400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

«Когнитивті процестер және олардың білім берудегі қолданылуы»

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақала мектепке дейінгі жастағы балалардың когнитивті процестерін (қабылдау, зейін, жады, ойлау, қиял, сөйлеу) Пиаже, Выготский, Брунер және Флавелл теориялары арқылы талдайды. Бұл процестер бір-бірінен бөлек емес, біртұтас жүйе ретінде дамиды, ал осы жаста жетекші әрекет ойын болып табылады. Дидактикалық және рөлдік ойындар, сұрақ-жауап, сурет салу сияқты әдістер танымдық қабілеттерді дамытады. Жүйелі даму баланың интеллектуалдық дамуына және мектепке дайындығына ықпал етеді.
Материалдың қысқаша нұсқасы
Page 1

1


«Когнитивті процестер және олардың білім берудегі қолданылуы»

Отарбаева А.М, Муратова А.Е
Астана Халықаралық Университетінің 2 курс студенттері


АННОТАЦИЯ: Бұл мақалада когнитивті процестердің мәні, негізгі түрлері және олардың білім беру
жүйесіндегі маңызы қарастырылады. Мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық даму
ерекшеліктері, қабылдау, зейін, жады, ойлау, қиял және сөйлеу процестерінің қалыптасуы талданады.
Сонымен қатар Ж. Пиаже, Л.С. Выготский, Дж. Брунер және Дж. Флавеллдің когнитивті даму туралы
ғылыми тұжырымдары қарастырылып, олардың білім беру үдерісіндегі қолданылу ерекшеліктері
сипатталады. Зерттеу барысында теориялық талдау және салыстыру әдістері қолданылды. Нәтижесінде
мектепке дейінгі жастағы балалардың когнитивті процестерін дамытуда ойын әрекетінің, педагогикалық
қолдаудың және танымдық тапсырмалардың маңыздылығы анықталды. Когнитивті процестерді жүйелі
дамыту баланың интеллектуалдық дамуына, танымдық белсенділігіне және мектепке дайындығына ықпал
ететіні негізделеді.
Түйін сөздер: когнитивті процестер, танымдық даму, мектепке дейінгі жас, қабылдау, зейін, жады, ойлау,
қиял, сөйлеу, когнитивті психология, интеллектуалдық даму, білім беру.



Кіріспе

1.Когнитивті процестер адамның қоршаған әлемді тануының, ақпаратты қабылдап, өңдеп, сақтауының негізі
болып табылады. Оларға түйсік, қабылдау, зейін, жады, ойлау және қиял жатады. Бұл ұғым 1960-жылдары когнитивті
психологияда қалыптасты. Отандық психологияда танымдық процестер іс-әрекет және сана бірлігі тұрғысынан
зерттелді.Адам дамуында когнитивті процестердің рөлі айрықша. Ж. Пиаже баланың интеллектуалдық дамуын
бірізді кезеңдер арқылы сипаттаса , Л.С. Выготский жоғары психикалық функциялар қоғамдық тәжірибе мен тіл
арқылы қалыптасады деп көрсетті. Яғни танымдық даму биологиялық жетілумен қатар, тәрбие мен оқыту ортасына
да тәуелді.Білім беру жүйесінде танымдық қабілеттердің маңызы зор. Зейіннің тұрақтылығы, жадының көлемі,
ойлаудың икемділігі баланың оқу материалын меңгеру деңгейін айқындайды. Сондықтан қазіргі білім беру
бағдарламалары балаға дайын білім беруден гөрі, оның танымдық белсенділігі мен өз бетінше ойлау қабілетін
дамытуға бағытталған.Мектепке дейінгі жас танымдық дамудың ең сезімтал кезеңі болып саналады. Бұл кезеңде
қабылдау мен зейін еріксізден ерікті сипатқа ауысады, бейнелі және көрнекі-әрекеттік ойлау дамиды, қиял мен
сөйлеу қарқынды қалыптасады. Бұл процестердің дамуында ойын әрекеті жетекші рөл атқарады . Осы кезеңде
қалыптасқан негіз кейінгі мектептік оқудың сәттілігіне тікелей әсер етеді.
2.Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі кезде мектепке дейінгі білім беру сапасына қойылатын талаптар
артып келеді. Балалардың танымдық даму ерекшеліктерін ерте анықтап, оны ойын, сөйлесу және дамытушы
тапсырмалар арқылы қолдау мектепке бейімделудің маңызды шарты. Алайда тәжірибеде когнитивті процестердің
бірізді, жүйелі дамытылуы жеткілікті деңгейде қамтылмайды. Бұл мәселенің теориялық және практикалық тұрғыдан
қарастырылуын қажет етеді.
3.Зерттеудің мақсаты:мектепке дейінгі жастағы балалардың когнитивті процестерінің даму ерекшеліктерін
теориялық тұрғыдан талдау және оларды дамытудың педагогикалық жолдарын айқындау.
4.Зерттеудің міндеттері:
1. «Когнитивті процестер» ұғымының мәнін және негізгі теорияларды қарастыру.
2. Адамның танымдық дамуындағы когнитивті процестердің рөлін анықтау.
3. Білім беру жүйесіндегі танымдық қабілеттердің маңызын көрсету.
4. Мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық даму ерекшеліктерін сипаттау.
5. Танымдық процестерді дамытудың тиімді әдіс-тәсілдерін ұсыну.


Page 2

2
Негізгі бөлім

5.1. Когнитивті процестердің ғылыми-теориялық негіздері
5.1.1. Когнитивті процестер туралы ғылыми түсінік.
«Когнитивті» термині латынның “cognitio” («таным») сөзінен шыққан. Когнитивті процестер дегеніміз адамның
қоршаған әлем туралы ақпаратты қабылдауын, өңдеуін, сақтауын және қолдануын қамтамасыз ететін психикалық
процестер жиынтығы. Оларға түйсік, қабылдау, зейін, жады, ойлау, қиял және сөйлеу жатады. Бұл процестер бір-
бірінен оқшау жұмыс істемейді, күрделі жүйе құрады. Мысалы, бала затты қабылдау үшін оған зейін қоюы керек,
көргенін жадында сақтап, бұрынғы тәжірибесімен салыстыруы керек, содан кейін ғана қорытынды жасайды. Ж.
Пиаже де интеллектті басқа когнитивті процестерден бөліп алуға болмайтынын атап көрсеткен.
Л.С. Выготский психикалық функцияларды екі топқа бөлді. Төменгі (табиғи) функциялар туа біткен, ал жоғары
(мәдени) функциялар қоғамдық тәжірибе мен тіл арқылы қалыптасады. Ерікті зейін, логикалық жады, ұғымдық ойлау
соңғы топқа жатады.
5.1.2. Когнитивті психологияның қалыптасуы мен дамуы.
Когнитивті психология XX ғасырдың ортасында қалыптасты. Оның пайда болуына бихевиоризмнің шектеулілігі
себеп болды. Бихевиоризм тек сыртқы мінез-құлықты («тітіркендіргіш – жауап») зерттеп, адамның ішкі ой
процестерін ескермеді. Сонымен қатар есептеу техникасы мен ақпарат теориясының дамуы адам санасын ақпаратты
өңдейтін жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік берді.
Негізгі кезеңдер:
- 1950-жылдардың екінші жартысы. Д. Бродбент зейін моделін ұсынды, Дж. Миллер қысқа мерзімді жады көлемінің
шектеулі екенін көрсетті, Дж. Брунер ойлау стратегияларын зерттеді.
- 1967 жыл.У. Найссердің «Когнитивті психология» кітабы жарық көрді. Бағыт осы еңбектен кейін ғылымда өз атауын
алды.
- 1960–1970-жылдар.Жады мен зейіннің көп сатылы модельдері жасалды. Ақпаратты өңдеу тәсілі кең таралды.
- Кейінгі кезең.Когнитивті психология когнитивті ғылымның құрамына енді. Ол нейрофизиология, лингвистика және
жасанды интеллект зерттеулерімен тығыз байланысты дамиды.
Отандық психологияда танымдық процестер Батыстағы бағыттан бөлек, іс-әрекет пен сана бірлігі қағидасы
тұрғысынан зерттелді.
5.1.3. Когнитивті процестерді зерттеген ғалымдардың еңбектері
Л.С. Выготский.«Мышление и речь» еңбегінде ойлау мен сөйлеудің өзара байланысын көрсетті. Оның пікірінше,
жоғары психикалық функциялар алдымен баланың үлкендермен қарым-қатынасында пайда болады, кейін баланың
ішкі психикалық құралына айналады. Бұл идея баланың жақын даму аймағына сүйеніп оқытудың негізі болды.
Ж. Пиаже. «Психология интеллекта» еңбегінде интеллектті ортаға бейімделу процесі ретінде сипаттады. Ол
интеллект дамуының төрт кезеңін бөлді: сенсомоторлық (0–2 жас), операцияға дейінгі (2–7 жас), нақты операциялар
(7–11 жас) және формальды операциялар (11 жастан кейін). Мектепке дейінгі жас операцияға дейінгі кезеңге сәйкес
келеді.
Д.Б. Эльконин.«Психология игры» еңбегінде мектепке дейінгі жаста ойын әрекеті жетекші рөл атқаратынын
дәлелдеді. Ойын арқылы бала қиялын, символдық ойлауын, ерікті зейіні мен жадын дамытады.
Сонымен қатар С.Л. Рубинштейн, А.Н. Леонтьев, А.Р. Лурия, П.Я. Гальперин сияқты отандық ғалымдар таным
процестерін іс-әрекет, жоғары психикалық функциялар және ақыл-ой әрекеттерін кезең-кезеңімен қалыптастыру
тұрғысынан зерттеді.
5.1.4. Танымдық процестердің адам дамуындағы қызметі
Танымдық процестер адам дамуында бірнеше маңызды қызмет атқарады:
1.Бағдарлау қызметі.Қабылдау мен түйсік арқылы адам қоршаған орта туралы ақпарат алып, соған бағдарланады.
2.Тәжірибені жинақтау қызметі.Жады білім мен дағдыны сақтап, оны келесі ұрпаққа беруге мүмкіндік береді.
3.Реттеу қызметі.Зейін мен ерікті процестер әрекетті бағыттап, мақсатқа жетуге көмектеседі.
4.Шешім қабылдау және шығармашылық қызмет.Ойлау мен қиял мәселені шешуге, жаңа идея туғызуға және
болашақты болжауға қызмет етеді.
5.Әлеуметтену қызметі.Сөйлеу мен таным арқылы бала қоғамдық тәжірибені игеріп, қарым-қатынасқа түседі.
Мектепке дейінгі кезеңде бұл қызметтердің негізі қаланады. Осы жаста қабылдау, зейін мен жады біртіндеп еріксіз
түрден ерікті түрге өтеді, көрнекі-бейнелі ойлау қалыптасады. Сондықтан таным процестерін ерте дамыту мектептегі
оқудың табысты болуының алғы шарты болып табылады.




Page 3

3
5.2. Когнитивті процестердің негізгі түрлері
5.2.1. Қабылдау
Қабылдау дегеніміз қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды сезім мүшелері арқылы тұтас күйінде тану
процесі.Түйсік заттың жеке қасиетін (түсін, дыбысын, дәмін) бейнелесе, қабылдау оларды біріктіріп, тұтас образ
жасайды. Қабылдаудың негізгі қасиеттері: тұтастық, таңдамалылық, мағыналылық, тұрақтылық. Мектепке дейінгі
жаста қабылдау алдымен еріксіз, эмоциялық сипатта болады, бала затты ең ашық, жарқын белгісіне қарап таниды.
Кейін ол мақсатты бақылауға ауысады.Қабылдау адамның ортаға бағдарлануын қамтамасыз етеді және ойлау мен
жадының бастапқы материалын береді. Баланың түс, пішін, көлем, кеңістік туралы түсінігі қабылдау арқылы
қалыптасады. Сенсомоторлық тәжірибе интеллект дамуының негізі болып табылады. Ойын мен практикалық әрекет
қабылдауды дамытуға ықпал етеді.
5.2.2. Зейін
Зейін дегеніміз адамның белгілі бір нысанға немесе әрекетке санасын бағыттап, шоғырландыруы. Зейіннің түрлері:
еріксіз, ерікті және еріктен кейінгі. Басты қасиеттері: тұрақтылық, көлемі, шоғырлануы, ауысуы және бөлінуі. Мектеп
жасына дейінгі балада еріксіз зейін басым. Бала жарқын, қызықты, жаңа нәрсеге тез ауып кетеді, сондықтан бір іспен
ұзақ айналыса алмайды. Қызықты ойын әрекетінде зейіннің тұрақтылығы айтарлықтай артады.Зейін қажетті
ақпаратты таңдап, қажетсізін шеттетеді, әрекетті бақылап, реттейді. Ерікті зейін жоғары психикалық функцияларға
жатады және ересектермен қарым-қатынас пен тіл арқылы қалыптасады. Зейіннің дамуы баланың тапсырманы
орындау, нұсқауды тыңдау және мектепте оқу қабілетін айқындайды.
5.2.3. Ес (жады)
Ес дегеніміз ақпаратты есте сақтау, қайта жаңғырту және ұмыту процестерінің жиынтығы. Жады сақталу уақытына
қарай сенсорлық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Мазмұнына қарай қимыл-қозғалыс, эмоциялық,
бейнелі және сөздік-логикалық түрлері бар. Мектепке дейінгі кезеңде еріксіз жады басым: бала өзін қызықтырған,
эмоция тудырған нәрсені оңай есте сақтайды. Ерікті түрде есте сақтау мектепке қарай ғана дами бастайды. Жады
тәжірибені жинақтап, оны кейінгі әрекетте қолдануға мүмкіндік береді. Онсыз оқу мен дағды қалыптасуы мүмкін
емес. Бала өлең, ертегі, ережелерді жаттау арқылы жадын жаттықтырады. Ойын жағдайында тапсырма мақсатты
түрде қойылса, жады тиімдірек жұмыс істейді. Жоғары деңгейде жады ойлаумен, сөйлеумен байланысады, логикалық
жадқа ауысады.
5.2.4. Ойлау
Ойлау дегеніміз ақпаратты талдау, салыстыру, жалпылау арқылы қорытынды жасау қабілеті, шындықты жанама және
жалпыланған түрде бейнелеу. Негізгі операциялары: талдау, синтез, салыстыру, жалпылау, абстракциялау. Ойлаудың
үш түрі бар: көрнекі-әрекеттік, көрнекі-бейнелі және сөздік-логикалық. Пиаже бойынша, 2–7 жас операцияға дейінгі
кезең, бұл кезеңде бала символдарды қолданады, бірақ логикалық операциялар әлі толық қалыптаспаған, эгоцентризм
байқалады. Мектепке дейінгі жаста көрнекі-әрекеттік ойлаудан көрнекі-бейнелі ойлауға өтеді. Ойлау мәселені
шешуге, себеп-салдарлық байланыстарды түсінуге және болжам жасауға мүмкіндік береді. Выготский ойлау мен
сөйлеудің бірлігін көрсетті: сөйлеу ойлауды құрылымдайды, ал ойлау сөйлеуге мағына береді. Ойлаудың дамуы
баланың білім алу, ұғымдарды меңгеру және өз бетінше шешім қабылдау қабілетін қалыптастырады.
5.2.5. Қиял
Қиял дегеніміз бұрынғы тәжірибе негізінде жаңа бейнелер мен идеялар жасау процесі. Қиял қайта жасаушы (сипаттау
арқылы бейне жасау) және шығармашылық (жаңа бейне жасау) болып бөлінеді. Мектепке дейінгі жаста қиял
қарқынды дамиды. Бала өз ойынында затты басқа затқа ауыстыра алады (таяқ – ат, текше – машина). Қиял ойын
әрекетімен тығыз байланысты, ойынның өзі қиял жағдайын туғызады. Қиял болашақты болжауға, мәселенің жаңа
шешімін табуға және шығармашылық әрекетке негіз болады.Рөлдік ойында бала символдық ойлауды үйренеді,
ережелерді игереді, әлеуметтік рөлдерді меңгереді. Қиялдың дамуы баланың шығармашылық қабілетін және жалпы
интеллектуалдық дамуын қамтамасыз етеді.
5.2.6. Сөйлеу
Сөйлеу дегеніміз ойды тіл арқылы жеткізу және қарым-қатынас жасау құралы. Сөйлеу сыртқы (ауызша, жазбаша)
және ішкі болып бөлінеді. Сыртқы сөйлеу басқаларға арналған, ал ішкі сөйлеу өзіне арналған. Выготский бойынша,
ішкі сөйлеу сыртқы сөйлеуден кейін қалыптасады, шамамен мектеп жасына қарай. Мектепке дейінгі кезеңде сөздік
қор артады, грамматикалық құрылым дамиды, байланыстырып сөйлеу қалыптасады. Сөйлеудің қарым-қатынас,
ойлау, реттеу қызметтері бар: ол әрекетті жоспарлап, бақылауға көмектеседі. Сөйлеу барлық таным процестерімен
байланысты. Тіл арқылы бала қоғамдық тәжірибені игереді, ал жоғары психикалық функциялар сөз арқылы ерікті
сипатқа ие болады. Сөйлеудің дамуы баланың мектепте оқуға, оқуды, жазуды үйренуіне дайындығын анықтайды.




Page 4

4
5.3. Когнитивті процестерді зерттеген негізгі ғалымдар
5.3.1. Жан Пиаже: баланың танымдық дамуының кезеңдері
Пиаже интеллектті баланың ортаға бейімделу процесі деп түсінді. Бала білімді дайын күйінде қабылдамайды, оны
өз әрекеті арқылы өзі құрады. Сондықтан теория конструктивистік бағытқа жатады.
- Бейімделу екі механизм арқылы жүреді: “ассимиляция” (жаңа ақпаратты бұрынғы схемаға енгізу) және
“аккомодация” (схеманы жаңа ақпаратқа сай өзгерту). Осы екеуінің тепе-теңдігі (“эквилибрация”) дамудың қозғаушы
күші болып табылады.
- Интеллект дамуы төрт кезеңнен тұрады: сенсомоторлық (0–2 жас), операцияға дейінгі (2–7 жас), нақты операциялар
(7–11 жас) және формальды операциялар (11 жастан кейін).
- Операцияға дейінгі кезеңде бала символдарды (сөз, сурет, ойын) қолданады, бірақ ойлауы эгоцентристік, көрінген
белгіге сүйенеді және сақталу заңдылығын әлі түсінбейді.
Пиаже теориясы мектепке дейінгі білім беруде баланың жас ерекшелігін ескеруді талап етеді. Оқыту белсенді
әрекетке, заттармен тәжірибе жасауға, зерттеуге негізделуі керек. Тәрбиешінің міндеті баланы дайын білімді
жаттатпай, өз бетінше ашуға жағдай жасау.
5.3.2. Лев Выготский: оқыту мен дамудың өзара байланысы
Выготскийдің мәдени-тарихи тұжырымдамасы бойынша, психиканың дамуы қоғамдық тәжірибені игеру арқылы
жүреді, ал басты құрал тіл мен ересектермен қарым-қатынас.
- Психикалық функциялар төменгі (табиғи) және жоғары (мәдени) болып бөлінеді. Жоғары функциялар алдымен
адамдар арасында, кейін баланың ішінде қалыптасады.
- Оқыту дамудан «алда жүріп», оны өзімен бірге жетелейді. Бұл идея **жақын даму аймағы** ұғымында көрсетілген:
бала ересектің көмегімен орындай алатын, бірақ өзі әлі істей алмайтын тапсырмалар аймағы.
- Ойлау мен сөйлеу алғашында бөлек дамиды, кейін қосылады. Сыртқы сөйлеу біртіндеп ішкі сөйлеуге айналып,
ойлаудың құралына айналады.
Выготский идеялары оқытуды баланың бүгінгі деңгейіне емес, жақын даму аймағына бағыттауды талап етеді. Бұдан
ынтымақтастықта оқыту, ересек пен баланың диалогы және ойын арқылы дамыту тәсілдері шығады.
5.3.3. Джером Брунер: танымдық даму және жаңалық ашу арқылы оқыту
Американдық психолог Дж. Брунер Пиаже мен Выготский идеяларын дамытып, танымды ақпаратты белсенді
құрастыру процесі ретінде қарастырды. Оның бағыты когнитивті психологияның қалыптасуымен тығыз байланысты.
- Бала дүниені үш түрлі тәсілмен бейнелейді: “әрекет арқылы” (енактивті), “бейне арқылы” (иконикалық) және
“символ арқылы” (символдық, яғни тіл мен белгілер). Бұл тәсілдер жас ұлғайған сайын ауысады, бірақ біреуі
екіншісін толық алмастырмайды.
-Жаңалық ашу арқылы оқыту: білімді дайын күйінде беру емес, баланың өзі заңдылықты байқап, қорытынды
жасауына жағдай жасау.
- Спираль тәрізді оқу жоспары: бір тақырып жас ұлғайған сайын тереңдей отырып қайта оралады. Брунер кез келген
тақырыпты баланың деңгейіне сай жеткізуге болады деп есептеді.
- Оқытудағы ересек көмегі кейін «қолдау» (scaffolding) деп аталды: бала өзі істей бастаған сайын көмек біртіндеп
азая береді. Бұл ұғым Выготскийдің жақын даму аймағымен үндеседі.
Брунер теориясы балаларды зерттеуге, сұрақ қоюға және өз бетінше қорытынды жасауға ынталандыратын әдістердің
(проблемалық оқыту, зерттеу жобалары) теориялық негізін қалады. Мектепке дейінгі жаста заттармен әрекет жасау,
сурет және ойын арқылы оқыту осы теорияға сәйкес келеді.
5.3.4. Джон Флавелл: метатаным және баланың өз ойлауын түсінуі
Америкалық психолог Дж. Флавелл метатаным ұғымын 1970-жылдардың ортасында енгізді. Метатаным дегеніміз
адамның өз танымдық процестері туралы білімі және оларды басқара алу қабілеті. Қарапайым тілмен айтқанда,
«ойлау туралы ойлау».
- Метатаным екі бөліктен тұрады:”метатанымдық білім” (өзі, тапсырма және стратегия туралы түсінік) және
“метатанымдық тәжірибе”(тапсырма үстінде туындайтын «түсініп жатырмын ба?» деген сезім).
- Бала өз жадысы, зейіні мен ойлауы туралы біртіндеп білім жинайды. Мысалы, кішкентай бала өзінің нені есте сақтай
алатынын асыра бағалайды, ал үлкен бала оқу үшін қандай стратегия қажет екенін түсінеді.
- Флавелл балалардың басқа адамның ойы мен сезімін түсінуін де зерттеді. Бұл бағыт кейін «ақыл теориясы» (theory
of mind) зерттеулеріне ұласты.
- Мектепке дейінгі жаста метатаным енді қалыптаса бастайды, мектеп жасында айтарлықтай дамиды.
Метатаным баланың өз оқуын бақылауына, қателігін байқауына және дұрыс стратегия таңдауына көмектеседі,
сондықтан ол өз бетінше оқу қабілетінің негізі болып саналады. Тәрбиешілер баладан «Қалай ойладың?», «Неге олай
шештің?» деген сұрақтар қою арқылы метатанымды ерте жастан дамыта алады.


Page 5

5
5.4. Нәтижелер мен талқылау
5.4.1. Когнитивті процестердің даму ерекшеліктерін талдау нәтижелері
Жүргізілген теориялық талдау мектепке дейінгі жастағы балалардың когнитивті процестері өзара тығыз байланыста
дамитынын көрсетті. Қабылдау, зейін, жады, ойлау, қиял және сөйлеу баланың қоршаған ортаны танып-білуі мен
білімді меңгеруінің негізгі негізін құрайды.
Талдау нәтижесінде мынадай ерекшеліктер анықталды:
- Қабылдау баланың заттар мен құбылыстардың қасиеттерін ажыратуына және қоршаған орта туралы түсінік
қалыптастыруына мүмкіндік береді.
- Зейіннің дамуында еріксіз зейін басым болып, біртіндеп ерікті зейін қалыптаса бастайды.
- Жадының дамуында эмоциялық әсер мен қызығушылық маңызды рөл атқарады. Бала өзіне қызықты ақпаратты
жеңіл есте сақтайды.
- Ойлау көрнекі-әрекеттік түрден көрнекі-бейнелі түрге қарай дамиды.
- Қиял ойын әрекеті арқылы қарқынды дамып, баланың шығармашылық мүмкіндіктерін кеңейтеді.
- Сөйлеу баланың қарым-қатынас жасауына, ойын жеткізуіне және танымдық әрекетін реттеуіне көмектеседі.
Осы нәтижелер когнитивті процестердің бір-бірінен бөлек дамымайтынын және баланың жалпы интеллектуалдық
қалыптасуында біртұтас жүйе ретінде қызмет атқаратынын көрсетеді.
5.4.2. Ғылыми теорияларды салыстыру нәтижелері
Зерттеу барысында Ж. Пиаже, Л.С. Выготский, Дж. Брунер және Дж. Флавеллдің когнитивті даму туралы теориялары
қарастырылды. Оларды салыстыру нәтижесінде ғалымдардың баланың танымдық дамуына қатысты
көзқарастарында ортақ тұжырымдар мен өзіндік ерекшеліктер бар екені анықталды.
- Ж. Пиаже баланың танымдық дамуын жас ерекшеліктеріне байланысты кезеңдер арқылы түсіндірді. Оның теориясы
баланың білімді белсенді әрекет арқылы меңгеретінін көрсетеді.
- Л.С. Выготский танымдық дамуда әлеуметтік орта, тіл және ересектермен қарым-қатынастың маңызын негіздеді.
- Дж. Брунер білімді жаңалық ашу арқылы меңгеруге және ақпаратты әрекет, бейне, символ арқылы қабылдауға назар
аударды.
- Дж. Флавелл баланың өз ойлауын түсінуі мен танымдық әрекетін бақылау қабілетін зерттеді.
Ғалымдардың тұжырымдарын салыстыру нәтижесінде когнитивті дамуға баланың жеке белсенділігімен қатар,
әлеуметтік орта мен педагогикалық қолдаудың да ықпал ететіні байқалды. Бұл теориялар мектепке дейінгі білім беру
үдерісінде баланың жас ерекшеліктерін ескеріп, оның өздігінен тануына жағдай жасаудың қажеттілігін негіздейді.
5.4.3. Когнитивті процестерді білім беруде қолданудың нәтижелері
Теориялық материалдарды талдау когнитивті процестерді дамытуда ойын, бақылау, тәжірибе жасау, шығармашылық
тапсырмалар және сұрақ-жауап әдістерінің маңызын көрсетті.
- Дидактикалық ойындар қабылдау мен зейінді дамытуға мүмкіндік береді.
- Суреттерді есте сақтау, әңгімелерді қайталау және заттарды салыстыру жадыны жетілдіреді.
- Логикалық тапсырмалар мен сұрақ-жауап әдісі баланың ойлау қабілетін дамытады.
- Рөлдік ойындар, сурет салу және құрастыру қиял мен шығармашылықты қалыптастырады.
- Әңгімелесу және пікір алмасу сөйлеу қабілеті мен қарым-қатынас дағдыларын жетілдіреді.
Талдау нәтижелері аталған әдістерді баланың жас және жеке ерекшеліктеріне сәйкес қолдану қажеттігін көрсетеді.
Әсіресе мектепке дейінгі кезеңде ойын әрекеті танымдық қабілеттерді дамытудың маңызды құралы болып табылады.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері когнитивті процестерді дамыту мектепке дейінгі білім берудің маңызды
бағыттарының бірі екенін көрсетеді. Баланың қабылдауы, зейіні, жады, ойлауы, қиялы мен сөйлеуін өзара
байланысты дамыту оның білімді меңгеруіне, танымдық белсенділігінің артуына және мектепке дайындығының
қалыптасуына негіз болады.

Қорытынды

Жүргізілген теориялық талдау мектепке дейінгі жастағы балалардың когнитивті процестерінің даму ерекшеліктерін
анықтап, коммуникацияның оларды дамытудағы рөлін көрсетуге мүмкіндік берді.
1. Когнитивті процестердің мәні. Когнитивті процестер адамның ақпаратты қабылдауын, өңдеуін, сақтауын және
қолдануын қамтамасыз ететін психикалық процестер жиынтығы. Оларға қабылдау, зейін, жады, ойлау, қиял және
сөйлеу жатады. Бұл процестер өзара тығыз байланысты және біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді.
2. Танымдық дамудың теориялық негіздері.Пиаже бойынша, бала білімді өз әрекеті арқылы құрады, ал мектепке
дейінгі жас операцияға дейінгі кезеңге сәйкес келеді. Выготский жоғары психикалық функциялардың қоғамдық
тәжірибе, тіл және ересекпен қарым-қатынас арқылы қалыптасатынын дәлелдеді. Демек, таным биологиялық
жетілумен қатар, тәрбие ортасына да тәуелді.
3. Білім берудегі маңызы.Зейіннің тұрақтылығы, жадының көлемі, ойлаудың икемділігі баланың оқу материалын
меңгеру деңгейін айқындайды. Мектепке дейінгі жаста қабылдау мен зейін еріксіз түрден ерікті түрге ауысады,
көрнекі-әрекеттік ойлаудан көрнекі-бейнелі ойлауға өтеді, ал қиял мен сөйлеу қарқынды дамиды. Осы кезеңде
жетекші әрекет ойын болып табылады.
4. Коммуникация модельдерінің қолданылуы. Салыстыру нәтижесінде сызықтық модель баланың белсенділігін
шектейтіні, ал өзара әрекеттестік және транзакциялық модельдер мектепке дейінгі жаста тиімдірек екені анықталды.


Page 6

6
Сызықтық модель тек қысқа нұсқау беру жағдайында орынды. Тәжірибеде үш модель де жағдайға қарай араласып
қолданылады.
5. Тиімді қарым-қатынас жолдары. Тәрбиеші мен бала арасындағы қарым-қатынастың тиімділігін демократиялық
стиль, ашық сұрақтарға негізделген диалог, белсенді тыңдау, ойын арқылы әрекеттесу, жақын даму аймағына сай
бірлескен әрекет және жағымды кері байланыс арттырады.
6. Педагогикалық коммуникацияның ықпалы. Тәрбиешінің қарым-қатынасы баланың танымдық, әлеуметтік-
эмоциялық дамуына, ойын мен қиялының байып, мектепке дайындығына әсер етеді. Бұл бағыттар өзара байланысты:
жайлы эмоциялық орта баланың сөйлеуге және әрекет етуге батылдығын арттырып, танымдық дамуды жеделдетеді.








Пайдаланылған әдебиеттер
1. Выготский Л.С. Мышление и речь. – М.–Л.: Соцэкгиз, 1934. –
https://www.marxists.org/russkij/vygotsky/1934/thinking-speech.pdf
2. Пиаже Ж. Психология интеллекта. – https://www.koob.ru/piaget/
3. Эльконин Д.Б. Психология игры. – М.: Педагогика, 1978. –
https://cdn.netboard.me/96556/files/b7e9a930498f43fef8781c09dbc6a491.DOC
4. Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии. – СПб.: Питер, 2002. – https://readli.net/osnovyi-obshhey-
psihologii/
5. Леонтьев А.Н. Деятельность. Сознание. Личность. – М.: Политиздат, 1975. –
https://www.marxists.org/russkij/leontiev/1975/dyeatyelnost/index.htm
6. Neisser U. Cognitive Psychology. – New York: Appleton-Century-Crofts, 1967. –
https://www.routledge.com/Cognitive-Psychology-Classic-Edition/Neisser/p/book/9781848726932
7. Bruner J. The Process of Education. – Cambridge, MA: Harvard University Press, 1960. –
https://www.degruyterbrill.com/document/doi/10.4159/9780674028999/html
8. Flavell J.H. Metacognition and Cognitive Monitoring: A New Area of Cognitive-Developmental Inquiry // American
Psychologist. – 1979. – Vol. 34, № 10. – P. 906–911. –
https://jwilson.coe.uga.edu/emat7050/Students/Wilson/Flavell%20(1979).pdf


Материалды PDF форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
22 қараша
14
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі