жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
КӨШПЕЛІ ҚАЗАҚ БОЛМЫСЫНДАҒЫ АТ-ӘБЗЕЛДЕРІНІҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Павлодар қаласындағы №19 жалпы орта білім беру мектебі
Аманбайұлы Нургиса
5 СЫНЫП
Тақырыбы: КӨШПЕЛІ ҚАЗАҚ БОЛМЫСЫНДАҒЫ АТ-ӘБЗЕЛДЕРІНІҢ АЛАТЫН ОРНЫ
Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат маршруттары
Секция: Этномәдениеттану
Ғылыми жетекші: Дулат Аманбай
Павлодар2019-2020 оқу жылы
|
МАЗМҰНЫ
І. Кіріспе...............................................................................................................3
ІІ. Негізгі бөлім
1. Қазақ халқының ұлттық ат-әбзелдерінің түрлері, қолданылуы.......................................................................................................6
2. Ат-әбзелдерінің шығуы мен пайда болуы тарихына қысқаша шолу....................................................................................................................12
3. Ат-әбзелдерінің қасиеті, ұлттық менталитетте алар орны.....................................................................................................................16
ІІІ. Қорытынды.................................................................................................21
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі...................................................................22
Кіріспе
Ежелгі заманнан көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының шаруашылығы әрқилы болып келеді. Жылдың төрт мезгілінде Еуразияның ортасында маусымдық жайылымды пайдаланып келген халық үшін мал шаруашылығының орны ерекше болып келген. Қазақ ежелден амандық сұрағанда алдымен «мал-жан аман ба» дейтін. Бұл өздеріндегі шаруашылықтың басты түрі болып табылатын малға деген құрмет еді.Еуразия құрлығын дүр сілкіндіріп, адамзат тарихының бетіне ерекше әсер еткен көшпенділер даңқы ежелгі сонау заманнан бүгінге дейін мұра болып жетті. Ұлы Даланы еркін мекендеген ата-бабаларымыз кең-байтақ өлкеде әлеуметтік-экономикалық тұрғыда өздеріне қолайлы дәстүрлі шаруашылықтарын қалыптастыра білді. Қазақ халқында әр малдың орны ерекше. Оның ішінде жылқы малының алар орнын айтпасақ та білеміз. Адам баласы қалыптасқаннан терімшілік пен аңшылықты кәсіп етіп күнелткені белгілі. Кейіннен өнімді еңбектің пайда болған кезі, шаруашылықтың жаңатүріне жол ашты. Ол дәнді дақылдарды өсіру мен жануарларды қолға үйрету еді.
Қазақ халқы жылқы малын қашанда қадір тұтқан. Тұлпар, арғымақ, сәйгүлік, қазанат т.б. балама атаулармен атаған. Тарихта аты қалған неше түрлі әйгілі тұлпарларды айтуға да болады. Олардың арасынан Қобыландының Тайбуырылы, Алпамыстың Байшұбары, Ер Тарғынның Қарақасқасы, Қабанбайдың Қубасы, Наурызбайдың Ақуызы, Ер Жәнібектің Көкдөнені, Исатайдың Ақтабаны, Ақан серінің Құлагері т.б. ХХ ғасырдағы Жамбыл облысындағы Луговойдан шыққан талай спортта алда болған атақты Абсентті айтуға да болады. Жылқы адам баласының ғасырлардан бері келе жатқан серігі. Жылқыны сұлулықтың символы ретінде де көреді.
XVIII ғасырда өмір сүрген атақты жырау Ақтамбердінің мына жол өлеңі еріксіз ойға келеді:
«Арудан асқан жар бap ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма.
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?!».
Жылқы малын қолға үйретіп оны көлік ретінде пайдалануда, спорттық сауықтарға қатыстыруда адамдар оны ырқына көндіру мақсатында түрлі құралдар яғни бір сөзбен айтқанда ат-әбзелдерін ойлап тапты. Ат-әбзелдері арқылы жылқыны жуасытты ырқына көндірді. Әдетте ат-әбзелдерін түрлі материалдардан жасады, оның ішінде жылқы терісі де бар. Шеберлер оны түрлендірді, сәндеді. Ат-әбзелдерінің әрқайсының өзіндік маңызы бар, атқаратын қызметімен қатар қасиеті де бар. Түрлі ырым, дәстүрлерге негіз болды. Сонымен қатар фольклорда өі орнын алып үлгерді, қазақтың тіл байлығына енді. «Құрығын сүйретіп», «үзеңгі бауы бесқабат», «ауыздығымен алысқан», «ауыздығын шайнаған», «қамшы ұстар», «айылын жыймай», «тебінгі бауы», «ноқта ағасы», «тізгі ұшымен», «жүгенсіз кеткен» т.б. сөз тіркестерін көп естідік. Олардың әрқайсының өзі маңызы, мәні бар. Қазақ түрлі орын алған жағдайларды да ат-әбзелдерімен байланыстырды. Мысалы, қамшыны билік айтарда, беташарда қолданған. Жерге тастамаған. Қымшыны әдемі етіп өрген. Қазақ халқында жиын тойда мінген сәйгүліктерімен қатар, оның әбзелдерімен де мақтанған. Балаларға байланысты да ат-әбзелдерінің атқаратын қызметі зор болған.
Тақырыптың өзектілігі. Осы зерттеліп отырған тақырып жалпы алғанда өзінің маңызы жағынан аса өзекті болып табылады. Қазақ халқының өмірінде жылқы малының орны қандай болса, ат-әбзелдерінің өзіндік маңызы жоғары болған. Көшпелі ғұмыр кешкен қазақтар атқа қолданылатын құралдарды өздерінің ажырамас материалдық құндылығы ретінде бағалаған. Ат-әбзелдерінің әлем тарихында атқарған қызметі, белгілі бір өзгеріске себеп болғанын да білеміз. Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық құндылықтар зерттеліп, жазылып келеді. Дегенмен әлі де кемшін тұстары көп. Этнографиялық тұрғыда алғанда аса құнды зерттеу екені белгілі. Сондықтан тақырыпты зерттеу, ғылыми жүйеге енгізу аса зор маңызға ие болып табылады.
Тақырыптың мақсаты мен міндеті.Қазақ тарихында, этнографиясында түрлі зерттеулер жасалып, рухани мәдениетімізді жаңғырту тәуелсіздік алғаннан бері бір жолға қойылды. Көптеген зерттеулер жасалып, рухани мұрамыз қайтарылды. Этнография саласындағы құнды зерттеулер халыққа жол тартты. Көптеген мәдени құндылықтар зерттеліп, ғылымға енгізілді. Дегенмен кемшін тұстары да жоқ емес. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан, әлі де зерттеуді қажет ететіндері де баршылық. Ат-әбзелдерінің қасиеті, қандай да бір атқаратын қызметі, осыған байланысты қалыптасқан ұғымдар, тарихта бетбұрыс жасаған жағы туралы көп зерттелмеді. Сондықтан оны ашып көрсету, ат-әбзелдерінің бізге белгісіз қасиеттерін зерделеу жобаның негізгі мақсаты болмақ.
Осыған орай зерттеу жұмысы алдына мынадай міндеттер қойып отыр:
Ат-әбзелдерінің қасиетін айқындау;
Қандайда бір тарихи кезеңкезінде ат-әбзелдерінің атқарған қызметі туралы бағамдау;
Қазақ халқының халқының салт-дәстүріндегі қызметін айқындау.
Деректеме. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ат-әбзелдеріне қатысты тарихи-этнографиялық зерттеулер аз да болса бар. Көшпелі халықтың өмірін, тұрмысын зерттеушілер жылқы малы туралы, оның құралдары жайында мағлұматтардан атап өте алмаған. Кеңестік дәуірде ұлттық құндылықтарға немқұрайды қараудың зардабы бұл бағыттағы зерттеулерге біршама тежеу болғанын білеміз. Кейінгі кездегі зерттеулерде толық зерделенбесе де бірқатар мәліметтерді кездестіре аламыз. Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы ат-әбзелдеріне байланысты біршама мағлұматтарды өзі еңбектерінде жазған. Онда көнерген ат-әбзелдерінің атауы, ырым-тыйымдар нақты аргументпен келтірілген. Әсіресеат-әбзелдер жайында ақпараттық кеңістікте біршама мәліметтер бар. Асқар Сайлауов, Бекен Қайратұлы біршама құнды мәліметтерді көрсетеді. Б.Бесетаев Қазақстандағы сақкезеңдерінің ат-әбзелдеріне зерттеу жүргізіп, құнды деректерді көтерген. Ол зерттеудесақ-скиф кезеңінің ат-әбзелдері туралы мәлімет жинақталған. Шығыс Қазақстандағы ерте темір дәуірінің ат-әбзелдері туралы мәліметтерді бір жүйеге келтірген. Профессор Ж.Артықбаев өзі еңбегінде ат-әбзелдерінің шығуы туралы, қасиеті жайында құнды деректерді бірізділікке жүйелеген.
Негізгі бөлім
І. Адамзат тарихында орын алған сан қилы тарихи тағдыр әлемдік кеңістікке көптеген өзгерістер әкелді. Тарих бәрін өзі орнына қойды. Алғашқы қауымдық қоғамнан бастап бүгінге дейін өркениеттің дамуы өзі жалғасын табуда. Жылқыны алғаш қолға үйреткен өңір қазақ даласы екенін бүгінде әлем мойындап отыр. Ботайлықтар Еуразиядағы алғашқы бақташы жылқы өсірушілер. Бұл шамамен оосыдан 4000-3000 жыл бұрынғы уақытты қамтиды. Энеолит дәуірі. Сонымен қатар тұрақтан ат-әбзелдерінің түрлері де табылған. Ең алдымен жылқы азық, көлік, сейіл құралы. Жалпы қазақтардың өміріндегі жылқының рөлін сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Жылқыны қолға үйрету түрлі құралдардың, оның ішінде ат-әбзелдерінің пайда болуына әкелді. Еуразия құрлығындағы көшпенділер өмірі малмен оның ішінде жылқы малымен тікелей байланысты болғандықтан, оның бұйым-жабдықтарын, ат-әбзелдерді жасап пайдалану да бір жағынан өзіндік өнер ретінде саналған.Ат-әбзелдерін жасауда қазақ халқының өзіндік стилі,бағыты бар. Ата-бабаларымыз ат-әбзелдерін текжылқыны пайдаланудағы құрал деп емес оның өзге қасиеттерін жоғары бағалаған. Әрине жылқыны оның әбзелдерінсіз көзге елестете алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда ат әбзелдері дегеніміз – жылқы малын жуасытуға, басқаруға және мінуге жалпы адамның ырқына көндіруге арналған бұйымдар. Жылқыны қолға үйрету және оның құрал-жабдықтарын жасау үшін көшпелілер және жалпы адамзат ғасырлар бойы ұзақ та әрқилы жолдардан өтті. Ат-әбзелдері заман талабына сай түрлендіріп отырылды. Соның қаншасы ескіріп кеткен. Көнерген құралдар да жоқ емес. Ат әбзелдерінің түрлерінің сан алуандығы ертедегі қазақтардың сол уақыттағы әлеуметтік, экономикалық, қоғамдық жағдайымен тікелей байланысты болды. Ауқатты байлар, ел басқарған хандар, сұлтандар мен билер ат әбзелдерінің түрлі асыл тастар мен бағалы металдармен әшекейлеп жасаған қымбат түрлерін қолданды. Көптеген археологиялық деректер осыны айғақтайды. Шығыс Қазақстандағы Берел қорымынан табылған ат-әбзелдеріне қарап көп жағдайды анықтауға болады.
Ер-тұрман – салт мінетін ат жабдығының жалпы атауы. Онда ер, тоқым, жүген, ноқта, айыл, өмілдірік, құйысқан, қамшы, тұсамыс, шідер жатады. Біз сөзбен айтқанда толық атауы.Ер – ат әбзелінің негізгі ағаш бөлігі. Ол алдыңғы және артқы екі қастан, екі қапталдан және белағаштан тұрады. Ердің қазақы ер, құранды ер, шошақ бас ер, үйрек басер, қазық бас ер, қозықұйрық ер тағы басқа түрлері болады. Сонымен қатар ерді рулық белгісіне қарайда атайды. Мысалы, алтай ер, найман ер, үйсін ер, керей ер, адай ер, қызай ердеген сияқты. Сапасына қарай алтын ер, күміс ер, сондай-ақ еркек және әйел ері де болады. Арнайы ағаштан жасалып, тұтастай ойылған ерді ойма ер деп атайды.Ашамай – бес жасқа дейінгі балалар мінетін ердің өте жеңіл, ықшам əрі қарапайым түрі.Еркектерге арналған ер – жеңіл, ықшам, берік болады, ер өте көп əшекейленбейді.Əйелдерге арналған ерлер – сүйегі, қаңқасы ауыр, əрі алтын, күміс, асыл тастармен, сүйекпен мүйізбен өте шеберлікпен əшекейленеді. Ер көбінесе былғары, барқыт, жарғақ, мауыты шұғамен қапталады. Өмілдірік –аттың үстіне салынған ердің кейін кетпес үшін, ары-бері қозғалмас үшін аттың омырауына шеттік арқылы тағылатын, әсемделгенсәнді әбзел.Ер жылжып кетпес үшін аттың кеудесіне кигізіледі. Оны қазақ шеберлері қатты құрым теріден немесе қалың былғарыдан жасап, қайып тіккен, құйма әшекей заттармен безендірген. Кейбір өмілдіріктердің тері негізінің астына киіз, шұға салынады. Дәстүрлі қазақ қоғамында өмілдірік секілді ат әбзелдері ер адамдарға арналып жасалғанда күміс қақталған темір құймалармен көркемделсе, әйелдің ат әбзелдеріне әшекей молынан салынып, бүркеншіктермен күмістелген, алтындалған, кейде шашақталған бау тағылып, асыл тастар орнатылған. Өмілдірікпен қатар өзге де ер-тұрман әбзелдері оюы мен әшекейі біркелкі болып, өзара үйлесіп тұруы үшін барлығын бір шебер жасаған.Құйысқан – ер аттың мойнына қарай кетпес үшін ат құйрығы астынан екі жамбас үстімен ер шеттігіне жалғасатын күмістелген әбзел. Екі ұшы ердің екі қапталына бекітіледі. Ер тоқымның алдыға жылжып кетпес үшін өте қажет. Таулы жерден еңіске түскенде аттың мойынынан ауып кетпес үшін керек.Кейде ердің артқы қапталына байланатын екі ұшын өрген өрмелі, түймелі құйысқандар да кездеседі. Кұйысқанды күміспен өрнектеп әсемдейді. Былғарыдан шашақ, жасап қымбат тастар қадайды. Құйысқанның ортасына былғары қайыстан дөңгелек тігіледі, осы дөңгелектің алдыңғы шеті ердің артқы қапталындағы шығыршыққа байланады, ал аттың құйрығының астына келетін артқы бөлігі ұзын тұтас қайыстан жасалып, ортасынан екіге иіліп, осы иілген жерін таспалап тіледі. Айыл– ер-тоқымды аттың арқасына бекітетін қайыс әбзел, тартпа деп те аталады. Айыл төс айыл, шап айылдеп бөлінеді.Айыл - атқа ерді бекітуге керекті жабдық. Айыл қайыстан, былғарыдан екі қабатталып қыйылып жасалады, ұзындығы 150—160 см, ені 8 см. Айылдың бір ұшына металл тоға тігіледі. Айылдар төс айыл (тартпа деп те аталады) және шап айылға бөлінеді. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзындау болады. Шап айыл жалаң ердің үстінен, ал төс айыл аткөрпенің үстінен тартылады. Құр айыл – тай, құнан сияқты жас жылқының бауырын қиып кетпес үшін ою-өрнекті, түрлі түсті құрдан жасалған арнайы айыл.Қанжыға – атқа мінгенде арнайы бөктерген затты мықтап байлау үшін қапталдағы қанжығалыққа бекітілген ұзын таспалар. Ұзындығы 25-30 сантиметр. Қанжығаға арқан, шідер, торсық. Қоржын, атып алған аң құс байланада. «Қанжығаң майлансын» деген сөз тіркесі қазақтар арасында жиі кездеседі. Тоқым – ер астына салатын, былғарымен қапталып, киізден жасалған әбзел. Тоқымды міндетті түрде аттың арқасына ердіңбатып кетпеуі үшін салу керек.Ердің ат арқасына батпауы үшін салынатын төсеніштін бірі. Ол көбінесе киізден сырып жасалады. Кейде киіз тоқымның жиегін шұға не барқыт сияқты маталармен көмкеріп, сыртын түгелдей қалың былғарымен қаптайды. Сырма тоқым мен көмкерілген тоқымдарды көбінесе әйелдер жасайтын да, ал былғары тоқымдарды шебер ершілер ғана жасайды. Тоқымның көлемі де, пішілу үлгісі де әр түрлі болады. Әйелдерге арналған көн тоқымдар үлкен, әшекейі көп, ал еркектердің тоқымдары шағын болады. Тебінгі –атқа отырған тебініп отыратын болғандықтан аттың денесіне үзеңгі қатты тимес үшін және адамның киімі аттың терімен бүлінбес үшін тоқымға жалғасатын әбзел.Таралғының айылбасы салт атты адамның балтыры мен тақымын қажамау үшін қолданылады. Тебінгі аттың тері балаққа жұқпауына да септігін тигізеді. Былғарыдан жасалған тебінгінің астары жұқа, талдырған киізден басылады. Тебінгі бедерленіп, өрнектеліп металл әшекейлерімен безендіріледі. Тебінгі жасағанда алдымен киізді арнаулы үлгімен пішіп алады да былғарыны одан сәл артықтау етіп пішіп, жиегін астына қарай көмкере қайырып тігеді. Үзеңгі – атқа жерден тез міну үшін ойлап табылған жезден, темірден жасалған тепкішік немесе ілмек түріндегі қолданылатын тұрман. Аттың үстінде отырғанда аяқты салып отырады. Ер-тоқымға тартпа арқылы бекітіледі. Ердің ағаш қапталына қайыспен байлану арқылы ердің бір бөлшегі болған. Үзеңгіні таралғы арқылы қосады. Ол қайыс түрінде болып келеді. Қапталдың таралғы өтетін тесігі үзеңгілік деп аталады.
Жүген – ат басына кигізілетін негізгі әбзелдің бірі. Ол екі жақтаудан, желкеліктен, кекілдіктен, кеңсіріктен, сулықтан, ауыздықтан, сағалдырықтан, шығыршықтан және тізгіннен тұрады. Негізі ноқтаға ұқсайды. Жылқыны бағындыыру, қалаған бағытһқа бағыттау, жүргізу, мақсатында екі езудің тұсындағы ауыздығымен болады. Жүгенге шылбыр тағылмайды. Бірақ ауыздықтың екі басындағы шығыршыққа орнатылған тізгін болады. Қазақта «екі тізгін, бір шылбыр» деген сөз бар. Аттың басына кигізілетін, міндеті – атты иесі ырқына бағындыруға көмектесетін әбзел. Жүген аттың басына ауырлық келтіретіндей болмауы керек. Жүгенді жеңіл пысқан қайыстан жасайды. Кейбір жүгендерді күмістеу үшін қайыстың сыртынан жеңіл былғары қаптайды да оған құйма күмістер орнатады. Бұл сәндік үшін жасалады.Жүгеннің құрлымы: желкелік, кекілдік, қасқалық, сағалдырық, сулық, ауыздық, тізгін, шылбыр, шаужай, жақтау, кеңсіріктен тұрады. Ауыздық. Бірдей екі темірден бір-біріне құрастырылып, екі сулыққа шығыршық арқылы бекітілетін, міндеті – атты басқауға, бұруға, әсіресе тоқтатуға арналған темір құрал. Жүген ауыздықсыз болмайды. Ал, жылқы түлігін пайдалану (мініп жүру, жарыстыру, көкпар тарту, қарығту, секірту) жұмыстары ауыздықсыз атқарылмайды. Ескеретін жайт: ауыздықтың аттың тілін басып тұратын бір-біріне байланған жері кедір-бұдырсыз және еркін қозғалыста болмаса, аттың тілін қанатып жаралауы мүмкін.
Жүгеннің түрлері: күміс жүген, өріме жүген, шашақты жүген, қасқа жүген, үкілі жүген, түймелі жүген т.б.
Ноқта – жүген астынан түсетін әбзел. Ноқта жылқының басына тұмсығы арқылы киілетін ат әбзелі. Ноқтаны арнайы қайыстан немесе жібек жіптен де өріп жасай береді. Ноқтаның астыңғы жағында шығыршыққа байланған шылбыр болады. Шылбыр атты байлау, жетектеу мақсатында өрілген жіп. Шылбырмен атты жетектейді, жүйрік атты бәйгеден кейін дамылдатады.Ноқтада желкелік, сағалдырық, сулық, шаужай, жақтау, кеңсірігі болады. Бұл жабдықты – қосар атты жетекке алып жүруге, бәйге атын кермеге байлап жаратқан кезде қолданады. Ноқта мен жүгенді қосып, ноқта-жүген деп те айта береді. Сирекболса да аттыңбасынаноқтаны да, жүгенді де бірдейсалыппайдаланукездеседі. Салт атты жүгенмен жүріп келіп, бір жерге түсіп, демалуғ атоқтағанда жайылтып алу үшін қараған, бұта, ағашқа байлаған кезде ноқта ыңғайлы Ноқтаға тағылған шылбыр оралып қалмас үшін айлансоқ деген шығыршық тағылады. Айлан соқ қабайланған шылбыр атты қайжағынан байласаң да оратылмайды, шатаспайды
Ноқтаның түрлері: өрме ноқта, қайыстан түйген ноқта, былғары қапталған ноқта, үзбелі, түймелі, ызбалы ноқтат.б.
Сылдырмақ – ершікке, шілияға сәндік үшін тағылған кішкене қоңыраушалар. Бұл көбінесе ойын-тойға барған кезде қолданылады. Желқом – жауыр аттың жарасына тимеу үшін ер астына салынатын киіз, немесе жауыр атқа салатын ерге ұқсас жеңіл әбзел түрі.Атжабу – жылқы тоңбас үшін жабатын өрнектелген киіз, мата жабынды. Көшпенділер мұны аз қолданған. Тұсамыс – алысқа кетпес үшін аттың алдыңғы аяғынан тұсалатын әбзел. Тұсамысты алысқа мал айдағанда атты дамылдату үшін қолданған. Өре – жылқының бір алдыңғы, бір артқы аяғына салынатын әбзел. Бұл алыссапарда атты дамылдату үшін қолданылады. Таға - ауылдық жерлерде есіктің маңдайшасына іліп қоятын тағаны біреу білсе біреу білмес. Таға - аттың тұяғына қағылатын ат әбзелі. Таулы - тасты жерлерде жылқының тұяғы мүжілмес үшін және майтабанына тас батпас үшін атты тағалап отырады. Таға жылқының тосырқамауы немесе мұздан таймауы үшін тұяғына қағылады. Тағаны сом темірден иіп, қақтап, шеге өтетін тесік пен сай салып жасайды. Бедерлі өкшелік шығарады. Тағаны ат тұяғына басы сайға кіріп тұратындай арнайы шегемен қағады . Ат тағалау - көбінесе мініс және жорық аты тұяғының табанына тағаны шегемен бекіту үрдісі. Яғни тек алыс жолға немесе қыста мінілетін аттарды тағалайды. Қыстыгүні тағалы ат мұз бен тоңда таймайды. Кейде жұт жылдары да тай және құнан сияқты жас жылқыны өзіне шақ тағамен тағалайды. Ат тағалау таулы-тасты күдір жерлерде аттың табанын тас бату, «тасырқаудан» (ат тұяғының желінуден ақсауы) жараланудан сақтайды және аттың еркін нық жүруін қамтамасыз етеді. Яғни тағаланған ат «ет сақтайды» (арымайды), шаршамай бір қалыпта жүреді, тастақ жерден батыл өтеді. Таға соғып жүрген ұсталар тағаны формасына қарай бүршік таға (емшек таға), жайпақ таға, жыл мезгіліне қарай қыстың емшек тағасы, күздің (жаздың) жайпақ тағасы деп бөледі. Тағаларды суға қанбаған жасық темірден соғады, асыл темірден соқса, морт сынғыш болады. Халық арасында ай таға, шеге таға деген сөздер кездеседі. Өмілдірік - аттың кеудесінен (төсінен) ердің алдыңғы екі қапталына бекитін құрылғы. Бұл ер тоқымның артқа жылжымауын қамтамасыз етеді. көбіне шоқтығы биік жылқыларға қолданылады. Шідер – алдыңғы екі аяғын және артқы бір аяғына салынатын әбзел. Жылқыны түнде бос қоя бергенде шідермен аяғын тұсаулайды. Шідермен аттың алдыңғы екі аяғы мен мінер жақ артқы бекітіледі. Ортасы 2 – 2,5 қарыс ортаңғы оқтық деп аталатын бөлікке үш дана балақ деп аталатын қайыс жалғанады. Шідердің өрме, шынжырлы, қайыс секілді түрлері кездеседі. Өрме шідер оқпаны бас бармақтан кем емес, толығымен қайыстан жұмырланып өріледі де, екіге алдыңғы екі балағы салаланатын тұста өткермеленіп түйіліп екі балаққа жарылады. Бұл бөлікті қылдан түйіп жасалғанын немесе толықтай қылдан түйілгенін түйме шідер, қайыстан өрілгенін өрме шідер деп атайды. Шідердің атқа мінер жақ балағы сәл қысқа болады. Балақ бір қарыстан соң екіге бөлінеді. Оның ортасы кертік тиек орнатылған бөлігі алақанға ұласады. Алақан түбінен тұйықталып бекітілген бүлдірге қайыс сілбі делінеді. Қамшы атты жүргізу, жылдамдату үшін атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы ағаштан, тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал. Қамшының өрiмi сабынан бiр жарым еседей ұзын болады. Қамшы құрал болумен қатар қару ретiнде қолданылған. Өрiмшi қамшының таспасын жiңiшке не жуандатып, кейде өрiмге талшық сымтемiр салып өрген. Ондай қамшылар ыңғайына және қамшы иесiнiң қалауына қарай өрiлiп отырған. Қамшы саптан, өрiмнен және бүлдiргiден тұрады. Саптың қолға ұстар жерi былғарыдан қапталады. Кейде қайыстан өрнектелiп өрiледi. Қамшы өрудiң көптеген түрi қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 32 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi. Өрiмдер домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келедi.Қамшы атқа мінген адамды қамшысыз елестету мүмкін емес. Қамшы - біріншіден атың жылдамдығын арттыру үшін қажетті құрал болса, екіншіден қару ретінде де пайдаланылған. Басына қорғасын құйылып өрілген бұзаубас қамшылармен дәлдеп ұрғанда қасқырдың тұмсығын қақ бөлуге де болады. Қамшының түрлері: дүре қамшы, дырау қамшы, бәйге қамшы, көкпар қамшы, алты өрім, сегіз өрім, тоғыз өрім т.б.
ІІ. Ердің алғаш жасалуы әр түрлі талас тудырады. Адам баласының асау жылқыны ауыздықтап мінуі және ер-тұрманды ойлап табуы дүниежүзілік өркениет үшін ұлы жаңалық болды. Ер-тұрманның пайда болуына тоқталғанда Орта Азия халықтарында таралған мына бір аңыз еріксіз еске түседі. «Бірнеше мың жыл бұрын мұсылман патшасы Жәмшид ұзаққа созылған атты жорықтан соң, артын жарақаттап алады, ауырған жерін жеңілдету үшін, атының арқасына иленген нан (қамыр, жайма) салғызып мінеді. Ауырған жері жазылып жайма нанның аттың арқасына келісті формаға келіп қатая бастағанын байқаған патша, аяғының талғанын қойдыру үшін ат үстінен тұзақ тастап, оған аяғын салады, аяғының талғаны тоқтайды. Сонда патша жайма нанның формасындай етіп, ағаш пен былғарыдан зат жасауды бұйырады. Сөйтіп бұл нәрсені ер деп атайды». Тарихи деректерге қарағанда ағаштан жасалған ерлерді б.з.д. ІІІ ғасырда Солтүстік Қытай шекарасында тұрған көшпелі ғұндар ойлап тапқан. Ғұндар жаратылысынан жауынгер халық екенін білеміз. Бұл ерлердің бір артықшылығы, жауынгерлер аттан түсе қалып, жазық далада бірінің үстіне бірін қойып, бекініс жасауға да өте ыңғайлы көрінеді. Ердің қастары биіктеу, отыруға, садақ тартуға, семсер шабуға қолайлы.Алдыңғы және артқы қасы доғаша иілген ағаштан жасалып, былғарымен қапталған әртүрлі темір, алтын, күміс қапсырмалар орнатылған ерлер Шығыс Еуропада ғұндардың келуімен қолданысқа енген еді. Алтай жерінен табылған көне ер-тұрманның құрылымына қарасақ көп нәрсені аңғарамыз. Ертедегі Ұлы Дала тайпаларының ер-тұрманы жұмсақ жасалған әрі бір айылмен тарта салатын болған. Тоқымнан, ердің екі қасына ұқсастырып жасалған ішіне шөп, бұғының жүнін тыққан екі көпшіктен, айыл-тартпадан, өмілдірік және құйысқаннан тұрғанын Пазырық, Берел қорғандарынан табылған ер-тұрмандардан көруге болады. Ертеде әр өңірдің жағдайына қарай ердің жасалу техникасында өзі ерекшеліктері болған. Ер жасалуы мен техникасына қарай бес топқа бөлінеді: шығыс және найман ері, Орталық және Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Сырдария ерлері. Бірінші түрінің алдыңғы жағы кең әрі биік болып келеді. Орталық және Солтүстік Қазақстан ерлері найман еріне ұқсас болып келеді, олардың алдыңғы жағы төмен. Батыс Қазақстан ері формасы жағынан ерекше, ол өте жеңіл, әрі жіңішке болып келеді. Жетісу жерінде жасалған ерлер жіңішке әрі алдыңғы беті биік болып келеді және олар «шошақ бас ер», «үйрек бас ер» деген түрлі атаулармен ерекшеленеді.
Тағалауды алғаш рет темір және қоладан тәжірибе ретінде жасап көрген. Тағаның пайда болуы ғұндар бастаған халықтардың ұлы қонысаударуымен тікелей байланысты болып келеді. Ат жабдықтарының ең соңғысы – таға VIII-IX ғасырларда бірнеше елде бір мезгілде қолданылған, сондай-ақ крест жорықтары тағаның дамып жетілдіруіне себепші болған дейді зерттеушілер. Еуропа елдерінде ат тағалауға ерекше мән бергені соншалық, «бір мемлекеттің тағдыры бір шегеге байланысты» деген мәтел болған, себебі «шеге тағаны сақтайды, таға атты сақтайды, ат батырды сақтайды, батыр қамалды қорғайды, қамал бүкіл мемлекетті қорғайды». Қазақта атты жорыққа шыққанда тағалаған. Қазақ жылқыларының қатты құйма тұяғы тағаны керек етпеген. Бірақ хан, сұлтан, батырлар тұлпарын көбінесе сәндік үшін алтын, күміс тағамен тағалағаны халық эпосында кездеседі.
ІІІ
Көшпенді халықпен бірге жасасып келе жатқан жылқы деп білсек, оны бағындыру құралдары да көшпелілер өмірінің бір бөлшегі іспеттес. Қазақ халқында ежелден көптеген заттарды кие тұту дәстүрі қалыптасқан. Оныңішінде ат-әбзелдерін алаш баласы құрал-жабдық деп қана емес киелі зат ретінде де жоғары бағалаған. Жерге тастамаған, төрге ілген, аяқпен баспаған т.б. Ат-әбзелдерінің арқасында тұтас бір тарихи процеске ықпал еткен кө өте көп болған. V ғасырда ғұндардың билеушісіМыңзықтың ұлы Аттила Еуропада соғыста үнемі жеңіске жетіп отырған. Ол кезде ғұндардың шайқаста жеңіске жетуінде терең өзіндік сыр жатыр еді. Нақты айтқанда озық технологияның арқасында жеңіске жеткен. Ол үзеңгі мен ауыздық еді. Еуропалықтар ол кезде үзеңгі мен ауыздықты толық пайдалана алмайтын. Біріншіден ауыздық атты оңға, солға бұру, тежеу үшін керек. Атты әскер соғысында бұл өте маңызды. Үзеңгі атты әскерге аяқты салып, аттың үстінде көтеріліп шайқсуға қолайлы. Еуропалықтардың аттары шайқаста иесінің ырқына көнбейді, қажет кезінде тоқтамайды. Себебі ауыздық жоқ. Үзеңгі жоқ кезде қатты соққыдан адам ұшып кетеді. 451 жылғы Каталаун шайқасында еуропалық әскердлер аттарының иесіз көп босап шығуының себебі де осы еді. Сол ғұндарға қатысты тағы бір дерек, ғұндар дәуірінде биік бекіністерді бірнеше ер-тұрманды қабаттап салып, соның үстіне шығып тұрғызғаны жайлы жазбалар. Атқа мінудің ең қарапайым әдісі – аттың үстіне қарғып мінген немесе жалы мен құлағынан ұстап тырмысып шыққан. Испандар атқа міну үшін оны тізерлетіп үйреткен. Тіпті атқа мінгізетін арнаулы құлдар, шағын баспалдақтар, темір сатылар қолданылған. Греция мен Италияда үлкен қалаларға баратын жолдарда атқа міну үшін арнайы тас үйіп қою, тас тұғыр орнату етек алған.Сонымен адамзат өркениетіне үзеңгі мен ауыздықты ойлап тауып қосқан Ұлы Даланың тұрғындары жылқы және оның бұйымдарын жасап, пайдалану ісінде жер жүзінде артық болмаса ешкімнен кем емес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді»-деп көрсеткен.
Атты тағалау ежелгі көшпелілердің дәстүрлі іс-әрекеті. Ежелден келе жатқан аңыз бойынша, жамандық пен зұлымдық атаулы темірші ұсталар мен олардың жасаған тағасынан қорқады. Сонымен бірге, таға табысқа жету үшін, күштілікті қорғауға, тілекті орындауға, бай болуға, отбасы махаббатын арттыруға көмектеседі деп сенген. Тағаның ең бір құдіретті жері мынау: барымта-сарымта кезінде әбден бабына келген айғырлардың артқы екі аяғын екі емшек тағамен тағалайды. Ол – жолдың алыстығын, күрделілігін білдіретін өлшем. Тастақ жер мен құмдауыт жермен жүрсе, таға тез тозады. Төрт тесігі бар тағаны екі көзді таға, ал алты тесігі бар тағаны үш көзді таға деп атайды. Біздің аттарды тік тұрып тағалайды. Ал көптен отырықтанған жерлерде дарға асып тағалайды. Не болмаса атты жығып тағалайды. «Тағашы тағашы емес, ұстаушы тағашы» деген сөз бар. Яғни, аттың қаратұяғынан мықтап ұстап тұру үшін үлкен күш керек. Бәйгеге шабатын аттарды жаңадан тағаламайды. Қасаң, ескі тағаларды тағалайды. Жаңа тағалар аттың табанын қыздырып жібереді. Бұл бәйге өтетін жердің табиғатына байланысты. Тағаға үйреніп алған аттар болады, олар тағаны сүйіп шабады. Ал тағасыз болса тасты жерде тасырқап, шаба алмай қалады. Атты теріс тағалау деген болған. Олай тағалайтын болса, өзің батысқа кетіп бара жатсаң, із шығысқа кетіп бара жатқаныңдай болады. Бұл біріншіден, ізден адастырса, екіншіден, балға теріс түседі. Бал дегеніңіз – балшының, құмалақшының қолындағысы. Ауылдық жерлерде есіктің маңдайшасына іліп қоятын тағаны біреу білсе біреу білмес.Таға-аттың тұяғына қағылатын ат әбзелі. Таулы -тасты жерлерде жылқының тұяғы мүжілмес үшін және майтабанына тас батпас үшін атты тағалап отырады. Етіктің ұсақ шегесі тәрізді (дәл сондай ұсақ емес, арнайы деген түрім ғой) өзіндік шегесі бар. егені жанай қағып екінші жағынан сәл майыстырып қоятындарын да көргенім бар еді. Молдабай өз әніне «Орынбордың алдында тағалаған жорғадай» деген тіркесті қосады. Қыз Жібек дастанында да Төлегеннің әкесінің байлығын осы тағамен көрсететін жолдар бар болатын. Таға ілу дәстүрі Ежелгі Египеттен және Рим империясынан бастау алады екен. О заманда тағалы аттар тек аса бай адамдарда ғана болыпты. Аттардыңтағасытүсіпқалатынболса, мұнысәтсіздікке, жолыболмаушылыққабалағандеседі. Ал Үндістан, Ресей, Еуропа елдерінде темір таға «бақыттұмары» саналыпты. Жолаушы көшеден таға тауып алар болса, оны үйіне әкеп, есігіне шегелеп қояды екен. Бірқызығы, жылқының тек артқыаяғыныңтағасынайрықшақұрметтеген. Фольклорлық дәстүрде Мөңке би айтқан екен деген сөз сақталған: «Арғымақтың аяғы, Айдай таға қағылса, Кілегей мұздан таяр ма». Қазақ сейсенбі күнді ат тағалауға сәтсіз күн дейді. Сәтті күндер ретінде дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі күндерді таңдайды. Осы күндердің дәл түс кезінде тағалағанды жөн көреді. Тағалайтын күні атты суаруға болмайды. Себебі ат тұяғы шеге қаққанда жарылып кетуі мүмкін. Ат аяғын жаңа соғылған немесе бұрын пайдаланылған тағамен де тағалай берген. Ат тағалау үшін ең алдымен аттың тұрасының табаны кедір-бұдыр болса жонып, егер маймақ немесе қаратұяқ өскен болса, жылқының тұяғын шотпен шауып тегістейді. Ал табанның жүрекшесі кесілген болса, тұяғының астына жұмсақ зат салуға да болады. Егер тағаның тесігі сыртына қарай қиғаш бітсе, онда шеге тұяқтың тұрасын тесіп кететіндіктен ол тағалауға жарамсыз деп есептелінеді. Тағаның шегесі сәл имектеу келеді. Сол имек жағын ішіне қаратып қағылады. Шеге дұрыс қағылмаса жарақаттап, ат сүріншек болады. Егер атты жығып тағаласа, алдымен астыңғы екі аяғынан бастаған қолайлы. Алайда, артқы аяғынан бастап тағалайды. Шеге қағудың да өз тәртібі бар: әуелі тағаның маңдай шегесін, онан соң шеткі екі шегсесін, ең соңында ортасындағы шегені қағады. «Тағашы тағашы емес, ұстаушы тағашы» деген сөздің мәні жылқы ұстаушының міндетінің өте жауапты екендігін меңзейді. Жылқыны жығып байлаған соң, ұстаушы адам аттын аяғын тізесіне қойып, табанның жүрекшесінің артынан екі бармақпен тіреп тұрып, буыннын қозғалмайтындай етіп балға мен төске қарсы берік қаусыра ұстайды. Тағалаушы тағаның шетесін балғамен сілки ұрады. Шеге кірген сон басын тістеуікпен қиып тойтарады. Ең соңында мінер жақ аяқтың алдыңғы орта шегесі қағылады. Aт аяғының қасаң таға қалса, тұрада шеге қалды деп оны алып тастайды. Тағалап тұрғызған соң ат денесімен сілкінсе онда тағалаудың баянды болғаны. Содан кейін атты біраз жерге жетектеп жүргізеді. Егер ат аяқтарын ауырсынбай бүгежектемей нық басып жүрсе, оның дұрыс тағаланғаны деп есептеледі. Ат тағалаған кезде тұяқтың тұрасына шегенің тиген-тимегенін жіті бақыламаса, кейін тұрасы іріңдеп ат ақсап қалуы мүмкін. Ондайда шегені суырып, тесікке сақар деп аталатын қара сабын дайындайтын шикізат енгізсе, іріңді айдап шығады.
Ат-әбзелдерінің ішінде қамшының қасиеті ерекше. Атқа мінген адамды қамшысыз елестете алмаған. Бұл тұрғыда қамшыны атқа мінгенде ғана қолданбаған. Оның әртүрлі ерекше қасиеттері болған.Қамшының: ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, күдерi қамшы, жортуыл қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, бiлеу қамшы, сарала қамшы, барбас қамшы, орама қамшы, мүйiз сапты қамшы, «сайтан» қамшы, «киелi» қамшы, «қасиеттi» қамшы, жыланбауыр қамшы, өзектi қамшы, шашақты қамшы, тобылғы сапты қамшы, бала қамшы, шыбыртқы қамшы сияқты көптеген түрлерi бар.Қазақта тіл жете бермейтін немесе айтуға ауыз бармайтын сөздердің орнына қамшыны қолданатын әдет болған. Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолдану аясы өте кең. Қолында қамшысы бар қазақ айбарлы көрінген. Аттылы адам қамшысын үйіргенде одан сескенбейтін адам болмаған. Қазақта айтар сөзі көңіліне келетінін білген кезде қамшыны қолданған. «Қамшының сабы сынса – қатын өледі, пышақ сабы сынса – күйеуі өледі» деген де ырым бар. Егер қайтыс болған адамның кім екенін сөзбен жеткізе алмаса да, қамшыны қолданған. Сонымен қатар қызға құда түсе келген адам қамшысын төрге белгі ретінде іліп кеткен. Егер жігіт жақ кешігіп, не қыз жақ айнып қалса, қамшыны иесіне қайтарып беретін болған. Ал төрде ілулі тұрған қамшыны көрсе, айттырған адамы бар дегенді білдірген. Жалпы үйге келген кісі қамшысын ала кірмейтін болған. Егер сыртқа тастап кетпей, үйге ала кірсе, дауласуға келгенін білдіреді. Ал ала кірген қамшыны ортаға тастаса, бітімге келуге шақырғаны деп саналған. Қазақта тұсаукесер ырымы бар екенін баршамыз білеміз. Уақыт өте келе тұсау кесу рәсімі де жаңара бастады. Бұрын қазақ ырымдап баланың тұсауын өзі құрметтейтін, елге белгілі азаматтарға ұқсасын деген ниетпен кестіретін еді. Қазір ақ матаның үстінде тәй-тәй басқан баланың алдында қолын жайып анасы емес, бала таңдап алуға тиісті бірнеше зат қойылады. Оның қатарында ақша, қамшы, кітап бар. Яғни, бала ақшаны таңдаса – бай, қамшыны таңдаса – ел тізгінін ұстайтын азамат, ал кітапты таңдаса – данышпан болады деген ұғым қалыптасып үлгерді. Қамшы сыйлау құрметтің белгісі. Өзінен кіші болса, сол қолымен, қыз балаға өрім жағынан, үлкен кісіге сабынан ұстатқан. Елуге дейін тобылғы сапты қамшы сыйға тартса, елуден асқан соң тұяқ басты қамшы сыйлаған. Өткен ғасырларда заң шығару билік қазақта билердің қолында болғанын білеміз Билер үкім айтқанда қамшыны қолданған. Ортаға қамшы тастап сөз сұраған. Қазіргі кезде судьялар қолданатын шағын балға іспеттес. Ортаға қамшы тастап тұрып билер үкімді естірткен. Қазіргі кезде жаңа түскен келіннің бетін домбырамен ашып жатады. Бір кезде келіннің бетін қамшымен ашқан. Оны біреубілсе біреу білмес. Қамшыны жаугершілік заманда қару ретінде үнемі қолданған. Қазақ-жоңғар соғысындағы атақты батыр бәсентиін Малайсары батыр атақты қамшыгер болған. Ол өзегіне қорғасын құйған қамшымен талай жауды аттан түсіріп отырған. Алакөл бойындағы шайқаста өзінің дырау қамшысымен жалаң шапан киген қалмақтарды аттан қағып түсіріп есеңгіретсе, кейбір қалмақтардың басына тиген қамшыдан бет-аузын қан жуып кеткенін көптеген деректерде айтады. Моңғолияның бір кездердегі көсемі Х.Чойбалсан«Қазақтың астында аты, қолында қамшысы тұрғанда бұл халыққа ешнәрсе істей алмайсың. Үріккен аң сияқты, жөңкіліп жүріп басып кетеді...» деген екен. Осыдан қазақ үшіш қамшының қасиетін байқауға болады. Х.Чойбалсан мына сөзді әсіресе Оспан батырмен кездескеннен кейін айтса керек. МИфологиялық санадағы Қойлыбайдың қамшысы деген атау қамшы иесінің әлеуметтік мәртебесін көрсетеді. Бақсылар қолына сарала қамшы ұстаған. Сарыала қамшы жын-шайтанды жолатпайды деген түсінік болған.Ертеде жолаушы адам шаршағанда жолда сәл мызғып алатын. Сол кезде қамшыны ер-тоқымның астына жастанып жататын. Аттың тері сіңген қамшыдан жылан, ұсақ құрт-құмырсқа қашқан.
Ат-әбзелдеріне байланысты медициналық ырымның түрі ретінде мысалы, адамның ерніне ұшық пен ауыздық, көзге теріскен шықса, оны қарапайым тәсілдермен емдеп жазып жүргенін күнде көреміз.Ауыздықты жүгеннің ауыздығымен ысса жазылады. Ал, теріскенді «теріс кет» деп ырымдап, оң көздегісін кетіру үшін сол қолдың саусағына жасыл жіп байлайды немесе «көзіме теріскен шықты» делінетін жеті адал, жеті арамнан тұратын малдың атын айтып жиіркендіру арқылы жазады.Қазақ халқының арасында ежелден келе жатқан тағы бір қызық ырым – аяғы ауыр ана жаңа толғата бастағанда аттың тізгінін не шылбырын керіп, анаға соны ұстататын болған. Ондағы басты себеп жалпы жылқы малы, яғни бие жаңа туғанын тірі жанға көрсетпейді, және де еш қиналмай тез туады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Жылқы малы қазақ үшін өзіндік қасиеті бар түлік. Әлем тарихшылары жылқы малын алғаш қазақ даласында қолға үйретілгенін мойындап отыр. Энеолит дәуіріне жататын Ботай тұрағынан көптеген жылқы сүйектерінің табылуы, Берел, Пазырық қорымдарынан, Тасмола мәдениетіне тән қорғандардан табылған жылқы сүйектері мен ат-әбзелдері осының айқын дәлелі екені мәлім. Жылқы малын қолға үйретумен шаруашылық сонымен қатар елді басқару ісінде тың өзгерістер орын алды, көптеген жаңалықтарға жол ашылды. Ірі өзгерістер орын алды. Жылқы адамзат өркениетін алға сүйреді. Ол көліктің басқа түрі орын алғанға дейін жалғасты. Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Әмір Темір әлемді аттың күшінмен жаулап алды. Жылқы туралы аңыздар пайда болды, материалдық, рухани мәдениетке қозғау салды. Жылқы қолға үйретумен көптеген жаңалықтар ашылды, оның ішінде ат-әбзелдерін ерекшелеп айтуға болады. Жылқыны жуасытуға, бағындыруға, өзі ырқына көндіруге қажетті құралдар. Көшпенділер үзеңгі мен ауыздықты ойлап тапты, бұл аз да болсын тарихқа бетбұрыс әкелді. Тарихшылар Еуропаны ғұндар үзеңгі мен ауыздықтың арқасында бағындырған деп айтады. Қазақ халқында ат-әбзелдері адамдардың әлеуметтік дәрежесін де білдірген. Ат-әбзелдерге қатысты түрлі жыр, аңыздар пайда болды. Көптеген ырымдар да күнделікті өмірде қолданылып келді. Қазақтарда ат-әбзелдерінің өзіндік қасиеті болды. Ол бір атқарылған істерге бетбұрыс, емдік қасиеті, ырым-тыйым, салт-дәстүр белгісі ретінде болып келеді.
Бұл жұмыста ат-әбзелдеріне байланысты мәліметтер аз да болса қамтылды деп айта аламыз. Зерттеу жұмыстары түрлі әдебиеттер, тарихи-этнографиялық еңбектер, АКТ, БАҚ, мұражай негізінде жүзеге асырылды. Толықтай қамту әрине мүмкін емес. Ол көптеген ізденісті қажет етеді. Ат-әбзелдерінің шығу тарихы мен олардың қасиеті туралы негізгі деректер біршама жүйелі түрде келтірілді. Жалпы зерттеу жұмысы алдыға қойған мақсаттарына біршама жетті. Зерттеу ауқымының кең, деректердің аздығы көптеген құнды, маңызды жобаны толық аяқтауға мүмкіндік бермейді. Зерттеу, құнды мәліметтерді жүйелеу алдағы мақсаттардың бірі болмақ. Көптеген деректердің қазақ тілінде жариялануы алдағы зерттеу жұмысына байланысты болмақ. Ат-әбзелдерінің қазақ халқының өмірінде алар орны біршама сараланды. Зерттеу өзі жалғасын табабермек.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. А.Тоқтабаев.Қазақ жылқысының тарихы. 2010. «Алматыкітап».
2. Бекен Қайратұлы. «Қазақтың атбегілік өнері». 2014.
3. Ахметжанов Қ. Жараған темір кигендер. - Алматы: Дәуір, 1996.
4. Төреқұл Н. Даланың дара ділмарлары. – Алматы: Қазақстан, 2006.
5. Ғұндардын атты әскері және ұрыс жүргізу тактикасы // Отан тарихы. - 2008. - № 3.
6. Ер-ғұрман (Қазақ ер жабдықтарының атаулары, түрлері, аймақтық ерекшеліктері, жасалу технологиясы мәселелері). Отан тарихы. - 2009. - № 2.
7.«Қамшы және қамшыгерлік өнер». Алматы, 2009.
8. Ғ.Елшібай. «Ат әбзелдеріне арналды». Егемен Қазақстан. 2017.
9. «Шаңырақ» энциклопедиясы
10. Қ.Бозымов « Жылқы және түйе шаруашылығы» Алматы «Қайнар» 1993ж.
11. Қазақстан тарихы. 2 том.
12. А.Тоқтабаев. «Түркі халықтарының жылқы мәдениеті». Астана. «Ғылым». 2016.
13. С.Касиманов. «Қазақ халқының қолөнері». Алматы. «Қазақстан». 1995.
14. Жағда Бабалықұлы. «Ер-тұрман». Ана тілі. 1994.
15. «Шаңырақ» қысқаша үй-тұрмысы энциклопедиясы. Алматы. 1990.
16. Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясы. Алматы. 1989.
17. Қазақ салт-дəстүрлері туралы таным. Алматы. Ана тілі. 1998.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген