жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ ОТАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР
Сахова Акжаркин Тажихановна
«Өрлеу» БАҰО АҚФ ҚР ББЖ ҚБАРИ
«Білім беру үдерісін психолоиялық-педагогикалық
қолдау» кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі
КӨПТІЛДІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘНЕ
ОТАНДЫҚ ТӘЖІРИБЕЛЕР
Тіл – интеграциялық қоғам қажеттілігі ретінде айқындалса, көп тілді меңгеру елімізге үлкен табыстар, ғылыми жетістіктер, халықтар арасындағы әлемдік қарым-қатынастың орнатуына мүмкіндік жасайды. Осыдан келе көптілді тұлғаның рөлі айқындалады.
Көптілді тұлға қалыптастыруда үлкен идеологияның керек екені белгілі. Бұл ретте дінімізге, ұлттық тілімізге, ұлттық санамызға сыз түсіретіндей кері ықпалының болмауын жіті жоспарлап, бақылауға алған жөн деп ойлаймыз. Себебі, ата бабадан келе жатқан аманаты мол мұраны ұрпаққа жеткізуіміз керек. Өзге тілдерді үйреніп аралас қоғам ортасына енгенімен өзінің ұлтық тілін, мәдениетін түсінуге үйрету қажет. Ұлттық құндылықтарды тұлға бойына сіңіруде бір мезетте де тоқтатпауымыз тиіс. Осы ретте Германия, Франция, Қытай, Жапония елдері секілді ұлттық құндылықтарды идеологияға айналдыра білген мемлекеттерді атауға болады. Ескеретін жайт, дүниедегі барлық аударма шығармалардың, ақпараттардың 33%-ы ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1%-ы ғана неміс тілінен аударылады. Бұл статистикадан, тілдерді меңгерудің қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Елімізде енгізіліп жатқан үшінші тіл ретіндегі ағылшын тілін білетін адам, жер жүзінде бір миллиард адаммен еркін қарым қатынасқа түсе алады. Дүние жүзі тарихына көз жіберсең, жаһанға атағы жайылған дара тұлғалардың, ғалымдар мен ақындардың барлығы дерлік кемінде 2 немесе 3 тілді меңгергенін байқауға болады. Мәселен, шығыс ғұламасы, Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған, қазақ топырағынан шыққан Әбу Насыр Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген. Бүгінде бұл ғалым тарих парақтарынан өшпестей орын алған. Ал, орыстың классигі, ақыны А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Қазақ поэзиясының атасы - Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгеріп, сол тілдерде бірнеше кітаптарды оқыған. Орыс тілін орта жастан асқанда меңгергенмен данамыз, ғылым игеруде тіл білудің маңыздылығын өте жақсы ұққан. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлы перзенті, Абылай ханның немересі Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің бірнешесін білген. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген. Оның ғылымға, зерттеушілікке деген қызығушылығы көптілді меңгергенінен кейін пайда болғаны да жасырын емес. Көптілді тұлға білім мен ғылымға құштар болатыны бүгінгі күнде байқалып отыр.
Ендігі кезекте көптілді білудің қажеттілігін түсініп өз саясатына енгізген білім беру аясында халықаралық тәжірибеге шолу жасайтын болсақ, Азия елдерінің басым көпшілігі, атап айтқанда, Сингапур, Майлайзия, Индонезия, Филиппин, Камбоджа, Үндістан, Қытай, Жапония, Армения, Израильде, ал Европаның Нидерланды, Норвегия, Дания, Австрия, Финляндия, Бельгия және Люксембургта, Франция, Словения, Грузия, Швеция, Эстонияда көптілдіктің жүзеге асқандығы мен тілдердің араласуын көруге болады.
Нидерланд жоғары оқу орындарындағы оқытуды ағылшын тілінде ұсынған алғашқы ел. Тұрғындардың 87% өз ойын ағылшын тілінде жеткізе алады. Ағылшын тілі голландиялық орта білім жүйесіндегі барлық деңгейлерде міндетті емтихан пәні болып табылады. Данияда ағылшын тілі 3-сыныптан бастап мектепте міндетті пән саналады. Оқушылар ағылшын тілі бойынша ұлттық тестіні 7-сыныпта тапсырады. Сонымен бірге, ағылшын тілі мектепті аяқтағанда тапсыратын емтихандар тізіміне қосылған. Австрияда шет тілдерге оқыту бастауыш мектептің 1-2 сыныптарынан міндетті болып табылады. Мектептердің 96% астамы ағылшын тілін меңгертуді ұсынады. CLIL түрлі формалары іске асырылған (пәнді және тілді біріктіріп оқыту). Финляндия мектептерінде шет тілінде арнайы бағдарламалар әзірленген. Жеке пәндерді оқыту ағылшын тілінде жүреді. Оқытуды ағылшын тілінде жүргізетін жеке мектептер бар. Орта білім ағылшын тілінде. Бельгия және Люксембургте үш ресми тіл қолданыста болғанымен мектепте ағылшын тілін меңгеру міндеттелген. Швеция ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап тоғызыншы сыныпқа дейін міндетті пән болып табылады. Швеция оқушыларының ағылшын тілін меңгеруге мотивациясы осы тілдің жоғары мәртебесіне байланысты. Швецияның ЖОО-да оқыту негізінде ағылшын тілінде жүреді. Сонымен қатар бұл елде шет елден келген студенттердің басым екендігін атап өткен. Нақты мысал ретінде Голландияның көптілділікті енгізу бойынша тәжірибесін көруге болады. Голландиядағы бастауыш мектепте (4-12 жас) алғашқы үш жылында баланың дамуына басты көңіл бөлінеді. Балаларды оқу, санау және хат негіздерімен таныстырады. Балалар қол еңбегі мен қарым қатынас жасау дағдыларын үйренеді. Кейінгі 5 жылда балалар Нидерлан тілінде математиканы, тарихты, георгрфияны, физиканы, қоғамтануды зерттейді. Сонымен қатар әр мектепте дене тәрбиесі мен бейневизуалды дамыту бойынша пәндер бар. Балалар тек 12 жастан бастап ағылшын тілін үйрене бастайды. 2013 оқу жылынан бастап Голландиялық орта мектептерінің барлық төрт бөлімдерінде жалпы білім беру пәндерінің саны ұлғайтылды. Жоғарыда көрсетілген ақпараттардан әлемнің көптеген елдерінде көптілділікті қолдайтындығын, қолданатындығын, дегенмен ана тіліне басымдық беретіндігі байқалады. Бұл өз кезегінде әлемдік нарыққа, экономиканың дамуына, білім кеңістігіне шығуға, кез келген салада соңғы ғылыми жаңалықтардан ақпараттанып, озық тәжірибелермен алмасуға, бәсекеге қабілетті болуға ықпал етеді.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде үш тілде білім беру тек қана үш тілді оқыту емес, сондай-ақ пәндерді де үш тілде оқытуды көздейтін білім беру моделі негізінде жүзеге асырылады. Мысалы, Зияткерлік мектептерде оқыту тіліне қарамастан, «Қазақстан тарихы», «Құқық негіздері» «География», «Қазіргі әлемдегі Қазақстан» пәндері қазақ тілінде, «Дүниежүзі тарихы», «Информатика» пәндері орыс тілінде, жоғары мектептегі жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер мен жаңа пән «Жаһандық көзқарастар және жоба жұмыстары» ағылшын тілінде оқытылады.
Пәндерді екінші және үшінші тіл арқылы оқытуда мұғалімдер CLIL әдісін кеңінен қолдануда. CLIL, яғни пән мен тілді кіріктіріп оқыту әдісін Еуропалық комиссия 2004–2006 жылдарға арналған Еуропада көптілді білімді дамыту іс-қимылдары шеңберінде ұсынған. Аталмыш әдіс үздіксіз өзгеріс үстіндегі жаһандану заманында мектеп түлектерінің бәсекеге қабілеттіліктерінің бір белгісі болып табылатын тілдерді және басқа тілдерде пәндерді игеруді жүзеге асыру үшін әзірленген. CLIL әдісі тілдік емес пән мұғалімдерінің пәндік мазмұнды екінші және үшінші тілде оқытуды білдіреді. Халықаралық практика мұндай әдістің орынды пайдаланған жағдайда жақсы нәтиже беретінін көрсеткен. Өйткені, пән мазмұны мен тілді оқыту өзара терең байланыста болады. Екеуі де ойлау қабілеті мен оқуды жақсарту үшін маңызды. Мағыналық мазмұнды талқылау мақсатымен басқалармен өзара әрекеттесу үшін тілді пайдалана отырып, адамдар өздерінің ойлау қабілетін жақсартады, бұл өз кезегінде олардың оқу қабілетін жақсартуына септігін тигізуі мүмкін. Осылайша бала біріншіден, «математика», «тарих» немесе «химия» сияқты пәндік салаларға тән академиялық тілді, оған тән терминология мен грамматикалық ережелерді игереді, екіншіден екінші немесе үшінші тілде тиісті мәнмәтінде күнделікті өмірде тікелей араласу үшін пайдалануға үйренеді.
Зияткерлік мектептердегі үш тілді оқыту тағайындалған және тағайындалмаған қызмет арқылы төменде көрсетілген жолдармен жүзеге асырылады:
Тіл пәндерін оқыту (қазақ, орыс, ағылшын тілдері);
Жеке пәндерді үш тілде оқыту;
Сабақтан тыс жұмыстар (ғылыми-зерттеушілік жұмыстарды үш тілде қорғау, баспа орталықтардың қызметі, (газет, журнал шығару), театрлар (мюзикл, қойылымдар), бейнестудиялар (фильмдер, роликтер) және т.б.
Үш тілді білім беруді енгізу оңай мәселе емес екені мәлім, бұл өте күрделі механизм болып табылады және бірқатар мәселелердің уақытылы шешілуі мен бірқатар құжаттарды әзірлеуді қажет етеді, соның ішінде:
қазақ және орыс тілдерінде оқудың деңгейлі бағдарламаларын әзірлеу;
оқыту деңгейлері бойынша бағалау құралдарын әзірлеу;
тиісті оқыту ресурстарын әзірлеу;
мұғалімдерді қазіргі әдістер мен тәсілдерге үйрету.
Қазақ түрік лицейлерінің басты ерекшелігі – қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде оқытылады. Дәлірек айтар болсақ шет тілі(ағылшын тілі), математика, информатика, физика, химия, биология пәндері ағылшын тілінде; қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тілі орыс сыныптары үшін, қазақ әдебиеті орыс сыныптар үшін, қоғамдық білім негіздері, құқық негіздері, Қазақстан тарихы, жалпы тарих, география, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық пәндері қазақ тілінде; русская речь, русский язык, русская литература орыс тілінде өтеді. Түрік тілі пәні түрікше оқытылады. Қазақ тілі (қазақ тобы) – қазақ мектептері деңгейінде қазақ тілі (орыс тобы) – орыс мектептеріне қарағанда тереңдетілген деңгейде, орыс тілі – қазақ мектептеріндегі орыс тілі деңгейінде, ағылшын тілі пәні бойынша 7 сыныпты бітірген кезде оқушылар белгілі бір деңгейде ауызекі сөйлеу тілін еркін меңгереді. 11 сыныпты бітірген кезде ағылшын тілінің Advanced деңгейін толық меңгеріп шығады. Түрік тілі 7 сыныпта бастауыш деңгейде, одан жоғары сыныптарда қалыпты деңгейде оқытылады. Қазақ тілі бойынша лицейлерде 8-11 сыныптар арасында жыл сайын қазақ тілі олимпиадаларын өткізу үрдіске айналған.
Көптілді білім беруді енгізуде мұғалімдермен қамтамасыз ету мәселесі, пән бойынша мұғалімде қажетті көмекші материалдармен, кітаптармен жетіспеушілігі секілді проблемалармен кездесуде. Сонымен қатар келесі шарттарды есте сақтаған жөн. Тілдерді меңгеру паралельді түрде жүзеге асқанымен, негізгі тамыры ана тіл болып қала береді. Шет тіліне үйрету ол ең алдымен тілдік ойлауға үйретуге, өз ойын жеткізу мен меңгерген тіл әлемінің жаңа құралдарын игеруге, тұлғаның көптілді санасын дамытуға, тілді дамытудың алгоритмі: ойлау, ауызша, жазбаша, қарым-қатынасқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан шығатын қорытынды көп тілді білетін түлектер – мемлекеттің өз мәдениетімен қатар әлемдік мәдениетін танитын, халықаралық достық пен бірлестіктің артуына кепілдік күш салатын азаматтар екендігі айқын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Орта білім мазмұнын Назарбаев Зияткерлік мектептері тәжірибесі негізінде жаңарту. Әдістемелік құрал. Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2018 ж.
Смотокин В.М Модель европейской школы: заложение основ многоязычного и поликультурного образования в Европе. мақала, 2014ж.
Жунусханова К.К. Көптілді білім беру аясында тілді дамытудағы қазақстандық тәжірибелер. Әдістемелік құрал-Алматы. 2016ж.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген