сая, ұрпаққа ұстаз, ұлысқа ұран, ел иесі, жер киесі Пір Атаға қанша тағзым  қылсаң да  артық  емес  деп білеміз. Киелі Маңғыстау жері әулиелерге бай. Әрқайсысының өзіне тән қайталанбас қасиет- ерекшелігі болғаны да аян. Уақыттың куәлік етуіне олардың әрқайсысының әсер ету күші де әр алуан болып келеді. 

Лаура.НОО-19 тобының студенті.

 Отпан тауы – «От Адамның» мекені

Әлімсақта болған екен деседі

Ғұламалар табиғатпен тілдескен

Дана шалдар, өтіп кеткен кешегі

Кіндік қаның тамып, туып-өскен мекеніңді, табаның тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көруге хақылысың. Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтынынан қымбат емес пе? Ендеше жеріміздің төрі- Отпан тау , еліміздің мөрі атанған - Адай Ата кесенесі.

Мақсат.ФК-19 тобының студенті.

Адайда, Абыл, Нұрымдай,

Байбақтыда Сырымдай

Ат құлағын теңдесіп

қайта жауап жазбасақ

Қожекен неден сүрінді-ай – деп Абыл, Нұрым, Сырымдардың ақындық, шешендік талантына бас иген. Киелі Маңғыстау жерінен небір жыршылар, әншілер өткен.

Қане, Сәнболат Маңғыстаудай ел бар деп байтақ даламызға Қазақстаннан сәлем жолда.

Сәнболат. А-19 тобының студенті. Сәлем Қазақстан.

1 жүргізуші: 

Қазыналы байлықты,

Берген бізге құдайым

Қосты елге бай, мықты

Газым менен мұнайым. «Мұнай мен газ – Қазақстанның басты шикізат байлығы, оның болашақ гүлденуінің негізі» деп Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Маңғыстау - өзінің қара алтын мұнайы мен газы, құрылыс материалдарымен тағы да басқа пайдалы кендерімен аты мәлім.

ІІ жүргізуші: Олай болса, Маңғыстаудың келешегінің куәсі болыңдар. «Маңғыстау жастары» бағдарламасы.

Назгул: Темірбек мырза, бүгінгі біздің «Маңғыстау жастары» бағдарламасына қош келдіңіз.Қателеспесем, сіз Маңғыстау өлкесін зерттеп жүрген жас ғалымдардың бірісіз. Каспий өңірі «Болашақ» колледжінің «Сәулет» мамандығын бітіріп едіңіз. Ғалымдық жолды таңдауыңызға не себеп болды?

Темірбек мырза: ұмытпасам, 2019 жылы біз оқуға қабылданғанда Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығын тойлаған болатынбыз. Әбіш атамыздың шығармаларын оқыған сайын, Маңғыстау өлкесін зерттеуге деген қызығушылығым арта түсті.

  1. Этнограф - ғалым Серікбол Қондыбай сөзімен айтсам, "Кәрі Маңғыстаудың өне бойында тұнып тұрған тарих пен аңыздарды ұзақ сонар жолдар, құдықтар мен зираттар сыр етіп шертеді. Бұған қанағат етпесеңіз, оны бабаларымыз мекен еткендігінің айғағы — шежіренің парақтарын Қашаған ақынның жырлары мөлдіретіп айтып береді"- дейді. Әзірше зерттеуді құдықтардан бастап жүрмін. 1873 жылы топографтар Маңғыстауда 1133 шыңырауды тіркеуге алған. Маңғыстау облысындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің өкілдері аймақтағы көне құдықтарды тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізуді ұсынып отыр. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жазып, ежелгі өнерімізді дәріптеудің маңызына тоқталды. Бұл бізді қуантады. «Бабаларымыз қазып қалдырған шыңыраулар болашаққа мұра ретінде жетуі тиіс», – дейді қоғам өкілдері. Көздеріне жылт етіп көрінген суды қағыс қалдырмай, кәдеге жаратқан дала еңбекшілері тереңдігі бірнеше құлашқа жететін құдықтарды қазып, халық игілігіне ұсынды. Жанқиярлық еңбекпен, аса шеберлікпен жасалған құдықтар – сәулет өнерінің бір сілемі. Қазақ даласында болған құдықтар дүние жүзінің еш жерінде кездеспейді. Деректер Маңғыстау өңірінде ХIХ ғасырдың 20 жылдары суы ащы-тұщысы аралас 4 мың 168 құдық болғанын айтады. Ал бүгінде шөл далада тіршілік көзі болған құдықтардың қаншасының бар екендігі белгісіз.

Құдыққа байланысты атаулар:

1.Әйкел- құдықтың ең үстіндегі тастан дөңгелетіп ойылған көмкерме.

2. Астау –малды суғару үшін алдын ала толтырырылып қоятын әдетте үлкен қақпақ тастан ойып жасалынады. Түбінде су ағызатын тесігі болады.

3. Дере – астаудың астына қойып, оны әйкелдің деңгейіне жақындата орналастыру үшін арнайы жасалған таған.

4. Тебін – ол астаудың еже айналасы, оны қиыршық не қалақ тастармен су жиналып құдыққа кетпес үшін дайындалады.

5. Айыр – бұл екі жақтаулы, ұзындығы екі метрдей қалың тақтайдан жасалады. Жақтаудың орта тұсы тесіліп шығыр орналастырылады. Бөксе жағын салмақты таспен бастырып, 45 градус бұрыш жасай отырып әйкелге сүйейді.

6. Шығыр арқан – тайдың жал, құйрық немесе ешкінің қылынан есіліп, содан соң үш қабаттап шиырып дайындайды. Шыңырау құдықтарды қазған кезде топырағын алып шығу үшін және құдық қазылып суы шыққан соң суды тартып шығару үшін қолданылады.

7. Қазандық немесе қауғалық – құдықтың еже түбіндегі су жиналатын шұңқыр.

8. Қашыртқы – ол құдықты қазу не аршып тазалау кезінде техника қауіпсіздігі үшін іштегі адамның тығылып тұратын, бас сауғалайтын қапталдағы ойық жырынды

Назгул: Темірбек мырза, жастарға айтарыңыз барма?

Темірбек мырза:Әбіш атамның тілімен айтсам,

Көзің барда, Маңғыстаудың ғажайыптарын көріп қал!

Шежіресін бойлап, өткенін ойлап, жер мен елдің қасиетін сезіп қал!

Назгул: Темірбек мырза сұхбатыңызға рахмет.

1 жүргізуші: Олай болса, Маңғыстаудың болашақтағы халқының өмірін көз алдымызға елестетіп көрейік:

Жансерік: Маңғыстауда әр отбасында мұнайшылар бар, табыс көзі жоғары.

Назгул: Маңғыстауда туризм саласы дамыған, шетелдіктер дем алуда.

Ғабит:Маңғыстаудың әр ақсақалды қариясының ойы жүйрік, сөзі дуалы,шежіреші.

Элнора:Маңғыстаулық әр ақ жаулықты әжелеріміз Әбіштің анасындай ойлы, ақылды.

Данияр: Маңғыстаудың келіндері бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді.

Гүлназ:Маңғыстауда құмар ойындарына арналған кеңселер мүлдем жоқ.

Мақсат:Маңғыстау жастары ұлттық ойындарды ойнаудан жалықпайды.

Гүлназ:Маңғыстау жастары Отан қорғаудан қашпайды.

Жандарбек:Маңғыстау жастары сыраның, алкогольдің не екенін білмейді.

Гүлназым:Маңғыстау жастар шөлін қымызбен, шұбатпен басады.

Темірбек: Маңғыстау жастары тұрғын үйлердің алдына тұрып, ұсақ құқықбұзушылық жасамайды.

Жансая:Студент жастарға компьюторлық қызметтер тегін жүргізіледі.

Путин:Маңғыстау жастары қолы бос кезде ұялы телефон ұстамайды, кітап оқиды.

Лаура:Маңғыстау жастары түнгі барға бармайды, бастаңғы жасайды.

Данияр:Маңғыстау жастарының сабаққа киім үлгісі осындай.

(Бәрі орнынан тұрып киімдерін көрсетеді)



Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
18 мамыр
755
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі